Шәкірт шыққан шың

Шәкірт шыққан шыңҰстаз шәкіртімен мақтанады. Облыс спортын өрге сүйреп, абырой биігінен көрініп жүрген Садық Шоңмұрынұлы Мұстафаев – мақтаулы шәкірттеріміздің бірі. Оның халық алдындағы қалтқысыз қызметіне әрдайым сүйсініп, тілектестік білдіріп отырамыз.
Өткенді еске түсірсем, 1970 жылы Қызылордадағы Гоголь атындағы пединститутты қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндері мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, туған жерге – Жалағаш ауданындағы Мәдениет ауылына оралдым. Ауылдағы №32 мектепке қызметке орналасып, ұстаздық жолымның алғашқы баспалдағы басталды. Пединститут қабырғасында жүргенде спорт үйірмесіне қатысып, еркін күрестен республикалық, халықаралық дәрежелердегі турнирлерде жүлдегер атанғанмын. Спорт шеберімін. Бұл саладағы тәжірибемді ауыл жастарын тәрбиелеуге жұмсамақ ниетпен, мектеп жанынан күрес үйірмесінің жұмысын бас-тадық. Еңбегіміз нәтижесіз болған жоқ, алғашқы аты ауызға іліккен шәкіттеріміз дегенде Өтеп Маханов, Көптілеу Кенішбаев, Махамбет Аққошқаров, Тілепберген Қабатов, Уәлихан Жадақовтарды айтамыз. Одан беріде елге танылғандар қатарында Салхадин Мырзабеков, Мейрамбек Еспанов, Қазтай Әбдіреев, Құлтас Достанов, Ахмет Жұмағалиевтер бар.
Садық Шоңмұрынұлы 4-5 сыныптарда оқып жүргенде үйірме табалдырығын аттады. Оның елгезектігі, алғырлығы, тапсырмаға жауапкершілікпен қарайтыны бірден байқалды. Жарыстарда жүлдегер атанып жүрді. Менің тәрбиемде болған үш жыл ішінде өзінің болашақта үлкен үміт күттірер шәкірт екендігін аңғартты.
Қазақ «Тектіден текті туады» дейді. Садықтың бүгінгі ат үстінде жүріп, абыройлы қызмет атқаруы, халық алғысына бөленуі өскен-өнген ортасымен тікелей байланысты деп есептеймін. Атасы Мұстафа ауылда беделі зор ерен күш иесі болатын. Әкесі Шоңмұрын ақкөңіл, кішіпейіл жан еді. Ал, анасы Күләш – батыр ана. Мен ауылдық кеңестің төрағасы болған жылдары ол бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаты атанды. Жоғары жаққа талап айта қалса, орындатпай қоймайтын. Садықтың нағашысы Сапарбай Қарымсақов болса, ауданға белгілі азамат еді. Іске мығым, адамгершілігі зор ағамыздың азаматтық істерін көпшілік әлі күнге ұмыта қойған жоқ.
Садықтың еңбек жолы ауылдағы №8 бригадада жұмыс жасаумен басталды. 1985-1987 жылдары Совет әскері қатарында борышын өтеді. Одан кейін Қазақ дене тәрбиесі институтында білім алды. 1991 жылы осы оқу ордасының күрес кафедрасында оқытушы болды. 1993 жылы жоғары спорт жетістіктерінің республикалық мектебінде жаттықтырушы, 2001-2005 жылдары спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында аға жаттықтырушы болды. Азия, Әлем чемпиондарын, жүлдегер¬лерін дайындады. Үнемі ізденісте жүріп, қажыр-қайратын игі іске жұмсаған оның еңбегі еш кеткен жоқ. Қазақ күресінен спорт шебері, дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші атанды.  
Ол 2005 жылдың 24 қаңтарында Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызме¬тіне тағайындалғанда, оның үмітті ақтай¬тындығына сенім білдірген жандар қатарында болдым. Қуантатыны – Садық сенім үдесінен шықты. Бүгінгі Сыр спортында жылт еткен жақсы жаңалық болса, онда шәкіртімнің қолтаңбасы бар деп есептеймін.
Толығырақ тоқтала кетсем, содан бергі он бір жыл ішінде спорт саласына қатысты ұйымдар жұмысы алға басты. Әсіресе, спорттық материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында аудан және ауыл округтеріндегі пайдаланылмай тұрған 24 ғимарат спорт мектептерінің теңгеріміне алынды. Оларға инвесторлар тарта отырып, бюджеттен тыс қаражаттар есебінен спорт¬тық залдарға айналды. Қосымша облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі, 7 спорт мектебі, 4 спорт клубы ашылды. Бұл спорт мекемелері заман талабына сай спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Одан әрі жалғастыра түссек, Арал қаласында спорт кешені, стадион, Қызылорда қаласында мұз айдыны, теннис орталығы, 3000 орындық ипподром, бокс орталығы салынды. 7 спорт кешені және 325 шағын спорт алаңдары пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азамат¬тарды спортпен шұғылдануға тарту жаңа қарқын алғанын айтып өтуге тиіспіз. Және де облыс тарихында бұрын-соңды болмаған қысқы спорт түрлерінің бөлімшелері ашылып (шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек), жұмыс жасауына бастамашы болды. Нәтижесінде мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева бірнеше халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырынан көрінді. Осы жылдары облыстан 4 ҚР еңбегі сіңген спорт шебері,  60 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 406 ҚР спорт шебері, 17 ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушының шығуы да кейіпкеріміздің кәсіби, азаматтық болмыс-бітімін айшықтай түсері сөзсіз.
Мен білерде Садық Шоңмұрынұлы мем¬ле¬кеттік қызметпен қатар қоғамдық қызметті де белсене атқарып келеді. Ол Қазақстан Республикасы Дзю-до және гандбол федерациясының вице-прези¬денті, Қызылорда облыстық футбол федерация¬сының президенті. Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республи¬калық турнирі жобасының негізін қалаушы.
Биылғы жылдың басты да маңызды оқиғасы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында облыстан 3 спортшы қатысып, ауыр атлетикадан Александр Зайчиков қола жүлдені иеленді. Ал, бұған дейін Садық Шоңмұрынұлы елімізді әлемге танытқан 2 мәрте Олимпиада чемпионы Илья Илиннің де қамқоршысы, қолдаушысы болғандығы көпшілікке мәлім.
Сыр елі спорты 2008, 2010, 2011-2012 жылдары республика бойынша «Үздік спорттық өңір» номинацияларын иеленді. Бұл дерек аймағымызда салауатты өмір салтын ұстанушылар қатары көбейіп келе жатқандығын, Елбасы тапсырмаларының өз деңгейінде орындалып жатқандығынан хабар береді.
Шәкіртім туралы айта берсем, әңгіме көп. Шындығында, ол үнемі баспасөз беттерінде мені алғашқы ұстазы санайтынын айтып жүреді. Бүгінде Садық Шоңмұрынұлы ердің жасы елуге толып отыр. Мерейлі мерекесі қарсаңында қолыма қалам алып, оның жақсылығын жазуды өзіме парыз санадым. Сөз соңында оны мерейлі жасымен құттықтай отырып, халыққа жасар қызметі одан әрі биіктей берсін деп тілеймін.
Қуандық АХМЕТОВ,
ҚР құрметті қайраткері.
Мәдениет ауылы.                                      
ТАҒЫЛЫМ 12 қараша 2016 г. 1 368 0