БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ЖӘНЕ СОҒЫС ШЫНДЫҒЫ

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ЖӘНЕ СОҒЫС ШЫНДЫҒЫ«Түркістан газетінің 2013 жылғы 7 қараша күнгі санында журналист Көлбай Адырбекұлының «Ерлік пен әділдіктің символы» атты мақаласы жарық көрді. Мақала авторы жазушы Мамытбек Қалдыбайдың «Мен – халқымның Бауыржанымын» атты жаңа туындысы оқырмандар қолына тигенін айтып, сол кітаптан бірнеше үзінді келтіріп, қазақтың біртуар ұлының бұрын оқырман қауымға беймәлім жаңа қырларын ашқан.
Жазушы Мамытбек Қалдыбай батыр Бауыржан Момышұлының жанында жиырма бір жыл жүрген жан. Ұлағатты сөздерін тыңдап, тәрбиелік мәні зор әңгімелеріне қаныққан. Жай тыңдап қана қоймай, сол бойда блокнотына тыңғылықты түсіріп отырғанын біреу білсе, біреу білмес. Кейін сол екеуара әңгіме-сұхбаттары бірнеше кітап болып, оқырмандар ықыласына бөленді. Сол еңбектерінен Баукеңнің болмысын, мінез-құлқын көргендей әсерге бөленесің. Оның басқалардан өзгешелігі де сонда.
Иә, соғыс – қасірет. Сұрапыл соғыс жағдайында адамның санасы қабылдауға сыймайтын оқиғалар болады. Оның шынайы деректері ұзақ уақыт көпшіліктен бүркемеленетіні сондықтан. Қазір жетпіс жыл бойы мұрағаттарда «өте құпия» грифімен сақталып келген құжаттарды Ресей тарихшылары қайта қопарып, сол қасіреттің әкелген зардаптарын көпшілікке жария етуде. Ал бұл құжаттар соғыспен бірге сол кезеңнің ақиқатын көз алдыңызға әкеледі. Айтар ойымызды нақтылау үшін біз алдымен К.Адырбекұлының мақаласын жариялап, Мәскеу түбіндегі қасіретті күндерді баяндайтын тарихи деректерді қосымша оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Б.Момышұлы: «Бычков өле білді» немесе К.Адырбекұлының мақаласынан
Баукең қай кезде де атағын малданып, пендешілікке бой алдырып, үлкен басын кішірейтпеген жан. Тіптен белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов пәтер алуына көмектесуін сұрап келгенде ол: «...Мен қалалық атқару комитетінің төрағасы емеспін. Yй бер деп ешкімге айта алмаймын. «Пәленше Бауыржан туралы кітап жазып еді, енді Бауыржан оған үй беріңдер деп жүр», – демей ме жұрт. Естіртіп айтпағанмен, ішінен ойлайды. Дүниеде ішінен ойлап, естіртпеген жаман», – дейді. Нұршайықов көпке танымал жазушы. Бірақ осы арада Баукеңдікі жөн емес деп көріңіз.
Әзілханның «Ақиқат пен аңыз» кітабы жарық көріп, Жазушылар одағында талқылауға түседі. Әзекең Баукеңе: «Қаламгерлердің біразы: «Сен Александр Бек пен Бауыржан Момышұлына қандай жаңалық қостың? Өзіңнен не бар? – деп мені сөкті», – деп налиды. Сонда Баукең: «Сен түсінбепсің. Олар сені сөккен жоқ. Әділін айтты. Өз жазғаныңды өзің оқып шық. Олардың: «Не жаңалық қостың, ештеңе көре алмай отырмыз», – дегені орынды. Сол себепті өкпелеуіңнің жөні жоқ. Бұған түсінбесең, ашқан жаңалығыңның атын аташы? Қандай жаңалығың бар? Түсінсең, олардың сыны – мүлде әділ. Сен бекер өкпелеп отырсың, шырағым», – дейді. 
