ЕКІ АЙМАҚТЫҢ АРДАҚТЫ АХМЕТІ (Атақты шопан, Еңбек Ері Ахмет Халықовтың туғанына 90 жыл)

ЕКІ АЙМАҚТЫҢ АРДАҚТЫ АХМЕТІ (Атақты шопан, Еңбек Ері Ахмет Халықовтың туғанына 90 жыл)Өтіп бара жатқан жылдар-ай... Сол бір мәртебелі мінберден Ахметтің сөз сөйлеп, оның еңбектегі көлемді көрсеткіштерін өз аузымен естігенде кең залдағы алқалы қауымның Сыр бойынан келген шопанның толағай табысына марқайып, ұзақ қол соққанына, съезді басқарып отырған Қазақстанның бірінші басшысының оның адресіне тоятты құттықтау айтқанына да жарты ғасыр уақыт өтіпті.
Иә, Алматыда Қазақстан Компартиясының ХІV съезі өтіп жатқан. Қазақстан-ның бірінші басшысы Д.А.Қонаев өз баяндамасында екі съезд аралығында республи¬камыздағы оябына келген шаруаларға талдау жасап, ауыл шаруашылығына, әсіресе мал өсіру кәсібіне байыпты талдау жасады. Сонда ғой баяндамашының Сыр бойынан барған делегат шопан Ахмет Халықовтың есімін мадақтай атағаны.
Ол бір Қазақстанның ауыл шаруашылығына, әсіресе, малды ауылда ерекше дүрбелең тудырған, арқа қоздырған, намыс оятқан мазаң шақ еді. Партияның Одақтық басшысы Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізу міндетін қойды. Шынында бұл біздің еліміз үшін алынбас асу, мешеу белдеу емес еді. Қазақ – ғасырлар бойы мал баққан, бақытын осы кәсіптен тапқан халық. Жаңа шешім бұл елді жасытқан жоқ, қайта жігерін тасытты. Одақ бойынша осынша сенімнің бізге артылуы жаңа бір жеңісті де, жемісті жорыққа жетелейтін құбылыс болды.
Халық бұл жорықтың жеңіс сыйлайтынына шексіз сенді. Өйткені, олардың қолында ықылым заманнан бері жалғасып келе жатқан киелі дәстүр, қасиетті із бар еді. Құнарлы топырақ, аруақты бабалар қорғап қалған түгін тартсаң май шыққан кең-байтақ берекелі жер бар еді. Атакәсіпке сенім артылысымен-ақ малшы таяғын ұстаған ұрпақ үндеуге үн қосып, табыс қазанын тасытып, берекелі белестен шаң бере бастап еді. Бұл сөзімізге бүгінгі кейіпкеріміз Ахмет Халықұлының әлгі съезде айтқан мына сөзі айғақ:
– Құрметті делегаттар, мен сөзге олақ, істің адамымын. Көмекші болып шопан таяғын ғазабат соғыс жылдары оңтүстік өңірде Шардара ауданының "Көксу” совхозында ұстап едім. Шүкір, қадамым құтты болды. Бағым жанып, үнемі озаттар биігінде болдық. Бүгінде Сыр бойындағы "Қараөзек” қаракөл совхозында атакәсіпті жалғастырып жүрмін. Мұнда да ұлы көштің алдындамын. Соңғы бесжылдықта әр 100 саулықтан орташасын айтқанда 185-тен төл алып, әр қойдан 3,1 келіден жүн қырықтым, қаракөл елтірісінің 82 пайызын жоғары сортпен тапсырдым. Бұл – менің жаңа аймаққа келгелі бергі нәтижем. Қысқасы, менің екі өңірге де өкпем жоқ. Олардың екеуі де мені ардақтап, мақтан тұтады. Бұл – адал еңбектің, маңдай терімнің арқасы!
Үзілісте шымкенттік (онда облыс осылай аталатын) делегаттар ортаға алып құттықтау жаудырды:
– Әдепкіде барған жеріңе біздің тақымымыз толмай оязсынып едік. Онда да оза шауып жүр екенсің ғой, жетістігің құтты болсын, Ахмет!
– Бәсе, Сырдың бойы малға да жайлы деп көшерде бой бермеп едің, ақыры біздегі биігіңе онда да шыққан екенсің ғой, осыныңнан тайма.
– Бізден алған тәліміңнің арқасы ғой...
