Мұратына жеткен мұрап

Мұратына жеткен мұрапӘшірбек Нарманұлы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы Қосшыңырау елді мекенінде өмірге келген. Сырдария ауданына қарасты орта мектепті 1946 жылы бітіріп, кейін оқуын Қызылорда қаласындағы Су шаруашылық техникумында жалғастырады. Еңбек жолын Шиелі аудандық суландыру басқармасында басшы, бөлім басшысы, қызметінен бастады. Кейін Приморье өлкесіндегі екіжылдық әскери бөлімдердің орта буын командирлерін дайындайтын мекте¬бінде оқып, лейтенант атағын алып елге оралады. 
Елге келгеннен кейін мамандығы бойынша Сырдария суландыру мекемесінде елді мекендерді суландыру бойынша Қарауылтөбе, Комсомол, Коммунизм, Абай, Қараөзек ауылдарында қажырлы еңбек етті. Абай кеңшары бірнеше майда ұжымшардың басын қосып ірі ша¬руашылыққа айналды. Енді осынау ауқымды жерді суландыру өзекті мәселеге айналды. Осы орайда 6 мың гектар жер тегістелді. Оң жаға массивін игеру туралы үкімет қаулысы қабылданды. Осы жұмыстарға білікті маман ретінде Әшірбек аға белсене араласты.
Ұзақ жылғы тәжірибесіне негіз артатын болу керек, жастар Әшірбек ағаның кеңесіне көп жүгінетін. Әсіресе, жас мамандарды баулуда аса ыждағаттылықпен білгенін аянбай үйретіп, олардың білікті маман болуына жол ашты. 
Көп ұзамай Әшекең 1957 жылы құрылған Сырдария суланлыру өндірістік учаскесінің басшысы болып бекітілді. Бұрынғы Сырдария ауданына қарасты совхоздарға егіс каналын сумен қамтамасыз етуде, сондай-ақ  50-ші жылдары Қоғалыкөл, Киров, Аманкелді, Айдарлы, «1 Май», Тартоғай кеңшарларын суландыру үшін Жетікөл, Сұлутөбе, Иіркөл жаңа каналдары бойынша жұмыс жасады. 1963 жылдан бастап Сырдария суландыру мекемесі құрылып, онда бас инженер, бөлім бастығы секілді қызметтерді абыройлы атқарады. Осындай тынбай еткен еңбегі еленіп, оған Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің алтын және күміс медалімен марапатталып, сый-сияпат көрсетіледі. Ал, 1976 жылы облыстық кеңес атқару комитетінің мақтау грамотасымен марапатталады. Сонымен бірге «Еңбектегі ерлігі» және «В.Лениннің 100 жылдығы», «Ерен еңбегі» үшін медальдарының иегері атанады. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 50, 60, 70 жылдығы медальдарын да иеленген. 1984 жылдан бастап су шаруашылық мамандарын Сырдарияғы жіберу туралы үкімет қаулысына сәйкес Абай кеңшарының бас су маманы болып тағайындалды. 1990 жылдары Қосшыңырау сайлау округінен екі рет депутат болып сайланады. Абай ауылында егіс алқаптарын сумен қамту негізінде егін бітік шығып, өнім жөнінен облыста алдыңғы орынға шығады. Бұл Әшірбектің тіршіліктің нәрі саналған судың қыр-сырын меңгерген тәжірбиесінің арқасында жеткен жетістік болды. 
Бүгінде белгілі су мұрабының ұйыған жарасымды отбасының ұйытқысына айналып отырған жайы бар.  Жары екеуі 12 баланы өсіріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырып, олардан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты ата. 
Ж.ӘЛМАХАН.
ТАҒЫЛЫМ 10 қараша 2016 г. 783 0