Рас, Әзілхан Нұршайықов көпке танымал ғана емес, көркем шығармаларымен құрметке бөленген жан. Атағы да аз емес. Содан болар орынды сынды қабылдағысы келмей, Баукеңнен қолдау іздеп келген. Ал Баукеңнің бағасы ол ойлағандай болмай шықты. Әділдікке жүгінді. Дегенмен, Әзекеңнің «Ақиқат пен аңызға» қосқаны бар екен. Бірақ ол қосқаны шындықпен мүлдем жанаспайды. Момышұлы: «Менің Қасым Қайсеновпен таныстығым шамалы. Жолыққанда: «Бауке, ассалаумағалейкум» деп амандасады. Мен де: «Е, амансың ба, қарағым» дегеннен басқа сөз айтып көрген емеспін. Бірақ ол туралы «Ақиқат пен аңыздағы» диалогқа құралған сөздердің авторы мен емеспін. Оның көңілімді сұрап, палатама келгені қып-қызыл өтірік!», – дейді.
Автор Баукеңнің осы айтқандарына көз жеткізу үшін Қасым Қайсеновке барып жөн сұраған. Сонда батыр партизан: «Мен Бауыржанды соғыстан кейін ғана көрдім. Ол кісіні Батыр, жазушы ретінде қатты құрметтейтін адаммын. Әйтсе де, бірде-бір рет ауруханаға барып, ол кісінің көңілін сұраған емеспін. Ал Әзілхан мені «Ақиқат пен аңызда» ауруханаға барғызып, көңілін сұратып қояды. Жай сұратып қойса мақұл ғой. Сол күні карантин екен. Ішке кіруге рұқсат жоқ. Мен күзетшіні тыңдамаппын. Соны Баукеңе өзім былай баяндаппын. «Қасымға карантин бөгет болушы ма еді? Қақпаға барып едім, кіргізбеді. Бір бұрышты айналдым да қоршау тақтайды теуіп қалып, біреуін сындырдым. Бірақ одан сыймадым. Екіншісін сындырдым да сып етіп аурухананың ауласына кірдім». «Қоршау тақтайды сындырғаның үшін өзіңді сотқа берсе қайтесің?» – Бұл Баукеңнің сөзі. «Жоқ, Бауке, одан қорықпаймын. Жасанған жау тұтқын лагерін тоғыз қабат сыммен қоршап, автомат пулеметін кеудеме кезеп тұрғанда да олардың тас-талқанын шығарғанмын», – деймін мен теріме сыймай күпсініп. Осылай, Әзілханның жазуынша, мен басбұзар да, ұрда-жық, даңкеуде біреумін. Бауыржан да ақымақтың кейпін киген. Әйтпесе, бұрын заң қызметкері болып істеген ол кісі: «Қоршаудың тақтайын сындырғаның үшін өзіңді сотқа берсе қайтесің?» деген тәрізді ақымақ сұрақ қоя ма? Ол кісінің осылай сұрақ қоюының өзі Баукеңнің характеріне сай келе ме? Оның үстіне Бауыржан емделіп жатқан Министрлер кеңесі ауруханасы ешуақытта ешқандай тақтай қоршаумен қоршалмаған. Он Әзілхан жабылса да құлата алмайтын жуан темір тормен қоршалған. Ешқайсымызға зиянынан басқа пайдасы жоқ мұндай ойдан қосылған өтіріктің неге керек болғанын түсінбедім».
«Ақиқат пен аңыздың» роман-диалог деген айдары бар. Оқырман ұғымымен қарасақ, шығарма нақты сұрақ-жауапқа құралған. Алайда автордың Баукең айтпаған сөздерді ойдан қосып, өзінше бұра тартып жіберген осындай жерлері аз емес екен. Демек, кітаптың атына заты сай емес. Ақиқаттан біраз алшақтап кеткені көзге шыққан сүйелдей байқалады. Баукең де жазушы. Бірнеше кітаптары бар. Шығармаларын жұрт сүйсініп оқыған. Оның үстіне ол туралы көп жазылды да. Александр Бектің «Арпалысы» («Волоколам тас жолы») 87 елде жарық көрді. Демек Баукең әлемдік тұлға. Ойдан құраған басқа бір көркем шығарма болса мақұл-ау. Жұрттың көзі көріп, мінез-құлқы халқына сіңісті болып кеткен батырдың образын өтірікпен әспеттей алмайсың. Қалың оқырман қабылдамайды да. Қайта кері әсерін тигізері анық. Жоғарыда келтірілген мысалдар соның дәлелі дер едім.
