Ұлағатымен ұмытылмас тұлға
Еңбек – өмірдің ұстазы. Ерен еңбектің терең сабағын алған сайын елдің әл-ауқаты артып, қуаты күшейе береді. Ел қуаты – ертеңнің мұраты.
Н.Назарбаев.
Осыдан жиырма бес жыл бұрын Қазақ жерінде ұлттық намыстан жаралған – парасат рухы, тәуелсіздік рухы қалықтады. Әлемде үстемдік құрады деген коммунизм елесінің көбесі сөгілді, еңсесі еңкейді. Сол тарихи сәтте азаттықтың ақ жолында қаны төгілсе де, ары төгілмеген қазақ елі де ғасырлар бойғы алапат армандарының тұсауын кесті. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген қағидада тәрбие алған ұлы дала ұландары ұлттық намыстың тайбурылына мініп, тәуелсіздігіміздің қияға ұшар қанатына айнала білді. Біздің ұлттық намысымыз жеке бастың не болмаса бір рудың мүддесі емес, ұлтымыздың ұлықтығы үшін әр адамның ұрпақтық парызы мен ата-бабамыздың алдындағы қарызы екенін тағы бір паш етті. Ұлттық намыстан туар патриоттық рухымыз кезінде тарих бетінен ысырылып қалмауымыздың қайнар көзі болды. Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі кеңістікте Ұлы Дала өркениетін жария еткен ата-бабаларымыздың негізгі қаруы, елім дейтін намысты ерді қадірлеу дәстүрі жоғары болды.
Ұлтымыздың қаһарман ұлдарының бірегейі Бауыржан Момышұлы да «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез сияқты өскен, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген екен. Елім деген ерлер рухы әрқашанда қайта жаңғырып елдікке шақырады деп ойлаймын. Ұлы Далада өмір сүрген қазақтар үшін Ел мен Ер – егіз ұғым. Мысалы, 1941 жылы тамызда қызыл әскер Асқар Нұртазиннің Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған Сыр жастарына хатының мазмұны бүгінгі күні де маңызды. «Сырдың жастары! Сіздерге алыс¬тан достық сәлемімді жолдаймын. Мен кеше ғана сұлу Сырдың бойында бейбітшілік, бақытты өмірде сайрандап, өздеріңмен бірге жүрген едім. Тыныштық өмірдің, азат өмірдің қандай қызық екенін, әрине, мен жақсы білемін. Біздің сол азатты өмірімізді талқандамақшы болған герман жыртқыштарына қарсы қан майданда қатты күресіп жатырмыз.
Сырдың жастары! Біздің бақытты өмірді, бостандық дәуірімізді Гитлердің құтырған төбеттері ойрандамақшы, халқымызды құл етіп, жерімізді күл етпекші. Қазақтың еркін қыздарын күң етіп, баласын бауыздамақшы. Жаудың зұлымдық айласы зор... жаумен шайқасатын кез келді. Не өлу, не өлтіру. Күш салып байқасатын кез келді. Кезегіңді жібермей, ата намысын ақтап шығыңдар. Қазақ халқының батырлық салтын майданда танытарлық болыңдар...
Екіталай кезеңде,
Шүйкелеп жауды буғанбыз.
Ер намысын қуғанбыз.
Отанның сүйген ұлы боп,
Айрықша туғанбыз».
Өздеріңіз көріп отырғандай, ата намысымыз арқылы рухты қайрау хат мәтініне арқау болған.
Намысқа арқаланып, елдің бостандығы үшін жан аямай күресудің және халыққа адал қызмет етудің жарқын үлгісі болған Мөрәлі Шәменовтің өмірі мен қызметінің өзіндік тағылымы жеткілікті. Ер әрқашанда елдің қамын ойлау арқылы өз абыройын жоғары ұстайды, дақ түсірмейді. Бүгінгі ердің елін қорғаудағы парызы – қолға қару алып, жау іздеу емес, әркім өз орнында адал еңбек етіп, ұлтымыздың ұлы мұратына үлес қосу. Ал ел тізгініне ие болар жастар үшін тәрбие дәнін сол жердің топырағынан өскен қайраткерлердің өмірінен алған дұрыс. Туған жердің елдік пен ерлік қасиеті әркімге құт.
Сонау 1939 жылы КСРО-Фин соғысынан бастап адамзат тарихындағы ең қырғын, сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысқан Мөрәлі Шәменұлы Түмен әулие аруағының аян беруімен дүниеге есігін ашқан. Осы бір жағдай ағамыздың өмірлік жоғары рухтық ұстанымының негізі болғанға ұқсайды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Рух, ұлы мақсат, ұлы мұрат үстінде керек, жұрт үшін, көп үшін құрбандыққа шалынуға даяр болған кезінде сезінесің. Ендеше рух – отансүйгіштік патриоттың жаны мен қаны. Рух үшін қымбат дүние – жұрт қамы, жұрт ісі», – деп жазады. Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша да рух – аруаққа байланысты. Ол – ата-бабаның жаны, орын¬далмай қалған арманы, тіріге қалдырған жүгі.
Мөрәлі Шәменұлы жастайынан білімге бой ұрады. Сонау Азамат соғысы жүріп жатқан алай-дүлей, аласапыран заманда басын күйттеп үйде қалмай, 1924-1931 жылдары 7 жылдық мектепте білім алып, 1931-1933 жылдары елді сұлатып салған ашаршылыққа қарамастан, Қызылорда педагогикалық техникумында мамандық алады. Кейін өмір жолы мұғалім, Ташкент облысында гидротехник, 1937-1939 жылдары Қаракеткен ауылында жауапты пошта басшысы ретінде жалғаса келе, Қызыл әскер қатарына алынады. 1939 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылғанда Кеңес-Фин соғысының қайнап тұрған кезі болатын. Бұл соғыс кеңес әскері бас¬шылығының репрессиядан кейін жұтап, жаңа кадрлардың қалыптаса қоймаған кезеңі еді. Соның нәтижесінде қызыл армия жауынгерлер мен техника жағынан зор шығынға ұшырайды. Кеңес тарихынан белгілі «Маннергейм линиясы» үшін болған ұрыста әскери басшылардың тәжірибесіздігінен мыңдаған қызыл әскерлер майдан даласында қалды. Осы соғыстан жауынгер Мөрәлі көп ой түйеді. Финдердің шағын топпен шұғыл қимылдап, жау ортасына ойран салу тәжірибесін көріп таң қалады. Кейін барлау бөлімдерін басқарғанда осылай талай рет жау ортасына батыл кіріп, қарсыластарды қапы қалдырып отырған. Бұлай ұрыс салу тәсілі қазақ даласында сақ заманынан бергі тарихтан белгілі.
