Нағыз полковник

Нағыз полковникБіздің балалық, бозбалалық кезеңіміздің қызықты, думанды күндері өткен ғасырдың 70-жылдарымен, бүгінде тарихқа «тоқырау» деген атаумен енген дәуірмен сабақтасып жатыр. Бірақ, сол кездегі алып-ұшқан бала көңіл сол тоқыраудың не екенін сезбей-ақ өсті, есейді, ер жетті. Сегізінші сыныпта бізге Қызылорда қаласындағы №212 орта мектепте физика пәнінен Әбілда Көккөзов есімді ағай сабақ берді. Оны оқушылар «боксер ағай» деп атаушы еді. Біз алғаш рет Бапалақов есімін сол кісінің аузынан естідік. «Шанхайдың» (Қызылорда қаласының солтүстік беткейдегі өңірді осылай атаушы еді) бозбалалары сол дәуірде Абдат Бапалақовты, Әбілда Көккөзовті өздерінің кумирі санады, олардың тұлғасын көз алдарына кәдімгі ертегідегі хас батырлардай, үнді фильмдеріндегі әлсіздер мен жоқ-жітіктерге пана болған алпауыт, сағы сынбайтын кейіпкерлер секілді елестетуші еді. Несін айтасыз, сол заманда аты аңызға айналған қалалық, облыстық комсомол комитеті жетекшілерінің бірі Абдат Бапалақовпен тілдеспек түгіл, жүзін көрудің өзі біз үшін арман еді-ау.
Жылдар өтті. Арман қуған бозбалалар шартарапқа аттанды, олардың тағдырлары да қилы-қилы болды. Ал өзім бала кезімдегі кумиріммен дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан сонау бір 90-шы жылдардың орта шенінде алғаш рет жүздестім. Бұл Абдат ағаның облыстық қауіпсіздік басқармасы бастығы дәрежесінен отставкаға шығып, «Оңтүстікмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің басқарма бастығы болып тағайындалған кезі болатын. Міне, біздің таныс-білістігімізге қазір 20 жылдан астам уақыт болыпты. Ал бұл бүгінде 70-тің  асуын игерген тұлғасы биік азамат туралы аз-кем қалам сілтеп, оның көңіл сырын ашу үшін жеткілікті уақыт ғой деп ойлаймын.
Абдат аға туралы айтқанда біздің көз алдымызға зұлмат заманның қасіретті оқиғалары тізбектеліп өтер еді. Орда бұзар шағында әкесі Бермұхамед аштық қасіретінен алғашқылардың қатарында Қырғызстан асты. Қырғызстанның көмірлі өлкесі – Сүліктіде шахта бастығы деңгейіне көтерілді. Осында тарығып, жүдеп-жадаған ағайындарын көшіріп алды.
Абдаттың әкесін қырғыз жерінде қол¬да¬ған, жол көрсеткен абзал азаматтар бол¬ды. Еңбекқор, сауатты, іскер қазақтың қайсар¬лығына тәнті болған Төребай Ку-латов солардың бірі еді. Кейін ол Қырғыз республикасының Жоғарғы кеңесінің төр¬ағасы лауазымына дейін көтерілді.
Соғыстан кейін әкесі мен анасы Ұлтай Қырғызстанда дүние есігін ашқан қыздары Зоямен бірге елге оралды. Кез келген жұмысты ұршықша үйіріп, шаруаны дөңгелентіп әкететін отағасына жұмыс табу қиынға соққан жоқ. Әуелде Сталин атындағы балалар үйіне шаруашылық меңгерушісі болып қызметке алынып, көп ұзамай ет комбинатына жұмысқа тұрды.