Ал Баукең мұны Мамытбек Қалдыбайға неге айтты? Ұпай жинау үшін бе? Жоқ! Тағдырдың талай қатал сындарынан өткен батырдың өтірікті жаны сүймейді. Кеш те болса Әзілханның халықты, қалың оқырманды алдаған қателіктерін осындай ыңғайы келген сәтте түзеткенді жөн көрсе керек. Бұл да басқалар үлгі алатын жай. Адамның жаны шындыққа құмар. Ақиқатқа жеткенше жан-дүниесі тыншымасы хақ. Мамытбек Қалдыбай батырдың бұрмаланған шындығын осы кітабы арқылы бізге, бізден кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыр. Меніңше, кітаптың құндылығы да осында болса керек.
Автор кітабына академик Хайдар Арыстанбековтің Баукең туралы естелігін де кіргізген.
«...Баукеңмен екінші рет Алматы ауылшаруашылық институтында ректор болып жүргенімде, 1960 жылдың басында кездестім. Ол кісіні институтқа шақырдым. Институтымыздың әскери кафедрасында қырық шақты оқытушы бар еді. Бір оқытушымыз полковник, орыс кісі.
– Аса құрметті, Бауыржан Момышұлы! Сіз әлем тарихын білесіз. Жер жүзінде атақты жеті қолбасшы бар. Соның ішінде қайсысына ерекше құрмет көрсетесіз? – деген сұрақ қойды. Бұл кім-кімнің де рухани жан дүниесін таразыға салатын сұмдық арандатушылық сұрақ қой». Баукең іркілмей бірден жауап берді:
– Машиналық кезеңге дейін Шыңғысханға, машиналық кезеңнен кейін Иосиф Джугашвилиге ерекше құрмет көрсетемін.
Құдай сақтасын, залды айқай кернеп кетті. Студенттер еденді ұзақ  тепкілеп, шапалақ ұрып тұрып алды.
Арандатушылық сұраққа әлгіндей деп жауап беру қылышынан  қан тамған қызыл империя кезінде оңай емес еді. Басыңды аламын десе де, өз пікірін ештеңеден қаймықпай, ашық айтатын Баукеңнің осы бір адамшылық асыл қасиеті біздерге, ұрпағына қандай үлгі?
Кабинетіме енісімен Қазақстан Орталық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Плотниковқа телефон соқтым.
– Бауыржан Момышұлымен кездесу өткіздік. Мынандай сұраққа Баукең былай деп жауап берді. Сендерге пысықайлар сыбырлайтын шығар. Олардан бұрын өзім айтып қояйын, – дедім. Ол күліп:
– Қауіптенетін ештеңе жоқ. Бауыржан – Бауыржан ғой. Ол кісіге ештеңе дей алмайсың, – деді».
Қан майданның сынақ алаңы екені бесенеден белгілі. Кімнің кім екені сонда танылады. Сұрапыл соғыс кезінде жараланған пулемет ротасының командирі Торопыгинге көмектеспей жан сауғалап кетіп қалған Бычковты, сондай-ақ, «Шегінбеңдер!» деген бұйрыққа құлақ аспай, командирге доқ көрсеткен Юрьевичті Баукең соғыстың қатаң заңымен атқызған. «Волоколам тас жолында» бұлардың шын аты-жөндері басқаша алынған. Өйткені уақыт көтермейтін еді. Жүрегіне салмақ түсірген өкініші көп сол бір оқиғаны араға бірнеше ондаған жылдар салып, ашығын Мамытбекке айтыпты.
«... – Бычков! Юрьевич! Саптан он қадам алға шығыңдар! – Бычков қалтырап, дірілдемей бұйрығымды бұлжытпай орындады. Юрьевич те кері бұрылды. Бұрылғанымен, біз жаққа мойнын созып, жаутаңдап қараумен болды. Кенет екі қолын алға созып, шыңғыра айқайлады.
– Жолдас, комиссар!
– Атыңдар! – дедім мен оның сөзін аяқтатпай. Юрьевич оқтан қорғанғандай екі қолын алға созған, Бычков қозғалмай, тіп-тік тұрған күйі кескен теректей сұлап түсті. Полковниктер, комиссарлар шендері үлкен болса да маған: «Неге әскери трибуналға бермедің, мұның заңсыздық», –деп бір ауыз сөз айтқан жоқ».
