
Кеше ғана ортамызды толтырып, жұбымызды жарастырып отыратын досымыздың әлемдік медицинаның ырқына бағынбай, дәуірлік тажалға айналып отырған дауасыз дерттің құрбаны болып 78 жасында өмірден озып, Жер-ананың қойнына кіргеніне міне, қырық күннің жүзі болды.
Иә, көз жазып қалғанымызға қырық күн толған досымыз Сыр бойының білікті де беделді азаматы, халыққа қызмет ету саласының (тұтынушылар одағының) ұтымды ұйымдастырушысы, халық мұқтажының киесі де, иесі де болған Жорабек Оспанұлы Сарбалақов болатын.
«Болымды жерден шыққандар, төменнен істі бастайды. Жоқтықтан қорқып саспайды, бар болса да таспайды. Қиындықтан қашпайды, асуға жұртын бастайды», – деп жырлаған Сыпыра жыраудың көрегендігіне осы Жорабек досымыздың өмір жолы нақты мысал болады. Жыл санап, цифрға жүгінбесек те, ол жүріп өткен жолдар көз алдымызда. Алдымен айтарымыз, марқұм Жорабек – тектілігі таза, құдайдан сұраған, адалдықты даттамаған, арамдықтан аттамаған, қанағаттан қарын тойдырған тәубешіл отбасынан шыққан жан. Сұм соғысқа аттанып, ұрыс даласында опат болған әке тәлімін көре алмаған ол екі жарым жасынан ауылдағы («Қоғалыкөл») атасының бауырында өсті. Ата мен әже оны әлпештеп, қатарынан кем қылмай өсірді. Облыс орталығындағы орта мектептен сапалы білім алып шықты. Сонан соң Алматыдағы есепші-экономистік білім беретін техникумда оқып, орта білімді мамандық алған соң, ауылдағы ата алақанына қонды да, жоғарыда айтылғандай, істі ең төменнен бастады. Ол кезде бұл ауылды ауыл шаруашылығының білікті білгірі, ұтымды ұйымдастырушы Сыр өңіріндегі ел басқарудың майталманы атанған, сол үшін майданға шақырылудан босатылған ел ағасы Нұрыш Жұдабаев басқарушы еді. Ол жас маманды мейіріммен қарсы алып, есепші-экономист етіп тағайындады. Өте келе, іскерлік ынтасын байқаған соң, Жорабекті ауыл ағасы жастардың жетекшісі етіп сайлап, жалақысын да өсірді. Осынша сенім артылған соң, жас маман ауылдағы тапсырылған саланың жұмысын жандандырды. Колхоз комсомол ұйымының жұмысы дүрілдеп, аудандағы алдыңғы сапқа шықты. Сол тұстағы талап бойынша ауыл жастары шопандыққа, сауыншылыққа, механизаторлыққа көптеп бара бастады. Аудан бойынша жалынды істің көшбасшысы болған ауыл жастарының жетекшісі осы Жорабек Оспанұлы болатын.
Сұм соғыстың ауыртпалығы айықпаған, тұманы ыдырамаған, тапшылық тауқыметі тарқамаған қиын кезеңге жігіттік шағы дөп келсе де Жорабек қамықпады, қайыс¬пады, босамады, бүгілмеді, қайта жігерлене, жоталана, ширай түсті. Өмірге, еңбекке, ауылды гүлдентуге, білімге деген құштарлығы, ынта-ықыласы үдей түсті. Сөйтіп ауылда жүріп Күлширадай жансерік тауып, шаңырақ көтерді. Кемпір-шалға немере сүйгізді.
Алған бетінен қайтпайтын арманшыл азамат жоғары білім алуды мақсат етіп, осы үдеден шығу үшін ауылда жүріп Москвадағы кооперативтік институттың сауда-экономистік факультетінің сырттай бөліміне түсіп, жоғары білім алып шықты.
Колхозды ауылдағы сан алуан тірліктің ортасында жүріп оқуын үзбеген Жорабек Москвадан жоғары білім алып келген соң, астанадан алған мамандығы бойынша еңбек көрігін қыздыруды армандаған ол бұл ойын ашық айтып, ұжымшар төрағасы, ұстазы Н.Жұдабаевпен кеңесіп еді, ел ағасы шәкірт талабын бірден қолдап, оған ауыл ақсақалдарының ақ бата беруінің ұйтқысы болды.
Сөйтіп еңбектің киелі есігін ашқан жерден сәт сапар естіген ол қалаға келіп тұтынушылар одағына қарасты бөлімшелердің біріне қатардағы есепші-экономист болып орналасып, оқыған мамандық теңізіне жүзуді бастап кетті. Бұл өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяқ кезі болатын.
Көз майын тауысып, тапқан кәсібінің жалынан ұстаған Жорабектің істің бәйтін тауып, ұйымдастырудағы талант қыры ашыла түсті. Іскерлік қабілетімен шу дегеннен көзге түскен ол саладағы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, жігіттің бұл қыры да басшылардың назарына ілінді. Жоғары орындар енді оны халыққа қызмет ететін төменгі қиындық нүктелеріне салып сынау мақсатымен Тереңөзектегі (қазіргі Сырдария ауданы) аудандық селолық жұмысшылар кооперациясын басқаруға жіберді. Халықтың тілін тауып, ысылған соң осы азамат аудандық тұтынушылар одағының төрағалығына тағайындалды. Мұндағы іскерлік қабілетін дәлелдеу үшін осы орыннан 1972 жылы досымыздың облыстық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасарлығы қызметіне көтеріліп, ол орында он жыл тапжылмай тиянақты еңбек еткені оның қарым-қабілетін айшықтай түсері хақ. Мұнан соң үш жылдай облыстық статистика басқармасына басшылық еткені тағы бар. Жә, енді 1985 жылдан еңбек демалысына шыққанға дейін облыстық тұтынушылар одағына төрағалық еткен қызметіне келейік...
