ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАП, НӘР БЕРГЕН

ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАП, НӘР БЕРГЕН2012 жылы Қазақстанда алғаш рет созылмалы жүректің жетіспеушілігі диагнозы қойылған науқасқа донорлық жүрек трансплантациясы жасалғаны белгілі. Бұл отаны Чехияның кардиохирургі Жан Пирктің қатысуымен  еліміздің жетекші кардиохирургі, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пя жасаған болатын. Осы сенсациялық күрделі отадан кейін Қазақстан әлемдегі донорлық жүректі ауыстырып салатын 27 елдің қатарына қосылды. Онымен бірге отаны жасаушы кардиохирург Юрий Пяның  да атағы  отандастары арасында бұрынғыдан бетер дүркірей түсті. Ендеше, атағы жер жарып, аты аңызға айналған Юрий Пя кім?
Бұл сұрақтарға жауап іздеу мақсатында біз  ол кісіні біледі- ау деген осындағы әріптестерімен сөйлестік, интернет ақтардық. Тіпті, Юрий Владимирұлының өзімен телефон арқылы тілдесудің де сәті түсті.  
Юрий Владимирұлы Пяның есімі кардиохирург ретінде алыс-жақын шетелдерге жақсы таныс десек, қателеспейміз. Саналы ғұмырын осы саланың өсіп-өркендеуіне арнап келе жатқан білікті дәрігер, майталман маманның еңбек жолы да өзінен кейінгілерге үлгі боларлық.  
Ю.В.Пяның еңбек жолы 1981 жылы Мәскеудің Н.И.Пирогов атындағы екінші медициналық институтын бітірген соң Туланың қалалық ауруханасында басталады.  Онан соң 1982-1984 жылдары Фрунзедегі №3 балалар ауруханасында жұмыс істейді. 1984-1985 жылдары Қырғызстандағы республикалық клиникалық ауруханасында кардиохирург, 1985 жылдан 1994 жылға дейін Қырғызстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы кардиология және терапия Ұлттық орталығында кардиохирург болып қызмет атқарады. Кеңес дәуірі құлаған тұста Түркияға кетіп, сол жерде туып- өскен отанына шақырылғанға дейін еңбек етеді. 2003 жылы ол Мәскеудегі А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қан тамырлары Ұлттық орталығынан медицина ғылымдарының кандидаты атанады. Ал, 2010 жылы Ресей Федерациясының Білім және Ғылым министрлігінің жоғары аттестациялау комиссиясы медицина ғылымдарының докторы атағын берді.  
Юрий Пя өз мамандығы бойынша еңбек ете жүріп, өмір бойы ізденумен, оқумен, үйренумен келеді. Үнемі ерінбей, жалықпай ізденіп, әр жыл сайын өз тәжірибесін заманауи әрі жаңаша әдіс-тәсілдермен толықтырып отыруды әдетке айналдырған. Білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында ол үнемі курстардан өтіп, түрлі тренингтерге қатысудан жалыққан да шаршаған да емес. Атап айтқанда, ол Каунас медициналық институтында, Мәскеудегі А.Н.Бакулев атындағы орталықта, Астанадағы Қазақ медициналық академиясында, Израильдегі Шнайдер балалар медициналық орталығында, Прагадағы клиникалық және экспериментальды медицина институтында біліктілігін көтеру курстарынан өткен. Сонымен қатар, Вильнюстағы жүректі трансплантациялау, Фрейбург университетінде өткен хирургиялық дайындық бағдарламасы жөніндегі, Бельгияда ұйымдастырылған жүрек құлақшасын қалпына келтіру, АҚШ-тағы жүрек жетіспеушілігін емдеу тренингтері мен көптеген шеберлік кластарына қатысқан.  Өз мамандығына деген адалдығы мен өз ісінің нағыз шебері болсам деген биік мақсаты Ю.В.Пяны бүгінде осындай биік дәрежеге жеткізді. Бірақ онысына масаттанып жатқан ол жоқ. Әріптестерінің айтуынша, Юрий Владимирұлы барынша қарапайым, ақкөңіл, елгезек.  
