Шапқан
аттай, атқан оқтай зулаған уақыттан ұшқыр ештеңе жоқ, сірә... Осыдан
отыз екі жыл бұрын алғаш кездескенде біздер есейіп, ел көзіне ілінердей
адам болармыз-ау деп ойладық па екен?! Студент күндерімізде күзде күріш
жинауға Жалағаш, Тереңөзек аудандарына баратынбыз. Сол 83-тің қоңыр
күзінен бастап, бүгінге дейін біріміз тәте, біріміз сіңлі болып бірге
келеміз.
Әлі есімде, оның үстінде ешкімнің қолы жете бермейтін
шетелдік қара жолақты қоңыр тоқымасы болатын-ды. Не нәрсенің де қат
кезеңі ғой, соған қарамастан Күлшат сондай жарасымды әрі сәнді киінетін.
Іштей қызыға қараушы едік. Сырын кейін білдім. Әкесі Салих аға отыз
жылдай облыстық сауда саласында қызмет жасаған екен. Шашын да бір
келісті етіп тарайтын, қалпын бір өзгертпейтін. Ондай қайратты сүмбіл
шаш тек Күлшат аруда ғана болатын. Қайраттылығының белгісіндей
көрінетін. Барынша ұқыпты, тап-тұйнақтай, сөйлегенде сөзі нық, өз-өзіне
сенімді. Өзін іс-әрекетімен өзгелерге мойындата алатын табанды. Күлшат
Салихқызы туралы еш жаңылыспағанымды келешек өмір қалтқысыз дәлелдеп
берді. Ол барлық ортада, ұжымда, қызметте абыройлы болды.
Халық
даналығында: «Баланың жақсысы – әке мен шешенің абыройы,
жаманы-қайғысы, азап-соры» деген. Күлшатжанның ата-анасы бала
тәрбиесінде жаңылмаған. Қамзаевтар әулетін түгел танимын десем, артық
айтқандығым емес. Бір-біріне деген бауырмашылдығында, құрметінде шек
жоқ. Қазақтың әр отбасы осылайша ұрпақ тәрбиелесе, біздің елдің болашағы
да баянды болар еді.
– Мен әкеме көбірек ұқсағанмын, – дейді ол. –
Менің әкем топ жарған шешен, көп бастаған көсем де болған жоқ. Бірақ
ненің болса да байыбына бара білетін, әр сөзін ойланып сөйлейтін, табан
жолынан жаңылыспастай, алған бетінен адаспайтын парасатты, ақыл¬ды. Көп
оқитын. Мақалдап сөйлеп, ертедегі би-шешендердің сөздерін келісті
жерінде айтып отыратын, халық даналығынан, тіпті Абайдың қара сөздерінен
«Абай жолы», «Көшпенділер», «Аққан жұлдыз» романдарынан үзінділер
айтқанда, осының бәрін қай кезде оқыды, қай кезде үлгеріп жүр деп
таңғалатынбыз. Көп біліп, көп оқыған кісі мәдениетті болады. Мен үшін ең
мәдениетті, көргені мол кө¬реген кісі менің әкем болатын. Сый
көрсетудің ең үлкені – игі жақсылармен жүздестіру, сөздерін тыңдату,
бата алу деп білетін ата-бабаларымыздың үрдісі қандай керемет.
Әкелері
Салих балаларына қырық жыл емес, қырық ғасыр азық боларлықтай игілікті
істерін аманаттап кетті. Аманатқа ұл мен қыз адал болды. Ошағының отын
сөндірмей, шаңырақтың берекесін тасытып, абыройлы еңбек етіп келеді.
Анасы
Дарияш анамыз көңілі шалқып аққан дариядай кең, болмысы мол пішілген,
тірлігінде ешкімге қатты келмеген, қиянат деген¬нің не екенін білмеген,
қолынан келсе, біреуді қуантуға, асы болса қонағына тосқан, жоқ болса,
оған да көнген текті әулеттің қызы еді. Алла сабыр деп аталатын үлкен
қасиетті аямай-ақ бойына дарытқан жан болатын. Көзін көрдік, қолынан дәм
таттық. Сырқатының жанына батқанын да сездірмеген күйінде, сырбаз
қалпында небәрі қырық тоғыз жасында дүниеден өтті. Анасы ауырып жатқан
күндердің бірінде Күлшатты шақырып, өзіне қалаған сырғаны сатып әкелуге
жұмсайды. Ойында ештеңе жоқ Күлшат дүкеннен сырғаны алып, құлағына
тағып, анасына көрсетеді. «Саған ғана жарасады екен, ботам», – дейді
баласына ұзақ қарап тұрып. Бұл анасының ұзақ сапарға аттанар алдындағы
сыйы еді. Анасы сүйікті перзентіне мойымайтын жүрек, қажымайтын
қайсарлық, талмайтын қанат берді. Адал еңбек етуге бау¬лыды.