Абдат аға ел әлі сұм соғыстың зардабынан айықпаған 1946 жылы жарық дүние есігін ашты. Қызылорданың ескі базар маңында көбіне-көп өзбек-тәжіктердің қарасы қалың, көрші-көлемнің де көпшілігі сол ұлттардың өкілдері. Абдаттың атын әжесі Қара кемпір қойды. Тағдырдың талайына мойымаған, бес күндік өмірді еңбекпен, бейнетпен өткізген қария аузына түскен есімді қоя салмапты. Сол уақытта Қызылорда қаласындағы  қазіргі «Ескі базардың» орнынан алғаш базар ашып, кейін  1950 жылдарға дейін соны басқарған Абдаһат деген өзбек азаматымен әкесі Бермұхамед жақсы қарым-қатынаста болған екен. Қайырымды, қолы ашық, жүрегі жомарт, қала жұртының алғысына бөленген жаны жайсаң жанның есімін ырым ғып жаңа туған нәрестеге еншілетіпті.  
Әкесі Бермұхамед уақыттың тынысын дөп басатын кісі еді. Абдат қалада отбасымен аралас-құралас болған тамыры Иван Подольскийдің үйінде жатып оқыды. Орыс тілін кәдімгідей меңгерді. Осипенко атындағы мектепте орыс тілінде оқыды. Арманы КазГУ еді, бірақ жоғары білім алу несібесі Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пединститутынан бұйырды. Осында Әбекеңнің боксқа деген құштарлығы жаңа қырынан көрінді. Институттың абыройын республика, одақ деңгейіне дейін көтерді. Қызылордадағы жалғыз жоғары оқу орнында Абдат аға көшбасшы, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, жастар оның соңынан ерді, бірінші курста жүріп-ақ қаланың комсомол комитетінің мүшесі болып сайланды. Бұл әлбетте, жігерлі жасты алға жетелейтін үлкен асудың алғашқы баспалдақтары еді.
Жалындаған жастық шақтың асылы көп нәрсенің байыбына терең бойлап, өміріңе қажетті деген игіліктерге құштарлық се¬зімін оята қоймайтыны заңдылық секілді. Бірақ табиғатынан зерек болғандықтан шығар, Абдат аға тез есейді. Алғашқыда қалалық комсомол комитетінің, кейін облыс¬тық комитеттің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол комсомол жетекшісі, сонымен бірге осынау нәзік те күрделі буынның облыстағы бірінші басшысы. Алға жетелейтін идея дегенің шашетектен, кеңестік жүйенің жалындаған жастары сол идеямен қаруланады, сол идеямен өмір сүреді, сол идеямен таң атырып, ұйқыға кетеді. БАМ құрылысы, Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу, сұлу Сырда жақаевшылар қозғалысы – өрісін кеңге жая бастаған тынымсыз өмір...
Әбекең 1977 жылы обком комсомолдың бірінші хатшылығынан Мәскеуге – КГБ-ның жоғары басшылық қызметкерлерін дайын¬дайтын мектепке сол кездегі обком партияның бірінші хатшысы Исатай Әбдікә¬рімовтің ақ тілегімен аттанған еді.
Сол дәуірде қауіпсіздік органы дейтін алып империяның алпауыт күшінің тау өзеніндей буырқанған, тасыған ағысының тегеуріні күшті еді. Ол «абайла бала, шоқ басып қалма» дегендей ескерту жасап қоятын сыңайлы. КГБ мектебінде оқып, тағылым алғандардың қатарында сауысқандай сақ жүріп, бедел-абырой жинап, қызмет баспалдағымен тасы өрге домалағандар да, бағы тайып, шыңырау түбіне қарай құлдырап кеткендер де аз болған жоқ. Барлығына уақыт төреші, бақ пен бақытсыздықтың арақашықтығы бір-ақ сүйем.
Бапалақов жолдамамен Целиноград облыстық қауіпсіздік басқармасына келді. Әлі есінде, 1980 жылы Шортандыда Одақты дүбірлеткен халықаралық конференция өтетін болды. Алайда әлемнің түкпір-түк¬пірінен жиналған адамдардың барлығы астық шаруашылығының жаһандық проблемасын зерттеп, Қазақстан жетістігінің озық үлгі¬лерінен үйренуге,  тәжірибе жинақтауға кел¬мегені анық еді.