– Өз басым Юрий Владимирұлы Пяны өз ісінің нағыз шебері, алтынқолды дәрігер деп бағалаймын. Оның үстіне ол Қазақстаннан шыққан нөмірі бірінші кардиохирург, біздің елде кардиохирургиялық Ұлттық ғылыми орталықтың негізін қалаушы азамат деп білеміз. Кәсіби тәжірибесі бай, азаматтығы биік кісі. Ол кісі басқаратын Ұлттық орталық біздің еліміздегі әлемдік стандартта салынған, заманауи медициналық көмек көрсететін жоғары деңгейдегі бірден-бір мекеме болып табылады.  Ол орталық бүгінде барша қазақстандықтардың мақтанышына айналып отыр деуге болады. Яғни, ол кісі осы орталықтың іске қосылуына көп еңбек сіңірді. Осы орталықты ашу арқылы Юрий Пя Қазақстанда да мықты хирургтердің бар екенін, бізде де күрделі әрі қымбат оталарды жасауға болатынын дәлелдеп берді.  Ол кісі былтыр біздің шақыруымызбен өз тобымен Қызылордаға келіп, бес операция жасап, 50-ге жуық науқасқа кеңес берді.  Жас мамандарға мастер - класс өткізді. Жалпы айтқанда, білімді, тәжірибесі мол, мықты маман. Ал, азамат ретінде айтсақ, Юрий Владимирұлы өте қарапайым, ақжарқын жан. Кішіпейіл, өзінің білгенін біз секілді жас әріптестеріне үйретуден жалыққан емес. Ол кісінің костюм киіп, галстук тағып сықиып жүргенін көрмеппін.  Қашан көрсең де тыным таппай, жүгіріп жүргені. Айтпақшы, өткен жылы келгенінде ол кісі Қызылордаға 40 жылдан кейін келіп тұрғанын айтты. Сол келгенінде ол ата-анасымен тұрған үйін барып көрді. Сол күйі, тіпті терезелері де ауыспаған қалпында тұр екен, – деді облыстық медицина орталығының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Берік Дәуітбаев бізбен әңгімесінде.  
Расында, белгілі кардиохирургтің қайда туып-өскені жайында жұрт әрқалай айтып жүр. Бірі қызылордалық десе, келесі бірі тараздық дегенді айтады.  Көптің көкейінде жүрген осы сұрақты біз де ол кісімен телефон арқылы тілдескен кезімізде қойып үлгердік.  Қанша асығыс, оның үстіне  ескертусіз телефон соғып тұрғаныма қарамастан Юрий Владимирұлы сұрағыма жауап берді. 
–  Менің ата-анам қызылордалық. Анам Катя Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал ауылыныкі, әкем Владимир Қызылорда қаласында Калинин көшесі 21-үйде тұрған. Ата-анам Қызылордада 20 жылға жуық тұрыпты. Әкем мен анам бұрынғы Гоголь атындағы пединститутта оқыған.  Жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен Жамбылға келген.  Ол шамамен 1956 жыл болуы керек. Мен 1957 жылы осы Жамбылда туылғанмын. Ата-анам үш жыл осында жұмыс істегеннен кейін Қызылордаға қайтып келген.  Мен ол кезде кішкентаймын, ес білмейтін кезім ғой. Сонан ұмытпасам, 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданына  көшіп кеттік. Мен осы жерден мектепке бардым.  Яғни, менің түп тамырым Қызылордада жатыр,– деп күлді Юрий Владимирұлы. 
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ю.В.Пя кеңестік дәуір құлаған тұста Түркияға кетіп, сол жерде еңбек етті. Осыдан он жыл бұрын ғана ол кісі отанына қайта шақырылып, Астанаға келді. Бүгінде өзі құрылуына көп еңбек сіңірген Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың жетекшісі қызметін атқаруда. Елге келген соң білікті де білімді дәрігердің отандық денсаулық сақтау саласының өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз еңбегі ескеріліп, лайықты бағасын алды, ала да бермек. Мәселен, 2006 жылы ол «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталса, 2011 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», 2012 жылы V республикалық жалпыұлттық патриоттар форумында «Патриот года» атағына ие болды. Сонымен бірге «Алтын адам» ұлттық сыйлығында «Жыл дәрігері –2012» марапатына ие болды. Оған қоса «Парасат» орденінің иегері.   Ал, өткен жылы білікті дәрігер Юрий Пяға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.  
Олай болса, түп тамыры қасиет тұнған Қызылордаға байланған белгілі кардиохирург, майталман маманның есімін барша Сыр жұртшылығы үлкен мақтаныш, зор құрметпен атайтыны заңдылық. 

Айнұр БАТТАЛОВА.
ТАНЫМ 23 қаңтар 2014 г. 1 349 0