Аталған соғыс аяқталып, елге қайтамыз деп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, Мөр¬әлінің әскери қызметі жалғаса береді. Бұл кезде Мөрәлі Шәменов 126 атқыштар дивизия¬сының 366 атқыштар полкінде бөлімше ко¬ман¬дирі болатын. 1942 жылы лейтенант М.Шәменов қабілетіне сәйкес пулемет рота¬сы¬ның командирлігіне бекітілді. Ал пулемет нүктелері қарсыластардың артеллериясы мен мергендерінің үнемі қадағалауында болатынын ескерсек, ағамыздың жанкешті әскери өмірін түсінуге болады. Сол жылдың күзінде аға лейтенат шені беріліп, атқыштар полкінің барлаушылар взводы командиріне тағайындалады. Екі жақ бір-бірін аңдысқан жағдайда, барлаушылардың мәліметтері ұрыс тағдырын шешетіні соғыс тарихынан аян. 1943 жылдың қаңтарында Мөрәлі Шәменов 2-Балтық жағалауы және 2-Беларусь майданының 326 атқыштар полкінің барлау жөніндегі штаб бастығының көмекшісі болады. Бұл кезде ол капитан шенінде еді.
Қазақстан Республикасы Президенті мұра¬ғатының құжаттарында Мөрәлі Шәменов туралы сол кездегі жауынгерлік «Ерлігі үшін» наградалық параққа командирі былай деп жазған екен: «Аға лейтенант М.Шәменов Буды, Монастырская, Кожановка, Пузановка селоларының аумағында жау шебін бұзып өту кезінде барлау¬¬ды басқарды. Оның басқаруымен 22.02 - 09. 03. 43 ж. аралығындағы ұрыстар кезінде 9 тұтқын жеткізілді. Барлаушылардың білімін жетілдіруде тынбай жұмыс істейді, взвод құрамын мықты жауынгерлермен толықтырумен айналысады». Сол сияқты «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсы¬ныл¬ған наградалық парақтағы жазу: «Жолдас М.Шәменов – 1943 жылдың қаңтарынан бастап штаб бастығының барлау жөніндегі көмекшісі. 1101 атқыштар полкының құрамында бірқатар жауынгерлік операцияларға қатысты. Оның басшылығымен жаудың 16 адамы тұтқындалды. Жаужүрек командир барлау операцияларын әрқашан өзі басқарады. 20 қыркүйекте барлау операциясын басқарып, 3 тұтқынды әкелді». Барлауға шыққан жауынгер кейде тіпті өз өмірін қиса да мейлінше нақты, құнды мәлімет алып келу керек. Мәліметтің ең үлкені де, бағалысы да «тіл». Осыған қарап-ақ барлаушылар басшысы Мөрәлі Шәменов қаншама рет өліммен өмірдің ортасынан шыққанын байқаймыз.
Эстонияны азат ету жауынгерлік операцияларына қатысып, көрсеткен ерліктері үшін 1944 жылдың 22 тамызында ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Тек Невель түбіндегі бір айдың ішінде барлаушылар 14 «тіл» әкелген екен, олардың 4-і аса маңызды құжаттары бар жоғарғы шенді офицерлер болып шыққан. Осы шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін ол Ленинград майданы әскерлерінің қолбасшысы бұйрығымен І дәре¬желі «Отан соғысы» орденін алды.
Капитан Мөрәлі Шәменов Рославль, Остров, Тарту (Юрьев-Дерпт), Заальфельд, Старогард, Анклам, Грайфсвальд, Штральзунд, сондай-ақ Гданьск (Данциг), Свинсмюндтағы әскери-теңіз базасына шабуылдарға, Данциг шығанағын және Мариенбург қаласын басып алу, Рюген аралын алу ұрыстарында көрсеткен жауынгерлік қимылдары үшін Бас қолбасшы И.В.Сталиннің Алғыс хатын 12 рет алған.
Ал 1995 жылы оған берілген екінші «Қызыл Жұлдыз» ордені табылып, отбасына тапсырылды. Бұл орден майдангерге 1943 жылы күзде Смоленск облысы Латыш ауданындағы шайқас үшін берілген екен. Алайда, барлаушылардың үнемі алда жүруіне байланысты тапсырылмай ұмыт қалған болатын.
1945 жылы 5-ші мамырда ержүрек барлаушы тәжірибесі ескеріліп, Берлин түбіндегі Бойценбург қаласының әскери коменданты болып тағайындалады. Қала басшысы ретінде қаланы қалпына келтіру жұмысына белсене кірісіп, ол жұмысты абыройлы атқарады. Халыққа жұмыс тауып беріп, олардың күнкөрісін қалыпты жағдайға түсіруде өзінің ұйымдастырушылық қабілетін бұрынғыдан да дамыта түсті.
