ДІНИ САНА - РУХАНИ ЖАҢҒЫРУЫМЫЗДЫҢ КӨКЖИЕГІ

Жуырда Сырдария ауданы әкімдігі мен «Мәді-Диуана қожа» қоғамдық қорының бірлесе ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру және діни сана» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға абайтанушы, дінтанушы, филолог ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, аудан тұрғындары қатысты.
Конференцияны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қазбай Құдайбергенов жүргізді.
– «Рухани жаңғыру және діни сана» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға арналған алқалы жиынның Сырдария ауданында өтуі тегін емес. Аудан аймағында елге белгілі тұлғалар, қасиет қонған әулиелер тыныс тапқан. Бүгінгі республикалық деңгейдегі конференция діни сананың мәдени деңгейін, рухани жаңғырудағы халықтық наным-сенімді сақтаудағы тәжірибелерін зерделеуге үлкен мүмкіндік береді, – деді модератор алғы сөзінде.
Конференцияны ашқан аудан әкімі Ғанибек Қазантаев киелі мекендегі ахундар еліне келген барша қонақтарға ыстық ықыласын жеткізді. Сырдария өңірінің қазақ тарихындағы маңызды орнына тоқталып, ауданның бүгінгі жеткен жетістіктерін саралады.
– Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы ірі басқосулардың арқауына айналды. Себебі әлемнің барлық елдерінде рухани арқау күрделі жағдайда. Қазіргі заманның сұраныстары мен қайшылықтары сан қилы екенін ескерсек, ұлт руханияты үшін аса маңызды тақырыпты қозғаған жиынымыздың нәтижелі өтетініне сенімдімін.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын маңызды саяси-идеологиялық құжат деп айтуға болады. Себебі бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы  айтылған. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз - елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Сондықтан Елбасы мақаласында заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талданып, таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойылып отыр.
Мақала – Мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін, рухани жаңғыруымыздың негізгі бағыттарын айқындап берген ұлт жадының тұғырнамасы деуге болады. Осы ретте, мақалада көтерілген әрбір мәселе әр қазақтың жүрегіне жол тапқан кемел ойдан туған кемеңгер шешім екені даусыз. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ел аумағында қаншама тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылған болса, соның ішінде Сырдария ауданында бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мақалада айтылған міндеттерді жүзеге асыру – бүкілхалықтық іс, өз игілігімізді өз қолымызбен жасау, балаларымыздың жарқын болашағын айқындау деген сөз. Сондықтан, барлық сырдариялықтарды осы бағдарламаға қолдау көрсетуге, оған атсалысуға шақырамын, – деді аудан басшысы Ғанибек Қонысбекұлы.  
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Әділ Ахметов «бұл конференция – ғылымның сан саласындағы рухани жаңғыруға қатысты латын әліпбиіндегі соны зерттеулерге өз үлесін қосатын болады», деді.
– Қазір елде шет тілдерін меңгерген жастар саны көп болғандықтан, латын әліпбиін меңгеру қиындық туғызбайды. Керісінше, бұл өзгеріс қазақ тілінің келешегі үшін қажет, – деді ғалым.
Келелі басқосуға арнайы келген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, дінтанушы ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы діни сана туралы кеңінен сөз қозғады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихындағы дін мен күнделікті тіршіліктің өзара үйлесім тауып, ұрпақтан-ұрпаққа аманатталғанын айтқан ғалым халқымыздың ұлттық құндылықтарының барлығы ислам дінімен үндес екенін жеткізді.
– Қазақ ешқашан да тіліне, дініне қарап бөлінбеген. Талай қиындықтан аман қалып, ел ретінде сақталып қалғанымыз да соның арқасы. Елбасы  айтқан, ұлттық кодымызды жоғалтқан емеспіз. Жаһандану заманында бұның мәні арта түспек. Сондықтан, ұлттық намыс, ұлттық сана, мәдени ерекшелігімізді, дінімізді сақтап, дәріптеу – идеологиялық жұмыстың басымдылығы, – деді.
Өз кезегінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы ғалым Омар Жәлелұлы елдік мүддені, халқымыздың тәлім-тәрбиесін, ұлтқа ұстын болған тұлғалардың ұлықты істерін арқау етті.
Ал, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы, дінтанушы Тұрар Әбуов елдің бірлігі, діни тұтастық, жастарды жат ағымдардан сақтау жолдары жөнінде пайымды пікірлерін ортаға салды. Дәстүрдің негізі дінде жатқанын айтқан дінтанушы алмағайып заманда қазақ халқының берік ұстанымдарынан ажырап қалмау керектігіне назар аударды. Осылайша, дәстүр мен дін, рухани жаңғыру мен ұлттық әдет-ғұрыптарымен үйлесім тапқан республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде қорытындыланды.
Конференция барысында тың ой, тосын пікір мен орынды ұсыныстар айтып, діни сана турасында келелі баяндамалар жасаған ғалымдар, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Сырдария ауданы.
ТАНЫМ 05 қазан 2017 г. 1 137 0