Cыр елінің өлкетанушы ғалымы

Cыр елінің өлкетанушы ғалымыАбылай Айдосов ағамызбен  1980 жылы КОКП-ға кандидат болып қабылданғанда таныстым. Сол жылдары Қызылорда қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Абылай Хангерейұлының  кабинеті қаламыздың орталық алаңындағы ғимараттың екінші қабатында орналасқан  болатын. Кабинетіне кіргенде орнынан тұрып, жылы  жүзбен қабылдаған Абылай Хангерейұлы жағдайымды, денсаулығымды сұрап, жұмыс істеп жүрген «РМЗ» ұжымындағы жағдайды білгісі келіп қызығушылық танытты. Әңгімелескеннен кейін  маған өз қолымен партия  билетін табыстап, есікке дейін шығарып салды. Содан 18  жыл  өткесін тағдыр екеумізді Қызылорда облысындағы екі іргелі оқу орны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті мен Ы.Жақаев атындағы Агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты қосылғаннан кейін  қайта табыстырды. Сол уақыттан бастап ағамызбен бірге бір факультетте, бір кафедрада қызмет етіп, болашақ тарихшы мен археолог-этнолог мамандығының студенттері мен магистранттарына дәріс бердік.
Көптеген жылдар бойы түрлі қызметтерде жұмыс істеген ағамыз өзінің ойын тіке және ашық ай¬туға дағдыланған азамат еді. Ағамыздын бұл қырын мен кезінде Қызылорда облысынан экологиялық үстемені алып тастау туралы мәселе көтерілгенде байқадым. Университет ғалымдарының ойын білуге келген облыс басшыларына, облыс халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын күнделікті зерттеп отырған ардагер-ұстаз  Абылай Хангерейұлы бұл мәселені көтеру әлі ерте екенін айтып, кездесуді жүргізіп отырған облыс басшысына «Ғалымдар  қарсы деп жазып қоямыз», – дегені есімде.
Абылай ағамыз көптеген жылдар бойы «Сыр түлегі» газетінің  редакторы болып, осы газеттің облыс  газеттері қатарында өзіндік орын болуына, жас оқырмандар арасында кеңінен таралуына  зор үлесін қосты. Газеттің әр номерінің уақытылы, сапалы және жұрттың қызығушылығын туғыза¬тын мақалаларға толы болуы ағамыздын күнделікті назарында еді. Ағамыздың сол жылдардағы жұмыс  кабинеті, революциялық толқулар заманындағы революция қайраткерлерінің үсті-үстіне ке¬ліп жатқан мәліметтерге толы столдарын бейнелейтін көркем фильмдердегідей болатын. Бір ма¬қала жазса, Абекең сол мақаладағы мәліметтерді растайтын деректерге көзін жеткізбей, баспаға бермейтін.  Осы жылдары республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарық көрген Абылай Хангерейұлынын мақалалары арқасында біз ағамызды тарихшы ғана емес, өлкеміздің экологиялық, әлеуметтік, саяси, тағы басқа проблемаларын жан-жақты зерттеуші-өлкетанушы ғалым есебінде  таныдық.
Қызылорда  өлкесі  тарихының сырын, археологиялық зерттеулер жұмыстары барысын ашуда да Абекеңнің өзіндік орны бар.  Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекет¬тік университетінің ректоры Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов  Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі кезеңде облыс  көлемінде археологиялық зерттеулердің  жүргізілуіне  негіз  салып берді. Алматыдан  Қазақстан Республикасы ұлттық ғылымдар академиясынын археология институтының, Мәскеуден Ресей Ғылым Академиясының  археолог мамандарын қатыстырып Жанкент, Шірік-Рабат, Кердері, тағы  басқа да көптеген Сырдағы археологиялық ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізген Абылай Хангерей¬ұлы археолог-маман Тәңірберген Мәмиевпен бірге Кердері-1, Кердері-2 археологиялық ескерткіштерін бүкіл дүние жүзіне  танытты. Жасы 70-тен  асса да ғалым жас археолог-студенттермен, археолог-мамандармен бірге ерте көктемнен қоңыр күзге дейін қазба жұ¬мыстарына, археологиялық  барлау жұмыстарына қатысып, нәтижесін «Сыр түлегі», тағы басқа  облыстық, республикалық басылымдарда  жа¬риялап отырды.
