Бірде бейтаныс кісілермен дастарқандас, дәмдес болған жайымыз бар. Үлкендер отырған жерде әр тараптан әңгіме қозғалатын әдеті. Алдымен ауыл-аймақ, бота-тайлақтан бастау алған уәж бірте-бірте өрісін кеңейтіп, аудан, облыс көлеміне дейін көтеріліп барып басылды. Неге екені белгісіз, ендігі сөз ауаны газет және оның қызметкерлеріне қарай ойысты. Бұл күнде газеттер көп, жазғыштар да жетіп артылады, тек солардың сапасы сан соқтырады десті. Осы төңіректе біреуі жақтап, енді біреулері жақауратып пікір қосып жатты. Манадан бері үнсіз отырған маңыздылау көрінген кісі әңгімеге енді араласты:
– Жолдасбек Ақсақалов деген журналисті білетіндеріңіз бар ма? – деп жан-жағына назарын салды. Ешкім ештеңе дей қоймаған соң, ана кісі сөзін әрі сабақтап: – Сапалы, салиқалы мақалалар жазып жүр. Есеп-қисапты, қаржы жағын жақсы біледі. Шамасы экономикалық білімі бар болуы керек, – деп аялдады. Кезеңі келгендей болған соң, әңгімеге араласып:
– Жолдасбек ҚазГУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған, ал есеп-қисап жағын өз бетінше үйреніп, тәлім етіп жүр, – дедім. Ана кісі таңырқағандай болып:
– Онда ол қабілетті, қасиетті жігіт болды ғой, – деп тоқтады.
Бейтаныс жан тарапынан айтылған мына сөз ойымды оятқандай әсер еткен еді. Жолдасбек жайлы мақала жазуға да себепші болған сол сөз болатын.
...Ұмытпасам, Жолдасбек Ақсақалов университетті бітірген бойда "Ленин жолы” (қазіргі "Сыр бойы”) газетіне корректор болып жұмысқа қабылданды. Бұл шамамен 1983-жыл болуы керек. Ол жылдарда оқу бітіріп келген жас маман еңбек жолын осы корректорлықтан бастап, азды-көпті тәжірибе жинақтаған соң барып тілшілік қызметке ауысатын. Біз білерде, кейін белгілі журналистке айналған Құттыбай Сыдықов, Сәрсенкүл Бихожа, Айткүл Шалғынбаева кезінде осы корректорлық мектептің қазанында қайнап, ширығып шыққан қаламгерлер қатарына жатады.
Жолдасбек бас редактор Нұрділда Уәлиевтің тұсында өнеркәсіп, транспорт бөліміне тілші болып қызметке кірісті. Ол жалындаған жас журналистің ашыла, айдындана түсуіне айтарлықтай ықпал етті. Біздің ішімізден Жолдасбектің табиғатын тап басып таныған Әділхан Бәйменов еді. Әдекең кісі танығыш, зерделі, зерек болатын. Ол өзінен бір мүшелдей кіші жас жігітті бауырына тартып, бойын үйретіп, ретіне қарай қол ұшын беріп, қолдап жүрді. Соның соңы ағалы-інілідей жарасты сыйластыққа ұласты.
Әділхан Бәйменов облыстық газетте тілші, бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, облыстық газет редакторының орынбасары, жаңадан ашылған тіл басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Ең басты есте қаларлығы сол, ол аймағымыздағы ең алғашқы тәуелсіз газет – "Ақмешіт апталығын” ашып, оған қызметке оқуды енді ғана бітірген жастарды тартып, баулыды, бағыт сілтеді. Әдекеңнің алдынан өрген, тәртіп, тәрбиесін көрген олар бұл күнде буыны бекіп, қабыр¬ғасы қатайған, қаламы ұшқыр журналистке айналғаны қуантады. Сол Әділхан Бәйменов алпыстың асуына аяқ іліктірген шақта жүрек талмасынан қайтыс болды. Шүкіршілік ететініміз – ол ұйымдастырған "Ақмешіт апталығы” үзбей шығып келеді.
– Әділхан Бәйменовпен жақсы сыйласып, армансыз араластым, – дейді ол. – Мінезге бай азамат еді. Екеуміз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында "Әділжол” деген шағын кәсіпорын аштық. "Әділжол” – Әділхан, Жолдасбек деген атаулардың алғашқы буынынан құралған. Шағын кәсіпті кітап шығарудан бастандырдық. Есеп жүргізудің жаңа шоттарын қазақшалап, Минфин жігіттерімен бірлесіп жинақ шығардық. Оны Қызылорда мен Шымкентке таратып, шала байып қалдық.
