«Сыр елі – жыр елі» деген сөз текке айтылмаған. Мұнда Сыр сүлейлерінің сөзі қалған. Бүгінгі жас ұрпақ Тұрмағамбет, Нұртуған, Көшеней жырларының күш-қуатын алдыңғы буын өкілдері секілді толық сезіне алмауы мүмкін, алайда тегеурінді жырлар әлі күнге дейін талайлардың жүрегін тербеп келеді. Сол шайырлардың сарқытындай болған Шәкизада Әбдікәрімов атты дауылпаз ақынды танып, біліп, достасқаныма отыз жылдың жүзі болыпты. Шәкең – арқалы ақын. Оның қаламынан туған жырларда көненің сарыны, алдаспан ойдың ағыны бар. Ақынның алғашқы кітабы «Көктем тынысы» деп аталады. Талай парақтадық. Одан кейінгі «Қарлығаш» топтамасы да тартымды. «Байқоңыр» атты жинақта да оқыған адамның ойын тербейтін жауһар жырлар баршылық. «Алтын қазық» кітабы арқалы ақынды жаңа белеске көтерді.
Танымал бард, сырбаз сазгер Табылды Досымовтың әнін білмейтін жас кемде-кем. «Үйіме қайтам, өкініп тұрып, Сүйемін деуге бата алмай. Төлеген болып, бекініп тұрып, Жайықты кешіп, өте алмай», - деп келетін әуен сөздің ырғағы қаншама жас қыз-жігіттің жүрегінде жатталып қалды. «Күн астындағы Күнекей қыз» атты осы әннің сөзін жазған да осы біздің Шәкизада Әбдікәрімов. Шәкеңнің өлеңдері қырғыз тіліне аударылып, «Көк астындағы қағанат» деген жинағы жарық көрді. Ал «Гладиатор» деген кітабында ақын өресінің биіктігін, оның қарым-қабілеті мен ой ұшқырлығын айғақтап тұрар өрнекті жырлар жеткілікті.
Шәкизада – сан қырлы, ол ақындығымен қоғамның дертті тұсын өлеңге өрсе, қоғамдық өмірде халықтың ортасынан табылады. Мемлекет мүддесі үшін жан аямай қызмет етіп келеді. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері. Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласының құрметті азаматы. Соңғы екі шақырылымдағы Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты ретінде де өңірдегі өзекті мәселелердің орайлы шешілуіне өзінің үлесін қосты. Ел үшін жасаған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Шәкизаданың кеудесіндегі «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» ордені сол жасалған еңбектің лайықты марапаты ретінде жарқырайды.
Шәкизада Әбдікәрімов шебер ұйымдастырушы, білікті басшы тұр¬ғысында да ел-жұрттың көзіне түсті. Қызылорда қаласында тұңғыш жекеменшік «Қоғам ТВ» телеарнасының негізін қалады. Қазақстан бойынша тәуелсіз 22 телеарнаны тоғыстырған Қазақстан Ұлттық телерадио хабар таратушылар қауымдастығының президенті. Бұл қауымдастық республика көлеміндегі жекеменшік телерадио ұйымдарының қызметіне нақыт қолдау көрсетеді. 2001 жылы «31 арна», «Отырар», «Қоғам» телерадио компанияларының бастамасымен құрылған. Тәуелсіз телеарналардың толыққанды жұмыс істеуіне, олардың заңдық, кәсіби талаптар тұрғысында тұрақты жұмыс жасауына Шәкизада Әбдікәрімовтің қосқан үлесі қомақты. Ақпараттық-құқықтық қолдауда, мемлекеттік басқару органдарымен қарым-қатынас жасауда, қауымдастық мүшелерінің мүддесін қорғауда Шәкең қайраткерлік қырын көрсетіп келеді. Соның арқасында маркетинг-менеджмент қызметі жақсарды, тәуелсіз телеарналардың жарнама тарту аясы кеңіді.