– Рахмет, достар, – деп Ахмет қоршаған азаматтарды кезек-кезек құшақтап сөздерін бөлді. – Бәрі адамның өз қолындағы дүние ғой. Онда үйренетін де, үйрететін де жайттар көп. Тек ұғым, адал бейнет керек. Сосын Сырдың бойы малдың да жайы. Әсіресе қыр бетінің шөбі өте шұрайлы, жұғымы төрт түлікті түлетіп жіберетінін бұрын да талай айтушы едім ғой...
...Ахметтің малдың өрісі сөз болғанда арқа беттегі қырдың, құмды жердің шөбін мақтай жөнелуінде сыр бар. Оның ата-бабасы шығысы Қаратау жоталарымен қойындасып жатқан Бетпақдала жонымен шектесіп, Сарысу өзенін қапталдап Ұлытау жотасына иек артатын, ал батысы Арысқұм, Қарақұм шөлдерін шарлататын қазақтың маң даласында өмірбақи түлік өсірген тумалары. Ал Ахметтің өзі аталған аймақтың қақпасы атанған  "Телікөл” сабатында 1926 жылы өмірге келді. Айтуындай-ақ, шаруалар тілімен айтсақ, сөз болған қыр бетте жусан бастаған өңкей "қара шөп” өседі. Жауын-шашыны аз құмды жердің шөбі өте құнарлы келеді. Онда жайылған мал тез оңалады, өте қоңды болады. Бұл әсіресе, қой мен сирақты ірі қара малдың сүйкімді тағамы.
Шындықтың шылбырын шыжымдасақ, Ахмет туған жерінің суы мен шөбінің рахатын көрмей, балалық шағы өзге өңірде өтті. Отызыншы жылдардың ашаршылыққа ұласқан зобалаңы тек мал өсірумен күнелтіп отырған қыр қазақтарына ақырзаман орнатып, тарыдай бытыратқаны тарихтан белгілі. Осынау әпербақан әрекеттің құрығы жаз болса Ұлытау асып, Есіл бойындағы Сарыарқада жайлап, қыста Телікөлдің қопалы қойнауларын паналап отырған тайпалы елдің де мойнына түсіп, берекелеріне бүйідей тие бастады. Ол аздай-ақ ел ішінің шолақ белсенділері де дікеңдей түсті. Ағайынның күн көріп отырған малы тоналып, ел басына әп-сәтте қара бұлт үйірілді. Бұл зауал алдымен "бай” аталып келген ауқатты жандардың әулетіне бөрідей тиді. Бұл қырсықтың опа бермесін байқаған Халық атты ел ағасы берік тоқтамға келді. Қазақ елін жайлаған аштық пен қуғын-сүргін лаңынан босығандардың көрші елдерге барып күнелтіп жатқанын естіген ол әулетіне қарастылармен ымыраға келіп, оңтүстікке ойысуға ұйғарады.
Сөйтіп, сол кезде жігіт ағасы жасына келіп, ағайынның алға ұстар ақылшысына айналған  Халық көлік қамдап, 1930 жылдың көктемінде әулетін ертіп бір түнде жолға шықты. Ұзақ жол шаршатса да, қажытса да көш бетінен қайтпады. Бір күндері сұрай-сұрай Өзбекстанның Әндіжан қаласына келіп, таулы өңірдегі ауылдардың біріне қоныстанды. Бұл кезде кеңестік саясат бойынша мұнда да жаппай коллективтендіру саясаты жүріп жатыр еді. Жер жағдайы мен қаржылық әлеуетіне байланысты бұндағы ауылдар жұмыс қолы мен көлікке аса зәру екен. Сосын да Арқадан келген қазақтарды қуана қарсы алды. Күшкөлік пен жұмыс қолын есептей келгенде бұлардан 80 адам, 500 түйесімен артельге мүше болып қабылданды. Сөйтіп "келгінбайлар” түгел есепке алынып, оларға арнайы құжат берілді. Осылардың ортасынан "Түйекеш” деген ресми артель құрды. Оған жетекші болып арасындағы беделді азамат Мырзали Ақышев сайланды. Сөйтіп артель басшысы өзбек ағайындардың сеніміне тез кіріп, бедел жинай бастады. Техниканың мүлде жоқ кезінде таулы жердегі құрылыс материалдарын астық, жүк, отын, шөп тасудан қорлық көріп отырған өзбек ағайындар "Түйекеш” құрылған соң қыруар бейнеттен арылып, арқалары кеңіп қалды. Сол үшін де Мырзалидың ұжымын мадақтап, төбелеріне көтеріп отырды. Тағы бір жақсылығы – жер жағдайының қиындығын дәлелдеп үкіметтің көзін жеткізе білудің нәтижесінде "Түйекеш” артелінің 80 азаматы арнаулы броньмен армиядан босатылды.
