Алтын бесік – туған жер: Бірлік ауылы


Жүйрік уақыт зырлап алға жылжыған сайын өмір өзгеріп, заман жаңарады да өңір түлеп, тарих беттері жаңа белестермен парақталып жатады. Біз, дүниеге келген елдің, жердің, ауылдың ірге тасын қалаған аға ұрпақ екені даусыз, оның ісін, тіршілігін ілгері өрбіткен орта буын да, жақсы істі жалғастырып жатқан кейінгі ұрпақ та ағалар дәстүрінің қаз-қалпын бұзбай, өркендетуге күштерін салып келеді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап өз шаңырағымызды биіктете түсуге, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын өрістетуге, ауылдың көркін, келбетін жақсарта түсуге күш салып жүрген азаматтар да баршылық. Бүгінгі еткен еңбегің өзіңнің туған жерің, ағайын-туысыңның болашағы үшін жасалып жатса неге қуанбасқа! Сайып келгенде, қатыбезер біреу болмаса, туған жерін- мен топырағына, қыр беткейлеріндегі жусанына дейін жүрегіңді шоқтай күйдіріп, алыста жүргендердің сағыныш сезімін тудырып тұрады.

Алтын бесік – туған жер: Бірлік ауылы


 

  
Жаңақорған өңірінде жылдың төрт мезгілі  малға да, жанға да, шаруаға да қолайлы. Қыстың ызғарлы желі өкпеңнен өтіп, аязы табаныңды қарып, жазда шекеңді күн тесіп, шоқтай жанған топырағы табаныңды өртемесе де, ерте көктемде-ақ «табанындағы сызды жалаңаяқ жүріп  жазда қайтар»-деп көнекөз  қариялар айтқандай,  бала кезімізде  жалаңаяқ жүріп, суға түсетінбіз.  Біздің бала кезімізде   қыс ерте шығатын сияқты еді.  Наурыз  айының аяғында  жалаңаяқ, жалаңбас жүріп қырға қарай  қозы, лақ айдайтынбыз,  алғашқы гүлдерді жарыса жүріп  теруші едік.

 

Алтын бесік – туған жер: Бірлік ауылы

   
Менің туған жерімнің тағы бір ерекшелігі  төбе-төбе болып жатқан  құм төбелер жоқ,  сазды топырақты, жел тұрса көз аштырмайтын топырақ та жаумайды.  Қосүйеңкі, Бірлік, Қыраш ауылдарының  орналасқан жері біркелкі, ұзыннан-ұзын созылған қыраттардың  арасындағы  ойпат жерлерге орналасқан.  Сонау Қаратаудағы  «Талдысу»,  «Ынтымақ» өзендерінен , тау  шатқалдары арасындағы  бұлақтардан бастау алатын  «Ақүйік» өзені  20-25 шақырымға  созылып барып Бірлік  ауылының  жоғарғы  жағына орналасқан,  баяғы да  ата-бабаларымыз  салып кеткен  «Көлтоған» су қоймасына,  одан асып,  «Шұқырой» атты  табиғи көлді  суға толтырып жатады. Сол Бірлік  ауылындағы «Көлтоған» атты су қоймасының салыну тарихы да қызық. Көктемгі таудан аққан қарғын суды алғашқыда он шақты кедей шаруалар күш біріктіріп, қолмен бөгет салып, егін егіп күн көрген. Кейін көптеген ел ағаларының арқасында 1927 жылы бітіп, су қоймасына айналды да халық игілігі үшін бүгінге дейін пайдаланылуда. 
  «Ақүйік» өзенінің  бойындағы  Ақ Ата, Сам Ата,  Ұзын Ата,  Бала Әулие,  тағы басқа  әулие-әмбиелердің  зираттары, «Үңгіртас», «Қатын  қамал»  үңгірлері,  бағзы заманда  өзен бойында ата-бабаларымыздың  су тиірмендерінің, жемісті бауларының  өзіндік тарихы бар. Заманында Қожамберді, Қияқ, Желкілдек сияқты қазақ батырларымен қатар жүріп қалмақтарға ойсырата соққы берген Ақбай батыр да осы ауылдың тумасы. Ол кісінің ұрпақтары Ержігіт, Дәумен, Есет аталарымыздың ұрпақтары әлі де осы  Бірлік ауылында өмір сүріп жатыр. Дәумен ақсақалдың ұлы Бектұрсынның үйінде Ақбай батырдың жәдігерлері осы күнге дейін сақтаулы.  