Елге оралған соң майдандағы ерлік бей¬біт күндегі берекелі еңбекке ұласты. 1946-1950 жылдары Қызылорда облыстық партия ко¬митетінде және облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы қызметінде болды. 1951-1955 жылдары облыстық «Ленин жолы» газетінде бөлім меңгеруші, Шиелі аудандық «Стахановшы» газетінде бас редак¬тор ретінде жұмыс жасады. Осы қыз¬мет¬терде жүргенде Ком¬му¬нистік партия Ор¬талық Комитетінің қау¬лысынан кейін «отыз¬мың¬шылдықтар» қа¬тарында Мөрәлі Шәменов те ауыл шаруа¬шылығын көтеруге елге ат¬танады. Бұл кезеңде ауылдағы жағдай бейбіт өмір демесең, әл-ауқат түзеле қоймаған болатын. Сонау 30-жылдары басталған ауыл шаруашылығын реформалау мен соғыстың зардабынан елдің жаны жаншылып, еңсесі езіліп тұрған уақыт еді. Осындай жағдайда колхозға келген жаңа төраға біріншіден, елдің рухын көтеруді қолға алады. Прибалтика, Шығыс Европа елдеріндегі озық тұрмысты көрген ол ауыл тұрғындарының тұрмысын реттеуге бел шеше кірісті. Еңбек, тыл ардагері Тасқара Байниязов ағамыз сол кездегі «Молотов» колхозындағы өмір туралы былай деп еске алады: «ол кезде бір еңбек күнге бір, бір жарым килограмм бидай немесе күріш берілетін. Ол тек күнкөріске ғана жарайтын.... ауылда бір ғана кесекпен салынған екі бөлмелі біздің үй болатын. Басқа халық жертөледе, қақырада тұратын». Мөрәлі ағамыз елдегі ағайындарды колхоз жұмысымен қатар, ағаш егуге, кесектен үй салуға, көшелерді түзетуге ұйымдастыра білді. Ұжым жұмысын жаңаша ұйымдастыру арқасында күріш, ет, бидай, сүт өткізу жоспарлары орындалып, халық қаржылай еңбекақыға қол жеткізді.
Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарының басында партия саясатымен ұжым¬дар қайта құрыла бастады. 1962 жылы Жалағаш ауданы Қармақшы ауданына қосылды. Бірнеше колхоз бірігіп, құрылған «Коммунизм» совхозына директор болып бекігеннен кейін Мөрәлі Шәменовтің елге еңбегі жаңаша дамыды. Совхоздың жер көлемі ұлғайды. Бір сов¬хоз болғанымен, бірнеше жерде орналасқан ұжымдарды үздіксіз аралап, басқарудың өзіндік қиындығы болды. Жаңа директор жол қатынасы ауыр, техникамен нашар қамтылған ұжымдарды дұрыс басқару үшін, ең біріншіден кадрларды сұрыптаудан бастады. Совхоздың ішкі құрылымын ұжымдардың орналасуына сәйкес, үш бөлімшеден құрды. Олардың барлығына өмір тәжірибелері мол, білікті мамандарды қызметке қойды. Ол жөнінде Шыңғыс Айбосынов пен Тасқара Байниязов ағаларымыздың «Жалағаш жаршысы» газетіндегі естеліктерінде нақты көрсетілген. Осы кадрлар қатарынан бірнеше аудандық басшылар мен совхоз директорлары шығып, кейін бұл совхоз «кадрлар ұстаханасына» айналды. Олардың қатарынан Қармақшы аудан¬дық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Наж¬мадин Ысқақов, Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш аудандық атқару кеңесі атқару комитеттерінің төрағасы болған Мақсұт Абдразақов, «Жаңа¬дария» совхозының директоры Асанбек Оспанов, «Аққұм» совхозының директоры Нағымар Назмаханов, «Калинин» совхозының директоры Төлеген Сүлеев, т.б шықты.
Мөрәлі Шәменов туралы материалдардан байқағанымыз, оның жаңалыққа құмарлығы, болашаққа ұмтылысы. Ол кісі одақтық, респуб¬ликалық ауыл шаруашылығы саласындағы БАҚ-тарда жарық көрген жаңалықтарды өзінше зерделеп, керегін өндіріске енгізуге құштар болған. Әскери комендант ретінде тұрмыс туралы өзіндік көзқарасы қалыптасқан директор Шәменов алдымен еңбеккерлердің мәдени тұрмысын жолға қоя бастады. Облыста алғашқылардың бірі болып, мамандар отыратын жұмыс орнын, кеңсе салып, әр маманға жеке жұмыс орнын беріп, олардың алаңсыз жұмыс жасауын талап етті. Сов¬хоз орталығында қонақ үй, монша, кітапхана, радиоторап, балабақша салынып, біраз бастамалар өмірге келді. Еліміздің үлкен қалаларында ғана кездесетін, би алаңы, кино көрсететін ашық залы, ағаш егілген асфальтталған тротуары бар парк халық игілігіне берілді. Шаруашылықты ұйымдастырудың еуропалық үлгісінен алған болуы керек, поселке орталығынан өзіндік электр станция, ұн тартатын, күріш ақтайтын, ағаш, темір өңдейтін цехтар ашылады. Ауданда алғаш болып, жоғарыдағы ғимараттарды жылыту мақсатында орталықтандырылған жылу қазандығы іске қосылады.
«Коммунизм» совхозының мал шаруашы¬лығын дамытудағы тәжірибелері облыс көлеміне таратылады. Сауын сиырлардың, мал бордақылау кешендері жұмыстарының тиімділігі негізінде мемлекетке сүт-ет өнімдерін өткізу жоспарлары артығымен орындалып жатты. Сиырды агрегатпен саууды ұйымдастыру жаңалығын тарату үшін совхозда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғановтың өзі жүргізген облыстық семинар-кеңес өткізілді.
Ал егін шаруашылығында еңбекті ұйым¬дастырудағы жаңа бастамасы «Озат тәжірибе мектебі» деген тақырыппен арнайы көрнекі үгіт материалдары ретінде шығарылып, облысқа насихатталды. Әр бригадаға өз техникалары бөлініп беріліп, күріш өніміне қатысты қосымша ақы механизаторларға да тиесілі болды. Бұл егін даласындағы тек қана егіншінің ғана емес, сонымен қатар, әрбір адамның жауапкершілігін арттыруға қол жеткізді. Еткен еңбек зая кеткен жоқ. «Коммунизм» совхозы облыста бірінші болып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, Одақтық «Ескерткіш Туы» совхозға мәңгілік сақтауға берілді. Күрішші Тұршабек Елеусінов Социалистік Еңбек Ері атанды.
