Жаратқанның жарық дүние сыйлаған нығметіне шүкіршілік етіп, ғұмырын белгілі бір мақсат жолына арнаған адамдар қай елде де аз емес екені белгілі. Ғалым, ұстаз Аман Абасиловты мен сондай жандардың қатарына жатқызар едім.
Әріптес інімен араласа жүріп, отбасын көрдік, анасының қолынан дәм татып, бауырларымен, туған-туыстарымен таныстық. Сондағы бір аңғарғанымыз – бұл әулеттегі тәтті сыйластықтың, бір-біріне де¬ген жылы мейірімнің молдығы. «Өзгелерім – бір төбе, Аманым – бір төбе» деген Нұрхан ананың сөзінен шуақты ықылас пен үлкен сенімді аңғарсақ, жары Айманның Қасым ақынның ізімен ой тізе «Аман аман болмаса – несі Аман» деген сөзінен жұбайына деген құрмет пен тілек қоса өріледі. Тіршілік атты өмір-дарияда әр пенденің өз хал-қадірінше жүзетіні де анық, мұнда түрлі толқындардың болуы да хақ десек, осының барлығы да кейде көңіл-толқыннан байқалып тұратындай. Ал өмір-толқын мен көңіл-толқынның тұтасып кететін тұстарын тек ойдың иірім мен қайырымы арқылы ашарымыз да анық. Олай болса, біз де ой қайырымына кезек берелік.
Алғашқы қайырым. Ананың жалғыз ауыз сөзі есім болды.
Тура осыдан 50 жыл бұрын, күздің бір мамыражай күнінде Май¬лытоғайдағы шаруа, мұрап Мәдел¬ханның отбасы әбігерге түсті де қалды. Ауыл іргесіндегі Сасықкөл маңындағы жайлауда отырған ауылдан да маза қашты, бүкіл әйелдің есі шыққан, қай үйден де естірің «Алла жар болғай да» деген тілек, ал отағасының шықпаған жаны, фашист басқыншыларына қарсы соғыста от пен оқтың арасында жүргенде де мұндай қиналмаған болар, қолы жұмысқа бармай, басарық пен үйдің арасын жол қылды. Өйткені айы-күні жетіп отырған қосағы Нұрханның толғатуы бір-екі күнге созылғанымен босана алар емес. Ақыры ол жаны қиналған әйелін арбаға көтеріп әкеп салды да, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктке тартты. Түске жақын жеткен бұларды қарсы алған Сейітқожа фельдшер жағдайдың қиын екенін байқап, әріптесі Айымторыға шұғыл тапсырмалар бере бастады.
Иә, медициналық көмек дер кезінде көрсетілді, кештете «шар» ете қалған бөбек даусы естіліп, ана аман-есен босанды. Күні бойы оның халін сұрап келушілер де көп болды, барлығының сұрайтыны «Нұрхан аман ба?», ал фельдшерлік-акушерлік пункт ішінен келетін жауап – «Аман», «Баласы ше?» – «Аман». Көп қиналып, әлсіреп қалған ана акушер келіні – Айымторыға келген адамдардың атын атап, «Не дейін?», – деп сұрағанда: «Аман деп айт», – дейтін. Бір қызығы – Сейітқожа мен Айымторы балаға қандай ат қоятынын сұрағанда да үйреніп қалған тез жауапқа көшіп, ана «Аман деп айт» деген ғой, періште аузына салған болар, міне, біздің әріптесіміз осылайша Аман есімін иеленген екен.
Екінші қайырым. Биікке ұмтылу
«Әке – балаға сыншы» демей ме қазақ, білмекке құмарлығы басым, дене бітімі де ірі Аманынан әке де көп үміт күтті. Өзі білетін тәлімдік жайттарды ұлының құлағына құйып, өмір сырларын үйретіп-ақ бақты. Сондай әңгіменің бірі – биіктік туралы болатын, сонда әке «Баяғыда, соғыста Днепрден өттік, сондағы көпірдей биік көпір көрмедім, басына қарағанда пилоткаң түсіп қалатын» дейтін еді. Бұл сөз есте сақталып қалғаны сондай, бұрын жетпеген биіктерге қол созғанда оның көз алдына көпір биіктігіне таңғала қарап, пилоткасын түсіріп алған әкесі келе қалатын.
