Адам өз қызығушылығын кәсіпке айналдыра білсе, соңы жемісті болары анық. Ілгерідегілер осылай деп өсиет қалдырады. Бейімі келетін шаруамен шұғылданғанның ұшпаққа шығары шындық. Осындай жандардың қатарында тұрған Шиелі ауданы Ақмая ауылының тұрғыны Тұрғанбай Тоқтыбаев омарташылық кәсібімен елге танымал, айналасына сыйлы азамат.
Алпыс жастың асқарына көтерілген Тұрекең жастайынан механизатор мамандығын игеріп, кешегі кеңшардың ыстық-суығын бір адамдай көрген азамат. Авангардта жиырма жылға таяу уақыт трактор рөлінде отырыпты. Ал омарташылық кәсіпке 1986 жылдан бастап бауыр басты. Басшылардың қалауымен бұрыннан да осы шаруаға икемі бар Тұрғанбай шаруашылықтың бал арасын бағуға кірісті. Осы кәсіпті жақсы меңгергендігінен де табысы тәуір, абыройы да көтеріңкі болды. Жыл соңындағы шаруашылық қорытындысында озаттар қатарында омарташы Тоқтыбаевтың аты аталып, сыйлық алып тұратын-ды. Кешегі қиын кезеңде де Тұрекең бал арасының бабын жасаудан алыстамады.
– Ара балынан өнім алу – гүлге байланысты. Көктем кезінде шеңгел мен жыңғылдың гүліне бақсақ, мамыр айының ішінде жоңышқа гүліне қондырамыз. Жаз ор¬тасына қарай жантақ та гүлдеп үлгереді. Сондай күтімнің нәтижесінде "малымыздан” жылына 2, кейде 3 рет өнім алатын кездеріміз болады, – дейді омарташы. Қанша дегенмен, атакәсіп емес қой, алғашында арамен айналысудың өзіндік қиыншылықтары да аз болмаған көрінеді. Газет, журналдан тіртінектеп оқып, ара бағатындарды жағалап үйренген болды. Бірте-бір¬те шаққан жерін удай зарлататын жәндіктің де тілін ұғып, олармен «сөйлесетін де» қабілет ашты. Бүгінде Тұрекеңнің үш ұлы – Өтеген, Талғат, Бағдат осы кәсіпке ден қойып отыр. Осылайша ара ұяшығын 80-ге жеткізді. Оларды жайылымға апарып-әкеліп жүретін көліктері де өздерінен. Өйткені, қоныс аудару жұмыстары көбінесе түнгі не таңертеңгі кезде жүзеге асырылады, мұндай уақытта кімге жалынып жүресің, бәрі де өзіңнен шыққандай болмайды.
Қазір ара ұяшықтарын ауласына әкеліп алды. Қыста ұйқыға кетеді. Ол кезде араларға қоректік заттар беріп тұрудың да өзіндік тәртібі бар, соны ұстанады. Байқамаса, ауа райының жылы кезінде басқа отбасынан келген басқыншы аралардың ұяшықты иемденіп алу қаупі болып тұрады. Бұл отбасын ірітетін қауіпті құбылыс. Сондықтан оларға да «шәйт» деп қойған жөн. Тұрекең жары Күләш екеуі 4 ұл, 2 қызды жетілдірді. Немерелері де өсіп келеді.
Омарташылықты кәсіп еткен Тұрғанбай Тоқтыбаев осылайша 30 жылдың жүзін аударды. Өз кәсібін кеңейту жолындағы өз жобасын да жасады. "Бал арасын арнайы шағын ұяшықтарға құятын станок алсам деймін. Сөйтіп аудандағы мектептерді, балабақшаларды, тамақтану орындарын өзімізде өндірілген таза балмен қамтамасыз етсем деп едім. Алайда, қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұр” дейді ақмаялық омарташы. Әлгі айтқан жобасын жүзеге асыру үшін кемінде 7-8 млн теңге қаржы керек көрінеді.
Иә, қашанда бейнетсіз зейнет бола қоймайды. Қиыншылықтар артта қалар, оған мойымайтын қажырлылықты айтыңыз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы,
Ақмая ауылы.