«Рухты ердің алды жарық, рухты елдің еңсесі биік, есесі мол» деген сөздің шынайы ақиқатын Мөрәлі Шәменовтің өмір дерегінен сезіп-білдік. Рухы бар адам – ер, рухсыз адам – ез. Біз ер, өр, батыр, білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеуге міндеттіміз. Істеріне табанды, ұстанымына қатал, ел дегенде қаны ойнаған, барынша шыншыл болуы арқасында есімі ел есінде еш ұмытылмай келе жатқан марқұмның рухы бізге осы үшін де үлгі. Осы тұрғыдан келгенде, М.Шәменов тағылымы тек жастар ғана емес, ат үстіндегі талай азаматтарға сабақ болары анық.
Соңғы уақытта облыс көлемінде өмірден өткені бар, көзі тірісі бар облыс басшыларынан бастап, қарапайым еңбек адамдарына дейін есімдерін ұлықтап, келер ұрпаққа өнеге етілуде. Еңбек қоғамына баратын жиырма қадамның бірден бір жолы осы. Өйткені Елбасы айтқандай, «адам өз халқынан өмір бойы үйренеді, сонымен қатар, елге елеулі әрбір азамат іргелі ісімен, үлгі-өнегесімен елді де тәрбиелейді. Ел мен ердің бірлігі, ел мен ердің жарасымы – жарқын болашақтың кепілі дейтініміз сондықтан».
Биылғы жылы аталып өткен даңғайыр диқан, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың, Социалистік Еңбек Ері А.Бисеновтің, елдің қамқоршысы болған М.Шәменовтің өмірлері осының дәлелі. Сыр бойында олардан үлгі алып, ісін жалғастырушы бір топ азаматтар өсіп шықты. Олар Қазақстанның Еңбек Ері А.Ерәлиев, тәжірибелі шаруашылық басшылары Қ.Әбішев, К.Аппаз, М.Өтеев, Б.Қадыров, И.Шағыртаев, Н.Іздібаев, Ә.Бекжанов, С.Мыханов, М.Бисенов, Б.Мақашев, Қ.Нұрсейітов, Н.Имандосов, т.б.
Бүгінде ауылға, ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек соны елдің керегіне пайдалана алатын, халыққа жаны ашитын азаматтар қажет. Яғни, ауылды дамытуда Шәменовтей ұжым жетекшілерінің орны әлі де ерекше.
Елдің ауыр жүгін рухы мықты ердің ері көтереді. Ендеше, Сыр бойында қаншама еңбектің керемет үлгісі болар адамдар өтті, қазірде өмір сүруде, алдағы уақытта солардың өнегелі ісін жалғастырар ұрпағымыз көп болсын.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
облыстық мәслихат хатшысы,
тарих ғылымдарының кандидаты.
БІРТУАР АЗАМАТ
Осыдан бір-екі жыл бұрын осы жолдар авторлары Мөкең жайлы материал дайындауға келіскенбіз. Бірақ, арада әртүрлі күтпеген жағдайларға байланысты ол ойымыз жүзеге асырылмай қалған еді. Биылғы Мөкеңнің 100 жылдығына орай соның сәті түсіп отыр.
Атам қазақта «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген аталы сөзі бар. Осы мерзім ішінде әлемде көптеген тарихи өзгерістер болды. Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған егемендікке қолымыз жетті. Үстіміздегі жылы тәуелсіздігімізге жиырма бес жыл. Бұл жылдар ішінде Қазақтың ұланғайыр даласында қаншама таңғажайып өзгерістер болды десеңізші! Сарыарқада жаңадан Астана қаласы өмірге келіп, ел-жұртты, бүкіл әлемді таңғалдырып өсіп келеді. Мұндай өзгерістер Қазақстанның әрбір ауылында болып жатыр. Мәселен, бұрынғы «Коммунизм» совхозы бүгінде Мөрәлі Шәменов ауылы деп аталады. Ауылдың қақ ортасында ауыл шаруашылығының майталманы атанған Мөрәлі Шәменовтің тұғыры биік ескерткіші тұр. Оның артында ауыл мешіті бой көтеріп, құрылысы аяқталып келеді. Жалағаш кентінің орталық бір көшесі Мөрәлі Шәменов есімін иеленді.
Ол жайлы мақалалар өзі барда талай рет барлық деңгейдегі газет бет¬терінде, республикалық журналдарда басылған, кітаптардан да орын алған.
Кезінде Мөкең ақын Әбділда Тәжібаевпен сыйластық, достық қарым-қатынаста болыпты. Әбекең Қызылордаға келсе, Мөкеңнің үйіне соқпай қайтпайтын болған. Екі алыпты – бірі еңбек ұйымдастырудың алыбы болса, екіншісі жырдың алыбы, екеуін жақындастырған қандай құдіретті күш екен. Енді біздер ол жайлы өз білетінімізді қағаз бетіне түсірейік:
1963 жылы Қазақ ССР Жоғары Советінің депутаттығына сайлау болады. Сол жолғы сайлауда ақын Әбділда Тәжібаев Қызылорда облысы Жалағаш ауданынан төрт жылға Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланады. Сол кезден бастап ақын ағамыз депутат ретінде ауданға жиі келетін болды. Бұл жылдар ішінде ол халықпен, еңбек адамдарымен, сов¬хоз шаруашылығының тыныс-тіршілігімен тығыз араласты. Ол өзінің 1981 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан бес томдығының бесінші томындағы «Жол дәптерінен» деген жазбасында былай деп жазған-ды:
«Жасымда көрген еліме егде күнімде қайта араластым, балалығымда атам-анам болған ел, егделігімде де мені қайта оқытты. Қанша адамдар көрдім, қаншалық тірілік таныдым, сөз үйрендім, күй аңғардым жаңадан; өнеге алдым, үлгі алдым, ақыл қостым өзіме. Солардың ішінде маған ұстаз болғандардың бірі Шәменов Мөрәлі деген інім. Ол Жалағаш ауданы Сыр бойындағы «Коммунизм» колхозының председателі еді, мені депутаттыққа ұсынған да осы колхоз болатын. Бір жылдан соң бұл колхоз «Коммунизм» совхозының (орталығы Жалағаш ауданының орталығында еді) бөлімшесіне айналды. Ал совхоз директорлығына жаңағы Шәменов Мөрәлі белгіленді. Мөрәлі осы совхозды он жылдан аса басқарды. Ол 1974 жылы еңбек майданында қайтыс болды.
