САҒЫНЫШ (эссе)

САҒЫНЫШ (эссе)Азамат үшін тіршіліктің ең қиыны, әрі күрделісі – нағыз адам болу екен. Ал, адамға өз ісін жетік білу – азаматтық парыз саналады. Тіпті, Пайғамбар хадистерінде "үйренуге қорланбадым, әркімнен үйрендім, әркімге үйреттім” деген ұлағатты сөздер бар. Демек,  адам баласы арман мен жалғанның аралығынан жол тауып, өз биігін байқатуға тырысып өседі.
Тимурдың тұла-бойы арман еді. Сол арман фәни мен бақидың арасын жалғап тұрған дәнекерге айналды. Құшағын ашқан өмір тылсым тіршіліктің талай құпиясын ашуға, жарық дүниені жан-тәнімен құлай сүюге  жетелеп еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр қарым-қабілетіне қарамады, үмітін сезінбеді, ұмтылысын ұқпады, шындап кіріскен қадамын шорт кесті. Осы өкініштің жалыны жыл өтсе де, кеудеде күйініш, санада сағыныш ғана қалдырды. Тау тұлғалы азаматтан айырылған дос-жаран, туған-туыс, асыл жары мен ұрпағы үшін әліге дейін Тимур бір қайырылып келетін елес болып тұрады.
Тұнығы лайланбаған, жастыққа тән қуаты¬мен арнасына сыймай тасып жатқан сондай таза жігіт туралы естелік жазамыз деп кім ойлапты? Ақын жырлаған мына шумақтардан сағымға айналған сағыныштың сырын ұға түскен секілдіміз.
Жаныма маза, 
бермей жүр мынау сағыныш,
Сезімім анау, 
Шербетін ал да қанып іш.
Дәл қазір маған, 
жақынсың және алыссың,
Білесіңбе сен?! 
Тәтті мұң екен сағыныш.
Жақында Тимур Салауатұлымен бірге қызметтес болған әріптестерінің ортасында болдым. Досын іздеген олардың көңілі бір бөлек. Айтылмай қалған сыр мен жырды, өмір жайлы толғанысты, көзден жасты, көңілден сыр болып төгілген сағынышты сездім. Бәлкім, «бардың қадірін білу үшін жоғалту керек, тоқтықтың қадірін білу үшін ашығу керек екен» деген құйқалы сөзге қанат бітіргені ме, әлде талайлы тағдырды түсіндірген ниеті ма екен, әйтеуір олардың тұнжыраған тынысын таныдым. Әріптеске деген сыйластық пен қимастыққа қанықтым. Әттең, өмір ешқашан шешуі табылмас жұмбақ ғой. 
Тимур Салауатұлының қадір-қасиетінің жұрт жадында сақталуының өзіндік себебі бар. Ол – ерен еңбегінің, көпшіл мінезінің, халықтық қасиетінің ерекше  үлгісі дер едік. 
Тимур байсалды, парасатты, мәрт мінезді, таза, кескін-келбеті, жүріс-тұрысы бөлек, жалпақтау мен жалтақтаудан ада азамат еді. Ойы мен бойы тең түсетін тұлға болатын. Елі ардақтаған асыл азамат тектінің тұяғы еді. Қайратты азаматтың маңдай терін төгіп, қабырғасын сөгіп, тиянақты білімін ел дамуына арнап, туған жерді өркениетті түлетуге тырысқан талабы құрметке бөледі, артында өшпес өнеге қалдырды. Біз ендігі сөзімізді басынан бастап баяндап өтейік.
Ол 1971 жылдың 26 маусымында Қызыл¬орда қаласында дүниеге келді.
Алматы қаласындағы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын заңгер және И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетін инженер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы «Аяз» жауап¬кершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметінен бастап, мұнай-газ саласында жауапты қызметтерді атқарды. 
Ол 2004-2005 жылдары аралығында «Строй¬ТрансГаз» акционерлік қоғамының газ құбыр¬лары құрылысы жобасының жетекшісі ретін¬де өңірді газдандыруға байланысты  қажырлы қызмет етті.