 

Алтын бесік – туған жер: Бірлік ауылы


  Туған жерге деген табиғи сезім өлкенің жоғарыда айтылған тарихымен, осы өңірден шыққан атақты адамдардың тарихымен ұштаса түседі. Бірлік десе Оңтүстік өңірде МТС-тің негізін қалаған, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерінің иегері Нұрғали Түршеков, қоғам және мемлекет қайраткері Нәлғожа Ергешбаев, әділет генералы Әбдіқадыр Нұрмағамбетов еске түседі. Осы аймақтан ғылым докторлары Әбибулла Әбсадықов, Қадыр Жаманбаев, Рахматулла Тұрғанәлиев, Еркін Әбілов, ақын-жазушылар Дүкенбай Досжанов, Тынымбай Нұрмағамбетов, Мұхтар Сейсенұлы, Жолтай Әлмашов, Нұртас Исабаев, «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім бастығы, Талдықорған облысында бас редактор болған Ғайс Егембердиев бастаған журналистердің үлкен шоғыры және Гүлшат Нұрлыбаева, Бибіажар Махамбетова сияқты өнер саңылақтары шыққан. Біз елдің өркендеп, өсуіне үлкен үлес қосқан еңбек адамдары-жүгеріші, Ленин, Октябрь революциясы ордендерінің иегері Әбдірахым Ақбалаев, кезінде Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған Шырын Нарымбетова, сондай-ақ Асан Мәмеков, Найманбай Құрбанов, Оразбай Жолшиев, Әубәкір Бейсенбаиевтердің есімін мақтанышпен атаймыз. Осы адамдарды елге әйгілі еткен еңбегінің бастауы туған жерге деген сүйіспеншілік, азаматтық парыз.

Алтын бесік – туған жер: Бірлік ауылы

 
Бірлікте  туып өскен  азаматтар «Көлтоған», «Шұқырой» көлдері, «Ақүйік» өзені, « Ақбастау», «Қарасүйір» таулары,  «Қатын қамал» үңгірі, «Соқыр», «Тайпақ», «Ақтасты»  бұлақтары  тау  шатқалының  ортасымен ағатын  өзен бойындағы  ескі су диірмендері, жеміс баулары, қияда өсетін  қып-қызыл жабайы шиелері, қамшы саптауға  таптыра бермейтін  тобылғы ағаштары  және өзен  бойындағы  әулие-әмбилердің  зираттары туралы айтқанда  қолмен қойғандай  қылып,  әңгімені өрбітеді.  

Алтын бесік – туған жер: Бірлік ауылы


  Осыдан 15-20 жылдай бұрын Бірліктегі үш қабатты мектептің  қаржы тапшылығына байланысты  құрылысы тоқтауға айналды.  Осындай кезеңде 2001 жылы  Бірлік ауылындағы мектепте  әр жылдарда оқыған  соғыс және еңбек ардагері  Сейітхан Байдүйсенов, Жаңақорған қыстағы ардагерлер кеңесінің  төрағасы Әлібек  Сүгірбаев,  жазушылар Тынымбай   Нұрмағанбетов, Жолтай Әлмашов,  облыстық қаржы басқармасының  бастығы Колхозбек  Әжібеков,   Бірліктік азаматтар  Әріпбек Асанов, Рақыш Мәмеков,  тағы басқа мектеп түлектері , ел азаматтары болып,  «Қолыңнан келсе, көмек бер» тақырыбында  осы ауылдан шыққан азаматтарға  арнап облыстық  газет бетінде  «Ашық хат» жариялады. Жаңақорғандық  көп ағайындар құрылыс материалдарынан, мектеп айналасын  абаттандыру жұмыстарын жүргізуден көп көмек  жасады.  Қызылордада тұратын  Төлеш Пшанов, Мейірбек Ерназаров, Амангелді  Молжанов, Колхозбек  Әжібековтардың  ұйымдастыруымен 100 мың теңге  тұратын спорт, сыныпқа арналған құрал-жабдықтар жеткізілді. 
  «Әркімнің туған жері  Мысыр шаһары» дегендей адамның туып-өскен, кіндік қаны тамған жер ешуақытта да  ұмытылмақ емес. Мұндай сүйіспеншілік  атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа  жалғасатын қасиетке  айналуы тиіс.  Осындай үрдісті, қасиеттерді  кейінгі ұрпақтың  бойына сіңдіру  әрбір азаматтың парызы болса керек.
Сексенәлі РАХАНОВ,
Жаңақорған ауданы.

 

ТАНЫМ 09 қаңтар 2014 г. 5 040 0