АЙНАЛА ЖАТҚАН ТҮРКІ ЕЛІ (Эссе)

АЙНАЛА ЖАТҚАН ТҮРКІ ЕЛІ (Эссе)
«Ай-жұлдыз жерге иілді...»
Түп-тамыры біріккен,
Түркілерден тарайды.
Түрікшесі түрікпен,
Тілдесуге жарайды!
(Шәкең туралы шымшымадан)

Өмірі Түркияға табаны тимеген, түрікше білмейтін адамның осы елге жетісімен, қауқылдасып отырған қалың түріктің қасына келіп, сөйлесе жөнелгенін көрдіңіз бе? Ал біз көрдік. Стамбулдың Ататүрік әуежайында ұшақтан шыққан бетте-ақ Шаһизада Әбдікәрімовтің жұртпен тілдесуге құштарлығы оянды. Кез келген түрікті ұстап алып, әжептәуір әңгіме айтты. Қалай ұғысып тұрғандарын бір құдайдың өзі білсін?! Астанадан ұшағымыз кешігіп ұшып, сапарымызды әрі қарай жалғайтын Анкараның рейсіне үлгермей қалғанбыз. Шәкең анықтама бюросына барып, соның жай-жапсарын біліп келді. «Бір сағаттан кейін ұшатын болдық», – деді. Тағы бір түріктен «Мұнда темекі шегетін жер бар ма өзі?» – деп сұрады. Енді біреулермен сөйлесіп көрді де, «Мыналарың түрік емес, күрділер-ау деймін, мені онша ұқпады», – деп қапаланып қайтып келді.
Жалпы, біздің Шәкеңнің жергілікті жұртпен пікір алысуына өзек болатын тақырыптар жетерлік. Мәселен, ол Қазақстанның тәуелсіздігін Түркияның ең алғашқы болып танығанын айтады. Одан кейін екі елдің белгілі тұлғаларын тізбелейді. Әрине, олардың көңілінен шығу үшін түріктің танымал азаматтарын көбірек атайды. Оның әңгімесінде Ататүрік, Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Режеп Ердоған есімдері көбірек тілге тиек етіледі. Тіпті бүгінгі түріктердің құлағына аса жайлы тие қоймайтын Әзиз Несин мен Назым Хикмет, Орхан Памук  сынды әйгілі ақын-жазушылардың есімдерін де қосып жібереді. Оларға ұнай ма, жоқ па, Шәкеңнің онда шаруасы жоқ. Оған тек соның бәрін әңгімеге арқау ететін мәлімет ретінде қолдана білсе болды. 
– Ағып тұрсыз ғой, жалпы қай тілде сайрап жүрсіз өзі? – дейміз сөйлете түскіміз келіп.
Ол да іркілмейді:
– Көне түркі тілі ғой. Сондықтан мені бұлардың бәрі бірдей түсіне бермейді. Арнайы дайындығы бар түріктер болмаса...
Ал керек болса... Ол елмен әңгімелес¬кенде, аузы ғана сөйлемейді, қос қолының он саусағы дамылсыз қимылдап тұрады. Түсіндіре алмай жатқан жерін лезде сан түрлі мимикамен жеткізеді. Мәселен, ресторанда тауық етін сұрағысы келсе, құстың қанатын қағып, ұшып бара жатқан сәтін қос қолымен бейнелеп көрсете қояды. Түріктер оны бірден ұғады. Шетінен «Тәмам!», – деп бас шұлғып, зырлай жөнеледі. Болды, тауық дайын! «Тіл білген қандай жақсы!», – деп рахаттанып отырады сосын. Шәкең осы тәсілмен тек түріктермен ғана емес, немістермен де, француздармен де, арабтармен де еркін сөйлеседі. Төтеннен тіл табысудың технологиясын қалай меңгергеніне миымыз жетпейді. Әйтеуір, оның айтқанын ұқпай, дағдарып қалған шетелдікті көрмедік. Алдынан жолыққан адаммен аяқ астынан шүйіркелесе кетіп, бірдеңені айтып, арқа-жарқа болып, күлісіп жатады. Бұл – әрине, кейінгі ахуал. Ал әзірше екі отбасы болып, Түркияда демалуға бекініп, осы елге жаңа ғана табан іліктірген бетіміз.   
Анкараның әуежайынан менің үлкен ұлым Бақытжан күтіп алды. Бақытжан – «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Түркия Республикасындағы меншікті тілшісі. Біз көп ұзамай оның шаңырағына келдік. Бұл сәтті асыға күттік. Өйткені осыдан бір ай бұрын Анкарада туған немереміз – Расулды әлі көрген жоқ едік. Сол қуанышқа ортақтассын деп, жаны жайсаң жақсы ағаны ертіп келгеннің жөні бөлек екен. Бұл – біздің тұңғыш ұл немереміз. Осының алдындағы Аяжан, Сая, Санадан кейінгі тіршілігіміздің тіні, ұрпағымыздың жалғасы. Шәкең өзіне арнап Альбина келін жайған дастархан басында бата берді. «Мен Бататүрікпін ғой», – деді сосын.   
Ертеңіне Анталияға ұштық. Демалыс аймағына жеткізетін автобустың ішінде түріктің қыз-келіншектері толып отыр екен. Шәкең дереу солармен әңгімеге қызу араласты да кетті. Олар да тілінен қағынған біреулер көрінеді. Бір-бірін уытты қалжыңмен іліп түседі. Мінез¬дерінің ұқсастығынан шығар, әйтеуір екі жақтың бір-бірін ұғуында қапы жоқ. Жай сөйлесіп қойса жақсы ғой. Бір қарасам, Шәкең әлгі келіншектердің ортасында отырған жас қызға құда түсіп жатыр екен. Сонау ауылда қалған інілеріне ме, әлде нағашы жұртындағы үйленбеген жігіттерге ме, әйтеуір солардың біріне түрік аруын алып бермекші. Ауыздыға сөз бермей екпіндеп, қыздың қасындағы бес биенің сабасындай екі әйелді тақымдап, «құдағи-ау, құдағи» деп бастырмалатып әкетіп барады. Олардың қалжыңының жарасымдылығы соншалық, аяқ астынан пайда болған қазақ құдаға ренжіп, бұртиып отырған қызды көрмедік. Қайта біздің сары шайырға қайнысын көрген келіндей еркелеп, ыржалаң-ыржалаң етеді.    
Түрік жеріндегі «құдалық рәсімі» абыроймен біткен соң, Шәкең терезеден Анталияның көрікті келбетіне үңіліп, бір сәтке үнсіз қалды. Шынында да керемет, табиғатының әсемдігі тіл байлайды. Осыны көрген ақын адам әсерленбей қайтсін? 

