ҮЛГІҢДІ КӨҢІЛІМЕ ҚЫСТАТҚАНМЫН

Тіршілік ағымы, қызмет бабында сабақтас болған,  көзқарас жарастығы табыстырған, тұлғасын арманыма ұқсатқан, үлгісін көңіліме қыстатқан ғалым, ұстаз, ана Жаңбершиева Ұлжан Нахатқызының ғұмырында шәкірттері тебірене айтатын, жыр ғып төгетін мағыналы, мәнді өмір өткелдері жатыр. Өзінің сүйікті ісін білетін, еңбекқор адамның ел сүйіндірер қасиеті оның іскерлігінде, азаматтығында, әділдігінде. Жақсының қадірін тірісінде бағаламасақ, адамдығын айтып, мақтамасақ, мақтанбасақ адамдықтан не пайда?! Адам тәрбиелеу, өзінің ұлы мен қызына жақсы тәрбие беру – адамзаттың ең бірінші аса маңызды қызметі. Ұлекеңнің өмірлік ұстанымын нық бекітуіне ата-ана тәрбиесінің ықпалы зор болғанға ұқсайды. 
Әкесі Нахат үш ағайынды жігіт болса керек. Үлкен ағасы Қалжан діни оқуы мықты, сауатты, елге белгілі адам болса, Шохат ағасы алдына жан салмаған түйе палуан атанған.  Нахат атамыз білім сауаты жоқ болғанмен, жады, есте сақтау қабілеті зор, емшілік, көріпкелдік қасиеті бар кісі болған. Халықтың бай ауыз әдебиеті мұраларын жатқа айтып, оларды балаларына таныстырудан,  жаттатудан жалықпаған. Аңшылық кәсіпті серік еткен. Үлкен ағасы Қалжан аяқ астынан қайтыс болып, намаздап келген соң сол күні Шохат қайтыс болады. Екі бірдей қайғы Нахаттың қабырғасын қайыстырады. Әулетте ер азаматтан буыны қата қоймаған Нахат жалғыз өзі қалады. Әкесі Жаңбершінің қарашаңырағын құлатпау, ошағыңның шырағын сөндірмеу керек. Намысты ер алдан жақсылыққа толы күндерді күтеді. Сөйтіп жүргенде Ұлтай есімді теңімен  бас қосады. Сонау  қиюы қашып, берекесіздік жайлаған, жақсыларын түрмеге тоғытып, қуғын-сүргінге ұшыратқан заман зобалаңынан Нахат отбасы да қалыс қалмайды. Тағдыр тауқыметін аямай-ақ тартады. Әуелі Ұлтай анамыздың  болыс болған әкесі Әбдірахман халық жауы ретінде ұсталып, артынан атылып кетеді. Үш ай бойы әйел, бала-шағасын халық жауының отбасы есебінде түрмеде қамақта ұстап, соңынан босатады. 
1937 жылдары Нахат ағай аңдарды қорғау одағында инспектор болып істейді. Қырдағы аңдарды қорғауды желеу етіп, елден аластатылып, қуылған байларға елдің хабарын жеткізіп, азық-түлікпен, оқ дәрімен  қамтамасыз еткен. Секемшіл топ сезіп қалып, Нахатты түрмеге қамайды. Атақты Сыр сүлейі Т.Ізтілеуовпен бірге екі ай түрмеде жатады.  Сол Тұрмағанбет шайырдың шығармашылық әлемін зерттеу ісі перзенті Ұлжанның пешенесіне жазыларын кім білген. Бірде кездесуге келген Ұлтайдан сандық түбінде жатқан алтын сағатты әкеліп беруін сұрайды. Сағатты тергеушіге беріп, өздері бас сауғалап Ферғана жаққа қашып кетеді. Елде тыныштық орнады деген хабарды алысымен, тез жиналып елге оралады. Елмен бірге қоңыржай тіршілік қамын жасайды. Өмірге сәбилер келе бастайды. Отбасындағы төртінші перзент Ұлжан есімді қыз 1954 жылдың жиырма бесінші қаңтарында сақырлаған сарышұнақ аязды күні шыр етіп дүние есігін ашады. Әкесі аң аулап кеткен.  Екі қап қоян, қырғауылды арқалап келген ол қазанға барлығын бірдей салдырып шілдехана жасатыпты. Баламның несібесі зор болатын шығар деп болжапты. Мінезінде қайсарлығы басымдау, айтқанынан қайтпайтын, бойында өрлік, өжет қасиеті қатар өрілген, көзі сексеуілдің шоғындай жанып тұратын қара қызынан үлкен үміт күтетін. Асау аттай тулаған жүректі адам қашан да алысқа қарайды. Бір нәрсе тындырсам деп тырбанады, көңілі өзінше көп істер тындыруды көздейді. Ұлжанына не іс тапсырса да жапыра істейді, тез тындырады, ұқыпты, мұнтаздай, артында масақ қалдырмайды. Істеген ісіне көңіл тояды. Ер бала болғанда, ел басқарар ма едің деп ризашылығын білдіріп, сүйсініп, маңдайынан сүйетін. Әкенің бір кездегі ойлаған ақ тілегі орындалады.  