Тіршілік өз заңдылығы бойынша өте береді, күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, кей жағдайларға мән беруге уақыт таппай жатқанымызбен, адамның жадында ұмытылмайтын, мәңгі жаңғырып тұратын жағдайлар да кезігеді. Кейде есік алдында отырып, баяғы өткен өмірімді еске алып, көз алдыма келтіремін. Біздің дүниеге келген кезіміз аумалы-төкпелі қиын заман еді, «қызыл» мен «ақтың» шапқыншылығы, колхоздастыру кезеңі, тапшылық пен ашаршылық жылдары – бәрі де есте. Адам баласына ең керектісі тыныш өмір екен ғой. Әлгіндей қиыншылықтар салдарынан қалың жұртшылық сол кездері қара нанға зәру болса да, адамдардың бауырмашылдығы мен ынтымағы зор еді. Бәлкім, сондай зұлмат замандар адамдардың бір-біріне деген құрметін арттырып, бір қолдың саласындай ұйысуға жұмылдыра ма екен, әйтеуір, сол кездің адамдары еңбек етуден қорықпайтын, қиыншылыққа мойымайтын өжет те, батыл секілді көрінеді маған. Тағы бір айтарым, біреудің басына іс түссе, бүкіл әулет болып, ауылдастары болып, соның ауыртпалығын бөлісетін-ді. Біз де сол тәрбиемен өстік, сол өнегені мақтан тұттық. Мен жас кезімде әуелі бухгалтерлік курсты бітірдім. Сұлутөбеде есеп қызметкерлерін дайындайтын алтыайлық курс болатын, Соны 1940 жылы оқып шықтым. Қызметке енді араласам ба деп жүргенімде тұрмыс құрып, өзге босағаны аттадым да кеңсе қызметіне мойын бұруға мұршам келмеді.
Ата-анам Қазанбай мен Пәкизаның бауырынан он бала өргенімен, еңсесін көтеріп, ержете алғанымыз ағам Әбдіхалық пен мен ғана. Сондықтан да туған ағамның бір ауыз сөзін жерге тастай алмай, Жұмаділдаға тұрмысқа шықтым. «Осы жігіттің етегінен ұста, қор болмайсың», – деп еді ағам сонда. Солай болды да. Өлшеулі өмірдің қай қаптарын жұмырбасты пенде біліп болған дейсің?! Келін болып өзге босағаны аттаған соң, көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталды да, қызықты күндердің ду-дуы аласапыранға ұласты.
1941-жылдың күзінде күйеуім Жұмаділда, туған ағам Әбдіхалық, әкемнің інісі Жайынбай, баласы Тасболатпен бірге әскерге алынды. Шиелінің стансасында тұрған аждаһа ауызды қызыл вагон жарамды ер азаматты толғай жұтып, тарсылдап майдан жаққа күнара жөнеп жатты. Елдегі ауыртпалық, әйелдерге, жас бала-шағаның мойнына ілінді. Күнкөрістен бөлек, майдан шебіне азық-түлік, киім-кешек жіберу секілді ауыр міндет тұрды. Кейінгілердің бірі біліп, бірі білмейтін шығар сол кездегі еңбек майданына әйелдерді де алды. Чкалов қаласындағы аяқкиім фабрикасында жұмыс істеуге туған жеңгем Пернекүл де алынып, бейшара сол күйі хабарсыз кетті...
Жарамды ер азаматтардың барлығы майданға кетіп, ауылда кілең бала-шаға, қатын-қалаш қалды емес пе?! «Басқа түскен баспақшыл» демекші, міне, сол кездері үшайлық механизаторлар курсын тәмамдап, 1942 жылы трактор руліне отырдым. МТС-тің қарамағында «ЧТЗ» деген трактор жүргіздім. «ЧТ3» деген үсті ашық, жанында май құятын бөшкесі байланған трактор болатын. Әлгі тракторды оталдыру қияметтің қияметі еді. Моторды қозғағыш тетіктегі бір құлаш шынжыр темірді жылдам әрі күшпен тарту қажет. Сонда ғана трактордың моторы іске қосылып, тарылдай жөнелер еді. Менмін деп кеуде керген жігіттеріңнің өзі қолын шынжыр арқанға оратып алудан жасқанып, бұл тірлікке жасқаншақтай баратын-ды. Намысқа тырысып, трақторды оталдыруды тез меңгеріп алдым. Темірмен темірдей мықты адам жұмыс жасауы керек емес пе?! Тәуекел дедім, «оталдырып берші» деп кімге жалынып жүрейін. Колхоз бастық Ілиястың, «Әп, бәрекелді, күшіңнен» деп басын шайқай беретіні сонда ғой... Ыбырай Жақаевпен етене танысып, бірге еңбек ететінім де осы кез. Ерте көктем еді.