Шөп те өлең, шөңге де өлең, түрік те өлең,
Демалыс аймағына кіріп келем, –

деді содан соң. Біз шабыт қысып, ширығып отырған ақынды «О, Шәке, не ғып жүрсің Түркияда, Түркия жүрегіңе жыр құя ма?», – деп одан әрі қайрай түсеміз.  
Аланияның төріндегі «Vikingen hotels» демалыс үйіне жеттік. Шәкеңдер 1302-нөмірге, біз 5020-нөмірге жайғас¬тық. Тереземіз теңіз беткейге қараған. Айналаның көрінісі ғажап! Сәл әріректе толқыны таудай Жерорта теңізі жер дүниені алып, керіліп жатыр. Соның бәрі көңілін көтерді ме, Шаһизада ақын балконға шығып, сонау Алатаудың бөк¬теріндегі Байботаға телефон шалды: «Анау баяғы, «Тұңғыш кітап» сериясымен шыққан алғашқы жинаққа өлеңдері енген Мұқаев деген ақын бар еді ғой. Соның аты кім еді өзі?». Байбота асықпай тыңдап, аспай-саспай жауап береді: «Төлеген ғой ол. Әлдеқашан өмірден өтіп кеткен». Шыдамсыз Шаһизада мен байсалды Байботаның еларалық диалогы ұзаққа созылады. 
Әдебиеттің әңгімесі түркі дүниесінің қос мемлекетін тербетіп тұр. Сырттай қызыға қараймын. Байбота ағам да біздің Шәкең құсап балконда сөйлесіп отыр ма екен?! «Байбота шал отырады балконда, Қай пәтерде қалды екен деп жас күнім», – деген жоқ па еді Есенғали ақын. Ойды ой қуалап, Байбота Серікбаевтың ««Жетінші пойыз бір жарым сағат, Кешігеді деп есіттім. Секундқа дейін тұрғаным санап, Қалқам-ау, неге кешіктің?» – деген өлең жолдары еске түсті. Журфактың жырындыларын туған жері мен астананың арасында дамылсыз тасимын деп әбден титықтап, ақыры жұлыны үзіліп тынған жетінші пойыз Шәкеңнің бір өлеңінде де аталатын еді:

Көрсетем әлі көкелеріңді түгендеп,
Кетті ғой деме бас бағып!
Бұл бәле тағы төбелес бастап жүрер деп,
Жетінші пойыз қашты алып... 

Әсіресе елге қарай бет алғанда жеткізіп болмайтын жетінші пойыз секілді бұлар ұзаққа кетті. Өлеңнің қадірін білетін екі ағам бір-бірін әбден сағынған-ау деймін... 
Аланияға келген күннің ертеңіне түріктің бұқаралық ақпарат құралдары бүкіл түркі дүниесінің айбарлы ақсақалы Сүлеймен Демирелдің 91 жасқа қараған шағында дүние салғанын хабарлады. Бұрын осы елдің Үкімет басшысы, кейін Президенті болған қадірменді қарттың қазасы біздің кейіпкерімізге қатты әсер етті. Ұшы-қиыры жоқ көк теңіздің үстінде алып кемемен серуендеп келе жатқанымызда, көзін бір нүктеге қадап, ұзақ уақыт үнсіз отырды. Содан соң небәрі екі шумақ өлең құрады:

Ақырға түсіп жолы анық,
Алладан нәсіп бұйырды.
Қып-қызыл отқа оранып,
Ай-жұлдыз жерге иілді. 

