Тәуелсіз мемлекеттер достастығында бірінші болып жекеменшікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін қалыптастырған Қазақстан мемлекеті тың үдерістерді толассыз іске асыруымен танылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өсіп-өркендеуі жолында тың ұсыныстарды ортаға салумен қатар дұрыс шешімдерді батыл қолдап келе жатқаны анық. Осы орайда Президент өзінің халыққа Жолдауында; «Біздің моделіміз шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттің белсенді рөліне негізделген», деп атап көрсетті. Бұл батылдық пен ашықтық Сыр өңірінде де жаңа идеялардың жүзеге асуына бастама болды деп айтқанымыз жөн. Бұрынғы кездері тек негізінен ауыл шаруашылығы бағытындағы қызу еңбегімен өрге шыққан Қызылорда облысында соңғы уақыттарда металлургия саласына да түрен салына бастады.
Ұзағынан созыла келе Шиелі ауданының территориясына бас тірейтін қарт Қаратаудың соңғы сілемдерінен сирек кездесетін ванадий металын өндіруге мүмкіндік бар екендігі анықтала түсті. Ванадий металының қоспасы арқылы автокөлік, әскери техникаларды жасап шығару барысында оның беріктігін арттыруға болатындығы бұрыннан да белгілі. Оның қасиеті арқылы техникалардың салмағы бірнеше есеге жеңіл әрі берік болар еді. Оны броньды транспортер, бронижилет жасауға да пайдаланатындығы өз ерекшелігін білдіреді деп ойлаймыз.
Міне, осы тың салаға «Фирма Балауса» ЖШС бастама көтергелі және де осы мақсаттарын жүзеге асыруға қадам жасағалы да біраз болды. Ол жобалық құны 1 млрд. теңге көлеміндегі ванадий металын автоклавты тәсіл бойынша өндіруді қолға алатын зауытты іске қосуға батыл қадам үстінде. Бұл Шиелі ауданындағы Индустрияландыру картасына сай 4 жобаның бірі.
«Фирма Балауса» ЖШС бастамасы облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, жұмыстарын жүйелі атқаруға кірісті.
Геологиялық барлау нәтижесі «Баласауысқандық» кенішінде 69 млн. тонна ванадий рудасының қоры бар екендігін көрсетіп отыр. Бұл, әрине, орасан зор байлық. Оны игеру мақсатында аталмыш фирмада әзірге 240 адам еңбек етіп келеді. Нақты кезеңде өндіріс орнын қайта жаңғырту, жаңадан жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Өнеркәсіп саласын жолға қою мақсатында тынбай ізденіс үстіндегі компания 20 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салса, оның соншалықты ел байлығын арттыруға мол үлес қосатындығына жоба басшысы Андрей Кузнецовтың сенімі мол. Оның мәлімдеуінше, жоба үш кезеңмен іске асырылуы тиіс. Сол арқылы 2015 жылы мұнда 664 адам еңбек етсе, өндірілген ванадийдің көлемі де арта түседі. Осы жоба толық жүзеге асқан кезде мұнда ванадийден өзге оған сабақтас өндірілетін өнімдер – ванадий пятиокисі, феррованадий, алюмованадий, молибденді концентрат, көмір қышқылы секілді өндіріс пен тұрмысқа қажетті заттарға қажетті шикізаттар да молынан болады. Демек, осы жерде көптеген сабақтас кәсіпорындар жұмыс істеп, жүздеген аймақ тұрғыны жұмыспен қамтылады деген сөз.
Ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Андрей Юрьевич Кузнецов Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 1958 жылы 6 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген ол орта мектепті алтын медальмен бітіріп, 1975-1981 жылдары Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесінде оқыған. С.М.Киров атындағы зауытында – инженер-технолог, біршама жыл Қазақстан ЛКЖО ОК жастар ғылыми бөлімінің нұсқаушысы. 1987-1996 жылдары Алматы қаласындағы НТТМ «Контакт» орталығының директоры, «Альфа-Банк» басқармасының төрағасы лауазымдарын абыройлы атқарған азамат. Философия ғылымының кандидаты. Бұл күндері металлургия майталманы дәрежесіне көтерілді.
Иә, Сыр өңірінің жаңаша қарқынмен дамуына осындай азаматтар өз үлестерін қосып келеді. Андрей Юрьевич аймақтағы жаңа да тың саланың болашағы зор екеніне сенімді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.