Ер балаға бергісіз болып, Ұлжаны бой жетті. Бұқарбай есімді қазақтың марғасқа  азаматына жар болды. Дастарханы да Ұлжан дүниеге келген күнгідей мол, берекелі болғанын көрді. Жаратылысынан жүрегінде лаулаған жігер мен сенім оты Ұлекеңді биіктерге көтерді. Институтты үздік тамамдап, өзі оқыған мектепте қызмет жасады. Тәлімгер ұстаз «Қазақстанға еңбегі сіңірген мұғалім» Балқия Жарқынбаева қаламы мен кабинетінің кілтін эстафета ретінде жас шәкірті Ұлжан Жаңбершиеваға табыстады. Шәкірт Ұлжан да араға жылдар салып білім беру саласындағы еңбегі үшін «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Кейін ұстаздарының ұсынысымен институтқа қызметке шақырылды. 
Уақыт шіркін, жүйрік қой. Ғұмырымның 33 жылы ұстазым Ұлекеңнің жанында өтіпті. Табиғатыңмен ұқсап кетеді екенсің.  Алғашқы таныстық студенттік күндерден басталды. 1981-1982 жылдары М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені бітіріп, Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға қабылдандым. 
Ұлжан апайым қазақ тілінің практикалық курсынан сабақ береді. Талдырмаш қана келген, қара торының әдемісі. Түсі  суықтау, өзі тым қатал, талапшыл. Сабақ сұраудан да, түсіндіруден де жалықпайды. Әуелгі сәттерде қаталдау көрінгенімен, сырласа келе көңілдің кең сарайы ашылып, жан шуағына бөленіп те кеттік. 
«Ұстазым, алдыңды ойлап, батыл көсіл, өзіңе үлгі болар шәкірт өсір» демекші, Ұлжан апайымыз  қашан да маңына жақсы шәкірттер жинады. Бәріміздің басымызды қосып, жақсылықтарымызды бөлісуге, бірімізді біріміз құрметтей білуге тәрбиеледі. Бір топ сіңлілері, ғалым қыздар Ұ.Асанова, Г.Әбенова, К.Қамзаева, Г.Оралова, Қ.Сүйінтаева, Л.Сапартаевалар «Жаңбершиеваның мектебінен» шыққанбыз деп мақтанамыз. Ұстазымыздың үлгі тұтарлық, өмірімізге азық етер жақсы дәстүрлерін отбасылық өмірімізде де іске асырып келеміз. Ұлекеңнің өзгені сыйлауы, құрмет тұтуы,  қонақжайлылығы, ас дайындау мен оны кәделеу тәрбиесі ерекше.  
Мен жалпы барлық оқытушылармен тез тіл табыстым. Ол кісілермен табысып кетуіме басты себеп: ой-пікір ортақтастығы мен мінез жарастығы бар, жас шамам ересек болатын. Ол уақыттарда педагогикалық училище бітірген студенттердің білім деңгейі өте мықты болатын. Білімді ұстазды сыйлау өз алдына, білімді шәкіртті құрметтеу де қашан да қалыптасқан дәстүр. Сонымен бірге, С.Желдербаева. Ж.Елмұратова, Н.Сармағанбетова, З.Құлбаева, Т.Есетовалардың алдынан дәріс алған қай қазақтың қызы да мықты болуға тиіс деген сенім бар. Мен де осы өмірде бірдеңе тындырып жүрсем, сәл биіктен көрінсем, бойымда нендей жақсы қасиеттерім болса ол үшін бүкіл ұстаздарыма қарыздармын деп білемін.  Менің ұстаздарым марқұм Ә.Қоңыратбаев, Әли Байжолұлы, Әніс Жақыпұлы, Нұртай Нұржанұлы, Молдаш Дастанұлы, Медеуәлі Себепұлы, Әпжаппар Әблақұлы, Қомшабай Сүйінішұлы ағайларым бұл пәниге  ұстаз болып келіп, сол атқа лайық болып кеткен жайсаңдар еді. Бұл ардақтылар Ұлекеңнің де ұстаздары болатын.
