АС БЕРУ

оны қалай қолданып жүрміз?
Бақилық болған адамды ана дүниеге құрметтеп шығарып салу, жаназасын өткізу мұсылман қауымның ғана емес, барлық халықтың міндетіне айналған, дәстүріне енген шара. Жаназадан кейін бейсенбілігі, жетілігі, қырқы, жүзі арнайы аталып (кей жерде адамның қайтқанына жүз күн толуына байланысты құран бағыштау) өтіледі. Бұл да адамды  құрметтеудің, ағайын-туыс, жекжат болып қайғы бөлісудің  түрі болып табылады.
Бірде көшеде кездескен біреудің әлдекімнің асынан келе жатқанын білдім. Ал ол болса былтыр жол апатынан қайтыс болған он жеті жасар жас жігіт. Өкінішке орай, көпшілік, әсіресе, жастар пайғамбар жасына (63-ке) толмаған  адамдарға ас беруге болмайтынын білмейді. Ондай жағдай оқыған маман, журналистердің арасында да бар. Бірде телеарнадан «пәленшенің асына шақырамыз» деген хабарлама берілді. Жылын бергелі отырған 19 жастағы бойжеткен қайтыс болғанда 18 жаста екен. Биылғы жылғы 8 тамызда  сол арнадан мынадай хабарлама болды:
«Мырқиев  Дарқанбек  Мырқыұлы  1932-2012 ж.ж
Жылы 10 тамыз сағ 11.00-де  мекен жайы...»
Дарқанбек елге аға болған, біраз басшылық қызметтер атқарған, жасы 80-ге келген, құрметті азаматтардың бірі. Теледидардан хабарлама беруші ас пен жылдың ара жігін ажырата білетін азамат екендігін хабарлама мазмұнынан көріп білуге болады.
Бақилық болған кісіні еске алу мақсатында ұйымдастырылатын бейсенбілікті бейсенбілік асы, жетілігін жетілік асы, қырқын қырық күндік асы, жүзін жүз күндік асы демейміз де  жылын атап өтер кезде  асы не жылдық асы деп айтатынымыз бар. Дұрысында  жылға толу мерзіміне байланысты  шараны жылы деп, не жылдық асы деп айту керек. 
Қайтыс болған кісінің  бәрінің жылын атап өту парыз болғанымен, ас беру рәсімін  өткізу міндетті емес.
Атап айтқанда: ас берілетін кісі кем дегенде пайғамбар жасынан асқан болуы керек. Ас негізінен жасы ұлғайып дүние салған ер адамға беріледі делінген (К. С.Э -1971ж 1-том, 500-бет) және ол ас құрметтеуге тұралық тұлғаларға беріледі. Сонымен қатар, ас беретін үй ауқатты болуы шарт. Ас әйел адамға берілмеген. Берілген жағдайда ойын-сауық ұйымдастырылмаған. (К.С.Э 1971 ж 1-том 500-бет) Бұл мәселеге сын көзбен қараған дұрыс. Ауызекі деректе найманның бағаналы тармағына жататын Мамай руының қызы, Қайдауыл руының келіні Бидашқа ас берілген десе, жазба деректе Тоқтар Әубәкіровтің нағашы анасының 100 жасқа толуына байланысты ас беріліпті. (Егемен Қазақстан 02.10.2013 ж).  
Сонымен, бақилық болған кісінің жылға толуын атап өтуде жылы, асы (жылдық асы) деген екі ұғымға қалыптасуымыз керек.
Ендігі бір біліп, ажыратып алатын мәселе астың өткізілу тәртібі. 
Тарихта Тезекбай асы, Тоқсанбай асы, Сағынай асы, Бөжей асы, Шегердің асы,  Білгехан асы секілді астар болған. Ас берудің салтында қонақ күту, қонағасы беру, бәйге жолын көтеру ағайындардың мырзалығындағы мәселе болған. Ас берудегі сауын айттырудың мәнісі де сонда. Бөжейдің асына Құнанбай бармай, Абай барған. Абай Бөжейдің нағашыларын күткен. Нағашыларын күту үшін 5-6 үй тіккен. Дастарханын, саба-саба қымызына дейін даярлап бес байтал сойған. Арғынның Атығай руынан шыққан Тоқсанбайдың асына төрт рулы ел Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Кереку, Қызылжар, Омбы секілді жеті ояздың елі түгел шақырылды. Ат бәйгесіне 200-дей ат қосылды. 
Асқа Тоқсанбайдың өзінен 1000 қой, 100 ту бие, жекжат, құдаларынан 1500 қой, 150 бие – барлығы 2500 қой, 250 бие сойылды. Оның үстіне қымызын жиналған жұрт өзі алып келді. Бұл асқа келген адамдардың қарны ашып, шөлдеп қалмауы үшін жасалған  ұйымдастыру  шаралары болса, астың мерейін шығару істері тігілген бәйге мен мүше тарату жағдайларына да байланысты.
Шегірдің асында ат бәйгесіне 100 ала жылқы тігіліп оны  Жылтайдың көк байталының жеңіп алғаны, сондай бір үлкен аста Аманкелді Имановпен үзеңгілес қызмет атқарған Ақмолда және елге танымал Стамбеков Мұхтар мен Сейтәлінің атасы Байғараға он қарадан мүше берілгені үлкен бір әңгіме шежіре. 
Заманның өзгеруіне байланысты аста қонағасы беру мейрамханаға, ат жарыс, жаяу жарыс, күрес, т.б шаралар спорттық жарыстарға ауысқанымен салт-дәстүр өзгерген жоқ. Бәрінің ізі бір. Тек үлгісі басқаша. «Ас» деген сөз екі түрлі мағынаны білдіреді. Ас тамақ ретіндегі түсінікте зат есімге жататын болса, өлген кісіні еске алу, оған құран бағыштау іс-шарасы ретіндегі түсінікте етістікке жатады. 
Сонымен «ас» деген сөздің екі түрлі мағынаны білдіретінін ажырата білумен қатар, «жыл»  мен «астың»  аражігін ажырата біліп жүрейік. 
Батырхан ОСТАЕВ,      
ардагер ұстаз.    

ТАНЫМ 14 қаңтар 2014 г. 11 593 0