– Мәскеуден тиісті арналар арқылы алын¬ған хабар бойынша симпозиумға келе¬тіндердің ішінде АҚШ-тың Кеңес Одағын¬дағы елшілігінің әскери атташесі бар. Ол шынтуайтына келгенде ЦРУ-ға қызмет жасайды. Мәскеудің дерегі осындай. Ақмола өңіріндегі егін шаруашылығына байланысты әзірге құпия саналатын деректерге қанығуға, мүмкіндігінше шұғыл мәліметтер қолына тисе, оларды өз резентурасына осы жерден хабарлауы мүмкін. Оперативті топтың міндеті – осындай жағдай туындаса, агентті қылмыс үстінде әшкерелеу, – деді Целиноград облыстық мемлекеттік қауіпсіздік басқарма¬сының бастығы, полковник Жақия Сейт-қазиев.
Бұл орайда оперативті топ құрылды. Топ басшысы қарсы барлау бөлімі бастығының орынбасары Бапалақов. Американдық тың¬шы «Есіл» қонақ үйіне орналасты. Тыңшы десе, тыңшы екен. Жинақы, ұқыпты, әрбір қадамына сақ, жергілікті ғалымдармен де жақындаса бермейді. Абдат бастаған топ тыңшының жатқан бөлмесіне жасырын түрде тыңдайтын аппаратура орнатып үлгерген еді. Бірақ әлгі шпион ештеңе сездірмейді. Ол жоқта оперативті қызметкерлер бөлмесін ашып кіріп, заттарын тексеріп көрді. Күдікті ештеңе табылмады. Бірақ әскери атташе кезекті сапар алдында бірдеңені ұмыт қал¬дырғандай дәліздегі дәретханаға жиі кіреді. Қолында қолшатыры және тоқылған тор сеткасын қолтығына қысып алып, онда ұзақтау отырады. Оперативті қызметкерлер қателесті, себебі дәліздегі жалпы дәретхана бақылаудан тыс қалған еді.
Арнайы топ шұғыл шешім қабылдады. Целиноградтың милиция органдары басшы¬ларына тапсырма берілді. Тез арада қалта ұрыларын іздестіріп табу қажет. Қауіпсіздік басқармасына жеткізілген кәкір-шүкір ұры¬лар оперативті қызметкерлерге ұнай қой¬мады. Кәттасы керек! Әккі ұры ақыры Қарағандыдан табылып, ол шұғыл түрде Целиноградқа жеткізілді. Кәріс ұлтынан екен.
– Мен сізді танимын, қызылордалықпын, – деді ол Абдатты көрген бойда. Тіпті нақтылап Шиелі қонысынан екенін де  айтып салды.
– Танысаң дұрыс болды. Бірақ сен бұл туралы, алдағы берілетін тапсырма туралы ешкімге тіс жармайсың. Қызметіңнің ақысы төленеді, оған қам жеме, – деген Абдат жерлесіне тапсырманың барысын түсіндіре бастады.
Кәріс жігіт ойланып қалды. Себебі оған берілген тапсырма өзі күткендегіден біршама күрделілеу еді. Оған американдықтың суреті көрсетілді. Қолтығында қыстырып ұстайтын тор сеткасының ішіндегі затты қолға түсіру керек. Сетканы ұрда-жық қимылмен түгелдей қолға түсіруге болмайды. Тыңшы секем алып қалады. Ұрыға керегі «әмиян», яғни «ақша». Әдетте, үйреншікті дағды бойынша қалта ұрылары өткір затпен сетканы тіліп жібереді. Кәріс Абдатқа қолындағы 5 тиындық теңгенің әбден үшкірленген жүзін көрсетті. Екі саусағының арасында әлгі теңге ойнақшиды. Кәдуілгі цирк әртісі секілді.
– Бұл анау-мынау сетканың парша-паршасын шығарады, – деп масаттанды әлгі. – Бірақ менің шартым бар. Аме¬рикандық адамдар шоғырланған жерде болуы керек. Қақтығысып, соқтығысып жатқан абыр-сабырда жасалады мұндай тіршілік, – деді өзінің айла-тәсілдерінен хабардар етіп.