... Қайта құру, нарықтық экономика деген мәселелер күн тәртібінен түспейтін қысылтаяң кезең. Алты ай айлықсыз жұмыс істеген күндер. Үстімізде іліп алар, көз салып қарайтындай киім де жоқ. Сондай күндердің бірінде Ұлекең  қала әкімінің орынбасары Р.Рүстемов екеумізді Алматыға ғылыми тақырыптарымызды бекітуге алып баратындығын, екі күннен кейін жол жүретіндігімізді ескертті. Қалтада қайбір қаражат, Алматы қайдасың деп тарттық та кеттік. Бәрін ұйымдастырып жүрген өзі. Сендер қорғауларың керек, ғылыммен айналысыңдар. Қабілеттерің бар, босқа жүрсіңдер, – деп  академик З.Қабдоловтың алдынан бір-ақ шығарды. 
Академик З.Қабдоловтың алдында нық сеніммен: «Бұлар менің мықты шәкірттерім. Ғылымда өз орындары болуға тиіс деп ойлап, алдыңызға әкеп тұрмын. Маған сеніңіз. Тақырыптарын бекітуге көмектесіңіз», – деді. Қабдолов ұзақ ойланды. Жан-жағына байыппен, біздің де кескінімізге ойлы жүзімен ұзақ қарап отырып, бірді-екілі сұрақтар қойып барып, тақырыпты бекітуге келісім берді. Сонда Ұлекеңнің біреудің тағдыры үшін соншама жанашырлық танытқанына, жауапкершілікті өз мойнына алғанына таңғалдым. 
Қатқыл, соқпағы қиын жолда қате баспайтын кездер болмай қоймайды. Жолбарыс та өзінің жемтігіне бірінші секіргенде жетпей, екінші секіргенде асып түсіп, үшінші секіргенде дәл түседі екен. Алабұртқан жастық шақ. Адам білмегендіктен адаспайды, білгішсінемін деп адасады. Кейде текетіресіп, пендешілікпен мен білемінге салынып, дауласатын, жөнсіз әрекеттерімізді дұрысқа санап, мінез көрсететін кездер де болып жатты. Ондайда ұстазым ақылға салып, айғайласпай, кектенбей, «сенімен болсын ісім дегенге салмай» жұмыс барысында кеткен қателіктерімізді кешіре білді. Жақсылығымызды, жетістігімізді ғана көрді. 
Үнемі тынымсыз еңбекте, ізденісте, оқуда жүретін адамның өз ортасының деңгейінен биік болатыны анық. Оның жұмыстан басқаны ойлауға уақыты да болмады. Артық дүние жинап сарсылмады да.  Отбасының бақытын, перзентінің жақсы азамат болуын қалаған Ұлекең қалған уақытын соған арнады.  Ұлекең бойындағы ізгі қасиеттер әкенің қаны, асыл анасының ақ сүтімен келген  жақсы мінез-құлық нышандары болса керек. 
Адам өмірге текке келіп, құр кетпеуі тиіс. Артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады. Ұ.Нахатқызы қазақ әдебиеттану ғылымында Т.Ізтілеуов мұрасын зерттеушілердің алдыңғы қатарында келеді.  Тұрмағанбеттану саласында «Тал жібектей таза сөздің тарланы» зерттеу еңбегі, «Т.Ізтілеуовтің әдеби мұрасы» монографиясы, 200-ден астам ғылыми-танымдық мақалалары жарық көрді. 
Құрметті Ұлжан Нахатқызы! Сізді ғұмырыңыздың ғажайып кезеңімен қауышқан және 40 жыл ұстаздық қызмет етіп, ұлағатқа бөленген мерейтойыңызбен шәкірттеріңіз атынан құттықтаймын. Тойыңыз тойға ұласып, Алты алаштың жақсылары бас қосқанда төр ұстаздыкі болсын демекпіз.
Айман АЙТБАЕВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
ТАНЫМ 18 қаңтар 2014 г. 1 394 0