ОРТА ҒАСЫР ЖАУҺАРЫ – ЖЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген ны­сандардың  бірі –  Сыр бойындағы Жент қалашығы. Қалашық Жала­ғаш ауданы Аққыр ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырымда, Жаңадарияның негізгі арнасының оң жағалауынан 4 шақырым жерде, оның бүйірлік көне тармағында ор­наласқан. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. 

Жент ХІІ-ХІІІ ғасырларда адамдар тығыз қоныстанған орасан зор аймақтың орталығы бол­ған. Ортағасырлық суландыру жүйелерінің іздері, үй-жайлар, бекіністер бұл жерден шы­ғысқа қарай, Жаңадарияның оң жа­ға­лауын бойлай Сырдарияға жанасып, мәдени белдеуге дейін 40-50 шақырымға созылып жатыр. Осы маңайдағы ең үлкен және ең қызықты қалашық.

Женттің моңғол шапқыншылығына дейін маңызының зор бол­ған­дығы сондай, Арал теңізін кейде «Женттік» деп атаған. Қала жө­нінде Қазақ энциклопедиясында былай деп жазылған: «Жент – орта ғасырда Сырдарияның төменгі ағысы бойында болған қала. Жент Жаңадария өзенінің сол жағасында, мұсылман дүниесінің шекарасында туған қала. Х ғасырда түрік оғыз­дарға қа­ра­ған. ХІ ғасырда моңғол шап­қын­­шылығына дейін Жент Сырдария бойындағы басты қала болған».

1219 жылы Шыңғысхан әскері Сыр бойындағы оғыз қалаларын қиратып, елін қырады, 400 жыл бойы мәдениеті қалыптасқан оғыз-қыпшақ тайпаларын тағы да көш­пелі өмірге душар етеді. 1220 жылы Жентке Жошы келіп, ұзақ уақыт бойы өзінің ордасы етеді. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында ортаазиялық оқымысты Жемал Карши Жентте болып, бұрын­дары өте бай болған қаланың «бейшараға» айналғандығын, яғни қаланың құл­ды­рауын жазып кеткен. Бірақ сол кезде Жентте «жанданған базар болды, көпестер пайда табу үшін оған баруларын тоқтатпады» деп жазба қалдырған.

Алғаш рет 1946 жылы С.П.Толстов Жент қаласының орнын көрсетіп, үстіңгі бетінен жи­на­ған деректер бойынша, оны ХІІ-ХVІ ғасырларда гүлденген қала болғанын тұжырымдады. Зерттеушінің пі­кі­рінше, ХІІ-ХІІІ ғасырларда Жент Хорезм мемлекетінің дүниежүзілік державаға айналу барысындағы тіректі қаласының бірі болған. Кейін 1958 жылы Б.В.Андрианов, 1961 жылы С.П.Толстов ескерткіш ор­нында зерттеу жұмысын жүргізді. 1960-1970 жылдары ғалым Ә.Қо­ңы­рат­баев зерттеу жүргізген. Ал академик В.Бартольд өз зерттеулерінде Сыр бойындағы қалаларды хунуерлер салған десе, М.Қашқари Сыр бойындағы балшықтан соққан ең ескі қала Жент деп те жазады.

Қалашықта «Археологиялық сараптама» ЖШС зерттеу жұмыстарын жүргізген. Биыл облыстық бюджет есебінен археологиялық зерттеулер жалғасын тапты. Нысан ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген.

 

М.МЕРЕЙ.

ТАНЫМ 16 қараша 2017 г. 1 846 0