...Асылы, әр адамда әр нәрсеге бейімділік болады, ол кезі келіп, кезеңі туғанда «мен мұндалап» алдыңнан шығатын сияқты. Есеп жүргізудің жаңа шоттарын қазақшалау үстінде Жолдас¬бектің бойында жасырынып жатқан бейхабар бір қасиеті бой көрсеткен тәрізді. Ол содан былай экономика, қаржы секілді салаларға бірыңғай бетбұрыс жасады. Сол салалар бойынша газет-журналдарды үзбей ізденіп оқуды дағдыға айналдырды. Оның жұмыс столының үстінен есеп-қисапқа байланысты әдебиеттерді жиі көруге болады. Былайғымыз оларды оқымаймыз да, түсінбейміз де. Ал Жолдасбектің ондай әдебиеттер дегенде жаны бөлек.
– Арнайы оқу орындарында берілетін академиялық білім әрине қажет, – дейді ол. – Дегенде заман да өзгеріп, заңдар да өзгеріп жатқан мына кезеңде күнделікті ағымға ілесіп отырмаса, кенжелеп, кейіндеп қаласың. Мен экономика, бухгалтерлік есеп, қаржыға қатысты шығып жатқан қаулы, қарарларды, олардағы өзгерістерді қағыс қалдырмаймын. Солай дағдыланып, қалыптасқан сыңайлымын. Өзге журналист әріптестерімнен өзгешелігім сол ғана...
Әрине, бұл сырттай сыпайылық қана, болмаса Жолдасбек секілді экономика тақырыбына терең еніп, жан-жақты талдап жазып жүрген журналист аймағымызда жоқтың қасы. Тұстастарынан озатын тұсы да осы. Оның осы қасиеті кезінде біздің де қажетімізге жарады.
...Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел өміріндегі ерекше қиын кезең болғаны баршаға мәлім. Кеңес үкіметі құлап, барлық экономикалық, әлеуметтік байланыстар үзіліп, далбаса дағдарыс басталды. Еңбеккерлер еңбек¬ақысын, зейнеткерлер зейнетақысын айлап ала алмайтын жағдай қалыптасты. Міне, осындай қысылтаяң кезеңде облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов ағамыз мені облыстық газеттің бас редакторы етіп бекітті.
Жағдай барша қауым секілді газет қызметкерлеріне де оңайға түскен жоқ. Біраз жергілікті газеттер айлап-апталап шықпай қалып жатты. Бізде ондай жағдай орын алған жоқ, тек аптасына бес рет шығып тұрған газет енді аптасына екі рет қана шығатын болды. Ең басты қинайтыны газет басатын қағаз еді. Осы тұста облыс әкімі көмек қолын созып, өзінің резерв қорынан миллион сом ақша аударды. Ол кезде бұл көп қаржы. Сол сумманы редакция облыстық баспаханаға берді. Олар оны күрішке айырбастап, Ресейдің қағаз комбинатына асырды. Сонымен миллион сомға бір вагон қағаз келетін, шамамен қырық тоннадан астам.
Қағаз мәселесі осылайша шешімін тапқандай болды. Әкім: "Қағазға берілген қаржыны газетке жазылудан түскен ақша есебінен қайтарасың”, – деген болатын. Облыстық газетке жарты жылға жазылу науқаны аяқталғанымен, алған қарызымызды қайтара қойған жоқ едік. Бір күні әкім телефон шалды.
– Әскербек, амансың ба, жағдайың жақсы ма? Ал енді алған қарызыңды қашан қайтарасың? – деді. Дауысы көңілді көрінді, соны пайдаланып:
– Үлкен кісілер ондай-ондайды ұмытып кететін шығар деп ойлап жүр едім, – дедім.
Сәкең: – Ондайыңды қой, тездетіп қаржыны қайтар! – деді. – Ол алдағы уақытта да қарыз алып тұруыңа жақсы болады...