Адам өлді дейміз ғой. Бірақ оның жарамды істері, жақсы қылық, мінездері көпке дейін өлмейді екен. Ол туралы айтылған жақсы сөздер өткеннің әлі өшпеген жарығы сияқты ұзақ сақталады екен. Алып батырлық, жойқын ерліктер туралы аңыз-ертегілердің көп жасайтыны да сондықтан болу керек.
Мөрәлі туралы да айтылатын жылы сөздер аз емес. Сондықтан шығар, мен үшін Мөрәлі бүгін де тірі сияқты.
– Мөрәлі түрегеп жүріп-ақ ұйықтайды.
– Мөрәлі жолда емделеді.
– Шаршамайтын, шалдықпайтын Мөрәлі.
– Ағасызға аға, жағасызға жаға Мөрәлі.
– Мөрәлі айтпайды, айтса қайтпайды.
– Өз ақылың жетпесе – Мөрәліден сұра.
– Мөрәлі көргенін ұмытпайды, есіткенін ұмытпайды, уәдесін ұмытпайды.
– Мөрәлі кесірленсе, трактор да қозғай алмайды...
– Иеміз де Мөрәлі, киеміз де Мөрәлі еді ғой.
– Бір жігіт өрге сүйресе, Мөрәлідей-ақ сүйрер.
– Дауылда да тынбайтын, жауында да тынбайтын Мөрәлі еді...
– Темірден қатты, жібектен жұмсақ еді.
– Түсінгіш еді, ісінгіш емес еді.
– Тастай берік, гүлдей нәзік еді Мөрәлі.
– Мөрәлі ұялшақ пен сұраншақты ұнатпайтын, – деседі жұрт Мөрәлі туралы сөз болса. Ол туралы айтылатын күлкілі, көңілді әңгімелер қаншалық!
Екі алыптың достығының құпия сыры тереңде жатқандығы жоғарыда айтылған әңгімеден-ақ аңғарылып тұр емес пе?!
Бір жылдары күлдіргіш артист, әнші Күндебай Жалағаш ауданына келіп, «Коммунизм» совхозының клубында концерт қоятын болыпты.
Концерт басталмастан бұрын совхоз директоры Мөкеңе кіріп:
Мөке, ауылыңа ойын-сауық көрсетуге келдім, қанша төлейсің? - депті.
Сонда Мөкең:
– Оны концертке билет алып баратын адамдардың қатысуы шешеді,-депті.
Мұны есітіп тұрған Күндебай риза болмаған кейіппен:
– Концертке адам келмесе қайтеміз?-десе керек.
Сонда Мөкең:
– Онда біздің үйден бір қонағасыңды жеп, ауылыңызға қайтасыз да,-деген екен.
Концерт уақытылы басталады, келушілер клубқа сыймайды, бұлай болады деп ойламаған Күндебай сахнаға шығып алып, әнге ерік беріп, арасында Мөкеңе арнап:
– Көрмедім ғой Мөрәлідей кесірді,
Сөйлескенде алады екен есіңді.
Көнбей қойды оңаша айтқан саудама
Билет сатып өткіз деді кешіңді.
Өзі келді бастап жұртын мінекей
Ән мен күйдің қадірін сөйтіп өсірді.
Ал тыңдаңдар Күндебайды, ағайын... – деген өлең жолдарын табан астында шығарып, әуелетіп, әндетіп, ағылта жөнеліпті. Сол күні Жалағаш аспанында әсем ән қалықтап, жұртшылық сол кештен алған тамаша әсерлерін ұзақ уақыт жыр етіп айтып жүріпті.
Мөрәлі Шәменов 1916 жылдың 15 наурызында дүниеге келеді. Оның дүниеге келуінің өзінің қысқаша тарихы бар. Әкесі Шәмен он жеті жастағы Айым деген қызға 45 жасында үйленіпті. Үйленгеннен кейін бұл отбасында біраз уақытқа дейін бала болмапты. Содан соң Шәмен оңтүстіктегі Оқшы, Есабыз атты әулиелердің басына барып түнейді. Сонда олар «Әулиең өзіңнің қасыңда да жатыр ғой» деп аян беріпті. Бұдан кейін өз ауылындағы Түмен бабаның басына барып түнеп, Алладан бала тілепті. Түс көріп, түсіне Түмен әулие кіріп, қолына мөр басылған ақ қағаз беріпті. Көп ұзамай балалы болған Шәмен баласына Мөрәлі деп ат қойыпты.
Сол Мөрәлі 1924-1937 жылдары ауыл мектебінде оқып, 7 кластық білім алады. 1931-1933 жылдары Қызылорда қаласындағы педагогикалық техникумда оқиды. 1933-1934 жылдары мұғалім болып жұмыс жасайды. 1934-1937 жылдары Өзбекстан республикасының Ташкент облысына қарасты Төменгі Шыршық ауданында гидротехник болып қызмет атқарады. 1937-1939 жылдары Жалағаш ауданындағы Қаракеткен ауылында почта бөлімінің бастығы болады. Армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысады.