Сүлекем, кеттің ғарышқа,
Жұлдызға толып уысың.
Сенделіп қалды алыста,
Сүйекке кірер туысың.

Бүкіл түрік жұрты Сүлеймен Деми¬релді жоқтап жатыр. Ай-жұлдызды қызыл ту төмен салбырап тұр. Елдің басты телеарналары аңызға айналған абыздың өнегелі өмірінің сәулелі сәттерін дамылсыз көрсетуде. Бақытжан «Қазақстан» ұлттық арнасының «Апта» бағдарламасына ақса¬қал¬дың қазасы жөнінде арнайы сюжет жасау қамымен жүр. Мұндайда тәжірибелі тележурналист Шәкеңнің ақыл-кеңесіне құлақ аспай болмайды. 
Кейін Анкараға оралған кезімізде, бір ғимараттың жанынан өтіп бара жатқанымызда, Бақытжан: «Сүлеймен Демирел мына ауруханада дүние салған», – деп қалды. Бұған да ол елең етті. Сол күндері құдды бір Қармақшыдағы қаршадайынан білетін қарттардың біреуі келмеске кетіп қалғандай қапалы күй кешіп жүрді. Бұлай болатын жөні де бар еді. Ақсақал бар жерде ұлылық барын бала күнінен сезініп өскен-ді. Тіпті мектептің 10-класында оқып жүргенде жазған ауыл шалдары туралы өлеңі «Жалын» жур¬налына шыққан. Неге екені белгісіз, сол өлең кейінгі кітаптарына кірген жоқ. Ұмытпасақ, онда мынадай жолдар бар еді:

Біздің қарттар берілмей тұл сезімге,
Жалғандық жоқ сірә да бір сөзінде.
Қауқылдасып отырар қоңыр белде, 
Жиналғандай бейне бір симпозиумге.

Ендеше, бүкіл түркі жұрты бас қос¬қан алқалы жиында елге сөз арнайтын ардақты ақсақал өмірден өткенде бала кезінде-ақ ауылдың қоңыр белін әлем¬дік симпозиумның атшаптырым ауди¬ториясына теңеп, жыр жазған Шәкең¬нің қайғыратындай жөні бар...

Ақан Серінің «бажасы»

Қырғыз десе, кетеді,
Ыстықкөлді жағалап.
Қазақ десе, жетеді,
Сырдың бойын сағалап!
(Шәкең туралы шымшымадан)

Теңіз үстінде той жасағанды көңілің қаласа, шағындау бір ауылдың бүкіл адамын шақырып, еркін жайлауға болатын алып кемемен серуендеп келеміз. Мұның ішінде кім жоқ дейсің... Түрік те, орыс та, неміс те, қазақ та осында жүр. Бірақ солардың арасындағы өлең өре білетіні жалғыз Шаһизада шайыр ғана ғой деймін. Оның өзі айналасына таңдана қарап, «Бір топ қазақ көк теңізде жүр екен, Бізді тастап қайда кеттің, Сүлекем?», – деп кеше ғана өмірден өткен түркі дүниесінің ақсақалын әлі жоқтап отыр. Жалпақ жұрт жаппай қайғырған соңғы күндердің әсерінен айыға алмаған сыңайлы. 
Көк теңізде керіле жүзіп келе жатқан кемеміздің ішінде енді тағы кім бар екен дегендей, төңірекке зер салып тұрғанымызда, айыр қалпақты бір қырғыз ұшыраса кетті. Міне, дәл осы жерде елгезек Шәкеңе тағы да бір тақырып табылды. Оған құшағын жая ұмтылып, тура бір туысын көргендей қуанды. Өйткені оның қырғыз достары жеткілікті еді. Солардың біразы Бішкек пен Ақмешіттің арасын жол қылып, үнемі келіп-кетіп тұрады. Олар Сыр бойына ат басын бұрған сайын «Қызылордада бір қыз бар, Аузын ашты қырғыздар» деген сықылды шымшыма шумақтар туады. 
Біздің кейіпкеріміз сол елдің қарымды қайраткері, айтулы ақыны Акбар Рыс¬құловтың «Көш» деген өлең кітабын қазақшаға аударған. Тегеурінді телемагнат, аптаның басында Америкада аялдап, соңында Жапонияда жүретін жүрдек жур¬налист Жээнали Қамбаралиевпен жол¬дас болғанына жиырма жылға жуық¬¬тады. Ал қырғыздың жаны нәзік ақын қызы Бақтыгүл Чотуроваға деген ықыласы бөлек. Оның аудармасымен  Шаһизаданың «Көк астындағы қағанат» деген жыр жинағы Бішкектен басылып шықты. Бұл кітапқа Акбар ағасы «Өзінен озып, сөзі жетті» деп алғы сөз жазды. Оны айтасың, КазГУ-де бірге оқыған Назарбек Байжігітов деген курстасы сол елдің бас басылымында қызмет істейді. Сондықтан қырғыз бауырларын жер түбіндегі Жерорта теңізінің төрінен көрген соң, Шәкең шаттанбай қайтсін?! «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы», – деп Мағжан ақын айтқандай, төсекте басы, төскейде малы қосылған қос халықтың жолы қай тұста да тоғысып жатады әйтеуір. Енді, міне, көрмейсің бе...
Ала-Тоо өңірі – біздің кейіпкеріміздің талай жырына арқау болған жер. Өзіміз¬дің Сырдарияның ай қараңғысы түгілі, күн шақырайып тұрған сәскедегі  сәтін де сирек жырлайтын оның «Түнгі Ыстықкөл» деген өлеңі бар. Туған топы¬рағындағы парасатты перизаттардан бойын аулақтау ұстайтын арқалы ақын ай нұрын төгіп тұрған шақта, әйгілі көлге түсіп, қиялындағы қырғыз перісінің қызымен бірге шомылады. «Айдаладағы Ыстықкөлдің пәтуасыз перісін өлгенше қуып неңіз бар еді, өзіміздің Бекторылар ел жақта да өріп жүр емес пе?!», – дейміз. «Әлде өзіңіз «Өшер ме жүрек төрінен, Оянған осы жыр-аңыз?! Ашына болған перімен, Ақан Серіден сұраңыз!» деп жырлаған әйгілі жыр жүйрігінің жолын жалғағыңыз келді ме?», – деп тиісеміз. Тіпті одан да тереңдеңкіреп, «Күйеу баласы перінің, Бажасы Ақан серінің», – деп қылжақтаймыз. Жоқ, ол бәрібір қайтпайды.  