Әкімнің мына сөзі бір қиындықтан құтқарғандай, алдағы күндерден үміт¬тен¬діргендей әсер етті. Қағаз мәселесі шешілгенімен жағдай оңып тұрған жоқ еді. Редакция қызметкерлерінің жалақы алмағанына бір жарым айдан асып барады. Облыстық қаржы бөлімінің бас¬тығы Камал Шөкенов ағамызға те¬лефон соқсақ:
– Әскержан, шыдаңдар, жалақы ала алмай жатқандар жеткілікті, оның үстіне зейнеткерлер қинап барады, бір қолымызды екеу ете алмай отырмыз, – деп қиналады.
Солайша көңілсіз күндер өтіп жат¬ты. Қызметкерлеріне айлық еңбекақысын алып бере алмаған басшыда не бедел болсын. Олар салғырт, атүсті аман¬дасатын тәрізді. Жанға батқаны да сол. Сол көңіл күйімді сезген болуы керек, Жолдасбек бірде тосын ұсыныс жасады.
– Әсеке, үнсіз отыра беруге болмайды, ашулы аң да тісін көрсетеді ғой, – деді. – Облыстық қаржы бөлімінің бюджет қаржысын бөлудегі кемшіліктері бар, соны газет бетінде көр¬сетейік.
Ол осы пікірін дәлелдеп, менің көзімді жеткізді, ақыры көндірді.
– Ал ендеше жаз! – дедім мен.
Сонымен Жолдасбектің шағын сын мақаласын газеттің бірінші бетіне көрнекті етіп жариялап кеп жібердік.
Сын мақаланы жариялауын жарияласақ та, ақырын асыға күткендей едік. Бір күн өтті, екі күн өтті, үн жоқ. Солайша аптаның аяғы да жетті. Содан облыстық қаржы бөліміне өзім телефон шалдым.
– Кәмеке, сіздің мекеме туралы біздің газетке шағын мақала шығып еді, оқыдыңыз ба? – дедім.
– Оқыдым, – деді Кәмекең.
– Пікіріңіз қандай? – деп жіңішкелегендей болдым.
– Жазылған жайға қарсы айтар дауымыз жоқ. Жолдасбек Ақсақалов деген тілшілеріңіз қаржы саласын жан-жақты біледі екен. Бюджет бөлудегі кемшіліктерді біз білмей істеп отырғанымыз жоқ. Біріне тартсаң екіншісіне жетпейді, бұл амалсыздан жа¬салып отырған жұмыс және ол жоғарғы жақтармен келісілген шаруа, – деді. – Ал енді сынадыңдар ғой, одан қорытынды жасаған болайық, айлық жалақыларыңды мүмкіндігінше уақытылы беріп тұруға тырысайық, – деп сөзінің соңын күлкімен аяқтап еді.
Камал Шөкенов ағамыздың сөзіне қайран қалдым әрі өте риза болдым. Басқа біреу болса "бізден басқа сынай¬тын мекеме таппадыңдар ма?” дегендей реніш білдірер еді, наз айтар еді. Кәмекеңді байсалды, байыпты басшы, ауызы ауыр абыройлы азамат деуші еді. Осы жолы соған көз жеткізгендеймін.
Жасы үлкен кісі кішірейіп, үлкен мәдениеттіліктің үлгісін көрсеткен соң, біз де қарап қала алмадық. Жолдасбекке: "Қаржының басшысы ағаңа барып амандасып, әңгімелесіп, қазіргі кез¬дегі жағдайларына қанығып қай¬тарсың, – дедім. Ол қарсы болған жоқ.
Арада бірер күн өткен соң Жолдасбек аса көңілді көрінді.
– Кәмекеңе бардым, қабылдау бөлмесінде облыстық деңгейдегі бес-алты басшы отыр екен. Ауыздағы қызға құлаққағыс қылып едім, артынша ар жағынан Кәмекеңнің: "Жолдасбек кірсін”, – деген дауысы естіліп қалды. Ағамыздың алды кең екен, бұрыннан таныс-біліс адамдардай қарсы алды. Соңында қарамағындағыларға: – Редакция қызметкерлерін қағажу қалдырмаңдар, тиісті қаржыларын уақытылы аударып тұрыңдар, – деді. Мен аса риза болдым. Осындай жай-жағдайды терең түсінетін басшылар көп болса ғой шіркін...