Бұл Баукеңнің соғыс кезіндегі шұғыл шешімі. Темірдей қатал тәртібі. Ал соғыстан кейін Баукең осы бір жайға оймен қайта-қайта оралған.
«... –  Бычков өле білді, – деді әлден соң Баукең түзеле отырып. – Ол есіме түссе, жылағым келеді. Бұл, қарағым, соғыс трагедиясы. Yнінен де, жанарынан да қайғы ізін көріп, Баукеңді аяп кеттім. – Бычков ажалды нағыз ерлерше қарсы алды деп жәй айтып отырғаным жоқ. Ол тағы да жаудың оғынан емес, өзіміздің оқтан өлді. Соны киноға түсірсең, сұмдық қорқынышты көрініске тап болар едің. Оны ойласам, бөлмеме сыймай кетем. Азамат екен! Атпау мүмкін емес екенін түсіне білді. Қандай биік саналылық?! Егер кешірім жасап, тірі қалғанда одан тамаша командир шығары сөзсіз еді. Оған толық сенемін. Ол мына Алматының түбіндегі Талғардың бір қызына үйленген жап-жас лейтенант еді.
Ертесіне кешкілік блиндажда отырсам, комиссарым Логвиненко: «Осылай Бычков қорқақтығы үшін атылды», – деген жазуы бар қағазды әкеп тұр. Аяқ жағында штаб бастығы екеуінің қолы бар. Мен үнсіз оқып шықтым да, сіріңке талын тұтатып, жағып жібердім.
...Бычковты жерлегенімізге бір тәулік қана өткен. Енді үйіне, әке-шешесіне «Қорқақтығы үшін атылды» деп хабарлаудың қажеті бар ма? Бұл оның ата-ана, туған-туысқандарын қорлау ғой. Қағазды жағып жібергенім, ондай оңбағандыққа бара алмаймын дегенім. Түсіндің бе?
– Түсіндім».
«Теңіздің қасиеті тамшысынан». Біз Мамытбек Қалдыбайдың жаңа туындысынан аздаған мысалдар ғана келтірдік. Кітапты толық оқып шыққан жанның ұлттың ұлы тұлғасы, батыр Бауыржан Момышұлына деген құрметі бұрынғыдан да арта түсері анық.

Бұйрық талқыланбайды, орындалады немесе біздің түсіндірме
Біз кезінде генерал И.Панфилов басқарған 316 атқыштар дивизиясының құрамында ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен 28 батырдың ерлігін қайта ревизиядан өткізбек болған ресейлік журналистердің мақалаларына қатысты өз пайымдауларымызды білдірген болатынбыз. Соғыс кезіндегі аласапыранда панфиловшылар ерлігіне байланысты журналистер асығыстықпен болған оқиғаны бұрмалаушылыққа жол берген. Осыған қарамастан, тарих және Ресейдің ақпарат құралдары панфиловшылар ерлігіне байланысты өз тұжырымдарына соңғы нүкте қойды: Ақиқаты – ерліктің болғаны рас!
Тарихи деректерге жүгінейік. 1941 жылдың қазан-қараша айларындағы Мәскеу түбіндегі қорғаныс ұрыстары барынша қантөгіспен ерекшеленген еді. Панфилов дивизиясының қорғаныс шебі – 41 шақырым! Әскери тарихшылардың пікірінше, дивизия үшін қорғаныс шебінің тиісті көлемі 10-12 шақырымнан аспауы қажет. Бұл Қызыл Армия Жарғысында көзделген норма! Осындай санаға сыймайтын қорғаныс шебін ұстап тұру үшін дивизия жауынгерлері күші басым жаумен тынымсыз арпалысып жатты.
