Қазекеңнің күлкісі

Қазекеңнің  күлкісіКүлкінің түрі көп. Ақ жарқын күлкі, адал күлкі, риясыз күлкі. Теріс пиғылдағы адамдар зымиян күлкіге, түлкі күлкіге, өтірік күлкіге, арсыз күлкіге салады. Әйтеуір, толып жатыр.
Бүгінгі біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз, ерекше күлкінің иесі 70 жасты толтырып отыр. Осы жасқа дейін өзі күліп қоя салмай, жұртқа талай мәрте ішек түйілдіретін сәт сыйлаған сатириктің аты-жөнін айтсақ – Қазыбек Әшірбекұлы. Бірнеше кітаптың авторы, бәленбай республикалық сыйлықтардың иегері. Оның бәрін тізіп отыруға газеттің мүмкіндігі көтермейді, сондықтан негізгі әңгімеге көшейік.
Қазекең негізі орыс-жапон соғысын көрген ардагер. Көзімен көрмесе де, ол дүниеге келгенде шығысыңда қан майдан жүріп жатса керек. Бес-алты ай ерте туылғанда герман соғысының шет-жағасына үлгірді деуімізге болар еді. Нешауа, орыс-жапон қырғынында от кешіп жүрді деуімізге толық негіз бар.
Сонымен, Қазекеңнің 1945 жылдың күзінде өмірге келгенінен хабардар болдыңыз. Осы жерде көзі қарақты оқырман «Бұл қалай?» деп бас шайқап отырған шығар. Онда да есепке жүйріктері. Иә, сәл-пәл қисыннан алыстау. 1945 жылы туылған адам 2016 жылы 70-ті емес, 71-ді толтырады. Ал, біз сөз басында ол кісіні «70-ке толды» деп жар салдық. Бұл қарама-қайшылықтың себебін білгіңіз келсе, айтайық (әзіл-шыны аралас).
Қазекең бір адамдай өмірге келуін келеді, бірақ, заманның қиын кезі әсер етіп, туу туралы куәлік алудың сәті қашқан. Айтып отырмыз ғой, шығысыңда қырғын соғыс, аламан атыс. Орысың қайсы, жапоның қайсы, адам түсініп болмайды, әйтеуір қойдай қырылып жатқан пенделер. Сонымен, Қазекең адамдар тізіміне ілінбей шамасы сегіз жылдай жүрген-ау. Қашанғы жүре берсін, соқталдай жігітті оқуға берейік деп үлкендер мектепке апармай ма?! Апарса, мұғалімдерің «Туу туралы куәлігі қайда?» деп алақандарын екі жаққа жайыпты. «Шырақтарым-ау, жұрт соғыста қырылып жатқанда туып едік деп сандалып жүретін шама болды ма? Куәліктің керегі не? Туылғаны рас, мінекей, алдарыңда тұр» дейді ғой бала жетектегендер. 
Айтып-айтпай не керек, мұғалімдердің айтқаны болып, Қазекеңе туу туралы куәлік алудың қам-қарекеті басталады. Ондай қағаз беретін мекеменің көк қырсық қызметкері Қазекеңді көреді де, салған жерден елде жоқ бәлені бастайды.
– Анық өздеріңіздің балдарыңыз ба?
– Ойбай енді, өзіміздікі болмай...
– Біреуден ұрлап-жырлағаннан амансыздар ма?
– Астапыралла, аманбыз, аманбыз.
– Қай жылы туылған?
– Қырық бестің күзі ғой...
– Қазір сегізде ме?
– Сегізде, сегізде...
– Қайдам, сегіздегі балаға ұқсамайды. Мен сегіздегі балаға туу туралы куәлік бере алмаймын.
– Қалқам-ау, енді қайттік? Оқуға берсек деп едік...
– Еще оқуға бергілеріңіз келеді. Жо-жоқ, бере алмаймын...
Созбақтатып қайтеміз, сол арада біраз айтыс-тартыс болып, ерегістің аяғында Қазекеңнің жасы бір жылға кеміп, әлгінде ғана сегізде болған жігіт «жетідемін» деп желпініп шыға келіпті. Сонымен, Қазекең дәкүмент бойынша 70-те, «без дәкүмент» 71-дің желкесінде.
Сөз ғып отырған сатиригіміз қарап жатпайтын қаламгер. Облыстағы басылымдар Қазекең қарап жата қалса, сын-сықақтан тарығып, аштан өле жаздайды. Біз газет редакциясына келген бір топ өлеңдерін мерейлі мерекесі қарсаңында назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.
Айтпақшы, жоғарыда Қазекеңнің күлкісін ерекше деген едік қой. Ерекшелігі сол – Қазекең күлсе, жүрегімен күледі. Жүрек күлкі иесін мерейтойымен құттықтаймыз!
Нағымжан САУЯЕВ.