Соғыстан аман-есен оралған ол 1946-1950 жылдары облыстық кәсіподақтар ұйымының төрағасы, 1951-1955 жылдары облыстық «Ленин жолы» газетінің меншікті тілшісі және Шиелі аудандық «Стахановшы» газетінің редакторы болып, абыройлы қызмет атқарады. 1955-1963 жылдары «Коммунизм» колхозында төраға, 1963-1974 жылдары «Коммунизм» совхозының директоры болып қызмет жасайды.
Қазіргі М.Шәменов атындағы ауылдың іргетасы 1950 жылы «Елтай», «Иіркөл», «Белсенді», «Жігер» атты төрт колхоздың негізінен Молотов атындағы колхоз болып құрылып, бастау алған.
1955 жылы отызмыңдықтар саясаты бойынша М.Шәменов осы колхозға басқарма төрағасы болып келеді. Ол келгеннен бастап колхоз көшелері жөнделіп, жаңадан үйлер салынып, аяқ-су оңынан шешіліп, ағаштар егіліп, ауылдың ажары кіре бастайды. Күн өткен сайын мұндағы тіршілік жандана түседі. Колхозды Мөкең басқарғанға дейінгі кезеңде колхозшылар бір еңбек күнге 1-1,5 келі бидай немесе күріш алатын. Жаңа төрағаның келуімен еңбек ұйымдастыруда жаңаша жұмыстар іске асырылады. Соның нәтижесінде колхоздың есеп-шотына ақша түсетін болады. Колхозшылар еңбекақысына ақша алып, дүкеннен қант, шәй, басқа да қажет тауар алатын дәрежеге көтеріледі. Арада екі жыл өткенде «Молотовқа» «Таң» колхозы қосылып, «Коммунизм» колхозы деп аталады. Колхоз аудан колхоздарының ғана алдыңғы сапында емес, облыстың беткеұстар шаруашылығына айналады.
1962 жылы Жалағаш ауданы тарап, Қармақшы ауданына қосылады. Ал, 1963 жылдың мамыр айында «Коммунизм» колхозы XXII партсъезд колхозымен қосылып, жаңадан «Коммунизм» атты совхоз ашылады. Совхоздың алғашқы директоры болып Мөрәлі Шәменов бекітіледі.
Колхоздың совхозға айналуына байланысты жер көлемі ұлғаяды, жұмыс істейтін адамдардың да саны артады, атқаратын жұмыстың да көлемі күрделене түседі, шешілетін мәдени-экономикалық мәселелер де сала-салаға бөлінеді. Мөкең осылардың барлығын бір жүйеге түсіруді совхоздың басшылық буындағы кадрлар мәселесін дұрыстаудан бастайды.
Совхоз үш бөлімшеден тұратын-ды. Коммунизм ауылы бірінші бөлімше атанып, меңгерушісі – Қорғанбек Алмасов, Ақсу ауылы екінші бөлімше атанып, меңгерушісі – Тоқан Боранбаев, Таң ауылы үшінші бөлімше атанып, меңгеруші болып Кәри Бекмолдаев белгіленеді. Совхоз партия комитетінің хатшысы қызметін Шайзат Төлегенов, кәсіподақ комитетінің төрағалығын Төлеген Сүлеев атқарады. Совхоздың бас агрономы – Жұмағали Дәуітов, бас экономист – Тасқара Байниязов, бас есепші – Әбілда Тайшаев, бас инженер-механик – Сұлтанбек Алдабергенов, гараж меңгерушісі – Байна Наршаев, бас зоотехник – Нәжмадин Ысқақов, бас мал дәрігері - Сарымсақ Аппазов, бас гидротехник – Толыбек Оспанов, бас құрылысшы болып Базарбай Наурызбаев бекітіледі. Бұлардың барлығы да өндірісте ысылған, тәжірибелері жеткілікті, білікті мамандар болатын. Директор жаңылыспапты, кадрларды тауып қойыпты. Совхоз шаруашылығы алғашқы күннен бастап, жаңа бағыт алып, дамудың жаңа жолына түседі.
Жұмысты совхоздың жауапты учаскелеріне кадрларды бекітіп алудан бастаған ол, халық шаруашылығы жоспарларын орындау мәселесін күн тәртібінен түсірген емес, ол кезде совхозда 986 адам еңбек ететін.
Енді осыларды алда тұрған міндеттерді шешуге біркісідей жұмылдыру ең басты мәселе болып қаралды. Еңбек ұйымдастыру ойдағыдай жүріп жатты.
Алдымен халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсартуға баса көңіл бөлінді. Жаңа үйлер салынып, поселкеде жаңа көшелер пайда бола бас¬тады. Осы күнгі Н.Мырзалиев көшесіндегі тұрғын үйлердің көпшілігі сол жылдары салынған еді. Жұртшылық оның игілігін әліге дейін көріп отыр.
Совхоз құрылған күннен бастап, орталығы Жалағаш поселкесі болып шешілді. Әуелгі кезде кеңсе болмай, аудандық байланыс бөлімінің кеңсесіне орналасады. Өйткені мұндағылар аудан Қармақшыға қосылып, сонда көшіп кеткен еді. Бір жылдан кейін аудан қайтадан құрылады. 1964 жылы көктемде кеңсенің кесегі құйылып, сол жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
1967 жылы 70 орындық балабақша іске беріліп, оның меңгерушісі болып жас маман Ұлданай Тоқпанбетова бекітіледі. Осы жылы 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталады. Оған қаржыны Одақтың Кәсіподақ комитеті беретін болып шешіледі. Оның ол кездегі қысқаша атауы ВЦСПСделінетін. Бұған да совхоз директоры өзі жүріп қол жеткізеді. Оған оның бір жылдары облыстық кәсіподақ комитетін басқарған кезде мекеме басшыларымен қарым-қатынасының, сыйластығының жоғары дәрежеде болғандығының да көп көмегі тиеді.
Мәдениет үйінің салынуымен қатар, парк салу мәселесі қолға алынады. Алты гектар жер қоршалып, ішіне арық қазылып, аяқ су келтіріліп, ағаш отырғызылып, би билейтін алаң жасалып, парк іші жарықтандырылды. Кент халқы оның игілігін кешеге дейін көріп келді.