Ұрының айтқаны орындалды. Ар¬найы оперативті топ қызметкерлері амери-кан¬дықпен апақ-сапақта соқтығысып, бір-бірінен кешірім сұрап, жасанды ілтипат көрсетіп жатқанда қолтықтағы тор сетка лып етіп жерге түсті. Әккі ұры емес пе, «кешіріңіз, ғафу етіңіз» деп елпең-елпең қаққан ол қолындағы тиынның жүзімен тор сетканы тіліп-тіліп жіберді. Көз ілеспес жылдамдықпен қимылдағаны соншалық, американдық не болғанын сезбей қалды. Бірақ кәрістің өңі сұрланып кетті. Ештеңе тындыра алмағанын енді сезді. Тор сетка болат сымдармен тоқылыпты. Тиынның үшкірленген жүзінің оны тілуге қауқары жетпеді. Бұл енді әбден ойластырылған операцияның сәтсіз аяқталуы еді. Мұны оперативті тілде «провал» дейді. Ұры «енді қайтейін» дегендей оперативті қызметкерлерге көзі жәутеңдеп қарағыштай берді.
Ертеңіне басқарма бастығы оперативті топ қызметкерлерін жинап, олардың атына қолайсыз әңгімелер айтылды. Қысқасы, «сыбағасын» берді. Операцияның екінші кезегі ұйымдастырылды. Абырой болғанда екінші операция дипломатиялық жанжалсыз сәтті орындалды. Ал бұл арнайы қызмет орындарының жұртшылыққа жария етіле бермейтін құпиясы еді...
Әбекең Целиноградтан қызмет реті бойынша Қызылорда облыстық мемлекеттік қауіпсіздік басқармасына ауысты. Бұл күллі Одақ көлемінде жариялылық пен демократияның арайлы таңы атып, елдің кең тыныстаған, көңіл түкпірінде іркілген ойдың буырқанып сыртқа атқылап жатқан заманы болатын.
Обкомның жаңа бірінші хатшысы Е.Әуелбековтің басқарма қызметкерлерімен жеке-жеке танысып, бөлім бастығы ретінде Абдат ағамен оңаша пікірлескені әлі есінде. Жариялылық дегенмен әлі де көп нәрсе айтыла бермейді, себебі жергілікті жердегілер Мәскеуден сескенеді. Ал Әуелбеков біраз нәрсеге КГБ-ның белді қызметкері арқылы қаныққысы келді. Қанықты. Көп ұзамай облыстық партия комитеті бірінші хатшысының қабылдау бөлмесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының бастығы – тәкәппар генералдың оны тағатсыздана күтіп отырғанын обкомдағылардың біразы көріпті деген хабар да халыққа желдей есіп тараған еді.
Кеңес Одағы тарайтынның қарсаңында Қызылордаға Қазақстан Республикасы Мем¬лекеттік Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Николай Вдовин келді. Тұла бойы тұнып тұрған чекист, бірақ Қазақстанда өсіп, осында карьера жасаған оның бойында ұлттық кадрлардың еңбегін елемейтін, жорта білмегенсу, барлығын «өзім білемге салушылық» психология басым болатын. Әбекең Вдовиннің алдында жергілікті ұлт өкілдерінің қызмет сатысымен өсірілмей, назардан ұдайы қалыс қалатынын ашына баяндады. Вдовин биліктің өз уысынан кетіп бара жатқанын түсініп, амалсыздан бірталай кадрлық өзгерістер жасауға мәжбүр болды.