Осылай алғашқыда "қазақ даласының қашқындары” атанған ағайындар өз көліктерімен бауырлас елдің ауырлығын көтеріп, әбден сенімдеріне еніп алды. Осылай уақыт өте берді. Ел ағасы Халық бастаған бір рулы ағайындар әлденеше жылды осылай Әндіжан жерінде өткізді. Обалына не керек өзбектер өгейсіткен жоқ. Бұлар да бөтенсімей қуаныштары мен реніштерін бірлесіп атқарып жатты. Жаһандық соғыстың зұлматты жылдарын да бірге өткізді.
Бірақ егде тартып, есейген ауыл ағаларының жадынан туған жердің жылы лебізі, топырақ иісі бір кетпей, шақырды да тұрды. Ақыры бірде Халық ақсақал ағайындарының басын қосып, уәжді кесіп айтты:
– Ағайын, шетке келіп есейдік, тойынып, етегімізді жаптық. Бұрынғыдан қалған "ер туған жеріне, ит тойған жеріне” деген сөз қалған. Қуатымыздың барында ұрпағымызды туған топыраққа, қазақ жеріне табыстап кетсек деген арманымыз бар. Көптен хабар алып көріп едік, мына Шардара жеріндегі ағайындар бар керегімізді әзірлеп, қуана күтіп отыр. Одан әрі кіндік қанымыз тамған ата-бабаларымыз жатқан Сыр бойына бара жатармыз, – деп еді, жұрт қуана құптап, бірауыздан қоштады.
Сөйтіп Мырзали бастаған ағайындар 1953 жылы күзге қарай көштің бетін туған елге – Оңтүстік Қазақстанның Шардара ауданына бұрды. Айтқандай, бәрі сағына күтіп отырған "Көксу” совхозына келіп қоныс тепті. Әркім мамандығына сай жұмыс тапты. Ал Ахмет Халықовты қабылдағанда совхоз басшылығының қуанғанын көрсеңіз. Арадағы әңгіме шу дегеннен сұрақ-жауаппен өрбіді. Көптен ел басқарып, адам жанына үңіле білетін шаруашылық басшысы Ахметті сұрақтың астына алды.
– Қолыңнан не келеді, жігітім, қандай жұмыс сұрайсың?
– Қолымнан қой бағудан басқа түк келмейді. Қисаңыз, бір отар қой бағам.
Совхоз директоры қуанғаннан орнынан атып тұрып Ахметтің жанына келіп оны құшақтап алды.
– Дегенің болады. Іздегенім табылды, әкел қолды!
Ауыл басшысының бұлай деуі де тегін емес еді. Өңірдегі ең төрт түлігі көп ауылда малшы жетіспейді. Әсіресе, күзге қарай қозы айырғанда шопан табу бір қиын шаруаға айналып кететін. Біраздан осыны ойлап қиналып жүрген ауыл ағасы әйелі ұл тапқандай қуанды. Дегенмен, екі ойлы пиғылмен тағы сынап көргісі келді.
– Бұрын мал бағып көріп пе едің?
– Атакәсібіміз – мал бағу. Көзімізді ашқалы баққаным мал...
– Ендеше ірі қарамыз да баршылық, жылқышы, түйеші, сиырымыз да жетерлік.
– Жоқ, қисаңыз қой бағайын.
– Ірі қарадан неге қаштыңыз?
– Қашқаным емес. Қой – табыс көзі. Еті, жүні, елтірісі дегендей... Бұл аймақта сирақты түліктің жайылым шөбі сирек, бар болғанмен қуаты аз. Өйткені мұнда қырдағыдай емес, ылғал көп түседі. Сонан да дала шөбінің қуаты төмен тарта береді.
– Сонда қойдың қай тұқымын өсіргеніміз пайдалы?
– Бұл – қаракөл қойының отаны.
– Қазақ Еділбай қойын мақтайды ғой?
– Еділбай тұқымын жамандаудан аулақпын. Жарықтық қойдың төресі ғой. Бірақ ол ыстық жердің малы емес, оған қоңыр салқын, жусан бастаған қара шөпті өріс керек. Қаракөл қойындай жүндес емес. Көбіне жалқы туады. Елтірісі тағы жоқ.
Сұрақ-жауап осымен аяқталып, кесімді келісім сағаты соқты. Директор жауапқа тояттап, Ахметтің кей жауаптарына қарсы уәж айта алмай отырды. Әлден соң:
– Құтты қонақ келсе, қой егіз табады деуші еді. Жігітім, сен бізге келген құт шығарсың, ойың байламды, пікірің қонымды екен. Сыннан өттің. Күзді күтпей-ақ күні ертең саулық отарын қабылда, – деп Ахметке қолын ұсынды.
