АЙБЫНДЫ АЛАШОРДА

Тәуелсіз еліміздің мемлекет болып қалыптасуында «Алаш» партиясының зор маңызы бар. Алаш қозғалысының тарихы – қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих. Ұлтының ертеңін ойлаған Алаш зиялыларының тарихи аз уақытта қазақ халқына сіңірген еңбегін бағалау – қазіргі және келешек ұрпақтың жадынан шықпайтын қастерлі борыш.
 Ұлттық атауының өзі еркіндікті меңзейтін қазақ халқы Ресей империясының бодандығына түскесін де өз азаттығы жолында үздіксіз күресін тоқтатқан жоқ. Өткен ғасыр басында азаттық күрестің екпіні уақытша бәсеңсіген тұста қазақ жастарының бір толқыны Ресей империясының әр аймақтарында білім алып, рухани шыңдалып, қазақ елінің саяси аренасына «Алаш қозғалысы» атымен шықты. Алаш арыстары Ресей империясындағы саяси жағдайға байланысты азаттық күрестің жаңа бағытын таңдады. Қазақ халқының ұлттық мүддесі – тәуелсіздікке қол жеткізу үшін Алаш зиялыларының көшбасшылары ортақ мақсатқа, мәмілеге келіп оған жету жолдарын айқындады. Бұл азаттық күресте қазақ халқының озық ойлы тұлғаларының бастарын біріктіріп, бір арнаға түсіріп, Алаш қозғалысын туындатты. Алаш қайраткерлері қазақ қоғамының өміріне белсене араласып, көпбағытты саяси істер атқарды. Баспасөз құралдарын құрып, газет-журналдар шығарды. Азаттық, бостандық Алаш идеясын таратты, ұлттық қоғамда туындайтын қайшылықтарды бейбіт түрде шеше білді, әртүрлі әлеуметтік топтардың арасында мәмілегерлік еңбек атқарды. Саяси үндеулерін, өлеңдерін, пікірлерін жариялады, қаулы-қарарлар қабылдады, съездер ұйымдастырды. Демократиялық негізде «Алаш» партиясын, Алаш үкіметін құрып, Алаш автономиясын жариялау арқылы ұлтты ұйыстырды.
«Алаш» партиясы қазақ халқының тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы болып табылады. «Алаш» партиясының құрылғанына биыл 100 жыл толды. Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ халқы тәуелсіздікті баянды етуге, мемлекеттігімізді әлемнің дамыған елдерімен теңестіруге күш жұмсауы қажет деп ойлаймыз.

Меруерт ШЕРІМБЕТОВА,  
№52 Б.Аралбаев атындағы орта мектептің  
тарих пәнінің мұғалімі.  
Аида МҰХАММЕДҚАЛИҚЫЗЫ,    
оқушы.  
Жаңақорған ауданы, Сүттіқұдық ауылы.
ТАНЫМ 11 қараша 2017 г. 772 0