
Қай қоғамда да ұстаз еңбегіне деген құрмет өлшеусіз. Ал бүгінгі жаһандану дәуірінде жас ұрпаққа жан-жақты білім бере отырып, олардың адами қасиеттерін ашып, талантын танып, табиғатын қалыптастыруда мұғалімдерге жүктелген міндет еселеп артты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің болашағына бағытталған рухани жаңғыру саясатында білім саласының орны айрықша екенін атап өтіп, жаңа дәуірдің сипатына сай білімнің салтанат құруы қажеттігін алға тартқан болатын. Осындай жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып, шәкірт тәрбиелеуде шынайы ізденіспен еңбек етіп жүрген ұстаздар қатары аз емес.
Айталық, жуырда Елорда төріндегі «ҚазМедиа» орталығында білім саласында білікті еңбегімен танылған үздік ұстаздар бас қосты. Салтанатты жиынға республика бойынша 84 мұғалім қатысты. Онда ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев сөз сөйлеп, ұрпақ тәрбиелеу ісінде адал еңбегімен абыройға бөленіп жүрген ұлағатты ұстаздарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, «Үздік педагог – 2017» байқауының жеңімпаздарын «Алғыс хатпен» марапаттап, төсбелгі тақты. Олардың қатарында біздің облыстан С.Әлжіков атындағы №144 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Сағатбек Қарапаев, Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Әлденова және М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі Индира Шамшатова «Үздік педагог» атағын иеленіп, абырой биігінен көрінді.
Айталық, алдын ала өткізілген байқауда ұстаздардың, сондай-ақ олардың шәкірттерінің республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері сараланып, жеңімпаздар айқындалған. Марапат төрінен табылған ұстаздармен аз-кем тілдескенімізде, олардың өз мамандықтарына деген шексіз сүйіспеншілігін аңғардық. Білім саласында бірі – 36 жыл, енді бірі 20 жылдан астам қызмет атқарып келе жатқан үздік ұстаздардың шәкірттері бүгінде шетел асып, сан түрлі салада еңбек етіп жүр. Олардың пікірінше, бүгінгі таңда білім саласына тым жоғары талап қойылып отыр, демек, болашақта мұғалім мамандығы шын мәнісінде өз мәртебесін иеленетін болады.
Ғазиза ӘБІЛДА.