Аймақ руханияты ауыр қазаға душар болды. Үстіміздегі жылғы 10 қарашада сексен жасқа қараған шағында белгілі ақын Адырбек Сопыбеков дүниеден озды.
Адырбек Сопыбеков 1937 жылы 5 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Кеңес ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін және Алматыдағы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген.
Еңбек жолы Жаңақорған аудандық «Екпінді» газетінен басталды. Әр жыл-дары аудандық партия комитеті хатшысының көмекшісі, Шиелі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, осы аудандағы «Өскен өңір» газеті редакторының орынбасары болып қызмет істеген. 1967–1990 жылдар аралығында Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде әдеби қызметкер, Жаңа-қорған аудандық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Жаңақорған тынысы») газетінің редакторы, Жаңақорған аудандық партия комитеті саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, «Кітап» қоғамы аудандық ұйымының жауапты хатшысы қызметтерін атқарады. 1985 жылдан аудандық мәдениет бөлімі жанындағы Халық ақыны М.Көкеновтің шығармашылық өнер мектебінің ғылыми-әдістемелік кеңесінің төрағасы, осы өнер мектебінің директоры болды.
Өлеңдері «Қазақ балалар поэзиясының антологиясына», «Қазіргі қазақ балалар поэзиясының антологиясына» енген. Шығармалары орыс, беларус, өзбек тілдеріне аударылған ақын әр жылдары КСРО Жазушылар одағының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің, Қызылорда облыстық мәслихатының грамотасымен, «Еңбек ардагері», «Еңбектегі жетістіктері үшін» және «Қазақстан Республикасы Тәуел¬сіз-дігінің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
«Көзілдірік», «Айға сапар», «Кім қалай ұйықтайды?», «Көктем жыры», «Базарлық», «Айналайын», «Күншуақ», «Шешілген жұмбақ» секілді балаларға арналған туындылар жазған Адырбек Сопыбеков шығармашылығы қаламдастары мен сыншылар тарапынан жоғары бағаланды.
Белгілі қаламгердің тарихи жәді¬герлерді қайта жаңғырту, айтыс өнерін жандандыру бағытындағы еңбегі бір төбе еді.
Сыр елінің біртуар перзенті Адырбек Сопыбековтың жарқын бейнесі көптің жүрегінде ұзақ уақыт сақталады.
Қызылорда облысының әкімдігі мен мәслихаты,
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы
және облыстық Қоғамдық кеңес.
ЖЫРЛАРЫҢ, АҒА, ЖЫЛАП ТҰР
Жаңақорған деп бастайтын әр кез жыр атын,
Жырауларының жаңғыртқан мәңгі мұрасын...
Жаңақорған деп жалғанға жар сап тұратын,
Жыр оқып тұрып бақилық болды бұл ақын.
Мен үшін бүгін Қаратаудың белі талғандай,
Мен үшін бүгін Жаңақорғанды жалын шалғандай.
Мен үшін бүгін қаңырап бәрі қалғандай,
Келмеске кетті ақ жүрек ақын армандай.
Туған жеріне тұрақтап қалған тұрақты ұл,
Топырағыңда жырыңнан жанып шырақ тұр.
Сапарға соңғы сайланған мақсат-мұратты ұл,
Жылап тұр жұртың,
Жырларың, аға, жылап тұр.
Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ.