Еңбегімен ел таныған

Еңбегімен ел танығанСыр елінің өсіп-өркендеуі жолында талай тарлан ерлердің ізі жатыр. Бүгінгі ұрпақ сол өткен күндерде өрелі іс атқарған азаматтарды танып-біліп, өнегелі ғұмырларын үлгі тұтады. 
Халқына қорған болған ерлерін ұлықтаудан жаңылмаған Сырдың елінде Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Мөрәлі Шәменовтің 100 жылдығына орай мерекелік еске алу шаралары өтті. Тағылым мен тарихты тұтастырған мәнді де, мағыналы мерейтой шымылдығы Мөрәлі Шәменов туралы кітапты таныстырумен ашылды.
Облыстық Ә.Тәжібаев атындағы орталық кітапханада тұсауы кесілген кітаптың арқалаған жүгі өзгелерге ұқсамайды. Кітап авторы Атамұрат Шәменов тек әке өмірін тізбектеуді емес, сол заман тарихына терең бойлауды мақсат тұтыпты. Ол мұрат үдесінен шыққандығы, әрине, қазақтың марғасқа ғалымдарының бірі академик, профессор Серік Қирабаев кітапқа жазған алғы сөзінде: «Кітапты оқи отырып, қазіргі күндері екінің бірі әкелеріне шығарып жатқан, көбіне әсірелеуге бейім кітаптардан бөлек екенін көрдім», - деп баға берген. Сондай-ақ, Мөрәлі Шәменовтің өнегелі өмірі сол кездегі тарихи оқиғалармен байланыстыра жазылғандығын, кеңес заманында біржақты көрсетіліп келген кейбір көріністерге жаңа көзқарас жасалғандығын айтқан. Қорыта келе, бұл туындыға әкетану кітабы деген зор баға беріпті. 
Кітаптың тұсаукесер рәсімінде қоғам қайраткері Қаһарман Табынбаев, Жалағаш ауданының ардагерлері Садық Әлиев, Біржан Көштаевтар сөз сөйлеп, Мөрәлі Шәменұлының өмірі жайында сыр шертті. Оның елге жасаған елеулі еңбегі, азаматтық болмыс-бітімі әрдайым халық жадында сақталатындығын айтты. Салтанатты рәсімде, сондай-ақ, кітап авторы, Мөрәлі Шәменовтің ұлы Атамұрат Шәменов сөз кезегін алып, кітапты шығарудағы мақсат-мұратын таныстырып, әкесінің өмір жолын тілге тиек етті.
Кеңестік кезең қазақ елінің тарихында қанмен, термен жазылды. Сол сұрапыл жылдарға тағдыры тап келген әр қандастың өмірі бейнетпен өрілді десек қателеспейміз. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қарсаңында Жалағаш ауданында дүние есігін ашқан Мөрәлі Шәменұлы да өмірінің соңына дейін еңбектен бел жазбады. Халық үшін аянбай қызмет етті, тер төкті. 1939 жылы Фин соғысы майданына алынған ол, екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысты. Соғыс даласында барлаушы бола жүріп, талай мәрте жараланып, қиын сәттерде ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Германияның Бойценбург қаласының әскери коменданты болған капитан туған жерге кеудесін орден-медальдарға толтырып, абыроймен оралды. Елге келген соң, еңбек майданына белсене араласып, өмірінің соңғы 19 жылында Жалағаш ауданындағы «Коммунизм» совхозына директор болды. Шаруашылықты биіктен көрсетіп, елдің жағдайы түзелуіне жағдай жасады, ауыл шаруашылының көрнекті ұйымдастырушысы екендігін таныта білді. «Мөрәлі» кітабында оның осынау өнегелі ғұмыры тарихи деректермен, мұрағат құжаттарымен оқырман назарына ұсынылған.
Шара соңында облыстық кітапхана қорына үш дана «Мөрәлі» кітабы табысталып, қайраткер ұрпақтары атынан Атамұрат Шәменов көпшілікке алғысын айтты.
*** 
Қоғам қайраткерін еске алу шаралары А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Еңбегімен ел таныған азамат» атты танымдық конференциямен жалғасын тапты. Тағылымды жиынды жүргізген облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов өз баяндамасында: «Рухты ердің алды жарық, рухты елдің еңсесі биік, есесі мол» деген шынайы сөздің ақиқатын Мөрәлі Шәменовтің өмір дерегінен сезіп-білдік. Істеріне табанды, ұстанымына қатал, ел дегенде қаны ойнаған, барынша шыншыл болуы арқасында есімі ел есінде еш ұмытылмай келе жатқан марқұмның рухы бізге осы үшін де үлгі. Осы тұрғыдан келгенде, М.Шәменов тағылымы тек жастар ғана емес, ат үстіндегі талай азаматтарға сабақ болары анық», - деп, қайраткердің ғибратты ғұмыры жайында толғанды. Сондай-ақ, конференцияда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, қоғам қайраткері Қаһарман Табынбаев, Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиевтер тағылымды баяндамалар жасады.
Нағымжан САУЯЕВ.

ТАҒЫЛЫМ 24 қараша 2016 г. 1 177 0