Марқұм аталған саланы өте күрделі кезде басқарды. Ол тұста Одақта, республика мен облыста басшылар жиі өзгеріп, саясаттың мың құбылуына орай оның «қырсығы» халық шаруашылығының төменгі сатыларын да ақсата бастады. Ақыр аяғында Одақ тарап, өлара шақ туды. Әйтсе де, Жорабек істі төменнен бастаған іскерлік тәжірибесінің арқасында аласапыранмен алыса жүріп, тарихқа тәлім боларлық қыруар жұмыс атқарды. Халықты жиі аралап, аудан, мекеме басшыларымен кеңесіп, олармен тіл табыса білді. Сөйтіп әр ауданда сауда орталықтарын, елді мекендерде дүкендердің көптеп салынуының көзін тапты. Әр аудан орталығында кешенді тамақтану ғимараттарын салуды қамдап, ол үшін қаржы көзін қарастырды. Ақыры талап оясына келді. Оның тағы бір тілге тиек етерлік тірлігі – кадрлардың білімін көтеру, біліктілігін жетілдіру, оларды қолдап, мадақтап, қызметін көтеріп отыру болды. Әр дүкеншіге оқу, білімін жетілдіру туралы қатаң талап қойып, бақылауды жолға қойды. Дүкендерде сауда жасаудың жаңа әдістерін қолдану жолдарын ашты. Сөзімізді дәлелдей түсетін тағы бір қадамы – бұрынғы кооперативтік училищені техникум етіп қайта аштырып, Қарағандыдағы экономикалық институттың осында өкілдігін, сырттан оқытатын пункт аштыруы еді. Сол тұста кадрларды іскерлігіне қарай қызметін өсіруді де қолға алған осы Жорабек болатын. Оған Б.Нұржанов, Т.Бохаев, С.Өмірбеков және Ш.Мығымбаева секілді байырғы қызметкерлерді жауапты қызметтерге өсіруі айғақ.
Марқұмның тағы бір жағымды мінезін айтпай кету арымызға сын болар. Осы орайда алдымен орта ғасырда өмір сүрген ұлы бабамыз әл Фарабидің «Жаным жаннатта болу үшін жақсылармен жанасуды армандадым, сол үшін қоныс аудардым» деген тәмсіліне жүгіне сөйлейік. Біздің Жорабек те дүние жиған жоқ, дос жиды. Ұлағатты, сияпатты, аузы дуалы, еңбегі ерен адамдардың қолтығына кіріп, жайсаң жандарға дастархан жайды. Мәселен, атақты дихан Н.Әпірезовті, қостанайлық даңқты кәсіпкер Ж.Құдайқұловты ерен еңбегі үшін пір тұтып, онымен жиі қатысатын. Соғыс қаһармандары Н.Ілиясов пен Ж.Қизатовтарды мақтан тұтып, сияпат жасап тұратын. С.Тәнекеев, С.Құбашев, Е.Әуелбеков, И.Әбдікәрімов, Қ.Қазантаев және ортамызда жүрген ақылшымыз С.Шаухаманов секілді қоғам, мемлекет қайраткерлерін пір тұтып, олардың жүріп өткен жолдарына жүгініп отыратын. Тағы айтарымыз бар... Даңғайыр қаламгер Ә.Нұрпейісовпен сағына көрісіп, жиі қонақ етуші еді-ау. Айтпақшы, К.Сағадиев, Е.Айтмағамбетов, З.Сейітов, С.Зиманов, А.Болотов, У.Бишімбаев, Б.Досманбетов, Қ.Бисенов секілді ғұлама ғалым¬дарды ұстаз тұтып, олардың әр ісінен ғибрат алып отыратын. Өйткені, оның өзі де Сыр бойындағы қатарларының арасынан дара шыққан ғалым болатын. Оған да дәлеліміз бар: өндірістен қол үзбей жүріп алдымен Москвада Қазақстандағы кооперативтік саланың проблемалары туралы кандидаттық диссертация қорғады. Арада он екі жыл өткен соң, жоғарыдағы кандидаттық тақырыпты кеңейтіп, ол проблеманың нарықтық жағдайдағы міндеттері жөнінде Түркістан қаласында докторлық диссертация қорғап, экономика ғылымының докторы деген ғылыми атақ алды. Біз ол шараның куәсі болған едік.
Естелікті академик жазушы З.Қабдоловтың «өткендерді күліп, қуанып отырып еске алайық» деген есті сөзімен қорытайық. Олай дейтініміз, Жорабек Оспанұлы бақытты, иманды жан. Өйткені, артында ұл-қызы, ұрпағы, ел-жұрты, дос-жараны, жоқтаушысы бар.
Осындай аяулы достың өмірден озып, мәңгілік жан серігі Күлшираның жанына жатқанына, міне, қырық күннің жүзі болды. Пейіште нұрың шалқысын, қимас дос.
Өтеген ЖАППАРХАН,
Сәду НАҒАШЫБАЕВ.