Директор айтқандай, Ахмет бұл ауылға құт боп келді. Өзбекстанда артель құрған ағайындар үйірімен жеке қой фермасын жасақтап, Ахмет бастаған азаматтар өріске шықты. Ұжымға тағы да Мырзали жетекшілік етті. Жаңа қоныста, өз Отанында шопан таяғын ұстаған қауым тосырқамай тың кәсіпке түрен салды. Ахмет алғашқы жылдың өзінде 620 саулықтың жүзінен 140-тан төл алып, осы өңірдегі озаттардың қатарына бірден қосылды. Келер жылы інісі Дайырбек те осы биіктен шаң берді. Сөйтіп, ел сеніміне кіріп, еңбектері еленді. Мақтау-мадақтың беті бірден бұларға да бұйырды. Өзі, інілері Хами мен Дайырбек те омырауларына орден тақты
"Дәм бұйырса, дауа жоқ” деген айнымас шындық екен. Елуінші жылдардың аяғын ала Ахметтің ауылы Сыр бойына қоныс аударуға қам жасады. Оған Бейсен, Халық аталарының Сыр еліне қарасты туған жердегі ағайынды аралаған сапарлары себеп болды. Мұндағы елдің де тұрмыс-күйі, кәсіп-тірлігі көңілдеріне қонған соң ақсақалдар нілдей бұзылды. Тағы да бас қосып, ауылына тұжырымдарын айтты:
– Міне, біз сексенге келіп қартайдық, шырақтарым. Көзіміздің тірісінде ұрпағымызды ағайынның ортасына қосып кеткіміз келеді. Олардың да өрісі от, малы қоңды, егіні шығымды екен. Сырға көшуге бәтуа байласып келдік...
Осылай елуінші жылдардың аяғында жоғарыда аталған аталар Мырзали мен Ахмет секілді ел ағалары бастаған топ енді Сыр еліне бет түзеді.
Мұнда келген соң Ахмет інілерін бастап Тереңөзек ауданындағы "Қараөзек” қаракөл қой совхозына келіп кәсібін жалғастырды.
Жасынан жанына жағымды жаңа жайылым Ахметтің ынтасын арттырып, құлшынысын қуаттандыра түсті. Бұл ауылдың малы жаз болса, жұғымды қара шөбі қайысқан Арысқұмның Мұстафа, Кетеқазған, Жайсаң, Қызылқия атты шұрайлы жерлерін жайлап, Сырға күзде әбден қоңданып құлайтын. Ал, қысқы қонысы Сырдың ықпанасы мол қопалы ойпаттары. Мұндай жерлерде мал бағу малшыны толағай табысқа жетелеп, көңілін өсіре түседі. Ахмет осынау жазғы, қысқы жайылымдарды түгел шарлап, аймақтың ауасы мен табиғат сырына әбден қаныққан соң бірден шеберлер легіне қосылатын әдетіне басты. Ұзамай есімі озаттар қатарына жазылып, тәжірибесі таратыла бастады. Облыстық, аудандық, қоғамдық сайланбалы органдарға мүше болды. Туған жер жұлдызын жандырды деген осы да, інілері Хами мен Дайырбек те мұнда келген соң ең жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды.
Ал, Ахаңнын өз басының жұлдызы мүлде биік түсті. Отбасында  жанға жан қосылып ұрпақ өсірді, немере сүйді. Іргесі кеңіп, дос-жары көбейді. Еңбектегі көрсеткіші жоғарыда съезде айтылғандай облыстағы әріптестерінің алды болды. Төгілген тер, адал бейнет 1966 жылы Ахмет Халықовтың омырауына «Ленин» орденін тағып, «Социалистік Еңбек Ері» атағын алып берді.
Иә, ол Қазақстанның «ақ алтынды» оңтүстігі мен ырысты, күрішті және «қара алтынды» Сыр аймағының да ардақты Ахметі. Дүниеден өзі өтсе де, шүкір, арты құлазып тұрған жоқ. Баласы Мүсілім әке таяғын ұстап, текті әулеттің дәстүрін жалғастырып отыр. Демек, тірісінде артында өшпейтін із қалдырған марқұмның есімін мәңгі есте қалдыру шарасын қарастыру енді бүгінгі ұрпақ парызы.
Өтеген ЖАППАРХАН.
Сырдария ауданы.
ТАҒЫЛЫМ 05 қараша 2016 г. 1 094 0