Күлшат
Салихқызы қаламыздағы №217 мектептің түлегі. 1983-1987 жылдары бұрынғы
Н.В.Гоголь қазіргі Қорқыт ата атындағы педагогикалық институттың
филология факультетінде оқып, үздік дипломмен бітірді. Адамның жастық
шағы өмірдің жалыны мен жарығы, адамның көктем шағы, оған өмірдің
болашақтағы жылдарына арнап дән себеді. Толағайдай бір тауды екі¬ші
жерге арқалап апаратындай, құлшынып жұмыс істейтін, күш-қайратың да
асып-тасып тұрған шағы.
Жалпы адам жанына ізгілік нәрін сепкен
ұстаздан үлкен кім бар?! Олардың шәкірттеріне деген жомарт жүректерін,
кіршіксіз таза көңілдерін, жан баурар ақыл-кеңестерін, сарқылмас білім
қайнарын қалай ұмытарсың?! Біздің ұстаздарымыз Ә.Қоңыратбаев,
Ә.Байжолов, Н.Жүнісов, М.Бимағамбетов, Ә.Әблақов, А.Шамшатова,
Н.Нұржановтар қазақтың қазанаттай жайсаңдары, ғалым-ұстаз деген атаққа
ғана лайықтылар болатын. Бүгінде қасымызда жүрген қадірлі ұстаздарымыз
Ж.Садуақасұлы, Б.Кәрібозұлы, Ұ.Жанбершиева, Р.Есназарова, С.Тайманова,
Ә.Мамыраевалардың да жөндері бір бөлек. Оларды бір көргеніміз,
жүздескеніміз, бауырымыздай еркелегеніміздің өзін бір бақыт деп
санаймыз. Осы ұстаздар алдынан тәлім-тәрбие алған Күлшат Салихқызы 1987
жылы №217 мектепке – ұшқан ұясына қайта оралып, қазақ тілі мен
әдебиетінен сабақ береді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары қызметін атқарады. 1988 жылы жас мұғалімдер арасында
ұйымдастырылған «Үздік мұғалім» байқауының жүлдегері атанады. Үш жыл
ішінде қалалық оқу бөлімінің ұсы¬нысымен 1-санатты мұғалімдер қатарын
толықтырады.
Қалалық оқу бөлімінің бастығы С.Жүнісов ағай қызметке
шақырып, 1990-1992 жыл аралығында қалалық оқу бөлімінде әдіскер болды.
Алғаш қаламызда ашылған қазақ-түрік лицейлерінің ашылуының басы қасында
жүреді. Күлшат Салихқызы тек әдіскер-ұстаз деген атқа лайық па деп
ойлаймын. Әдістеме десе, оның аты алдыңғы орында тұрады.
1993 жылы
облыстық оқу бөлімінің бастығы, жаны жайсаң жақсы ағамыз Ә.Мүсілімов
облыстан 3-4 мұғалімді Шығыс Қазақстандағы Зайсанға республикалық
конференцияға, одан әрі Қ.Бітібаеваның арнаулы мектебіне тәжірибе
алмасуға жібереді. Олардың ішінде Күлшат та болған. Қайтып келген соң,
қала мектептерінің барлығында үйренген әдіс-тәсілдермен сабақ беруге,
семинар-тренингтер өткізуге тура келеді. Соның арқасында өзі де әбден
ысылады, мол тәжірибе жинақтайды.
1993-1994 оқу жылында Ы.Жақаев
атындағы аграрлық-инженерлік институтқа жұмысқа қабылданады. Күлшаттың
университеттегі қызметі де осы жылдардан басталады. 2001 жылы әл-Фараби
атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Р.С.Әмірдің
жетекшілігімен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында тіл
білімінің аса күрделі синтаксис саласы бойынша «Қазақ тіліндегі
изафеттердің құрылымдық және жұмсалымдық аспектілері» тақырыбында
кандидаттық диссертациясын қорғады.
Жапон халқында: «Егер көздеген
мақсатың біржылдық болса, бидай ек, көздеген мақсатың ондаған жылдарды
қамтыса, ағаш отырғыз, егер сенің көздеген мақсатың ғасырларға арналса,
ұрпақ тәрбиеле» деген өсиет бар. Күлшат Салихқызы ғасырларға
бағытталған ұлы мақсатының біріне емес, бірегейіне жетті.
Қытай жұртының ұлы ұстазы Конфудзыдан ұстаз қандай болу керек десе, былайша жауап берген екен:
«Қарағанда,
айналамды анық көріп тұрмын ба, тыңдағанда – дұрыс естідім бе, өңім –
мейірбан ба, қимылым – ізетті ме, сөзім – риясыз ба, ісім – орынды ма», –
деп ойлауға тиіс депті. Біздер үшін сен жүрегің мейірбанға толы, иманың
жүзіңде, сөзің риясыз, үлкенге ізетті, кішіге қадірлісің. Шәкірт үшін
сенің өмірің өнеге мен тәлім-тәрбиеге толы. Сенің алдыңда бағындырар
биік шыңдар, талай сындар тұр. Қазақ елін әлемге танытатын, есімдері ел
есінде жүретін білімді ұрпақ тәрбиелеп шығара беретініңе ұжымың,
достарың, барша жұртың сенімдіміз.