
«Ауыл шаруашылығының майталманы» деген бағаны халық береді. Осы мәртебелі атты иемденіп, халықтың ыстық ықыласына бөленгендердің бірі – ауданның ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы Ойшы Ысқақов. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ауылда жаңа техника мен технологияны енгізіп, өндірістің тиімділігіне жетуде иеженерлердің рөлі ерекше болды. Ол осындай жаңашыл, алғы саптың адамы еді.
«Ата көрген оқ жонар» демекші, Ойшының әкесі Ысқақ Жолдыбайұлы сонау 1927 жылдары жаппай ұжымдастыру кезінде елді отырықшылдыққа үгіттеп, егіске суды пайдаланудың көзін тауып, диқаншылықты игеру жұмысының Жаңақорған ауданындағы алғашқы ұйымдастырушысы болыпты. Кейін суармалы жерді игеру кезеңінен бастап, мұраптықпен айналысып, су мен жердің тілін білген ол халықтың үлкен құрметіне бөленген. Оның жетекшілік жасауымен ауданда алты канал қазылып, бұл каналдардан он колхоздың егістікке су алып пайдалануына қол жеткізіпті. Көнекөз қариялардың айтуынша, білгірлігі мен ұйымдастыру қабілетінің ерекшелігі жағынан одан асқан бұл өңірде мұрап болмаған екен.
Әке жолын мұрат тұтқан Ойшы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Қазақтың ауылшаруашылық институтына түсіп, оны 1954 жылы инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын Қармақшы ауданының Ақжар МТС-ында қатардағы инженерден бастаған ол 1957-1960 жылдары Қармақшы МТС-ның бас инженері, 1960-1963 жылдар аралығында Жаңақорған аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызметінде болды.
Өндірісте ысылған, еңбек ұйымдастыру қабілеті жан-жақты, іскерлігі мен көзге түскен жас маман облыстық партия комитетінің ұсынысымен 1963 жылы Жалағаш аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің бастығы болып бекітіледі. Қай жерде жүрсе де, қай қызметті атқарса да, уақыт талабына сай басқара білудің, өндірісті үнемі дамытудың, кеңшарларға қызмет көрсетудің сапасын жақсартудың арқасында бұл еңбек ұжымы ол басшылық жасаған сегіз жыл ішінде облыста көшбасшылардың қатарында болды.
1971 жыл Ойекең аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы және аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметті ол үзбестен он бес жыл атқарды.
Ауданда ауыл шаруашылығын өркендету жолында күш-қуатын беріле жұмсаған басшылардың алдыңғы сапында болды. Жас мамандарды ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке орналастырып, олардың жан-жақты тәжірибе жинақтауына, өндіріске барғанда білікті маман ретінде еңбек етулеріне қамқорлық жасауды үнемі есінен шығарған емес. Соның дәлелі бүгінде оның қамқоршы басшы болғандығын әңгіме етіп айтып отыратын ел арасында азаматтар аз емес. Ойекеңмен қызметтес болған Мұстафа Мамытов былай дейді:
– Ұстаз көпшілік жағдайда мектеп мұғаліміне айтылады. Сол сияқты бұл сөзді өндіріс орындарында да қолдануға болады. Мәселен, мен Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы кеңшарда бөлімше агрономы болып жүрген кезімде ауыл шаруашылығы басқармасына бас агроном етіп алдырған Ойшы ағамыз болатын. Кейін, «Ақарық» совхозына директор болып он жылдан астам еңбек еттім. Ойекең менің өндірістегі ұстазым болды.
Мұндай жылы лебізді, оның қамқорлығында болып, ақыл-кеңесін тыңдап өскен басқарманың бұрынғы бас экономисі Бердан Әмитов, бас инженер-механигі Асылбек Тәуіпбаев, бас инженер-гидротехнигі Қалияр Көшкінбаев және де басқа азаматтардың айтуларынан естіп жүрміз. Бұлардың алды қазір зейнеткерлікте. Кейін Б.Әмитов ауданның салық коми¬тетін, А.Тәуіпбаев автобаза директорлығын, Қ.Көшкінбаев аудандық жер қатынастары бөлімін басқарды.
Күнделікті өмірде, біздер басшы адамның мәдениеттілігіне, жүріс-тұрысына, киім киісіне көп жағдайда мән бере бермейміз. Ал, Ойекең туралы әңгіме қозғағанда бұл тақырыпқа тоқтамай кетудің өзі әбес болған болар еді. Онымен жұмыстас болғандар азаматтың сабырлылығына, әдептілігіне, лауазымын пайдаланып, орынсыз дауыс көтермейтіндігіне, қандай да болмасын мәселені байыппен шешетіндігіне тәнті болатын.