Толқынға кілем жайдырып,
Табыстым жұмбақ үр қызбен.
Айдарыма аппақ айды іліп,
Шашымды жуды ол жұлдызбен.

Бұлқынып бір күш денемде,
Сыймадым сәтте қанама.
Батқым да келіп тереңге,
Қайтқым да келіп жағаға, –

деп «аспанның шетін қайырып, табанына әкеп төсеген» табиғаттың текеметіне сөзбен сурет салады. Көл бетінде аппақ айдың сәулесі дірілдеп тұратыны, сол сәтте көк жүзіндегі самсаған жұлдыздың су үстінде шашылып жататыны сан рет жырланған. Бірақ жеті түнде жолыққан жұмбақ қыздың ширыққан шайырдың «шашын жұлдызбен жуып», «айдарына айды ілуі» – өзгеше ойлай білудің жемісі. Өзге әлемнің үр қызы сылаң қағып, көл жағасында көлбеңдеп жүрсе, өзгеше қалып танытпай қайтеді?! Ай қараңғысында арпалысқа түскен ақиық ақын «Түніміз осы – ақырғы, Жазады кімдер жалғасын?», – деп аласұрады, «... Жағаға қайтар ақынды, Жамырап жұрты қалмасын...», – деп күңіренеді. Ыстықкөл туралы ып-ыстық өлең осындай сезіммен туған еді. 
Ақыры, Ыстықкөлдің «анарын ақын¬ның аузына тосып, ащы бір өксік жұтқыз¬ған» асау толқыны оны тұңғиығына тартпай, тереңіне батырмай, жағалауға, жағалауға емес-ау, сонау Сыр бойына қарай қайта лақтырады. Сол сәттегі өзінің көңіл-күйін кейіптеуі керемет:

Сенбейтін шындық ...расында,
Жүрген бе қазақ қумай дау – 
Пері қыз, қалсам қасыңда,
«Суға кетті» деп шулайды-ау!

