Құдайым оған әу бастан бәрін бере салған. Таудай тұлғасы талайға ық болуға жарайды. Оған байқалатын жерде байқалмау, табыстың буына пісіп дандайсу мүлдем жат. Кез келген ортада сыйластық сәнін келтіреді. Алғаш рет көріп тұрған бейтаныстың өзін елеусіз қалдырмай, бауырға тартады.
Нан табар кезден бастап талабы жүріп берді. Өмір белестерінің ұңғыл-шұңғылы алғысқа толы. Ағаларға атқосшылық – жастайынан бойына сіңген қасиет. Білгенін пұлдамай, тосылыңқырап қалғанды қосарға алу кісілік жоралғысына айналған. Қуанғанды қуаттап, жабырқағанды жадыратса ғана жаны жай табады.
Қадірі бөлек бұл азамат – Аралдың абыройлы да айбатты тұлғаларының бірі Зияғаладин Өтенов. Алыстағы Ауан ауылының тумасы. 1962 жылы орта мектепті тәмамдау бойына балық зауытында еңбек жолын жылымшылықтан бастаған. Ұзындығы 600 құлаш жылым торын алты ескекті түйедей қайыққа тиеп алып, айдын төсін шиырлап жағалауға ыңыранта тоғыстырғанда, маңдайдан шыпшыған тер кеудені жуып кететін. Бригадир Мырзажан Сахиев жүзінен шуақ төгіліп, білегінен қуат қайтпаған балаң жігіт Зияғаладинге дән риза.
Ол ырым мен ықыласты ешқашан бөле жарып көрмепті. Ниетіне қарай нәтиже күтілетініне әлі күнге күмәнданбайды. Кейінгі көңіл тоқтығын бастапқы еңбек қадамындағы ерен жетістікпен байланыстырғанда, жанары жарқыл қағады. Осыдан елу жыл бұрынғы керемет олжа бүгінгілер үшін ертегідей елестейтіні хақ. Бұлар 1 мамыр қарсаңында құтты қуыс «Сарыкөлден» су маржанын сүзіп жатқан. Балықшылар бел суытып, дамылдаған сәтте қосқа Ауан балық зауытының директоры Кеулімхош Тәңірбергенов кіріп келді. Жайдары басшының қоржыны қомақты. Шалқардан марқа қозы ала шығыпты.
– Жігіттер, еңбек рапорттарыңа қанықпын. Табыстарың таси берсін. Жаңа жолшы¬бай жарқабақтан «Сарыкөл» айдынын дүр¬бімен шолып едім. Ұшаннан бұрқылдаған лай көрдім. Бұл – олжа нышаны. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендейін, шаршасаңдар да менің мерейім үшін бір мәрте жылым торын жайыңдаршы!-деп қолқа салды.
Бұйырса да бұлталақтай алмайсың. Қы¬дыр¬машы, сыралғышы емес, тікелей бастық¬тың меселін қайтарып жын ұрып па?! Мырзажан бригадир Зияғаладин бастаған бұла күшке иек қақты. Жұлқынды жастар айдын төріне өрледі. Бұрын бір сағатта әзер үлгіретін жылым салу машақаты бұл жолы бар-жоғы отыз минутқа созылды. Мына ұқсастыққа не дауа?! Жағада қозы сойылып, қазан қайнап жатса, теңіз төріндегі лай балық ойынының гүмпілі жанартаудай атқылайды.
Құдая тоба, шонтай сірескен бекіре, абақ толы бекіре! Жобасы 500 центнерге ма¬ңайлайды. Бұл дегеніңіз – бекіре аулаудағы жаңа рекорд! Майлатты деген осы! Қарсы беттегі он шақырымдық «Шөмішкөлге» екі күн тынбастан қайықпен бекіре тасыған өндірдей жігіттер ерледі. Кеулімхош аға адал еңбектің өтеуіне тарлық қылмады. Жылымшылардың әрқайсысына кейін тұзға піскен екі бекіреден сыралғы берді. Әсіресе, оқуға талап қылған Зияғаладин сияқты арманшылдарға бұл олжа ақжол ашты.
Екі жылдай тайдай тулаған бекіре, сазан, жайын¬мен қазан қайнатқан жағалау тірлігін артқа тастап, 1964 жылы Шымкенттегі кино¬механиктер дайындайтын мектепке маңдай тіреді. Қоладан құйылғандай қайратты сту¬дентке жаттықтырушылардың да көзі түсті. Бокс пен күрес үйірмесінде алма-кезек жаттықты. Ауылдың апайтөсі Алдабергенге күрес тәсілін үйреткен өзі болатын. Аталған кәсіби орданы 1965 жылы үздік бітіріп, әскери борышын өтеуге шақырылды. Темір тәртіп оны еліне құралақан қайтарған жоқ. Артиллеристер дивизионында клуб мең¬герушісі болды. Иығында старшинаның жал¬пақ сары жолағы жалтылдап, қыз-қырқынның буынына түскен жігіттің шоқтығы биіктеді. Саптың сәнін келтірген маңғаз қазаққа өзге ұлт өкілдері де қызығатын.
Туған ауыл тірек тұтар ұлын құшақ жая қарсы алды. Сәттілік бірінен соң бірі үстемеленіп жатты. 1968 жылы Ақбасты төл киномеханигін тапты. Келер жылы ауылдың ерке сылқымы Нәбирамен жүрек лүпілі үндесті. Содан былай Өтен әулетінің ғана емес, ағайын-жекжаттың да ту ұстары. Ісіне мығым, озық ойлы маманды жоғарыдағылар да тез аңғарды.
1972 жылы Қызылорда облыстық кәсіп¬одақтары кино кеңесінің Арал ауданындағы төрағалығына бекітілді. Он бес жылға ұласқан осы мәртебелі қызмет оны аудан өмірін бес саусақтай білетін іскер ұйымдастырушы етіп қалыптастырды. Тәжірибе алмасу сапарлары ел аралатты, жер танытты. Түрлі жиында ой түюге, ұтырлы ұсыныс тастауға бейімделді. Білімін тереңдету, жан-жақтылық мүддесімен Алматыдағы кино және сауда техникумын еңбектен қол үзбей бітіріп, қос мамандық дипломын қанжығаға байлады.
Бірінші мамандық Зияғаладинге әжептәуір танымалдық әкелді. Сыр бойындағы әріп¬тестері арасында оза шауып, ВЦСПС-тің Құр¬мет грамотасымен марапатталды. Өр кеудесіне «КСРО кинематографистерінің үз¬дігі» төсбелгісін тақты. Әйткенмен, екінші мамандық та іштен тырнап жатты. Заман ағымы да солай қақпайлады. Ақырында мәдени қызмет шамшырағы халыққа қызмет көрсету аясын кеңейтіп, сауда саласында бақ сынауға тәуекел етті. 1988 жылы оған аудан басшылығы тарапынан сенім білдіріліп, Авань балықшылар тұтыну қоғамын басқару жүктелді.
Өтенов «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген кертартпа пиғылға алданған жоқ. Туған жеріне азаматтық парызын өтеудің мүмкіндігін адал қызметімен ақтады. Та¬быс¬ты тоғыз жылда тыным тапқан кезі жоқ. Ақбастыдағы шипалы суды Мәскеуге де¬йін тексертіп, емдік қасиетіне кепілдігін заңдастырды. Алматыдағы жақын ағасы Муф¬тулла Дабыловтың материалдық көмегімен пансионат, қонақ үй тұрғызды. Аудандық балықшылар тұтыну одағының төрағасы Тілес Бохаев қуана құптап, қолдау көрсетті. Экологиялық зардап қажытқан шалғайдағы тұрғындар буын, тері, асқазан ауруларына дауа тапты. Сөйтіп Зияғаладиннің атағы алыс¬қа жетті.
