Белгілі ақын Темірше Сарыбаевты өмірінің ақырғы сәттерінде ғана аз уақыт көріп, сол шамалы сәттердің өзінде туғанымдай бауыр басып кеткен болатынмын. 2011 жылы ақын аға туған еліне – Сыр бойына келіп, мерейлі жасын – 70 жылдығын тойлады. Жанында ақынның шашбауын көтеріп қазақтың белді азаматтары, ағамыздың достары Сейфолла Оспанов, Қаһарман Бабағұловтар жүрді.
Бұрыннан сырттай таныс, өлеңдері мен ауызша хикаяларын алыстан қызыға естіп жүрген мен үшін бұл келіс тосынсыйдай көрінді. Ойым – ағаны университеттегі өзім ұйымдастырып жүрген «Жас толқын» әдеби шығармашылық бірлестігінің студент ақындарымен кездестіру. Бұл ойымды әуелі Серікбай Оспанов ағаға білдірдім. Ол кісі: «Қарсы бол¬мас, ағаңның өзіне айтып көрсеңші» – дегенді ұқтырды. Қысқасы, аяқ астынан Темкең ертеңіне бізде қонақта болатын болды. Келісім сол. Біз қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Бұл хабардан құлақтанған университет ректоры Қылышбай Алдабергенұлы да бей-жай қалмады. Қадірлі ағамызды лайықты қазақы қаде-қауметімен қарсы алуды ұйымдастырып берді. Университеттің студенттер сарайының фойесінде өткен сол бір қызықты жыр кеші әлі күнге есте. Мінбеге көтеріліп, өзінің бала кезіндегі бір оқиғаға құрылған, велосипед туралы өлеңімен жыр жиһазын жаймен ақтара бастаған ағамыз жырсүйер жастарды сезім тереңіне арбай түсіп, әп-сәтте баурап-ақ алды. Біраздан соң ағамызды сәл демалдырып, жастар жағы жыр додасын іле жалғап алып кетті. Жас буынның аяқ алысына риза болды ма, әлде балауса жырлар өзінің ішкі бір көкей-көкірегіндегі нәзік пернелерін тербеп кетті ме – ағамыз кеш соңына қарай көсіле, шешіле тебіреніп сөйледі. «Шырағым-ау! – деді бірде аға, – Мен мынадай жастардың орта-сында жүрмей, Алматыда неғып адасып жүргенмін... Елге келмек ойым дұрыс екен, енді мен бұл ортадан айырылмайтын боламын...» , – деді аға ағынан жарылып.
Ия, ағамыз елге келді де. Бір кездері өзі аңсап, іздеп барған ару қала¬сын, шығармашылығына ақ жол ашқан Алматысын біржолата қалдырып, қиналғанда жанына жалау болған жары мен кішкене қос бүлдіршіні Шадыман мен Шаттығын ертіп көтеріле көшіп келді. Әрине, салулы төсек, салқын үй алдында дайын тұрмағаны да белгілі. Бірақ Темкең сол күндері еш қиындыққа қың демей, бәрі жақсы болады дегеннен басқаны ойламайтын. Бірде «Ягодка» саяжайындағы бір туысының үйіне орналасқанын айтып, өзі ертіп алып барсын сонда. Күздің қоңыр салқыны сыз бере бастаған кез – едені салынбаған шағын үйдің төрінде астына төрт қабат көрпені төсеп алып, ағамыз қаннен қаперсіз, хан төрінде отырғандай шалжиып отырды. Сонан соң: «Менің таңдамалым шықты, Шанжархан-ау, – деп, бір бума кітаптың ішінен біреуін суырып алды да, қолтаңба жаза бастады... Сәлден кейін: Мына жер тіпті ыңғайлы болды маған, өзім де осындай бір орын іздеп жүр едім. Дария қасымда, күнде таңмен тұрып, қармағымды аламын да, ба¬лы¬ғымды аулап отырамын... тіптен рахат! Мылтығым да оқтаулы. Ал енді бар ғой, менде тағы бір қармақ бар, қажетті құралымен дайын тұр, енді келгеніңде екеуміз қатар отыратын боламыз, көрерсің әлі, - дейді ағамыз мәз болып... Менің ойымда – сырттағы қара суық, салқын күз. Ызғырығы, ойласам-ақ, сүйегімнен өтердей болып, тоңдырып ба¬ра жатқандай... «Ертең қыс келіп, кәрі құда құшағын қыса түскенде, аға¬мыздың күйі не болмақ?..» деген ойлардың жетегінен шыға алмай отырдым...
