Оның анасының бір көзінде кемістік бар еді. Бала кезінде сол үшін шешесін ұнатпай¬тын. Өйткені мектепте¬гі¬лердің барлығы мұны келемеждейтін. Мектепке әр келген сайын «жұрттың маза¬ғына қалдырған соқыр шешенің барынан жоғы» деп өз-өзін жегідей жейтін. Шешесі отбасын асырау үшін екі жұмысты қатар алып жүргендіктен, уақыты бола бермейтін. «Мейлі, маған тиіспесе, мазамды алмаса болды» деп ойлайтын бұл. Бірде ашу үстінде бар ойын айтып салды.
Өскен соң туған үйінен аулақ кету үшін бар күшін салды. Жақсы оқып, шетелден жұмыс тапты. Үйленді, отбасын асырай алатындай, балаларына сұрағанын алып беретіндей дәулет бітті. Бірақ анасын есіне де алмайды.
Бірде аяқ астынан анасы келді. Оның түрінен балалары қорқып кетіп, жылай бастады. Төбеден түскендей келісіне қатты ашуланып, екінші қайтара мұнда аяқ баспауын талап етті. Анасы сабырлы қалпын бұзбастан, заттарын жиыстырды да, кешірім сұрап кетіп қалды.
Арада жылдар өткен соң, сыныптастар кездесуіне туған жеріне келді. Қызығушылығы оянып, балалық шағы өткен ескі үйге барды. Көршілері шешесінің қайтыс болғанын, баласына арнап хат қалдырғанын айтты. Хатта «Менің қымбатты ұлым, үйіңе аяқ астынан барып, балаларыңның мазасын алғаным үшін кешір. Бала кезіңде мен үшін қатарластарыңа мазақ болғаның үшін де кешіре гөр. Достарыңмен кездесуге келетініңді білдім. Бірақ, ол күнге жетпейтін сияқтымын. Сон¬дықтан сәби шағыңда сенің басыңа түскен қиындық туралы айтатын уақыт жетті деп ойлаймын. Сен ойнап жүріп, жарақаттандың, бір көзіңнен айырылдың. Мен бауыр етім – баламның көз кемістігімен өмір сүретінін ойлағанда, жаным ышқынып, жер дүниеге сыймай кеттім. Сонан соң әлемнің бар бояуын толық көруің үшін саған өз көзімді бердім. Сені жақсы көремін. Өз шешімім үшін ешқашан өкінген емеспін. Саған толыққанды өмір сүруіңе мүмкіндік сыйлағаным үшін жаным жай тапқан сезіммен бұ дүниеден көшіп барамын. Анаң.» деп жазылған екен.
* * *
Баласы шау тартқан әкесін өзімен бірге мейрам¬ханаға апарды. Қауқарсыз қарттың тамақты төгіп-шашып жегеніне ондағылар жақтырмай қарап отырды. Бірақ баласы сабырлы қалпын сақтады.
Тамақ жеп болған соң, баласы қарияның киіміне жұққан тамақ қалдықтарын тазалап, шашын сипап тарады, қисайған көзілдірігін ретке келтірді. Орын¬дарынан тұрған кезде мейрамхана қонақтары жап-жас жігіттің жан-жағындағыларға осыншама күлкі болғанына түсінбей қарасты. Баласы есептесіп, әкесін шығатын есікке қарай қолтықтап бара жатты. Сол кезде келушілердің арасынан жасы ұлғайған бір кісі жас жігіттен:
– Ештеңе қалдырып кеткен жоқсыз ба? – деп сұрады.
– Жоқ, –деді жігіт.
– Байқайсыз ба, сіз осы жер¬дегі әр ұлға өнеге, әр әкеге үміт қалдырып бара жатырсыз, – деді.
Мейрамханада біразға де¬йін тыныштық орнады.
* * *
Жас жігіт көпке дейін өмірлік серігін жолықтыра алмай жүрді. Махаббатта жолы болмады, бір қыздың көзін, біреуінің сөзін, енді біреуінің өзін ұнатпады. Қиялындағы әйелді таба алмаған соң, дана ақсақалға жолығыпты.
Ақсақал жігітті тыңдаған соң:
– Анаңмен қарым-қатынасың қалай?– деп сұрапты.
Жігіт таңғалған күйі:
– Бұған менің анамның қандай қатысы бар? Мен әрине, оны жақсы көремін, бірақ кейде бітпейтін өтініштерімен, шектен тыс қамқорлығымен, болмайтын сұрақтарымен мезі етеді, – депті.
Қария ұзақ ойланып барып, сөзін жалғастырды.
– Сенің анаңмен қарым-қатынасың басқа әйелдермен қарым-қатынасыңа әсер етеді. Ер баланың әйелдерге деген көзқарасы анасына деген сыйластық пен махаббаттан бастау алады, – деді.