Тимурдың аймақтың айшықты белесінде белсенді еңбек көрсеткен кезі «Интергаз» Орталық Азия» АҚ «Қызылорда» магистральды газ құбырлары басқармасында қызмет еткен жылдарын айрықша атар едік. Мұнда кадр маманынан бастап инженер, диспетчер, кейін күрделі құрылыс және жөндеу жұмыстары жөнінде директордың орынбасары, тіпті 2014 жылы басқарма директоры болып барлық сатыдан өтті, өзінің өжет қасиеті мен ерен еңбегі арқасында өсті. Ал, үлкен құрылымның қосылуы уақытында 2015 жылдың мамыр айынан өмірінің соңғы күндеріне дейін директордың бірінші орынбасары қызметін абыройлы атқарды.
Осы жерде әріптесі, «ИнтерҚұрылыс¬Сер¬вис» құрылыс компаниясы Қызылорда өкілдігінің басшысы Ерлан Дүйсенбаевтың естелігіне назар аударсақ:
– Менің Қызылордаға келіп, ¬Тимурмен бірге жұмыс жасауым өте қызық әрі жеңіл болды. Олай дейтінім, іскер азамат екен, жұмыстың тетігін тауып, жедел шешім қабыл¬дай алатын артықшылығы құрылыстың қысқа уақытта аяқталуына ықпал етті. Өндірістік мәселелерге  жетік, қай мәселенің де қиюын таба кететін табандылығы жұмыс ырғағын жылдам жүргізуге ұйытқы болды. Ал, ұйым¬дастырушылық қасиеті ұтымды жол табудың жүйесін қалыптастырды.
Бәрі де бір күндей өте шыққан баянсыз уақыт¬тың ұмытылмас қал-та¬рыстарынан әріптесі Марат Әлиев есті ой таратты.
Менің досым, әрі әріп¬тесім Тимурмен 2008 жыл¬дан бірге жұмыс жасадым. Оның жүрегі кең болатын. Алдына көмек сұрап келген кісінің қолын қақпай, барынша жәрдем жасауға тырысатын.
Жоғары басшылықтан офис салу жөнінде тапсырма болып, оған ақылдасуға Тимурды, Назаров Нұрсұлтанды, Сағитжанов Алматты құрылыс салу жұмысымен ойласуға шақырдым. Бірінші кезекте ғимарат қай жерге түседі деген сауал болды. Осы жерде Тимур ұсыныс білдірді. 
– Қызылорда қаласы өсіп келеді, шаһардың шынайы бейнесі дариямен дәнекер. Сондықтан өзенмен өзектес болса жарасымды үйлесім табады, – деді ол. 
Тимурдың бұл ұсынысы бірден қолдау тапты. Енді оның орнын белгілеу, халық көп шоғырланатын жер қажет болды. 
Бұл жерде де Тимур Салауатұлының сауатты тапқырлығы танылды. Ол Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойы, дария жағалауы жөн деп айтты.
 – Өзеннің оң мен сол жағалауына қосқан көпірдің кірер қақпасы ғаламат ғимараттың ажарын аша түседі. Қалаға сәулетті сән берумен қатар үлкен жолды түйістіретін, көлік¬тердің келіп-кетуіне ыңғайлы мүмкіндік береді. Менің тағы ұсынысым бар. Ғимарат тек қызметтік орын болмауы керек. Халыққа да тиімділік туғызатын, көпшіліктің демалыс аймағы болатындай артықшылықтар ескерілсе, құба-құп болар еді. Мысалы, ғимараттың қақ алдына субұрқақ салынса, жас-жұбайлар келіп, фотоға түседі, ғимараттың көркемдік үлгісі арта түседі, – деп Тимур ұтымды ұсынысын білдірді.
Бұл ұсыныс та бірден мақұлданды. Осылай жаңа құрылыстың жобасы шешілді.
Мен іштей ойланып отырмын. Соры шығып жатқан жерде сәулетті құрылыс қалай жүзеге асады екен деп. Шындығында, болашақтағы оның бейнесі қалай болады деген болжамның өзін көз алдыңа елестету қисынсыз тұғын. Төңірегінде түк те жоқ, теп-тегіс жерде зәулім ғимарат салынады деген сөз елес еді. Сонымен жоба бекітілді, құрылыс басталды. 