Салынған барлық құрылыс объектілерін қыс айларында жылумен қамтамасыз ету мақсатында орталықтандырылған жылу қазандығы іске қосылады. Бұл да ауданда тұңғыш рет іске асырылған жаңалық еді.
Осы жоғарыда баяндалған жұмыстардың басы-қасында ұдайы өзі жүріп, оны аса іскерлікпен ұйымдастырып, тиісті мәселелерді уақытылы шешіп, жүзеге асыруда Мөрәлі Шәменов өз заманында ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңалық енгізуде алдына ешкімді салмаған ауыл шаруашылығының нағыз білікті, майталман басшысы атанды.
Совхоз шаруашылығы екі бағытта жүрді. Бірі – мал шаруашылығы, екіншісі – егін шаруашылығы.
1965-1966 жылдары мал шаруашылығының базасы нығайтылып, осы бағыттағы құрылыс жұмыстары қарқынмен жүргізіледі. Сол жылдары Мөкең Алматы қаласына барып, директорлардың үш айлық курсын оқып келген еді. Сол жақтан көрген-білгенін совхоз басшылары мен мамандарын жинап алып айтып, сауын сиырлардың комплексін салу керектігін түсіндіреді. Сонымен «Ахмет базы» деп аталатын жерден 1967 жылы комплексті түрде сауын базы салынып іске беріледі. Тұңғыш рет ауданда сауын сиырлар агрегатпен сауылып, басқа да жұмыс түрлері механизммен атқарылатын болады.
Осы жылдың күзінде мал шаруашылығындағы осы жаңалықты облыстың басқа шаруашылықтарына көрсету арқылы тарату мақсатында совхозда обылыстық семинар-кеңес өткізіледі. Семинарға барлық аудандық партия комитетінің хатшылары, аудандық Совет атқару комитетінің төрағалары, аудандық ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары, барлық совхоз директорлары қатысады. Семинар-кеңесті бастан-аяқ облыстық партия комитетінің бірінші секретары Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов жүргізеді.
Арада бір жыл өткенде «Бозтай» атты жерден сол уақыттың талабына сай келетін мал бордақылау комплексінің құрылысы басталады. Комплекстің ұзындығы бір шақырым, көлденеңі 500 метр болыпты. Осы территорияны айналдыра іргетас құйылып, қам кесектен қабырға тұрғызылады. Іргетасын құюға Қарағанды қаласынан екі вагон цемент алдырылады. Бұл да Мөкеңнің тапқырлығы мен іскерлігінің арқасында ойдағыдай болып бітеді. Совхоз бойынша өнім өндіру, оны мемлекетке тапсырудың халық шаруашылық жос¬парлары жыл сайын артығымен орындалып отырады.
Совхоз құрылған күннен бастап, күріш егісіне айрықша мән беріліп, оның өнімділігін арттырудың барлық шаралары жасалынады. Алты өндіріс бригадасы жасақталады. Алғашқы жылы №1 бөлімше 650 гектар, №2 бөлімше 320 гектар, №3 бөлімше 620 гектар, барлығы совхоз бойынша 1590 гектар жерге күріш егіледі. Осы көлемнен 1963 жылы әр гектардан жоспарлы 18 центнердің орнына 21 центнерден күріш алып, мемлекетке күріш тапсырудың жоспары артығымен орындалады. Жыл сайын совхоз 460-500 мың сом көлемінде таза пайда табатын дәрежеге көтеріледі.
Ол кезде егін шаруашылығында еңбек ұйымдастырудың ең төменгі сатысы өндіріс бригадасы болатын. Бригада құрамында күрішшілерден басқа ешкім болмайтын. Бригаданың жұмыс ұйымдастыруын жақсарту мақсатында оған қажетті техникалар мен машиналар тұрақты түрде бекітіліп берілетін болды. Мұның өзі бригаданың іс жүзінде ешкімге қол созбай, жалтақтамай жұмыс жасауына мүмкіндік туғызды. Бұрын қосымша ақы бригададағы егіншілерге ғана төленсе, енді бригада құрамындағы механизаторларға да солармен бірдей төленетін болды. Мұндай жаңалықты өндіріске енгізу, КПСС Орталық комитетінің 1965 жылғы қаулысы басшылыққа ала отырылып іске асырылды.
Жыл сайын күріштік жерді тегістеу басты мәселеге айналады. Ол үшін ар¬найы механикаландырылған бригада жасақталады. Ол бригада жерді тегістеумен қатар, күріштікке су апаратын канал қазу жұмыстарымен де айналысатын. Жыл сайын осы бағытта үздіксіз жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 1970 жылы күріш егетін жердің көлемі 2000 гектарға жеткізіледі. Мұндай көлемге күріш егу ауданда алғаш рет «Коммунизм» сов¬хозында жүзеге асырылады.
Совхоз 1971 жылы 2000 гектар жерге күріш егіп, оның әрбір гектарынан жоспарлы 32 центнердің орнына 40 центнерден өнім алып, мемлекетке күріш тапсыру жөніндегі социалистік міндеттемені артығымен орындайды. Осы жетістіктері үшін «Коммунизм» совхозы облыста бірінші болып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Сонымен қатар ерен табыстары үшін СОКП-ның КСРО Жоғарғы Кеңесінің және ВЦСПС-тің «Ескерткіш туы» совхозға мәңгі сақтауға қалдырылады.
Өндіріс озаттарының еңбектері айрықша бағаланды. Күрішші Тұршабек Елеусінов Социалистік Еңбек Ері атанды. Бөлімше меңгерушісі Тоқан Боранбаев «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, күрішшілер С.Дәулетбеков пен Ә.Ысмағұлов «Ленин орденімен» және 40 жұмысшы-қызметкер медальдармен марапатталды.