2004 жылдың жазында Абылай Хангерейұлы Айжігіт Нұр¬ғы¬зарынов ағаларымызбен бірігіп, Аралдың кепкен табанынан табылған қалалардың орнын зерттеу экспедициясына мен де қатыстым. Ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласы, бұрын-соңды жол болмаған Аралдың табанына түс¬кенде Абекең картаға жүгініп, адаспай Барса¬келмес аралы жанында орналасқан Кердері мавзолейінің орнын дәл тапты. Осы экспедиция кезінде көптеген археологиялық жәдігерлер табылып, облыстың ортағасырлық тарихының беттеріне жаңа фактілер жазылып, Абекең өзін әріптестерінің арасында жаңа қырынан көрсетіп, жақсы  археолог-ғалым есебінде танытты.
Абылай Хангерейұлының  өлке тарихына қосқан үлесі, жазған еңбектерін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің мұражайында  орналасқан ғалымның өз қолымен әкелген археологиялық жәдігерлерінен көруге болады.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Абекең университеттің ардагер-ұстаздарының кеңесін өзі құрып, көп жылдар бойы  басқарды. Ардагерлер ұйымын басқарған жылдары ағамыз көптеген игі жұмыстар атқарды. Жаз айларында университет ардагерлері ағамыздың бастауымен, кәсіподақ ұйымының қолдауымен барлығы санаторий-курорттарда демалып келетін. Осы жылдары университет ректоры Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновтің, кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақытхан Әбдікәрімовтің қолдауымен дәстүрлі университет спартакиадасында ардагер-ұстаздар арнайы жас категориясындағы ойын¬дарға қатысып, факультеттер абы¬ройын көтеріп, ардагерлері бар факультеттер көп ұпай жинап, алдыңғы қатардан көрінетін. Арда¬герлердің демалысымен қоса, Абылай Хангерейұлы олардың жасына қарамастан танымын, ой-өрісін кеңейтуге тырысты.  Осындай игі іс-шаралардың бірі университет ардагерлерінің жаңа астанамен танысуы болды. Абекеңнің бастауымен университеттің 30 еңбек ардагері Астана қаласында болып, Қазақстан Республикасының жаңа астанасын өз көздерімен көріп  қайтты. Осы сапарда еліміздің алғаш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Астанаға келген Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ардагерлерін күтіп алып, Қазақстан Республикасы Парламентінің ғимаратымен таныстырып, ас берді. Бар болғаны 3 күн Астанада болса да ардагерлеріміз сол сапардан қуат алып,  жасарып келгендей болды.
Қала, облыс тарихында өзіндік орны бар, қолтаңбасы қалған қос ағамыз Мәди Құрманұлы Ке¬реев, Абылай Хангерейұлы Айдосов елеулі істермен облыс жұрт¬шылығына танымал еңбек¬тері үшін «Қаланың құрметті азаматы» атағына ие болды.
Көпшілік жиналыстарда өз ой-пікірлерін міндетті түрде орта¬ға салатын, ағалардың орны бүгінгі  күні үңірейіп тұр, алайда қалдырған мұралары – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кітапханасына тапсырған кітаптары өскелең ұрпақты оқытып-тәрбиелеуге әлі де қомақты үлесін қосып келеді.
Қазіргі таңда облыстық мәдениет, білім басқармалары, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бастама жасап, облыстың тарихшы-өлкетанушыларын бірік¬тіріп, жылына бір рет «Кереев пен Айдосовтың оқулары» деген тақырыппен облыстық өлкетанушылардың оқула¬рын өткізіп, жинақталған материалдарды арнайы журнал, жинақ есебінде шығарып тұрса, бұл алдарынан дәріс алып, шапағатын көрген мыңдаған жанның ағаларға көрсеткен құрметі болар еді. Бұл облыс тарихын кеңінен зерттеуге бастама жасаған, осы салада үзбей дәріс берген ағаларымыздың ісін жалғастырған қадамымыз болар еді. Себебі Қазақстан тарихын зерттеу өлке тарихын зерттеуден басталады.
Айтжан ОРАЗБАҚОВ, 
тарих ғылымдарының кандидаты, 
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ доценті.
ТАҒЫЛЫМ 15 қараша 2016 г. 1 072 0