
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында №19 балалар кітапханасында «Бабалар сөзі – білімнің көзі» атты кітап жәрмеңкесі өтті.
Елбасы бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұлттық фольклорымыздың басым көпшілігі біртұтас серия түрінде «Бабалар сөзі» деген атаумен 100 том көлемінде жарыққа шыққаны белгілі. «Бабалар сөзі» – кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған тәрбие құралы. Осынау мол мұра ендігі кезекте қазақ халқының баға жетпес қазынасына, келер ұрпақтың игілігіне айналары сөзсіз.
Кітапханада өткен шара барысында «Бабалар сөзі» сериясындағы ұлттық фольклорымыздың аса көркем де көлемді саласы болып саналатын эпостық шығармаларға, қара өлеңге, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер, ертегілер сияқты жанрларға қысқаша шолу жасалды. Оқырмандар 72-ші томдағы Балалар фольклорынан қара өлеңдер, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштарды жатқа айтып, «Қожанасыр» әңгімесінен көрініс көрсетті. Шара қонағы №173 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ибадулла Ақкенже халық ауыз әдебиетінің балаларды тәрбиелеудегі ықпалын атап өтті.
Шара соңында кітапхананың мәдени іс-шараларына белсене қатысып жүрген оқырмандар марапатталып, кітап жәрмеңкесіне қойылған 100 томдық «Бабалар сөзі» шығармаларымен танысты.
Ш.КҮЛМАҒАНБЕТОВА,
№19 кітапхананың кітапханашысы.