Бұл экономика тақырыбына тайсалмай барып, Президенттің бұл тұр¬ғыдағы саясатына сай сараптамалық, тіпті сыни тұрғыдағы материалдарды журналист Жолдасбек Ақсақаловтың өндіріп жаза бастаған тұсы болатын. Осылайша қалам сілтесі оның абыройын асырып, беделін биіктете түсті. Бай¬қау¬ымша, басшы қызметкерлер де оған назар аудара бастаған сыңайлы, кездесіп, жүздесіп қалған жағдайларда ол жазған материалдар жөнінде жап-жақсы пікірлер білдірісіп қалып жүрді. Бұл кезде ол облыстық прокуратура, облыстық сот сипатты, облыстық са¬лалық мекемелер басшыларына және облыс әкімінің орынбасарларына еркін кіріп-шыға беретін болған еді.
1993 жылдың соңына қарай Жол¬дасбектің "Президентіміз не дейді?” де¬ген мақаласын газеттің бірінші бетінде жарияладық. Ол оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Оны Алматыға ұшып бара жатып оқыған облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов ертеңіне маған телефон шалып, ризашылық білдірді, соңынан мақала авторы туралы сұрастырды.
Облыс әкімінің Жолдасбек хақындағы сұрастырулары жайдан-жай емес екен, оны сәл кейінірек білдік. Арада екі-үш күн өткен соң ол:
– Облыстық әкімдіктен бөлім басшысы Қуаныш Махамбетов телефон соғып, мені өздеріне қызметке шақы¬рып жатқанын хабарлады, жауабын кешіктірмей беруімді өтінді. Бұл Шаухамановтың шақыруы екенін сезіп отырмын, – деді. Мен үшін бұл күтпеген жаңалық еді. Ойланыңқырап барып:
– Барғаның өзіңе жақсы, қалғаның маған жақсы, өзің біл, – дедім.
Экономика тақырыбына жарқыра¬тып жазатын жалғыз журналистен қол үзіп қалатын болдым-ау дегендей ойларда жүр едім. Оным бекер екен, Жолдасбек жылы орнын суытқан жоқ. Оның мәнісін кейін өзі айтты.
– Сізден соң әкеммен ақылдасып едім, – деді ол. – Ол кісі қарсы болды. "Сен күйгелексің, ол жауапты жұмыс, редакцияда жүре бер” деді. Әкемнің айтқанынан аса алмадым.
Жолдасбек аз іркіліп, әңгімесін әрі жалғастырды.
– Содан көп ұзамай облыс әкімімен бірге НОД-тың арнайы вагонымен іссапарға шығуға тура келді. Әкімнің менен көңілі қалғандай екен.
– Жұрт қызметті жағдай айтып, жалынғандай болып сұрап алады, ал сен шақырғанда неге келмедің? – деді. Қатты қысылдым, ағаттық жібергенімді аңғардым. Дегенде маған туыстығы, тіпті жекжаттығы жоқ әкімнің бұл сөзіне ренжігенім жоқ, қайта қуанғандай болдым. Басшының жанашырлығы, жақын тұтуы деген осындай-ақ болар...
Жолдасбектің мына сөзіне мен де іштей риза болғандай едім.
Ол нарық тақырыбына да дендеп енді. Бір жолы пединституттың профессоры Н.Күнқожаев телефон шалып, Жолдасбектің жай-күйін, жасын, білімін сұрастырып, риза болған рай танытты. Заман, уақыт талабына сай жазылған сауатты сын мақалалары оны абыройға бөледі. Әсіресе, ірі өндіріс басшысы А.Шәменов, зауыт директорлары Н.Қарымсақов, С.Дүйсенбаев, О.Моынқұловтардың оған деген көзқарастары ерекше болатын. Ол бір сын мақаласымен ЦКЗ-ның тәкаппар директоры Н.Поповты да жуасытып алған. Қысқасы, облыстағы "қызыл директорлардың” барлығы, сондай-ақ салық, қаржы салаларының басшылары Қ.Әжібеков, Д.Ысқақов, Н.Пірімов, С.Мырзабеков, Н.Жолдасбаев, С.Тәшімбет, Қ.Ыдырысовтар оған құрметпен қарады.
– Бірде трест басшысы Ф.Фаткульдиновке бардым, – дейді Жолдасбек. – Ол облыстың бірінші басшысымен ғана сөйлеседі деуші еді. Сонысына басып, "мынау кім?” дегендей мені менсінбеді. Алдын ала дайындалғанмын, жалақы қоры, рентабельділік, өзіндік құн дегендерді айтып, қолымдағы трест бухгалтериясынан алған анықтамаға сай түсінік беруін өтініп, бастырмалата жөнелдім.