Бала күнінен сөз өнеріне бейім болып өскен оған бөле туысы Дос ағасының да ықпалы мол болды. Әкесі: «Ана бөле ағаң Досқа ұқсау керек», – десе, анасы «Біздің Аман да Досжандай болайын деп-ақ тұр» деп сүйсінетін. Аман да соған ұқсауға тырысып бақты. Ол мектеп бітірген кезде Дос (әңгіме қазіргі белгілі саясаткер Дос Көшімов хақында болып отыр) Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетінде оқытушы болып қызмет ететін. Сол жылы Алматыға барып оқуға құжаттарын тапсырғанымен жол түспеді де, күзде әскер қатарына шақырылып, екі жыл Кеңес әскері сапында азаматтық борышын өтеді. Елге оралған соң, қабылдау емтихандарына дайындалып, 1987 жылы КазПИ-дің студенті атанды. Бұл – болашақ ұстаздың алғашқы биіктердің бірін бағындыруы еді.
Үшінші қайырым. Ұстазы жақсы қандай-ды.
Ол 1987-1992 жылдары қазақ жо¬ғары оқу орындарының қара шаңырағы КазПИ-де білім алды, бұл бітіретін жылы оқу ордасы Абай атындағы Алматы мемлекеттік уни¬верситет болып өзгерді. Желпінген жастық көңілге дауа бар ма, курс¬тастар болып «түскеніміз институт еді, бітіргеніміз университет болды» деп мәз болысты, оқу орнын жақсы тәмамдаушылар легінде болған бұған С.Сейфуллин атындағы Ақмола педагогикалық университетінің қазақ тілі кафедрасында еңбек етуге жолдама берілді. Жас маманның бұл жетістікке қол жеткізуі, әрине, өзінің оқуға деген ынтасы мен ізденімпаздығынан, біл¬мекке құмарлығынан да болар, алайда Н.Ғабдуллин, С.Қирабаев, Н.Келімбетов, Н.Орал¬баева, С.Мақ¬пыров, С.Хасанова және т.б. ұстаздар еңбегінің нәтижесіне де байланысты болғаны анық. Ұстаздар демекші, бірде мынадай оқиға болғаны бар.
Аман мен Айманның қосылып, отбасылы студенттер атанған кезі, екеуі де бесінші курстың сту¬денттері, алғашқы бөпелері Мұх¬тарды құндаққа орай, пойызға оты¬рып, Алматыға бет түзеген еді. Жаз бойы ауылда каникулда болған бұлар сабақ басталып кетпей тұрып жатақханаға орналасып алмақ оймен жолға шыққан. Купелес серіктері өзі ажарлы, салмақты үлкен кісі болып шыққандарына қуанды. Сапарлас апай бұлардың жай-жапсарын сұрап, бәйек болуда, бала емізіп жатқан Айманды мазалағысы келмей, кейде шайға өзі барып келе салады. Айман да ағынан жарылып, кей жолаушылардың бала мазаны алады деп ұнатпайтынын, сапарласымыз кім болар екен деп уайымдағанын да айтып жатыр. Ол кісі болса, жымиып күліп қояды. Жолға дайындық шаршатты ма, түн¬де екеуі де қатты ұйықтап кетіпті. Ертеңгісін тұрғанда жаюлы тұрған жаялықтарды, сапарлас әйел құша¬ғында мұрны пысылдап ұйықтап жатқан тұңғыштарын көргенде екеуі де қатты қысылды.
Жол бойғы әңгіме кезінде ол кісі бұлардың КазПИ-де оқитынын білген соң, қандай оқы¬тушыларды білетінін сұрады, бұлар өздері білетінін айтуда. Аздан соң сапарластары өзінің Серік Мақпыров деген кісіні өте қиын адам, мінезі тік, ашушаң, студенттерге қатты қысым жасайды деп есіткенін айта келіп, «Ол кісі қандай адам?» - деп сұрады. Бұлар болса әлгі айтылғанның жаңсақ екенін, Серік ағайларының өте әділ, білікті ұстаз екенін дәлелдеп бақты. Өсекке жаны күйген Аман: «Әлгі әңгімені айтып жүрген адам нағыз оңбаған адам, мұндайға сеніп жүрген сіздің өзіңіз де қызық адам екенсіз» деуге дейін барды.