Сөйтіп, «суға кетіп» жұртты шулатпай, Сыр бойын сарсаңға салмай, «Қоғам ТВ-ны қапаландырмай, Шаһизада шайыр елге қайтып оралады. Содан бері Ыстықкөлге жолы түспей жүрген-ді. Енді Ала-Тооның арғы бетіндегі ақкөңіл ағайынды туысқан түрік жерінде жолықтырған соң, не тұрыс? Ол теңіз бетінен табылған туыстарымен әңгімеге қызу кірісті. 
Айыр қалпақты Райымжан бәйке де сөзшең екен. Әйелі екеуі демалуға келіпті. Өзі бір кезде Оштың қалалық әкімдігінде қызмет істепті. Сол аймақтағы бір аудан әкімдігінің аппарат жетекшісі болған. Райымжанның әйелі қырғыз тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі көрінеді. Соны естігенде, біздің Шәкеңнің тілі шешілді де кетті. Екі елге ортақ Асан Қайғыдан бастап Қасым Тыныстановқа дейінгі әдебиет алыптарын шетінен түгелдей бастады. «Куйругу жок, жалы жок, Кумда туулуп, чөлдө өскөн, Кулан байкуш кантти экен? Чымчып алар жүнү жок, Чыңырарга үнү жок, Боорунда буту жок, Жылан байкуш кантти экен?», – деп, қырғыздың Асан Қайғысының өлеңдерін термелете жөнелді. Одан әйгілі «Манас» жырына, бас манасшы Саяқбай Қаралаевқа ауысты. Аса көрнекті жазушылар Шыңғыс Айт¬матов пен Түгелбай Сыдықбековті де ұмыт қалдырған жоқ. Біздің балалық шағымыздың ұлы кейіпкері – Бақтығұлды сомдаған атақты актер, сыршыл суретші Сүйменқұл Чокморовтың Бішкектегі бейітіне арнайы барып, рухына тағзым еткенін айтты. Бұдан соң бүгінгі әдебиетке ойысып, өзі жақсы білетін қырғыз ақындарының шығармашылығы жөнінде кеңінен көсілді. 
Былайша еті тірі болғанымен, Райым¬жан бәйкеңіз әдебиетке келгенде, қаражаяулау екен. Шәкеңмен біраз жерге дейін ілесіп, желе жортып, шоқырақтатып отырды да, ақыры аттан ауып қалды. Оны айтасың, Райымжанның Қырғыз ұлттық университетінің филфагын бітірген зайыбы өз елінің ақын-жазушыларының өлең-жырларын терең талдап тұрған Шаһизадаға қайран қалды. Ал Шәкең болса, «Мен Акбар Рысқұловтың, Эрнис Тұрсыновтың, Қарбалас Бакировтің, Бақтыгүл Чотурованың, Абдырахман Алым¬баевтың, Кемел Белековтің өлең¬дерін қазақшаға қотардым. Сіздер олар¬ды білесіздер ме?», – деп үсті-үстіне бас¬тырмалатып, ана екеуінің әбден есін алды. 
Ерлі-зайыпты сапарластар: «Біздің тоғыз баламыз бар ғой, тек әдебиетті ғана әлпештеп отырсақ, оларды кім асырайды? Ал сіз мықты екенсіз!», – деп әзер құтылды. Содан соң ғана біздің кейіпкеріміз басқа тақырыпқа ойысып, Райымжанның елде қалған кіші қызына құда түсіп, Астанадағы інілерінің бір баласына алып берудің қамын қарастыра бастады. Қырғыз бәйкеміз бұл тақырыпқа өте жүйрік екен. Көзінен от ұшқындап, қайта түледі. «Ал енді біздің қыз тым әдемі...», – деп, өз елінің әдебиетін өзінен артық біліп тұрған қазақ ақынымен құда болуға кәдімгідей ықылас танытты. «Е, Түркияға келгелі Шәкеңнің арқасында кіммен құда болмадық?!», – деп біз отырмыз.    
Теңіз бетіндегі алты сағатқа созылған серуен кейіпкерімізге қатты ұнады. Таза ауа жаныңды сергітеді. Түріктер кеме шаруашылығын керемет меңгерген секіл¬ді. Сапар кезіндегі қызметші жігіттердің бәрі дерлік орысша біледі. Айналадағы тарихи орындар, төбеден төніп тұрған биік қамалдар, шың-құздар мен шыңыраулар, жақпар тастар мен үңгірлер жөнінде үнемі мәлімет беріп отырды. 
Бұлардың бәрі суға жүзгіш. Алып кеменің көк тіреген тұмсығынан ұшы-қиыры жоқ айдынға секіріп кетеді де, сонау көз ұшындағы жағалауға дейін еркін малтиды. Жартастағы алпыс аюдың апанындай алып үңгірдің ішіне кіріп, арғы бетінен бір-ақ шығады. Әсіресе, Ерен деген түрік ұланы айналсоқтап, Шәкеңнің жанынан ұзар емес. Жұртпен арқа-жарқа болып, құшағын айқара ашып жүргенін қызық көреді-ау деймін. Сәлден соң түріктер, серуеннің салтына сәйкес, кеменің ішін ақ көбікке толтырды. Жастар жағы музыка әуенімен билеп, у-шу болды. Мұндай ырду-дырду басталса-ақ оңашалана беретін Шаһизада шылымын будақтатып, кеменің жақтауына сүйеніп, көк теңізге көз салды. Бәлкім, оның сонау бір кезде жазған:

Жүрекке жеткен зарпың бар, 
Жарқын шақ қайта оралмас.
Жағалауда өлген толқындар, 
Жаныңа жалау бола алмас.