Ия, қайран дүние!.. Ағамыз қыстың қақаған суығына ұрынған жоқ. Жаңа жылға бір күн ғана қалғанда, ойда жоқта бұл тәлейлі тіршілікпен қоштаспастан-ақ, аяқ астынан ана дүниеге сапар шегіп кете барды...
Өлең жолына ерте-ақ түскенімен, бойындағы осынау асыл қасиетін көпке дейін булығып шығара алмай, тек кейінгі жылдары ғана қыран қанатын жая бастаған ағамыздың жыр әлемі ғана емес, адами тіршілігінің өзі бір жайсаң жырдай көрінеді. Жанына жиған достарының өзі қазақ өнерінің беткеұстар тұлғалары – Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Серікбай Оспанов, Қажытай Ілиясов, Исрайыл Сапарбай, Жүрсін Ерман болып келетін ағаның ізіне ерген інілері де бір шоғыр. Белгілі ақындар Ибрагим Исаев, Ғалым Қалибекұлы, баспагер інісі Махмұт Қосмамбетов, кәсіпкер Жұмабек Табын Құтжанов інілері аға¬ның жылдық асына біртомдық естеліктер жинағын шығарып алып келгенінің өзі қандай ғанибет?!
Кезінде қазақ поэзиясының жанашыр абыздарының бірі Әбу Сәр¬сенбаевтың оң назарына ілігіп, сол кісінің қолдауымен жыр ошағын лаулата бастаған ақын ағамыз бір сөзінде: «Мен өлеңді ізінен қуып жүріп жазбаймын, өлең өзі іздеп келеді» деген рәуішті бір сырын аш¬қан болатын. Шынында да, оның өлеңді өлерменденіп жазбағаны бай¬қалып-ақ тұрады. Бірақ ақынның тас бұлақтың суындай әрбір өлеңі өзінің айқын суретімен, әдемі ойымен ерекше. «Шарасызбын алдыңда, таудай далам, Түнеріп-ақ келіп ем, жаумай барам. Ызғарынан заманның ықтын іздеп, Жел айдаған бұлттан аумайды адам. Жалғандықтың жор¬тақтап көшесімен, Сан жібердім ақымды есесімен. Абай ішкен сол уды мен сімірдім, Тастап кеткен ақынның кесесімен» – деп жырлаған ақын оқырмандарына «Дария-дәурен» (2001), «Мазалай бер, махаббат» (2008), «Мамырстан» (2009), «Айналайын, ағайын» (2012) атты жыр жинақтарын ұсынды. Темірше Сарыбайұлының Таңдамалы өлеңдер жинағы ақынның көзі тірісінде 2012 жылы жарық көрді.
Ол шағын лирикалық өлеңдерімен ғана емес, қызықты сюжетті хикаят балладаларымен де ерекшеленіп көрінді. «Достық хикаясы» аты шағын дастаны шынайы достық сезімнің әфсәнауи үлгідегі бір ғажап ескерткіші-сынды. Ақын өлеңдерінде оның өз еліне, халқына деген жүрек лүпілі мен туған жерге деген сағыныш сезімі, махаббат музасына шынайы берілген сезімтал да сыршыл жан күйі ақтарылады. Бүгінде Сыр өңірі өзінің 75 жасқа толып отырған сыршыл ақынын еске алып, туған жері – Жалағашта дүбірлі жыр додасын жасап жатыр. Жаны бір жайсаң жақсы жырдай болып өрілген ақын рухы елімен бірге жасай бергей.
Шанжархан БЕКМАҒАМБЕТОВ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің доценті
филология ғылымдарының кандидаты.