Сонымен Алматыға жетті де, әркім өз жөніне кетті. Алайда үш-төрт күн өтісімен Серік ағайлары кездесіп қалып, екеуінің, балалары Мұхтардың хал-жағдайын, қалай орналасқадарын сұрады. «Ағай менің баламның атын қайдан білді екен?» - деп Аман ойға қалсын, ағайлары болса: «Өздерің қу екенсіңдер, ә, менен бұрын жеңгелеріңмен танысып алыпсыңдар...» - деп қалжыңдап қоя¬ды. Бұлардың аң-таң болған кейпін көріп, ағайлары ризалықпен бір күліп алды да «Неғып таңданып тұрсыңдар, ол кісімен пойызда бірге келіпсіңдер ғой. Біздің үйдегі Заида деген мықты сол кісі», - демесі бар ма. Пойыздағы қысылғаны жолда қалды, екеуі былай шыға «Ойпыр-ай, ұят болды-ау, ағайдың жолдасы ЖенПИ-де басшы қызметте дейтін, қалайша аңғармағанбыз», - деп бір-біріне қарайды. Содан бері қаншама жыл өтсе де осы бір оқиға естен кетпейді.
Төртінші қайырым. Ұстаздық жолда
Иә, жолдамамен қызметке келді, 1992-1995 жылдары С.Сейфуллин атындағы Ақ¬мола мемлекеттік уни¬верситеті қазақ тілі кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы қыз¬меттерін атқарды. 1995-1998 жыл¬дары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік уни¬верситетінің аспиранты болды. 1998 жылы дис¬сертациялық кеңесте «Қазақстан Рес¬пуб¬ликасының солтүстік айма¬ғын¬дағы мемлекеттік тілдің социо¬лингвистикалық проблемалары: олар¬ды шешу жолдары» деген тақы¬рыпта диссертациялық жұмысын қор¬ғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін ал¬ған ол 1998 жылдан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафе¬драсында аға оқытушы, 2007-2013 жылдары кафедра меңгерушісі, 2014 жылдан кафедраның қауым¬дастырылған профессоры қызметін атқарып келеді.
Республика, облыс көлемінде тіл саясаты, мемлекеттік тіл мәселелері, тіл тазалығы мен мәдениеті, қазақ әдеби тілі, оның нормалары мен стильдері, терминология, әліпби, қостілділік т.б. мәселелермен тұрақты айналысып жүрген тіл маманы, білікті, жаңашыл ұстаз ретінде танылған ол Қазақстанда әлеуметтік лингвистика ілімінің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі. Ол – осы салада 70-тен астам ғылыми мақала жариялаған, 2 оқу құралының, 1 монография, бірнеше авторлық бірлестіктегі ғылыми жинақтардың авторы.
Аман Мәделханұлы оқу-тәрбие жұмыс¬тарындағы үлгілі еңбегі жә¬не университеттің қоғамдық өмі¬рі¬не белсене араласып, елеулі үлес қосқаны үшін университет рек¬торының алғыс хатымен, бі¬лім беру саласындағы шығар¬машылық істерімен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық коми¬тетінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Респуб¬ликасының мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің Алғыс хатымен, Сыр елі қаламгерлерінің 200 томдық «Сырдария кітапханасы» антологиясының шығуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен, облыстың дамуына қосқан үлесі үшін облыстың Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ, Қызылорда облысы¬ның дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қызылорда облысына – 70 жыл» төсбелгісімен (№1722), Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 10 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тә¬уел¬сіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан халқы Ассам¬блеясына 20 жыл» мерекелік медалімен наградталған. 2015жылы «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталды.
Иә, 50 жастың биігіне шыққан ұстаз-ғалымның алда алар биіктері мол екеніне сенім мол.
Алдажар ӘБІЛОВ,
Қорқыт Ата атындағы
ҚМУ доценті,
филология ғылымдарының кандидаты,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.