Керісу де, жоқ келісу...
Көрінбес құрлық төбесі.
Айналаң – оқпан, өлі су,
Қайдасың, Нұхтың кемесі?– 

деген өлең жолдары осындай әсерлі сәттердің бірінде туған болар деп түйдік. Қалай болғанда да, дәл осы мезетте тура сол баяғы көріністі жырлайтын ақынның кейпінде тұр. Соның айна-қатесіз қайта¬лан¬ғанына таң қалды ма екен? Кім біледі, мұнан соң теңіздер тербеткен түрік жерінде жаңа өлеңдер өрілер... Жерорта теңізінің кермек дәмі керемет жыр боп төгілер. Анадолы дәптері Алаш жұртына айқара ашылар. Сөйтіп, ширыққан шайырдың құмары әбден басылар... Шынында да телегей теңіз бен тұмса табиғаттың бүгінгі өзіндік үйлесімі ғажап еді! Парасатты поэзияға пәрменді публицистиканың  көзімен үңілетін біздің өзіміз де ептеп елти бастадық. Ал алаңкөңіл ақынның не жаны шыдап тұр екен десеңші?! Бірақ ол осының бәрін ертерек көріп, әлдеқашан әсерленіп, баяғыда-ақ айтып қойған:

Сабыры сайтанынан артық шығып,
Сап тынды, шалқар демін тартып сұлық.
Сәуледей көзді арбады,
Саф алтынның
Сиқыры су бетінде қалқып сынып.
 
Жаны бір жұртты жотасына жайғас¬тырған кеменің үстінде біздің Қазығұрттың қазағы да жүр. Қырғыздардан босаған соң, Шәкең оған да жолығып, Шымкенттегі дос-жарандарын түгелдеп шықты. Анау да сөзге ағып тұр. Тек әдебиеттен басқаның бәрін біледі. 
Бүгін бүкіл әлемдегі мұсылман жұрты оразаны бастады. Мұнда да ораза ұстап жүргендер жетерлік. Кемемен серуен кезінде түріктің бір хиджаб киген қызы мен көркем жігіті жұптасып отырды. Керемет жарасымды! Жай сөйлейді, жылы жымияды. Аса әдепті екендері көрініп тұр. Жұрттың бәрі жапатармағай тамақ ішіп жатқанда, бұлар дастарханға жоламады. «Ораза тұтқан-ау» деп қатты сүйсіндік. Өстіп тұрғанымызда, олардың бұрқыратып темекі тарта бастағанын байқадық. Әлгіндегі әсеріміздің бәрі әп-сәтте шайылды да кетті. Сол сәтте Шәкеңе:

Сен – хиджабтың ішінде, 
Мен – пиджактың ішінде. 
Екеуміздің бірақ та, 
Сезіміміз күшінде, –  

деген әзіл өлеңді оқып бердік. Ол рахат¬танып күлді.
Сөйтіп, айыр қалпақтан басталған бұл әңгімемізді қалың пиджакпен аяқтағалы отырмыз. Өйткені, теңіздің үсті сәл салқын тартып бара ма, қалай?..  

Анкара. Ақын. «Анкамол»... 

Ақ көңілге тоқиды,
Артық кеткен ісін де.
Айқайлап жыр оқиды,
«Анкамолдың» ішінде!
(Шәкең туралы шымшымадан)

Анкарадағы «Coru hotel» қонақ үйін¬деміз. Есік алдында әңгімелесуге таптыр¬майтын шағын алаңқай бар. Бұл енді Шәкеңе жақсы болды. Сол жерде отырып, шылымының түтінін будақтатып, үнемі ойға шомады. Содан соң қонақ үйдің қызметкерлерімен, осында орналасқан меймандармен сөйлеседі. Әдепкі күндерге қарағанда түрікшеге ептеп «төселіп» қалған секілді көрінеді бізге. Бар-жоғы жеті-сегіз-ақ сөз біледі. Бірақ сонысымен бүкіл мәселені шешеді. «Бұл өзі аса қиын тіл емес қой. Қазақ тілінің бір әрпін жұтыңқырап сөйлесең, немесе тағы бір әріпті қосыңқырап жіберсең, таза түрікше болып шығады», – деп қояды. Шаһизада ағамның осындай ғажайып лингвистикалық әдіс-тәсілдері мен тіл игеру жөніндегі теңдессіз байлам-байыптамаларынан кейін түрік тілін игеру шынымен оп-оңай сияқтанады.  