– «Қызыл Ту» колхозына барасың, Ыбырай Жақаевтың күріш егетін жерін жыртасың,– деді механигіміз. Трактордың түтінін бұрқылдатып, қазіргі кезде Ыбырай түбегі аталынатын «Қызыл Ту» колхозының жеріне бардық. Бұл алқап бұрын егін егілмеген, қалың жыңғыл мен шеңгел басқан ну екен, соны тазалап, бұтасын аршып, жерін айдауымыз қажет. Шаруаның басы- қасында Ыбекеңнің өзі жүрді. Жуас мініс аты бар екен, сонымен келді.
– Қарақтарым, мен де бұрын егін екпеген адаммын. Ел басына күн туып тұрғанда маған да диқаншылық жасауға тура келді. Пенде, шіркін, қашанда шыққан тауым биік болсын демей ме, тосын іс демей, абыроймен атқаруымыз керек. Ол үшін мына жерді жақсылап, қалыңнан тазалап, шөп-шаламын алып, егін егуге қолайлы жағдай жасайық, ерінбеңдер, шаршасаңдар, сәл отырып, демаларсыңдар. Әйтеуір, дәнімізді уақытылы жерге тастап алайық, болса да күтіміне барынша күш саламыз ғой, – деген Ыбекең атын бір түп жыңғылға байлай сала шеңгелдерді шабуға өзі бас болып кірісіп кетті. Колхоз апарған жұмысшы әйелдер қолдарындағы балта, кетпенмен жерді түбіртектен аршуға қайрат көрсетті. Оларға Ыбекең дем беріп, сөзбен көтермелеп, ортақ іске жұмылдырды. Өзі ерекше қайратты, бір өзі 4-5 адамның жұмысын жапырып істеп кете беретін еді. Сол аршылған алқапты мен трактор соқасымен айдап шықтым. Әрине, бұл қазір айтуға оңай болғанымен, қиямет шаруаның бірі еді. Сол шақтан менің есімде қалғаны жұмыс қаншалықты ауыр, таусылмастай ұзақ болса да, сол кезде еңбек еткен әйелдер, балалар бір қабақ шытпайтын, салмақты болды. Мүмкін, заман тынысын жете сезінудің әсері ме екен, қай-қайсысы да өз нормасын орындаса да, дала қосынан кетпей, екінші тапсырма алып, соны бітіріп тастауға кірісіп кететін. Ол кезде тамақ та жетімсіз, тіптен ыстық тамақтың өзі кейде болыңқырамай жатса да, қабақ шытпайтын, қандай төзімді, қайсар, қайратты жандар еді деймін.
Біздің үйдің отағасы Жұмаділданың Әшіркүл деген апасы Ыбекеңнің туысы Болғандайда еді. Сондықтан да құданалы болып, бұрындары жиындарда көргеніммен, ол кісімен жұмыс барысында алғаш бірге болуым ғой, қапсағай денелі, жүзі күнге күйген Ыбекең шаршау дегенді білмейтін еді. Жұрттың мазасын алар күйгелектігі жоқ, барынша сабырлы, әр істі ақылмен атқарар ерекше жаралған адам ретінде көз алдымда қалыпты. Күріш еккенді де сол жылы көрдім. Күріштің дәнін жерге сеппес бұрын алдын ала суға салып, жібітіп қояды екен, сонан кейін ғана топыраққа сеуіп, суға бастырады. Осылай күріш себуге де қатысып, екі күн Ыбырай түбегінде жүрдім, сонан кейін мені тракторыммен басқа алқапта жер жыртуға алып кетті.