Тимур Қожаниязов «Қызылорда» магистральды газ құбырлары басқармасының директоры, кейін директордың бірінші орынбасары лауазымын атқару барысында өзін күрделі құрылыс жүргізу және жөндеу жұмыстарына жетік маман екенін көрсетті. Айталық, «Қызыл¬орда» МГҚ әкімшілік ғимаратын бас¬тан-аяқ салынуына бас болды. Тіпті құры¬лыс жұмыстарын жүргізу шеберлігінің арқасында  ғимарат салу жобада белгіленген мерзімнен  алты ай бұрын аяқталды. Міне, ерлік!
Астанадан Шалқар Мәжікенов досқа деген дәріпті ой айтты. Енді соны тыңдайық.
– Бір құжаттарды тапсырып, кабинетке келсем қызыл шырайлы, сымбатты киінген жігіт күтіп отыр екен. Құзырлы органнан тексеруге келген кісі шығар деп ойладым. Мен сыпайы амандасып өте бергенім сол еді, Аида Дамирқызы тоқтатты. – Мына кісі Қызылордадан келді, кадр бөлімінің басшысы, есімі Тимур, – деп таныстырды. Содан бірден сөйлесіп әрі сыйласып кеттік.
Ол: – Мені күрделі құрылыс ¬немесе өн¬дірістік департаментіне апарасыз ба, – деді де өзінің істің адамы екенін сездіріп өтті. Біз күрделі құрылыс департаментіне бар¬дық. Сондағы оның сұрап жүргені: Дон оператордың күрделі жөндеу жұмысы. Жалпы, өз ісіне деген ынта-ықыласы, ортақ мүддеге деген жанашырлығы бір бөлек болатын.
Ол қызмет жасаған  «Интергаз» Орталық Азия» АҚ газ саласында ұлттық оператор құрамына кірді және облыстың магистральды газ тасымалының басты звеносы саналады. Компанияның жеткен өндірістік жетістігі Қазақстан тұтынушылары мен экспортқа газ тасымалының басты бәсекелесі бола білді. Соның нәтижесінде ірі газ тасымалы құрылымы жалпы ұзындығы 16 мың шақырымды қамтыды. Ал, «Қызылорда» магистральды газ құбыры басқармасы –  «Интергаз» Орталық Азия» АҚ  филиалы. Басқарма 2004 жылдан бері ұзындығы 122,9 шақырым болатын «Ақшабұлақ-Қызылорда» газ құбырының пайдалануға берілуіне және жан-жақты қыз¬мет көрсетуге басты тұтқа болып келеді. Сонымен қатар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының Қызылорда облысы аумағындағы жалпы жұмыстары осы компания міндетіне тиесілі. Оның ұзындығы 1487 км құрайды. Құбыр бойында ақау болмай, қалыпты жұмыс жасауы үшін техникалық жағынан қызмет көрсету мен құрылғыларды жөндеу үлкен еңбек. Осынша шаруаның дер кезінде жасалып, оның игілігін халық тұтынуына ұсыну сөзбен жеңіл болар, ал, іспен айды аспанға шығарғанмен бірдей еді. Тимурдың күн-түн демей, уақытпен санаспай қызмет етуі, туған жерім өсіп-өркендесе деген перзенттік парызы өз жемісін берді. Қызылорда халқы көгілдір отынның шарапатын көріп, тұрмыстық әлеуеті артты. Қазірдің өзінде облыстың Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Байқоңыр қаласы газ құбырына қосылып, ел өмірінде елеулі жаңалық болып отыр. Қай кезде де жаңа жүйені игеру, оны қолданысқа беру өте өзекті болған. Газ саласы да сондай жауапты жұмыс болып еді. Біз армандаған жетістікке жеттік, оның белесінде Тимур Салауатұлының үлкен үлесі бар, оның ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Жалпы азаматтың шынайы бейнесіне келгенде, ол досқа адал, отбасы, саятшылық туралы айтқанды ұнататын. Гитарамен ән салғаны керемет еді, – деді ол.