Тұрмайтын жалғыз ойлы өлеңіңе
Теңесіп нем бар тексізбен.
Сенің тіліңде сөйлегеніме,
Қуаныштымын шексіз мен... –

деп өзі айтқандай, қаптаған қалың тү¬рік¬пен еркін ұғысқанына кәдімгідей қуанады. Бұл, негізінде, қазақты қайрау үшін жазылған жыр болса да, қазіргі ахуалды тап басып тұр. Тілдің түйткілдері  арқылы адами болмысты астарлап («Бір-бірімізді түсінбей қалып, Тал түсте жүрміз түс көріп»), мынау тіршіліктегі құндылықтың қайсысы басымырақ екенін анық аңғартқан («Жүрегің таза болса, бауырым, Жаһанның тілін білгенің») ақын бұл өлеңінде де биігінен түспейді.
Түс ауа Ататүрік кесенесіне келдік. Мұнда өзіміз талай рет болғанбыз,  қонақтарымыз аралап көрсін дедік. Бұл бір зәулім кешен. Түрік көшбасшысының өмір жолы, елдің тарихы жөнінде жан-жақты мәлімет беріледі. Ататүріктің тұтынған заттары, киген киімдері, оқыған кітаптары, жазған қағаздары мұрты бұзылмай сақталған екен. Бір басынан кіріп, екінші жағына жеткенше түрік рухымен қанаттанып шығасың. Бірлігіне бас иесің. Өрлігіне таң қаласың. Ерлігіне тәнті боласың. Алып кесененің құрылымы кейіпкерімізге қатты ұнады Ол түріктің азаттық жолындағы шайқасын бейнелеген картиналардың тұсында ұзақ аялдап, әрқайсысын асықпай көрді. Әсіресе, қабырғада тізілген түрік генералдарының суреттеріне қатты қызықты. Қызыға¬тындай бар. Суретшілердің шеберлігі ғала¬мат енді. Сымдай тартылған сардар¬лардың саған қадалған өткір көздері өңменіңнен өтеді. Олардың қай-қайсысы да әне-міне дегенше картинаның жақтауынан ұстап, секіріп түсіп, қаруын іліп алып, арғымағына қарғып мініп, жорыққа жөнелетіндей әсер қалдырады. Ол осының бәріне тамсанумен болды. Сол сәтте оның ілгеріде жазған бір өлеңі есімізге түсті. Қазір ойлап қарасаң, тура Ататүрікке арналған ба дерсің:

Айнала жатқан түркі елі,
Ада боп тұрса айтыстан,
Атының басын іркеді,
Андыздап жеткен қай дұшпан.

Тектіге теңдік әперіп,
Көрсекші солай көп қызық:
Түркіні күлден көтеріп,
Төбесін күнге жеткізіп!
Бұрын қазақтан өзге түркі тектес елдерден тек қырғызды ғана жырлап жүр еді. Бәлкім өзі аударған Қырғызстанның эл ақыны Эрнис Тұрсыновтың  өлеңдеріндегі «Айкөл бабам тас атқанға – ас атқан, Біздер осы – ұрпағымыз қырғыздың!», «Біздің қырғыз жігіттері жел болып, Құр аттардың құлағында ойнаған!», «Ардағыңды ат жалында ала қаш, Арғымақтай жігіттері қырғыздың», – деген жолдар дем берген шығар. Шаһизада шайыр қазақша сөй¬лет¬кен Эрнис ақынның бір сөзі Расул Гамзатовтың әйгілі мәлімдемесін еске салады. «Қырғыз елі енді дамымайды дегенді естісем, өлуге бармын!» – депті ол. Ал біздің кейіпкеріміздің «Өлең де жазғым келмейді, Өлгеннен кейін шығатын», – деп күйзелген жері бар. Жалпы, көрші ел поэзиясының аға буын өкілі Эрнис Нұрдинұлы мен оның қазақ жұртындағы аудармашысын ортақтастыратын нәрселер жеткілікті. Екеуі де арқалы ақын. Екеуі де танымал тележурналист. Екеуі де алымды аудармашы. Шаһизада Әбдікәрімов – Қы¬зыл¬орда қаласы мен Қармақшы ауданының құрметті азаматы. Ал Эрнис бәйке болса, Ысык-Көл облусунун ар¬дактуу жараны. Бәсе, біздің ақын ағамыз түн ішінде перінің қызымен бірге Ыстықкөлде неге шомылып жүр десек...
Ал енді мына өлеңінде түркінің рухы айқайлап тұр! Мұны қарақұрым жұрт жиналған Ататүрік кесенесінің басында тұрып түйсінудің жөні бөлек екен. Осы елдің бірлігі мен берекесіне тәнті болып, ««Дұшпаның түгіл іргеңнен, Тышқаның да өтпес жорғалап», – деп сеніммен сүйсінесің, «Бір-бірін, ай-хай, «ағалап», Найқалсын елдің нұр-құты», – деп татаусыз тілек тілейсің, «Көк астындағы қағанат Біздікі емей, кімдікі?!», – деп кәдімгідей күпініп, жалыңды күдірейтесің, сосын «Түркінің төрт-бес тәуірі, Көзіңді салшы қырымға», – деп жұрттың делебесін қоздырасың. 
Шаһизада ақын кесененің көлеңкесінде тұрып, соның бәрін жүрегінен қайта өткізгендей болды бізге. Тек оған атақты Ататүріктің басында кім көрінгеннің жаппай суретке түсіп жатқаны онша ұнаған жоқ. Олардың ішінде  әлеміш-әлеміш киінгендер де, денесі жартылай жалаңаш жүргендер де бар. «Талайдан келе жатқан тіні берік түрік дәстүрінің сетінеуі дәл осы тұстан басталады екен», – деді. Бірақ кешен басындағы көріністер оны қатты толқытты. Кезекті ауысым кезінде кесенені күзететін солдаттар сап түзеп келе жатқанда ол «Парад қабылдап тұрмын!», – деп мәз болды.
Ататүрік кесенесінен соң, Анкараның ірі сауда орталығы – «Анкамолға» барғанбыз. Сол жерде қазақтың екі қызы ұшыраса кетті. Түрік аруларымен күн сайын еркін тілдесіп жүрген ақын өз қандастарына жолыққан соң қалай үнсіз қалмақ? Екеуі де Моңғолияның Баянөлгей аймағында өмірге келіпті. Қазір біреуі Анкарада, екіншісі Америкада тұрады. Содан Шәкең көсілді-ай келіп... Моңғолиялық қазақ ақындарын шетінен санамалап шықты. Жыр жүйріктері Кәкей Жаңжүңұлы, Мұрат Бұшатайұлы, Дағжан Белдеубайұлы, Ерболат Баятұлының есімдерін әлгі қыздар жақсы біледі екен. Ширақ Шаһизада тек ақындармен ғана шектеліп қалған жоқ, ғибратты ғалым, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлы мен танымал түрколог Қаржаубай Сарт¬қожа¬ұлының елге сіңірген еңбектерін де қарындастарының есіне салды. Ол ол ма, енді бір сәтте тебіреніп тұрып, Кәкей Жаңжүңұлының «Ана» деген өлеңін жатқа білетінін айтты.  