Абдат аға Оралда тағы бір сынаққа тап болды. Ол Батыс Қазақстан облысының ұлттық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары қызметінде еді. Кеңес үкіметінің іргетасы мүжіліп, қабырғасы қаусай бастағанда Бүкілресейлік казачество Орал казактарын айтақтап, сырттан рухтандырып, Орал аймағындағы казактар күшімен Ресейден көшкендерінің 400 жылдығы дейтін датаны атап өтуді ұйғарды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл оқиға¬ның бастау алуы мен өрбуінен толық ха¬бар¬дар болып отырды, қадағалау-ба¬қы¬¬лау күшейтілді. Дегенмен, Абдат Бер¬-мұхамедұлына бастығы Владимир Червя¬ковтың ұстанымы ұнамады. Себебі, қа¬лып-тасқан жағдайға бей-жай қарап, сыл¬бырлық танытты. Ал, казактар болса, ертең құрылтай жасаймыз деп дүрлігіп жатыр.
Абдат Бермұхамедұлы жағдайды назарға алып, өзінше әрекет жасауға бекінді. Ойын дөп басқандай осы сәтте оған обкомның бірінші хатшысы Нажмадин Есқалиев келуін өтініп, телефон шалды.
Әбекең Есқалиевке Червяковтың казак¬тарға астыртын қолдау көрсетіп отырған¬дығын айтты. Облыс басшысы әуелгіде салқын тыңдап отырған, соңына таман түтігіп кетті.
– Жұмысты өз қолыңа ала бер, мен жоға¬ры жақпен сөйлесемін, - деп шығарып салды.
Артынша казактардың бей-берекет бассыздығына жол бермеудің барлық те-тігі іске қосылды. Яғни, халықтың қарсы¬лығына сүйену негізге алынды. 15 қыркүйек күні таңертең «Зенит» стадионына казак¬тар құрылтай өткізуге жиылды. Сол ме¬зетте митингіге шыққан мыңдаған қазақ бассыздықты тоқтатуды талап етті. Талап орындалды, казактар стадионнан тым-тырақай қашып, әзер құтылды. Айтқандай, басқарма бастығы Червяков оқиғадан кейін көп өтпей қызметінен босады. Босағанда да оны Ресей асырып жіберді...
Әбекең 1992 жылы Қызылорда облыс¬тық ұлттық қауіпсіздік басқармасының бастығы болып тағайындалды. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын әріптестерімен бірге көтерді. Қауіпсіздік органының Бай¬қоңыр қаласындағы басқармасын ашуға ықпал жасады. Қилы-қилы оқиғалар болды. Бұзақымен де бетпе-бет келді. Жемқор ұры-қарылар алдында азаматтық арына кір шалдырмай таза жүрді. Осы қасиеті үшін әріптестері құрмет тұтты. Ескеретін жайт, А.Бапалақов жалпы Сыр өңірінде туып-өсіп, тәрбиеленген қауіпсіздік саласының тұңғыш полковнигі.
1995 жылы отставкіге шығып, «Оңтүстік¬мұнайгаз» бірлестігінде еңбек етті. ҚР Метрология, стандарттау және сертификаттау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент бастығы қызметін абыроймен атқарды.
Қазақта «жігітті танығың келсе, досына қара» деген сөз бар. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров пен Абдат Бермұхамедұлы айнымас достар. Ал кешегі кеңестік жүйеде Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы, кейін республика мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы бол¬ған Закаш Камалединовтің Абдат ағаның отбасымен сыйластығы жарасымды. Олардың қатарына қауіпсіздік органының арда¬гері, белгілі тұлға Болат Байекеновты қосуға болады.
Абдат аға бүгінге дейін өзінің 70-ші жылдардағы комсомол достарымен, қауіпсіздік органдарындағы әріптестерімен жиі араласып, бас қосып тұрады. Олар Әбекеңді досқа деген адалдығы, ешкімге жалтақтамайтын ер жігітке тән бірсөзділігі үшін сыйлап, құрметтейді. Абдат аға жұбайы Клара Шаймерденқызымен бірнеше ұл-қыз, немерелер тәрбиелеп өсіріп, олардың өмірден өз орындарын табуына ықпал жасаған өнегелі шаңырақтың берік тірегіне айналды. Бүгінде өмірдің жетінші белесін аттаған Әбекеңе, отбасына баянды бақыт тілейміз.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
ТАҒЫЛЫМ 19 қараша 2016 г. 868 0