Ал, инженер құрылысшы Нұрсұлтан Назаров болса: – Алдымен «ҚазтрансГаз Аймақ» АҚ  ғимаратының іргетасы қаланды. Қызылорда үшін қайта¬ланбас ғимарат болды. Ол құры¬лысқа ерекше еңбек сіңірді. Тимур сондай-ақ ғимарат алаңынан тыс талшықты-оптикалық байланыс жүйесін ғимаратқа кіргізіп, сапалы түрде пайдалануға берді. Мұнымен қоса ғимаратты орталықтандырылған ауыз су және канализация жүйесіне қосуды қамтамасыз етті. Автотрактор және арнайы техника үшін тұрақ-бастырма құрылысын салды. Әкімшілік ғима¬ратынан Қараөзекке дейінгі электр тарату желісін тартты. Осынша шаруасы шашетек жұмыстардың бәрі оның тікелей өзінің басқаруымен жүзеге асты. 
Ол метанол сақтау қоймасын өрттен қорғау және бейнебақылау жүйелерін, «Қызылорда» АГРС бойынша газ шығынын есептеу реновациясын монтаждауға да араласты. Тимурдың іскерлік қолтаңбасы қаншама жұмыстың барысында қалды. Бір кездері бізге арман болған құрылыс қазір алып ғимаратқа айналды. Мұны Тимур бізге аманаттап кеткендей болады. Осы еңселі кеңсеге көз жіберіп қарасаңыз, оның нар тұлға мен жарқын бейнесі елестейтін сияқты, – деді Нұрсұлтан.
Мұрат Тілеуімбетов, 2013-2014 жылдар¬дағы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары: – Тимур Салауатұлымен жолдас болдық, оның досқа деген адалдығы шексіз, қолынан келсе, қамқорлық жасауға құмбыл азамат еді. Қазақта «парыз бен қарыз» деген ұғынықты ұғым бар. Сол ұғымның ұлағатын Тимурдан таныдым. Ол туған жерге перзенттік парызым деп азаматтық үлесін мол қосқан еді. Жасырып қайтемін, қаланы газдандыру барысында туындаған қиын жағдайларда қол ұшын созды, көп көмегін берді. Әсіресе, газдандыру құжатына байланысты кемшін тұстарда көз жұмып, жұмыстың жедел атқарылуына тірек болғанын айтқан ләзім. Қазір ел сол «көгіл¬дір отынның» игілігін көріп отыр. Әр¬бір шаңырақта жанған газ алауы үйдің жылы¬лығын сыйласа, Тимурдың сыйы ел алғысымен қайтты деп ойлаймын. Әттең, өмірі қысқа болды, менің кеудемдегі өкінішім осы. Мұндай атпал азамат екі туылмайды.
Тимур Салауатұлы Қожаниязовтың табанды тірлігі мен жемісті еңбегі және Қызылорда өңірінде газ саласын дамытуға қосқан зор үлесі ескерусіз емес. Ол 2010 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің Құрмет грамотасымен, 2011 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ал, оның ең үлкен марапаты – елдің игілігіне еткен еңбегі, халықты алғаусыз алғысы.
Ол шықпаған шың көп еді, бағындыратын белестері баршылық болатын. Амал нешік, Алланың әміріне адам араша бола алмайды. Оның  қарашаңырағын шайқалтпай, тү¬тінін түзу шығарып асыл жары Жанар Аман¬гелдіқызы отыр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген ғой Лұқпан хакім, артында қалған алтын асықтай екі ұл, қырмызы екі қызы бар. Үлкен ұлы биыл орта мектептен соң «Интергаз» Орталық Азия» акционерлік қоғамының «Жас маман» бағдарламасы жолдамасымен И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетіне оқуға түсті. Тектіліктің тұяғы әкесінің сүйікті мамандығын қалады.
Иә, бұл жалған дүниеге кім келіп, кім кетпей жатыр дейсіз. Өмірден озғаннан кейін де халқының жадында жақсы мінезімен, әлеуетті әрекетімен, тындырымды тірлігімен есте қалу әрбір адамда бола бермейді, бұл – өшпес рухтың өнегесі. Мұндай үлгі елге еңбек ету парызым дейтін парасатты ұлға тән құбылыс. Тимурдың тұлғасы осылай биіктей береді. Ол көзден кеткенмен, көңілден кетпеген азамат!

Қаныбек ӘБДУОВ.

ТАҒЫЛЫМ 02 ақпан 2017 г. 15 584 0