Трест басшысының беті қайтқан тәрізді. Орнынан баяу тұрып: – Кеттік, – деді. Мені машинасына мінгізіп алып, қала сыртындағы қоймаларын аралатты. Ағаштар, бөренелерді, үйілген цементті көрсетті: – Азын-аулақ тиын-тебеніңді төлеп, қалағаныңды ал, – деді. Ол кезде ондай ой жоқ, ештеңе алмадым. Мақала да жазылмады. Кейін ол облыс әкімінің орынбасары болды, «ер шекіспей, бекіспейді» демекші, онымен жақсы сыйласып кеттік.
Журналист Жолдасбек Ақсақалов¬тың тілшілік өмір жолында осындай жағдайлар орын алып жатты. Оның баршасын көзінен тізіп, көгендеп айту мақсат та, міндет те емес. Нақа қажет болып жатса, оның да реті келер. Басын ашып айтатын бір жай, ол экономиканы, есеп-қисапты жетік білетін журналист ретінде танылды. Ол сол бағытынан, сол жолынан айныған емес. Қысқасы, экономика тақырыбы – Жолдасбект»ң журналистік жолы іспеттес.
2010-2012 жылдары ол облыстық газетке редактор болды. Бұл кезде әкім¬дік тарапынан экономикалық сарап¬та¬маны көбірек беру тапсырылды. Ол жөнінде Жолдасбек былайша еске ала¬ды.
– Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы екеуміз бір ай бойы газеттің бірінші бетіне күнара диаграммалар жариялап, оған түсінік беріп отырдық. Соның бәрін өзім жазамын. Шынына келгенде, бұл редакторға басы артық, ауырлау жұмыс еді. Кейін оны тоқтатуға тура келді. Қолдан жасалған мақтаулар жиілеп кеткен соң облыс әкімдігінің жауапты қызметкеріне: "Облыстың макроэкономикасындағы 20 цифрдың 7-і ғана мақтап, мадақтап дегендей, талғажау етуге келеді. Қалғандары жарамсыз” деген едім. Бұл әлдекімдердің шамына тисе керек, "Ақсақалов білгішсіне береді” деген сөздер де естіліп қалды.
Ол осыны айтып, көңілсіздеу тартып отырып қалды. Ал мен болсам оның өзі туралы ойланып кеткендей едім.
Адам болмысы әртүрлі, әрқилы. Кейбіреулер қызметі жоғарыласа, қолына билік тізгіні тисе болды, өзгеріп сала береді. Ол алдымен амандасудағы, адамдармен араласудағы айырмашылықтардан басталады. Жоғарыдағыларға жалбақтап, қарамағындағыларға қыр көрсететін жағдайға жетеді. Сырт көзге салқын, салмақты болып көрінеді. Солайша ортасынан өзін оқшаулау ұстайды. Ал Жолдасбек болса, соның бірін де істеген жоқ, бұрынғысынша жүріп, бұрынғысынша тұрды, бұрынғысынша пікірін ашық айтты, қысқасы, ол бұрынғысынша өмір сүрді.
Оның бұл қасиеті, әрине, біреулерге ұнады, енді біреулерге мүлде ұнаған жоқ. Сол бір алмағайып кезеңде Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаевтың: "Сіз бұл қызметті сұрап алған жоқсыз ғой” деуі Жолдасбекке олардың жұбатуы емес, өзін бағалаған қанағат сезімінің жылы шуағындай сезілген еді. Қорытындыда, ол екі-үш ай ауырып, редактордың столын босатып, өзінің үйреншікті мекені – экономика бөліміне қайта оралды.
Ол қазір де өзінің жанына жақын "Сыр бойы” газетінің экономика бөлі¬мінің басшысы. Соңғы кездері ол тарихи тақырыптарға барып, ел, жер, адамдар тағ¬дырына байланысты архивтік материалдарды ақтарып, көпшілік қауымға белгісіз, тіпті құпия болып келген жағдайларды жазып жүр. Онысы екі-үш кітап болып басылып шықты да. Оның бұл беталысына оқырман да, біз де ризамыз.
Айтқандай, мақаламыздың кейіпкері Жолдасбек Ақсақалов бүгінде алпыс жастың асуынан асқалы отыр. Осынау мерейлі жаспен оның өзін және жары Қамаш пен ұл-қызын қоса құттықтап, оған зор денсаулық, шалқар шабыт тілейміз. Сөз соңында «журналистік жолың жарасымды жалғаса берсін, Жолдасбек!» – демекпіз.
Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ.