Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар» дейді.
Шынында да, туған жердің әр тасына тіл бітсе, ата-бабамыздың тарихын айтып, сарнап қоя беретін шығар.
Сыр бойында тарихи жағдайлар мен аңыз-әпсаналарға байланысты жер-су атаулары баршылық. Солардың бірі – Арал ауданындағы «Қылыштөбе» аймағы мен «Қатынқазған» құдығы.
Әңгімені алдымен «Қылыштөбеден» бастайық. Ел аузындағы аңыздарда әйгілі Жанқожа батыр осы жерде ат шалдырып, демалып, қылышын сүйеген екен деп айтылады. Содан бұл таулы жер «Қылыштөбе» аталыпты. Жанқожадай халық батырының Хиуа, Қоқан хандықтарына, Ресей отаршылдарына қарсы қол бастаған қаһарман екені тарихтан белгілі.
«Қатынқазғанның» шығу тегі шапқыншылықпен, жаугершілікпен байланысты. Ол – Арал Қарақұмының батыс бөлігіндегі құдық.
Ертеде түрікмендер қазақ ауылына шабуыл жасап, елдегі ересек адамдардың бәрін қырып, құдықтарды көміп кетсе керек. Бұл шапқыншылықтан далада тезек теріп жүрген бір әйел ғана аман қалыпты. Ол ауылына келсе бірлі-жарым тірі қалған жаралы адамдар мен балаларды ғана көреді. Су болмаса, бұлардың қырылатынын біліп, жалғыз өзі құдық қазуға кірісіп, бірнеше күнде одан су шығарады. Осылай, «қатын қазған құдық» кейін талай жыл адамдарға қызмет етіп, маңайына ел үйірілген.
Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Болашаққа бағдар боларлық Елбасы мақаласында бұл кез келген халықты әшейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі екені айтылады.
Асылында, бұл жарқын жобалардың ұлан-ғайыр жеріміздің рухани құндылықтарын жаңғыртуға септігі тиеді. Екінші жағынан, жастарды туған елі мен жерінің алдындағы перзенттік парызын сезіне түсуге үндейді.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.