Қазір ғой, айтуға оңай, осы «Қоғам ТВ» телеарнасын құру, оның материалдық-техникалық жағын қамтамасыз ету, алғашқы қиындықтарды еңсеру Шәкеңе үлкен күшке түсті. Мен Қызылордада қызмет еткен уақытта соның бәрін өз көзіммен көрдім. «Қоғам ТВ» бастапқыда арнайы экономикалық аймақтың бұқаралық ақпарат құралы болып тіркелді. Қалада мұндай телеарна ашу ерлікке пара-пар нәрсе еді. Қазақта «Тәуекел ет те, тас жұт» деген бір сөз бар, Шәкизаданың тірлігі тап сол көзсіз тәуекелшілдік болатын. Көп ұзамай телеарна қаржы тығырығына тірелді. Арнайы экономикалық аймақ мәртебесі алынып тасталды. Телекомпанияны қаржылық жағынан ұстап тұру ммүкін болмай қалды. Біз өз тарапымыздан қолдан келер көмекті жасап баққанымызбен, барлық ауыртпалық бір ғана Шәкеңнің мойнына артылды. Сол уақытта Шәкизада қалай болса да телеарнаның туын жықпауға бел буды. Мұны көзсіз өлермендікке балағандар да аз болмады. Шәкеңнің табандылығы мен қажыр-қайратының арқасында телеарна қыспақты кезеңнен өтті. Қазіргі таңда материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жетілдірілген іргелі БАҚ-қа айналды. Нарық заңдылықтарына сай жұмыс істеп, табысты телекомпанияның бірі болып отыр. Осы арнада Шәкеңмен бірге табан аудармай, кездескен қиындықтардың ауыр жүгін бірге көтерген азаматтардың бәрін жақсы білемін. Әділ Ботпанов, Тілеген Бекарыстанов, Баян Құлтанова сияқты азаматтардың төккен тері зая кеткен жоқ. Солардың арасында Сахитжан Бермағамбетовтың жарық жұлдызы ерте сөнгені өкінішті.
Сыр шайырларының ізін жалғаған Шәкизада Әбдікәрімов туралы жалықпай айта беруге болады. Шәкең бір кезде «Қазақстан» ұлттық арнасының Қызылорда облысы мен Бай¬қоңыр қаласындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарды. Қайда жүрсе де, қолынан қаламы түс¬кен жоқ.
Талайымды өнерден көремін де,
Ойлаймын – жеңілем бе, жеңемін бе?!
Сен құлдықпен айқассаң аренада,
Мен сұмдықпен шайқасам өлеңімде.
Оянбаған көзінде намыс, үміт,
Кімге керек Суллалар қаны суық.
Мен де – бір гладиатор поэзияның Парасатын қорғайтын жан ұшырып... –деп өзі жырлағандай, өмірде де барлық білген-тергенін халқына жаны қалмай ұсынып келе жатыр.
Кейде былайғы тірлікте сәл қарапайым, өзім дегенге өзегін суырып беруге дайын ақын Шәкизада Әбдікәрімовтің бойындағы күрескерлік рух қайдан пайда болды екен деген ойға қаламын. Сірә, бұған талай заманнан бері арнасы мен ағысынан жаңылмай келе жатқан Сырдарияның қуатты тасқыны ма? Адамзат баласының ішіндегі ажалға қарсы тұрған Қорқыт бабамыздың қоңыраулы қоңыр күйлерінен жеткен өшпес сарын ба? Сыр сүлейлерінің ғасырдан ғасырға үзілмей келе жатқан тегеурінді термелерінің екпіні ме?!. Не десек те, қалай десек те ақын Шәкизада Әбдікәрімовтің төлтума таланты туған жерінің асыл қайнарларынан бастау алатыны анық.
Алпыстың асқарына алқынбай көтерілген замандас, рухтас, қанаттас бауырымның кең тыныстайтын, терең толғайтын, толық тебіренетін күндері алда деп білемін.