16 қарашада немістердің Мәскеуді басып алу бағытында басталған соңғы шабуылы өте жойқын еді. №316 атқыштар дивизиясының қорғаныс шептеріне немістердің 35-ші жаяу әскер дивизиясы, 2-ші, 5-ші, 11-ші танк дивизиялары шабуыл жасап, кейбір тұстарда бұзып-жарып өтіп, 10-12 шақырым алға жылжыды. Қатары селдіреген 35-ші дивизия көп шығынға ұшырап, Мәскеуге 22 шақырым қалғанда маңдайы тасқа тигендей ес жия алмай тұралап қалған еді. Ал Батыс майданының қолбасшысы Г.Жуковтың «Ни шагу назад!» атты бұйрығы осындай қысылтаяң сәтте жарияланды. Бұл бұйрықты орындау үшін жауынгерлердің өз шептерінде жантәсілім етіп жатқаны соғыс қасіретінің ащы шындығы болатын. Ал әлгі Баукеңнің әмірімен атылған жауынгерлер сол бұйрықтың құрбаны еді.
Бүгінде әскери тарихшылар бұл бұйрықтың барынша қатігез болғанын айтады. Соның алдында Мәскеуді бірнеше ондаған неміс истребительдері бомбалап, астанада орын алған үрейден мекеме басшыларынан бастап жаппай қашу, тонау белең алған. Бұл берекесіздікті Сталин НКВД-ның жазалау күшімен тоқтатуға мәжбүр болды. Астана көшелерінде күдікті ретінде ұсталғандар дереу атылып жатты. Тарихшылар Сталиннің 1942 жылғы бұйрығына қарағанда Жуковтың 1941 жылғы қазандағы бұйрығы тым қатал болғанын айтады. Саяси тұрғыдан алғанда Мәскеу және Ленинград қорғаныс ұрыстарында Жуков өте қатал болды. Ал оны Сталин қолдады. Соғыстың тағы бір шындығы – Баукең осы бұйрықты орындады. Ал соғыста бұйрық талқыланбайды, орындалады.
1941 жылдың қазан, қараша айларында Сталиннің бұйрығымен Мәскеу қорғанысы өзіне сеніп тапсырылған Батыс майданның қолбасшысы Г.Жуков кеңес әскерлерінің шептерін бұзып жарып өткен неміс армияларының екпінін тежеу мақсатында қатаң бұйрықтар жариялады. Ал бұйрықтар сұрапыл соғыс жағдайын көз алдыңызға әкеледі. Оларда былай делінген еді: 
«0346. 13 октябрь 1941 г.
...объявить всему командному составу до отделения включительно о категорическом запрещении отходить с рубежа. Все отошедшие без письменного приказа ВС фронта и армии подлежат расстрелу».
«049 19 октября 1941 г.
...установить строжайшую ответсвенность вплоть до расстрела за оставление вооружения в оборонительных сооружениях при отходе войск с укрепленных рубежей».
«21 октября 1941 г. Заставить 17 и 53 сд упорно драться и в случае бегства выделенному отряду заграждения расстреливать на месте всех, бросающих поле боя».
«22 октября 1941 г. На 17 дивизию немедленно послать Селезнева, командира 17 сд немедленно арестовать и перед строем расстрелять».
Бұл бүгінде Ресейдің әскери тарихшыларының мұрағаттардан алынған бұйрықтары. Соғыстың қатігездігі соншалық, Жуков немістер Мәскеуге таянғанда армия, дивизия командирлерінің өзін аяусыз жазалап отырған. Оны 22 қазандағы бұйрықтан аңғаруға болады. Кейін олардың жазалары біршама жеңілдетілді, қызметтері төмендетілді, бірқатарына ұрыс даласында өлуіне рұқсат етілді. Көзсіз батырлықпен ұрыс даласында өлген полковник шеніндегі үлкен офицерлер де болды. Ал №316 дивизия Батыс майданының құрамындағы К.Рокоссовскийдің №16-армиясының сапында жанқиярлықпен арпалысты. Осындай аласапыранда, тозақ отында жүріп Панфилов дивизиясы Мәскеу қорғанысындағы ұрыстарда жанқиярлық ерлік үлгісімен тарихқа енді.
Ал академик Хайдар Арыстанбековтың естелігіне қатысты не айтуға болады? Баукең әлгі орыс полковниктің арандатушылық сұрақ қойған 1960 жылы Кеңестік басшы Никита Хрущевтің Сталинді жаппай қаралап, тіпті оның Ленинмен бірге Мавзолейде жатқан денесін қайта жерлеуге жасырын тапсырма беріп жатқан кезеңі болатын. Қайран Баукең Яков Джугашвилиді (Сталинді) ұлы қолбасшы деп атап, Хрущевтан да сескенбеген Батыр!
Соғыстың шындығын айту үшін де үлкен ерлік керек. Ал қайран Баукең сол шындықты бүкпесіз айтты. Айтылмай кеткені қаншама! Айтылмай кеткен сырдың ішінде Жуковтың бұйрығы да бар еді. Батырдың әлгі офицерді атып жібергендегі жан күйзелісін түсінуге болады. Жаудың күші бірнеше есе басым, қару-жарақ, оқ-дәрі жетіспейді. Бірақ бұйрықсыз бір адым да шегінуге болмайды. Мәскеу түбіндегі қатігездіктің сипаты, міне, осындай. Соның өзінде №35-ші неміс жаяу әскер дивизиясының командирі генерал Вальтер Фишер: «Біз орыстардың №316 атқыштар дивизиясының жойқын қарсылығына тап болып, үлкен шығынға ұшырадық. Оларды жеңу мүмкін емес», деп жазды. «Орыстар» деп отырғанының ішінде Баукең сияқты батыл қазақ командирі болғанын қайдан білсін әлгі неміс генералы.
Соңғы деректер бойынша жалпы Мәскеу үшін болған ұрыстарда кеңес жағынан 1 млн. 200 мыңдай, неміс жағынан 700 мыңға жуық адам өлді. Соғыс қасіреті мұнымен бітпейді. Өйткені соғыста да кәдуілгі өмірдегідей пенделікке бой алдыратындар, жалған атақ пен абырой үшін көпе-көрінеу өтірікке баратындар да кездеседі. Соғыста да өмірдегідей біреулердің жолы болып, екіншілерінің тағдырына қара бұлт үйіріліп жатады. 1943 жылғы Курск шайқасы кезінде қарсы шабуылға шыққан Кеңес Армиясының немістің қарулы күштеріне қарағанда адам, техника, ұшақтар саны жағынан едәуір басым болған. Бірақ сол шайқаста кеңес генералы Ротмистров әскерді сауатсыз басқаруы салдарынан техника мен адам күшінің түгелге жуығынан айырылады. Бұл қиын-қыстау дейтін 1941 жыл емес қой, барлығын елеп-екшеп отыратын Сталин ашуға мініп оны майдан даласынан Мәскеуге шақырады. Бұл дегеніңіз трибунал! 
Ротмистровтың тағдыры қыл үстінде тұрғанда Сталиннің қаһарынан оны генерал Василевский құтқарып қалды. Жалпы, тарихта қалыптасқан пікір бойынша Жуков Сталинге сөзін өткізе алатын батыл қолбасшы ретінде аталады. Бірақ Сталин соғыстың белгілі кезеңдерінде бас штаб бастығы болған генерал Василевскийдің де сөзіне құлақ асып, оның дәйектемелерін назарға алып отырған. Василевский осы жолы досы Ротмистровты құтқарып қалу үшін қып-қызыл өтірікке барды. Қалайша?! Сталиннің алдына Ростмистровтың күл талқан болған танк армиясына қарсы тұрған неміс құрамаларының шығыны бірнеше еселеп көрсетілген жалған ақпар түседі. Деректерге көз салған Сталин сабасына түседі. Міне, «приписканың» көкесі, қосып жазудың құдіреті деген!
Ал 600-ден астам адамы мен техникасын қоршаудан аман алып шыққан Баукең өжеттігі мен тапқырлығы үшін 1942 жылы Кеңес Одағының Батырлығына ұсынылды. Шындықты бетке айтатынның жауы көп болады. Ақыры сол қағазы құрғыр жоғарыдағы кабинеттерде жоғалып кетті.
Соғыстың ащы шындығы, міне, осы. Батыр атағы марқұм Б.Момышұлына 1990 жылы Кеңес Одағы тарқайтынның алдында берілді.
*Біздің түсініктемедегі деректер «Вестник архива президента Российской Федераций» журналынан - авторы Сергей Кудряшов және басқа ресми құжаттардан алынды. (А.Ж.)

Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.
ТАНЫМ 25 қаңтар 2014 г. 5 108 0