– Тұлпарының тұяғында ай-таға,
Ұлым менің бұл жорықтан қайта ма?

Құмалақшы жасады бір жорамал:
– Ұлың сенің мол олжамен оралар.

Ұлы бірақ бұл сапардан қайтпады,
Құмалақ та не болғанын айтпады.

Ит-үміт-ай, арты қысқа, алды ұзын,
Көз жұмды ана күтіп жатып жалғызын.

Жол шетіне қойыңдаршы мүрдесін,
Ұлы қайтса, көрмей қалып жүрмесін!..

Ақын айналасындағы, ары-бері ағыл¬ған адамдардың аяқ астынан аңырап қалғанын елең қылмай Анкараның «Анка¬молы¬ның» ішінде аңыратып жыр оқып тұр. Баянөлгейдің Бұлғын ауданында туған, Алматыда Қазақ педагогикалық инс¬титутында оқыған, Моңғолиядағы қа¬зақ әдебиеті бөлімшесін және «Шұғыла» әдеби журналын басқарған, кейінірек ұшақ апатынан қаза болған Кәкей ақынның рухы шарықтап, шаттанған шығар бүгін! Әлгі өлеңді жатқа айтатын жөні бар екен. 1973 жылғы «Жалын» журналының 6-санына жиырма алты жастағы Кәкей мен он жеті жастағы Шаһизада екеуінің өлеңдері бірге жарық көріпті. Ол тұста «Жалынға» суретіңмен қоса өлеңіңнің жариялануы ақындыққа берілген мәртебелі мандатпен бірдей еді. Сол ағасының жырларын жатқа оқымай не бопты?! «Аға, сіз Моңғолияны бізден әлдеқайда жақсы біледі екенсіз, аман жүріңіз», – деп қимай қоштасты қос құрбы.

Көрдік деп не бір дөйдің құқайын да,
Қарамай алды-артыма, зытайын ба?
Түркия тауарымен байлап алған,
Бұл жерге жете алмайды қытайың да. – 

деп толғаған өзінің өлеңіне өзек бол¬ған түріктің сан түрлі бұйымдарын сау¬далайтын зәулім дүкеннің ішінен Шәкеңді шығара алатын түріміз жоқ. Ол мұнда кіруін кіргенімен, зат алып та жарытпайды, тек сатушылармен сө鬬лесуден жалықпайды. Енді қазір «Анкамолдың» алтын сататын бөлімінің дү¬кен¬шісімен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып отыр. «Алтын алма, алғыс ал!» дегенді ұстанатын ақын оның сатып тұрған бұйымына қызығып қайтсін, тек сөзі жарасса болды. Жаңа танысының есімі Баран екен. Сөйтсе, бұл оған «Кешір, інішек, атың біртүрлі ғой», – деп қояды. Анау да қушыкеш қырсық біреу көрінеді. Ақынға қарап аузын ашып, «Баран, мә-ә-ә!», – деп күледі.
Осындай жарасымды әзілден соң Шаһизада шайыр бұл жерден оңайлықпен шыға қойсын ба?! 
Бауыржан ОМАРҰЛЫ.
Астана – Анкара – Стамбул – Астана.
ТАҒЫЛЫМ 22 қараша 2016 г. 1 674 0