Ол кезде ауыл шаруашылығына байланысты мәселелердің басым көпшілігі ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы шешілетін. Ендеше басқарма бастығының алды тіпті адамнан босамайтындығы өзінен-өзі түсінікті жағдай ғой. Кеңшар тіршілігінің уақыт күттірмес сан қилы мәселелері, келім-кетімнің жеке шаруасы, арыз-шағымы дейсің бе, әйтеуір қат-қабат қарбаластан басқарма бастығының алды бір сәт босамайтын. Мұндайда Ойекең мұның бәрін қабақ шытпастан, сабырмен, әрі ұзақ күттірмей, кейінге де қалдырмай қолма-қол шешетіндігінің талай рет куәсі болғанымыз бар-ды.
Ауданда қызмет жасаған кезінде Исатай Әбдікәрімовтей, Сұлтан Амановтай, Қонысбек Қазантаевтай, аудандық партия комитетінің бірінші хатшыларымен қойын-қолтық қызмет жасасып, олардың мектебінен ысылып шыққан ол облыс бойынша аудандық ауылшаруашылық басқармасының ішіндегі өз қатарларының арасындағы беделді де білікті басқарма бастығы болып есептелетін.
Бүгінде ардақты ардагер Ойшы Ысқақов 85 жасқа, ұзақ жыл абыройлы ұстаздық қызмет атқарған жұбайы Мәрия Сүлейменқызы 80 жасқа толып, шаңырақ құрғандарына 60 жыл болып, гауһар той иелері атанып отыр.
Үлгілі шаңырақтың иелеріне айналған олар өзгелер үшін де берер өнегелері жетерлік. Отбасының тәрбиесін бойларына сіңіре білген балалары: Жанкелді мен Бауыржаны – кәсіпкер, Маржаны – дәрігер, Майра мен Нәйласы – ұстаздық етеді. Олардан 15 немере, 8 шөбере сүйіп отырған атасы мен әжесі ұзағынан сүйіндіргей деп шүкіршілік жасайды.
Әр дәуірдің әртүрлі адамы бар, әр мезгілдің түрлі сарыны бар дегендей өз дәуірінің Ойшысы атанған, оның еліне еткен еңбегі кезінде мемлекет тарапынан өз бағасын алды. Ардагердің кеудесіне «Құрмет белгісі», екі рет «Еңбек Қызыл Ту» ордені және он медаль тағылды, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, «Қазақ ССР-і ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері» атағы берілді. Республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққан ол бүгінде Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы».
Өткен жылдың мамыр айында Жалағаш ауданында 22 жыл еңбек етіп, ұзақ уақыт аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметін атқарған Ойшы Ысқақов ағамыз Алматы қаласынан арнайы келіп, өзімен қызметтес болған, қазір арамызда жоқ бақилық дүниедегі 70 адамның атын атап, «Ақжол» кафесіне солардың артында қалған отбасыларын және де қызметтес болған азаматтарды қатыстырып, Құран бағыштап, игілікті қызмет жасағандығының куәгері болдық. Осындай үлкен адамгершілік үлгісін көрсетіп, сауатты іс жасағаны үшін, оған қатысқан дүйім жұрт ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Ойшы Ысқақов, Жалағаш ауданы облыстың күріш фабрикасы атанған кезде саланың өркендеуіне үлкен үлес қосқан, ақкүріштің бел ортасында жүріп еңбек еткен азамат. Кейін зейнеткерлікке шыққаннан соң денсаулығына байланысты Алматы қаласына қоныс аударды. Соңғы жылдары екі аяғын аурудың егесіне берген ол өмірмен күресіп келеді. Ағамыздың денсаулығына арнайы күтім қажеттілігіне қара¬мастан, күннің ыстық аптабын елемей, сонау Алатаудан ауылға айтулы шара өткізуге келуінің өзі ерлік еді. Мұндай тағылымды өнегені қолдау, дәріптеу кім-кімнің де есінде болуы тиіс. Бүгінде ардагер өмірден түйгендерін қағаз бетіне түсіріп, «Менің өмір мектебім», «Көргендерім мен Көңілдегілерім» атты кітаптарын оқырман қауымға ұсынды.
Жерге нәр, елге әр берген атақты мұраптың ұрпағы Ойшы Ысқақов сексеннің сеңгіріне шығып, шуағын шашқан мәуелі бәйтеректей алып көрінеді.