КІТАПХАНАДАҒЫ ОРТАЛЫҚТАР

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюро­сының директоры, ЮНЕСКО-ның Қа­зақ­стандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілі Криста Пиккатпен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында облыс тұрғындарына әлеуметтік қызмет көрсетуді жақсартуды көздейтін “Ауылдық онлайн орталығы” жобасы жүзеге асырылғаны, алдағы уақытта оның ақпараттық қызметтерді тиімді жүргізуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Шарада қатысушылар “Қызылорда дауысы” мобильді қосымшасының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Криста Пиккат аталған жобаны үйлестіруші орталық – Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы екенін, байыпты бас­тама аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы ауыл кітапханаларын компьютерлермен, басқа да жабдықтармен қатар, көбейту техникасынан құралған ірі техникалармен қолдау көрсеткенін жеткізді.
Кітапхана басшылығының айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы 14 ауылдық кітапханада онлайн орталықтар жұмыс істейді. Мұнда компьютер және ғаламтормен жұмыс негіздері бойынша ақысыз тренингтер, мемлекеттік онлайн қызметті пайдалану жөніндегі семинарлар, арнайы мамандардың қашықтықтан кеңес беруі жүргізілуде. Сапалы ақпаратқа қол жеткізу – өзін-өзі тиімді басқарудың факторы. 
Бүгінгі таңда ауылдық онлайн орталықтар жергілікті тұрғындардың ақпараттық алаңына айналып үлгерген. Жуырда облыстағы тағы 10 ауылдық кітапхана мобильді мультимедиялық орталық ретінде ашылады деп күтілуде.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.
ТАНЫМ 26 қараша 2017 г. 917 0