Менің алғашқы ұстазым

Менің алғашқы ұстазымҰлағатты ой иелері де, парасатты қоғам қайраткерлері де жазушы мен ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр да, тілінен бал  тамған ақын  да, тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  еккен диқан да, мал бағып   терін   төккен  шопан да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  бәрі-бәрі  ұстаздан  білім, тәлім  алған. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алады. Әсіресе, алғаш қалам ұстатып, әріп танытқан алғашқы ұстаз бейнесі жүректерде мәңгі сақталары анық.
Сіздің алғашқы ұстазыңыз кім? Біз осы сауалдарды халыққа қызмет етіп жүрген, елдің алдында жүрген бірнеше азаматтарға қойған едік. 
Руслан Рүстемов,
облыс әкімінің орынбасары:
- Менің балалық шағым 70-жылдардың басында Қармақшы ауданы «Жаңа қала «ауылында өтті. Ауданнан 150 шақырым жерде орын тепкен ең шеткі ауыл болатын. Ғылымға шығар баспалдақ – білім, білімнің орнайтын іргетасын берік етіп қалайтын – алғашқы ұстаз. Алғашқы ұстаз – бір төбе де, одан кейінгі барлық ұстаз – бір төбе! Алғашқы  ұстаз шәкірт үшін – адамтану, дүниетану, сөзтану, өнертану, білімтану. Балаң шәкірт бәрін де алғашқы ұстазының көзімен танып-біледі. «Сәбидің тағдырының  сипаты – кіндік шешеден» дейтін сияқты, шәкірттің де білімінің қуат-күші, мінез мәдениеті, еңбек дағдысы – алғашқы ұстаздан. Міне, сондықтан да мен өзімнің алғашқы ұстазым Міне, сондықтан да мен өзімнің алғашқы ұстазым Ханбибі Әлиасқарқызы Боранбаева апайымды ерекше құрметтеймін. Оның үйреткен тәлім-тәрбиесі бізге өмір бойы азық болып келеді. Ол кісінің де өміржолы біз үшін сабақ десем болады. Ауғаныстан жерінде туылған ұстазымның елге келуі, осында өсіп-өнуі өз алдына бөлек бір әңгімеге арқау боларлықтай. Апайымның айтуынша, оны ата-анасы аттың қоржынына салып, тау-тастың үстімен жүріп, Тәжік-ауған шекарасындағы Пяндж өзенін кешіп өтіп, жасырып алып келген екен. Бізге үнемі тыныш өмірдің, бейбіт заманның қадірін біліңдер деп айтып отыратын.
Ибадулла Құттықожаев,
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
- Мен қаладағы №10 орта мектепте оқыдым. Біздің алғашқы ұстазымыз Хадиша Серікбайқызы болатын. Бір сыныпта 36 оқушы оқыдық. Соның барлығын бірдей көретін. Бізді бауырмалдыққа баулып, тапсырманы аяғына дейін ыждағаттылықпен орындауымызды талап ететін. Қандай іс болсын оның нәтижелі әрі сапалы аяқталғанын қадағалайтын. Мінезі қатаң болғанымен жүрегі жұмсақ ұстазымның сол кезде бойымызға дарытқан қасиеттері менің өмірлік ұстанымыма айналды десем болады. Қазірде ол кісі 80-нен асты. Әлі де тың қалыпта. Мереке сайын бір шоқ гүлімді, сыйлығымды апарып жағдайын сұрап тұрамын. 
Садық Мұстафаев,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Мен Жалағаш ауданы, Мәдениет кеңшарындағы орта мектеп табалдырығын 1973 жылы аттаған болатынмын. Отбасымызда он бала едік. Анам күріш өсірумен айналысқандықтан қолы босай бермейді. Мен мектепке өзімнен екі жас үлкен Қаншагүл апаммен бірге баратынмын. Оның айтуынша, сыныптағы балалардың ішінде етінің тірілігімен, пысықтығыммен көзге бірден түседі екенмін. Алғашқы мұғалімім Айша Желдербаева еді. Оның қатаңдығымен бірге бойындағы қырағылық қасиеті менің есімде қалыпты. Өйткені, бір сыныпта қанша бала болса да оның әрқайсысына тән ерекшелігін, бойындағы қабілет-қарымын тез байқайтын. Соған сәйкес тапсырмалар беретін. Мектеп қабырғасында алған білімім, өмірлік қалыптасқан қағидаларым бүгінгі күні өз нәтижесін көрсетіп келеді. Аллаға шүкір облыстың спорт саласын өркендетуге, оны дамытуға өз үлесімді қосып келемін. Қазір өзімнен кейін шәкірттер тәрбиелеп, олардың қанатын қатайтып, қоғамнан өз орындарын табуға жол көрсетіп келе жатқан өзіміз де осы ұстаздар қатарынанбыз. Мереке қарсаңында барша ұстаздар қауымын құттықтаймын. Оларға шығармашылық шыңдарды бағындыра берулеріне тілектестігімді білдіремін. 
Шырынкүл Ахметова,
тыл және медицина ардагері:
- Менің балалық шағым Жамбыл облысы Әулиеата деген жерде өтті. Ата –анам дүинеден ерте озды. Сегіз жасымнан жетімдіктің дәмін таттым. Сондықтан да мені халық тәрбиеледі деп айтамын. Құдайға шүкір әрдайым жақсы адамдардың қолдауына ие болып, қамқорлығын сезіндім.  Бізді сол уақытта интернат тәрбиешілері тәрбиеледі. Қазір жасым 97-де. Есімде қалғаны қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Бұралқиев деген келісті келген қазақ жігіті еді. Ағайымның есімін ұмытыппын. Осы жасқа келгенде бәрін есте сақтау мүмкін емес. Бірақ сол жас кезде қазақ және орыс тілінде алған білімім өміріме азық болды. Әлі күнге дейін екі тілде бірдей жазып, сөйлей аламын. Елу жылдан астам медицина саласында тер төгіп, бүгінде бейнетіміздің зейнетін көріп отырмыз. 
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.

ТАҒЫЛЫМ 01 қазан 2016 г. 1 474 0