Мөкеңнің, Мөрәлі Шәменовтің басқарушы ретіндегі өзгелерден ерекшелігі ізденімпаздығы мен жаңалыққа жаны құмарлығы еді. Оның жоғары дәрежедегі іскерлігі мен еңбексүйгіштік қасиеті, бірімен бірі ұштасып жататын. «Адам өмірге еңбек жасау үшін келеді, ел үшін жасаған еңбек өлмейтін еңбек» дейтін. Оның қолынан Мәскеуден шығатын «Сельская жизнь» газеті мен «Плановое хозяйство» журналы үнемі түспейтін. Сондағы жаңалықтардың ауыл шаруашылығы өндірісіне қажет-ау дегендерін енгізбей тыным таппайтын.
Мөкең тек ауыл шаруашылығының білікті басшысы ғана емес, дүниетанымы жеткілікті, қаламы қарымды адам болатын. Ағамыздың ондай қабілеті облыстық «Ленин жолы» (бүгінгі «Сыр бойы») газетінде төрт жылдай меншікті тілші болып жұмыс жасаған кезінде айқын танылды. Мәселен, оның «Мен Жанаевпын біліп қой, мә, сөмкемді іліп қой», «Дәнді қара, Дәндіқара салатын әнді қара» деген фельетондары жұртшылық назарын аударып, көп мәселенің шешімін табуына негіз болды.
Егер ол осы жолмен жүре бергенде сөз жоқ республикаға танымал қаламгер болар еді. Бірақ, оны туған жерінің тұрмыс-тіршілігі, жүдеу шаруашылығы алаңдатпай қоймады.
Осы тұста Мөрәлі Шәменов туралы ақын Жақсыбай Сарбалаевтың:
Кеудені кернегенде тығылып ән,
Сыр ұғар бүгінгі ұрпақ ғұмырыңнан,
Ал, бүгін қарап тұрсың маң далаңа,
Мәрмәр тас мәңгі мекен тұғырыңнан
Кейде біз өткен күнмен тілдесеміз,
Өзіңмен ел тарихы үндес, егіз.
Атанды Мөрәлі ауылы құт мекенің,
Еншілеп елімізді бір көшеміз.
Ей аға, нанасың ба, нанасың ба?!
Өзіңдей азамат аз Алашымда,
Сәмбі тал сағыныштан сарғаяды,
Жайқалып сұлу Сырдың жағасында, – деп өлең жолдарын арнап, жырлағанын еске алудың артықшылығы бола қоймас деген ойдамыз. Азаматтың қалың елге танылуына, қызмет бабында табаны таймай, дараланып өсуіне, шаруашылықтың қай саласында жұмыс жасаса да, еңбек еңсесінің биік болуына жан жары Ақшонық апамыздың да қосқан үлесі өлшеусіз деуге болады. Себеп, бір шаңырақтың ғана емес, бір әулеттің, тіптен бір рулы елдің алтын діңгегіндей абзал анасы болудан артық абырой бола ма, сірә?!
Ақшонық апамыз кезінде комсомол-жастар ұйымына жетекші, жинақ кассасының жауапты қызметкері, балабақша меңгерушісі, ауылдық совет атқару комитетінің төрайымы қызметтерін атқарады. Әсіресе, оның Ұлы Отан соғысы жылдары Қаракеткен ауылдық кеңесінің төрайымы қызметін атқарған кездегі жұмысының нәтижесі әлі елінің есінде.
1944 жылдың қазан айында Ақшонық Ақанай қызы Қазақ Респуб¬ли¬касының Министрлер кеңесінің кезекті мәжілісіне шақырылып, төр¬айым есебінде баяндамасы тыңдалады. Артынша оның жасаған баяндама¬сы республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне (бүгінгі «Егемен Қазақстан») арнайы мақала болып жарияланды. Апамыздың еңбегі жоғары бағаланып, Қазақ Республикасының 25 жылдығына арналған мерейтой салтанатына қатыстырылады. Мұның өзі үлкен сый-құрметтің белгісі болатын-ды.
Мөрәлі ағамыз бен Ақшонық апамыз 1939 жылы үйленіп, шаңырақ құрады. Содан кейінгі жұбайлық өмірлерінде жеті балалы болады. Олардың барлығы да тәрбиелі болып өсіп, жоғары білім алды.
Айтмұрат аудан, облыс көлеміндегі құрылыс мекемелерін басқарып, облыс әкімінің орынбасарлығына дейін көтеріледі. Кейін кәсіпкерлікпен айналыс¬ты. Дүниеден ерте озды.
Ғылым жолына түскен Атамұраты экономика ғылымының докторы атанды.
Өмірбек әке жолын ұстап, шаруашылықты басқарды. Аудан әкімі болып, жемісті еңбек етіп, ел құрметіне бөленді.
Қыздары Балжан Әлеуметтік даму мен денсаулық сақтау министрлігінде департамент директоры, Айман мен Айжан кәсіпкерлікпен айналысады, Балқашы агроколледж директорының орынбасары қызметін атқарады. Шүкір, бәрі де өз орталарында әке атына көлеңке түсірмей, абыройлы еңбек етіп келеді. Өмір жалғасы, өнегелі ұрпақ жалғасы деген осы болар.
Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, 1946 жылы елге келгенде оның кеудесінде «Қызыл Жұлдыз», Отан соғысының I, II дәрежелі ордендері және жауынгерлік төрт медалі болған екен. Бейбіт өмір кезінде нәтижелі еңбегінің қорытындысымен олардың қатарына «Ленин», «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдар қосылды.
Туған жерінің көркеюіне, ақкүрішті алқапқа айналуына саналы өмірін сарп еткен, бітімі бөлек, кесек жаралған Мөрәлі Шәменов ағамыз 1974 жылы 11 қыркүйек күні 58 жасында дүниеден озды.
Өнегелі өмір иесі атанған қайраткердің ісі қанша уақыт өтсе де, елді сүю мен оған қызмет етудің үлгісі болып қала бермек.
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.
Тасқара БАЙНИЯЗОВ,
ауданның Құрметті азаматы, қаржы саласының ардагері.