Күзде күріш орылып, оны молотилкамен жегізер кезде тағы да сол баяғы алқапқа барып, еңбек майданына араластым. Еккен күрішінің әр гектарынан алған орта өнімі ойынан шықты ғой деймін, мен қырманнан кетер кезде маған ақырын ғана: – Балам, рақмет! – деді. Даңғайыр диқанның сол бір ауыз сөзі әлі күнге құлағымда жаңғырып, кейінгі қол жеткізген еңбектегі жетістіктеріме берген батасы ғой деп ұғынып, арқаланып жүремін. Не керек, көктемде жер жырту, тырмалау, малалау және де күзде күріш дәнін молотилкамен жегізу жұмыстарының басында, Ыбырай атаның жанында бес жыл қатарынан болдым. Көп тәлім алдым, шыдамдылыққа үйрендім, өмірдің қиыншылығын адал бейнеттің тамшылаған тері, еткен еңбектің нәтижесі ұмыттыратынын сездім. Адам өзін осылай бақытты санайтынын, алдағы өмірге сеніммен қадам басатындығын түсіндім.
Бүгінгі Нартай Бекежанов атындағы ауыл өткен ғасырдың басында «Атбайлар» деп аталатын. Бала кезінде өзіміз де көрдік, ауылдың түстік беткейі қалың жоңышқа әрі қарай шабындық болатын-ды. Осы ауылда туып, өсіп-өндік. Атақоныстың бар тарихы көз алдымызда. Ал республикаға ерен жетістіктерімен белгілі болған Шиелі ауданының көркеюі, оны басқарған азаматтардың барлығы да есімде. Олардың әрқайсысы осы күндердегі қол жеткен жетістіктерге хал-қадірінше қызмет жасады, ауылдастарымызға білгенінше жол көрсетті, бірлесе еңбек етудің басы-қасында жүрді деп түсінемін. Осы орайда ғасырға таяу жасаған ана ретінде кейінгі жеткіншектерге айтарым: «Өмірге адам болып келген соң, азаматтығыңды танытатын адамгершілігіңді айшықтайтын ақ-адал іспен айналыс. Боркемік жігіттерге, бойкүйез қыздарға айтарым, жан жағыңа қара, сілкін! Данышпан Абай атамыз айтпақшы; «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дер едім. Еліміздің егемендігінің арқасында білім алуға да, еңбек етуге де жарқын жол ашылды емес пе?! Көзіңді ашып қарасаң, сан тарау соқ¬пақты көресің, тізең діріл¬демей, қолың был¬ғанбай әрі қарай қадам бассаң, алдың – даңғыл. Адам өмір бойы ізденіп, оқып, білім алуы қажет. Мен осы күндері де қолыма кітап, газет-жорнал алып оқып отырамын. Көп нәрсеге қанығамын. Бұл да менің дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтан үйренген өнегем. Адамның ішкі күші мығым болмай, алға баса алмайды. Бір орнында тапырақтап айналыңқырап жүріп қалатындардың ішкі сенімі бос, білімінің таяздығының белгісі. Менің төсегімнің басындағы үстел үстінде көрнекті азаматтар, қоғам қайраткерлері жөніндегі естеліктер, Мұстафа Шоқай, Шахмардан Есенов, Ыбырай Жақаев, Нұртас Оңдасынов, Дінмұхаммед Қонаев жөніндегі кітаптар тұрады. Оқимын, естеліктерді айтып немере, шөберелеріме тәлім беремін.
Ыбекеңе қайта оралайын, үйіндегі тамағын көппен бірге бөлісіп ішетін көпшіл кісі еді. «Біздің үйден тамақтанасыңдар, бәрімізге жетеді», деп қостағыларды үйіне ертіп кетуші еді жарықтық. Барынша қарапайымдылығы ғой, Еңбек Ері атағы алғаш берілгенінде құттықтап бардық, сонда «Бұл «Алтын Жұлдызға» Шырынкүлдің де қосқан үлесі бар», – деп мені көтермелеп отырды.
Қыдыр қараған әулие адам ғой, менің осынша жасқа келіп, абыройға бөленуіме Ыбырай Жақаевтың берген батасы Алла қолдап, сеп болған шығар деп үнемі шүкіршілік айтып отырамын.
Тәубә, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Шырынкүл ҚАЗАНБАЕВА,
Еңбек Ері.