Нарық дүрбелеңінде әбігерленбей, тығы¬рықтан шығудың ұрымтал тұстарын екшей білді. Ауыл кооперациясына мал ұстаудың тиімділігін ескеріп, қосалқы шаруашылық құрды. Тауар тасқыны толастауына байла¬нысты «Ақсайды» бөгеп, іркілген қар суын бақшалыққа нәр етті. Қауын-қарбыз, ас¬қабақ бітік шығып, артылғанын аудан орта¬лығындағы жәрмеңкеге шығарды. Зат атау¬лының қат кезінде азық-түлікті Ақтөбеден тасымалдады. Қарамағындағы 35 жұмысшы-қызметкерді пайдалы іске тартып, Құланды мен Ақбастыдан жаңадан дүкен, қойма салды. Қосалқы шаруашылық құт болып, түйе 100-ге, сиыр 70-ке, жылқы 50-ге көбейді. Әсірелеп айтқанда, шүйгінді төскейді малға толтырды. Жүдә, ошақ отын маздатып, шағын наубайхана да ашты.
Зияғаладин содан бері ықылас иіріміне ойланбастан гүмп беріп қойып кетеді. Жетпісінші белеске қарай желе жортқан ақеден азаматтың өмірінде мұндай естен кетпес ерекше оқиғалар жетерлік. Соның бірі 1990 жылға сағынышпен қол бұлғатады. Нарықтың «иісі» алыстағы Ауанға да жеткен кез. Шал¬ғайдағы балықшылар тұтыну қоғамының тың талпынысы облыстық семинарға өзек болған. Облыстық тұтынушылар одағының төрағасы Жорабек Сарбалақов аралдықтардың атын төрге оздырған Өтеновтің нартәуекеліне жоғары баға берді.
Ел дегенде елеңдеп тұратын сол тұстағы облыс басшысы Сейілбек Шаухаманов та бұл жиынға қатысуды бөтен көрмеген. Экологиялық аймақтың нақ кіндігіндегі берекелі бетбұрыс жиналғандардың баршасын таңырқатқан. Сұңғыла сөзімен топты аузына қарататын Сейілбек аға сол жолы ресми реңнен таза қазақы болмысқа ойысты. Зия¬ғаладиннің мақтауын асырды. Әуелі «бұған дейін қайда жүрсің?» – деп көтермелеп қойды. Одан әрі «іскер азаматтардың туған жерге оралғаны қандай жақсы!»-деп және үстемелетті. Тікұшақ жанында қоштасарда күлімсіреген күйі қалтасына қол салды.
– Қожалардан негізі дәмете бермейді. Аруақ саған бірдеңе ырымда деп белгі берді. Қалта түбінде әлдеқалай бір сом сақталып қалыпты. Бұйырғаннан артық ештеңе жоқ. Жұмысың жүрсін, ырысың артсын, інім! –деп дүйім жұрттың көзінше құшағына басып бір марқайтты. Сол сары жағал бір сомдық Зияғаладиннің жұмыс столында сәттілік символындай сақталып, ырыс шақыратындай көрінеді.
Зияғаладин – «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі!» дейтұғын Төле би аңсауына лайық нағыз елім дейтін ерлер санатынан. Арғы атасы Ермек, бергі бабасы Жаңбыршы, әулет ақсақалы Өтен, әкесі Әбілдің қайсысы болмасын – ел есіндегі тұлғалар. Құжатында Жаңбыршы атасының ойып орын алуы негізсіз емес. Ақ боз үйлі Ермектің Жаңбыршысы несібесі үзілмеген, маңайына мейірімі түскен қамқор жан болыпты. Атасы Өтен – сарабдал балықшы, әкесі Әбіл – Жеңіс сарбазы. Соғыстан соң Астраханьда кеме капитаны оқуын тауысқан. Мына ұқсастықты қараңыз: Әбіл майданда зеңбіректі зіркілдетсе, Зияғаладин әскерде минометті зар еңіреткен.
Оның адами пәлсафасы қарапайым һәм қастерлі. Кісі жақсылықты тірісінде жасау керек: зәузаты үшін де, өзгелер үшін де! Жинап-теріп емес, күн сайын адал еңбектен рахат табу, алғыс алу шарт. Осы имани ұстаным Зияғаладинді ешқашан адастырған емес. 1995 жылы жұмысы жүріп тұрғанда, Ақбастыда Жалмағанбет ишан атын жаңғыртып, өз қаражатымен мешіт салғызып берді. Бата дарығаны емей немене, сол жылы Арал қаласындағы комиссиялық сауда мекемесінің директорлығына тағайындалды. Шағын мекемені дөңгелентіп әкеткен Өтенов 1997 жылы қалалық тұтыну қоғамының төрағалығына жоғарылатылды.
Жаппай жекешелендіру жұлқынысында Зияғаладин заңдылық пен ынтымақтың ор¬тақ нүктесін таба білді. 2001 жылы «Қам¬қор-Тұтыну» жауапкершілігі шектеулі серік¬тестігін құрып, уақытша қиындыққа шы¬дас беретін ұжымдастарымен нарық өткеліне батыл қадам басты. Екінің бірі сауда істейтін еркін заманда баяғы кеңсе бағарлық шіреніспен түк бітіре алмасын ол ерте зерделеді. Жұмыссыздық шырғалаңы етектен тартқанда, бұйырғанға қанағат қылатын өтпелі кезеңді де бастан кешірді.
Сәтін салғанда, талабы жүрген тілеулес інілері Байбөрі, Имамадин Оңғарбаевтар қаржылай белкөтерме жасап, ісінің оңға басуына серпін қосты. Бұрынғы берешектің бәрінен басын ашықтап, қалалық кооперация ізіне төлем ертпеді. Үркердей ұжымды атқа мінген мен қара жаяу деп жікке бөлген жоқ. Жалқаулық пен тоғышарлықты шетке қағып, тырбанудың арқасында кәсіпкерлік қырқасынан бәйшешек теретіндей жағдайға жетті. Күні бүгінге дейін сол қарапайым ұстаным алдатқан да, үркіткен де емес. Абыройы асқақтап, табысы еселеніп дегендей, нарық көшінде қамшы салдырмай келеді.
Өтеновтің өтімділігі – әрқашанда кешегі¬ден бүгін қалайда бір адым ілгері жылжуды мұрат тұтуында. Қашан көрсең де асығулы. Таң атар-атпастан жүрдек көлігімен зау¬латып бірде 30 шақырымдағы «Көкжиек» жай¬лауына, бірде 120 шақырымдағы «Мырзас» қыстауына шаңдатып бара жатады. Төрт түліктің бағымын көзден таса қылмайды. Әйтпесе, тендер жеңімпазы ретінде жылына 30 тонна сиыр сүті, 10 тонна түйе сүті өнім¬дерін, соншама тонна етті дер кезінде әлме-әл қамтамасыз ету мүмкін бе?! Ел жа¬ға¬лап жинайтын берекесіздік әлбетте абыройсыздыққа соқтырады ғой. Бағаны ой¬на¬татын жылпостық оған жат. Бірінің қоюы, бірі¬¬нің сұйығы дегендей кірістің де, ырыстың да жұғымын тәубе тұтып, жетіспесін жүгіріп жүріп толықтырады.
Зияғаладин тумысынан бауырмал. Алып құшағында атаның да, ананың да иісі бар. Дала болмысты азаматтың жан нәзіктігі Бибіш, Бибіжамал, Айсары әжелерінің шапағатынан бастау алады. Әкесі Әбіл мен шешесі Зағипа бар болғаны 49 жаста көз жұмды. «Орны бар оңалар» демекші, інілері Жамаладин Ақбастыда, Жанат Бозойда, қарындасы Мирамкүл мен қызы Майра Алматыда, ұлы Болат Астанада. Бәрі де отбасылы, өніп-өсіп, өркен жайған. Оларға деген ағалық сағыныш, әкелік қамқорлық жыл он екі ай бойында төрт тарапқа шапқылатады да тұрады. Тұңғышы Маратының өмірі қысқа болды. Шаңырақ тұтқасы кенжесі Асхаттың қолында. Күйеу балалары Ерқанат пен Қардар, келіндері Сақыпжамал мен Сәнімкүл, Қарақат пен Назерке, олардан өрбіген өскелең ұрпақ аталап, әжелеп омыраулағанда, Зияғаладин мен Нәбираның төбесі көкке бір елі жетпей жатады.
Биылғы Аналар мерекесіне орай Елбасы қабылдауында болған Қазақстанның мақтаулы нәзік жандары қатарында келіні Қарақаттың теледидар арқылы көзге оттай басылуы, жұптаған жүйелі лебізі Зияғаладинді бір белге көтеріп тастады. Өркениет нәрінен сусындаған немерелерінің шетелден ұялы телефон арқылы жиі дидарласуынан да рәуіш сезімге бөленеді. Жеткен жетістігі, жұлдызды жолы төрдегі орнын мәңгіге нұсқап кеткен жан жары Нәбираның рухына тәубе төрелігінен тағзым етеді. Әке махаббатының құдіреті керемет қой! Бәйтерекке биіктік жарасады дейтініміз де сондықтан.
Ол табиғатынан қарапайым. Жөн білетін азамат жасына, қызметіне қарамастан халық¬тық думандарда салт-дәстүрдің қиюын кел¬тіріп, ақылшы да, орындаушы да болып кете барады. Жақсылармен жанасып, жайсаңдар туралы ақтарыла сыр шертеді. Үлкенге құрмет, мұқтажға демеу жасауда қолы ашық, Рамазан айында ораза тұтқандарға ауызашар рәсімін жасайды. Жыл сайынғы Қарттар күні, Наурыз мейрамында сала ардагерлерінің басын қосып, бата күтеді. Қарастығы жоқ балаларға көз қырын сала жүреді. Анау Одақ ыдырап, егемендіктің еркелігін енді ғана сезінген шақта Алматыдағы Муфтулла аға көмегімен Аралдың жүз баласын үш жыл Алатау баурайында демалдырғаны айтар ауызға ғана оңай.
Кейде қаланың қым-қуыт тірлігінен шаршағанда, буынып-түйініп «Суықкөлге» қарай тартып отырады. Көңілі жақын достарымен балық аулап, құс атады. Даланың саф самалымен жан сарайын желпиді. Ашық аспан астындағы дастарханы кішігірім қонақасыға бергісіз. Мұндайда бір бүйрегіне, өт жолына ота жасатқанын ұмытып та кетеді. Басқаны риза қылу арқылы рахаттанатын мырзалығы кісілік келбетіне нұр жүгіртеді. Қашаннан бері осылай. Көпшіліктің көз алдында жүретін кәсіподақ қағидасы оған мәдени қызметте де, сауда саласында да тыным беріп көрген емес. Жаңалыққа ұмтылғыш, қиындықты ұмытқыш қалпымен талай бастаманың иегері атанды. Асуларда алқынбай, абыроймен ғана дамылдайды.
Бұйыртса, Зияғаладин 2017 жылғы «ЭКСПО» әлемдік көрмесінің Қазақстандағы сәулетті салтанатына жетпіс жастың жел¬дір¬месімен ортақтасуды армандайды. Бүгіннің бұйрығын ертеңге қалдырмайтын шаруақорлық күтім-дарлығымен әлем жайсаңдары алшаң басатын жер жүзінің жаңашылдық көрмесіне қатысатын қалтадағы билетін күлімсіреген күйі сипап қояды. Асығатын, аңсайтын ақ тілекке не жетсін, тәйірі?! Әмісе, абзал азаматтың үміт жалауы ұрпақтарының асқаралы асуларында желбірей бергей!