Жігіт пен келіншектің айтысы
Астарлы әзіл

Келіншек:
– Қай жылы көргенімде толып қапсың,
Қазір суық ұрғандай солып қапсың.
Жасыңда леп белгісі (!) секілді ең,
Сұрау белгі (?) сияқты болып қапсың.
Не болған өзіңе?

Жігіт:
– Кезінде қырындап ем, көп жіктедің...
Ол кезде бір нүкте емес, көп нүкте (...) едің.
Леп белгісі секілді болғандықтан,
Көп нүктені телміріп көп күтпедім.

Кездесем деп жүргенде тек нүктеге,
Кездестім сорым қайнап көп нүктеге...
Сұрау белгі сияқты болуымның,
Құпиясы бәрі сол көп нүктеде...

Келіншек:
– Қайтардым деп тұрсың-ау жауап маған,
Жауабыңа дәл қазір жауап табам.
Кісіні көзге ілмей кетіп едің,
Көк мылжыңға кездессең, сауап саған!

Жігіт:
– Бүгін маған жарты емес, бүтін керек!
Құрбым-ау, құрдасыңа күтім керек!
Миды жейтін мылжыңыңның керегі жоқ,
Сәл тыныстап тоқтайтын үтір (,) керек!

Өмірдің өзінен

Пайдасын білген ақыл-ай,
Тұлпар мінген мақұл-ай.
"Мерседес” мініп Жарлыға,
Жоламай кетті Жақыбай.

"Жаманға сәл жал бітсе,
Жанына торсық байлатпас”,
Деген қайран қазақтың,
Айналайын, нақылы-ай!

Қу ағаш пен су ағаш

Кесілген қайың – қу ағаш,
Коррупция – ну ағаш...
Өршіген өрт пен жалынға,
Жанбайтұғын су ағаш.

Жұмбақ - жауап
– Көкөніс емес, шөп-өнім,
Кесірі қыруар көк өнім...
Жасырын егіп алады,
"Кәсіпкер” одан көп өнім...
Бұл не?
– Адамға өтіп азары,
Азып-тозып ажары,
Бұның "көкнәр” емес пе,
Бүгінгінің тажалы...
Жатыр-ай болып осыдан,
Талайлардың ажалы...

"Саунадан” кейінгі "сақина”
Аязда ішімдікті ішіп кетіп,
Арақтың түсіп еді "саунасына”.
Ақыры аяқ-қолы үсіп кетіп,
"Сақина сатып алды сау басына”.

Икс пен Игрек

"Ірімін!” дейтін Икс,
Істейтіні ит іс...
Жасайтыны заңсыздық,
Шетінен шикі іс...

Адал ма десек Игрек,
Бұнда да бар шикілік...
Құлқынның қамын ойлап жүр,
Атқармай іс игілік.

"Ғашықтық”
Болды әніне шет елдің бала ғашық,
Әніне де, сәніне сана ғашық...
Қалмасақ жарар еді жұрдай болып,
Қазақылық ғұрыптан қара басып?!
Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ.
ТАҒЫЛЫМ 15 қазан 2016 г. 986 0