ҚАЙРАТКЕР

«Алтын тоның болғанымен, жағасы мен жеңі қымбат, қанша батыр болсаң да, халқың менен елің қымбат». Осы бір мәтелдің мағынасына зер салып, ойланып көрсең, «Байлықтың бір жұттық, батырдың бір оқтық» екендігін білдіреді. Ел ішінде туған жұрты мен халқының қадірін білетін,  елін нағыз батырларша сүйе алатын атпал азаматтар аз емес. Солардың бірі Бегалы аға туралы аз-кем білетіндерімді оқырмандарға жеткізуге асықтым.
Медицина ғылымдарының докторы,  Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, жерлесіміз Бегалы Нұрманұлы Айтбембет – еліміздің медицина саласын дамытуға үлкен үлес қосқан елжанды азамат. Академик Бегалы Нұрманұлы 1939 жылы Қазалы ауданындағы бұрынғы «Каганович» атындағы колхозда дүние есігін ашқан. Әкесі «Каганович» колхозының төрағасы қызметін атқарып жүргенде батыстан соғыс өрті бұрқ етеді. Ол өз өтінішімен 1941 жылы Қазалыдағы әскери комиссариаттан майданға аттанып, Украина майданында ұрыс даласында мерт болады. 
 Бұл кезде Бегалы 5 жаста, ал қарындасы Шолпан 3 жастан енді ғана асқан еді. Сұм соғыс қай отбасына зардабын тигізбеді, балалар анасы Бахтылы мен қарт әжесі Қатираның қарауында қалды.  Көп ұзамай анасы дүниеден озып, қос перзентінің ауыртпалығы Қатира әжелерінің мойнына ілінеді. 
Осылайша бала Бегалы елдің уақ малын бағып, қатарынан ерте есейді. 10 жасынан табыс тауып, отбасын асыраған еңбекқор жас Қожабақы ауылындағы мектепті 1957 жылы бітіреді. Осы жылы әжесі Қатира қайтыс болса, келер жылы қарындасы тұрмысқа шығып кетеді. Шаңырақта жалғыз қалған Бегалы бағын білімнен іздеп, Семейге аттанады. 1958 жылы Семей қаласындағы медициналық институтының емдеу факультетіне оқуға түскен талапты жігіт оқи жүріп, осы қаладағы №1 емханада  қызмет атқарады. 1964 жылы Шымкент облысы, Түркістан аудандық ауруханасына бас дәрігерінің емдеу және профилактика ісі жөніндегі орынбасары болып қызметке орналасқан Бегалыны басшылық екі жылдан соң қазіргі Бәйдібек аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметіне жоғарылатады. Осы қызметте жүріп ол халықты емдеу жұмысынан белсене араласады. Ғылымнан да қол үзбейді. 1969 жылы Харьков қаласында терапия мамандығы бойынша арнайы дайындықтан өтіп, 1970 жылы Семей мемлекеттік медицина институтының аспирантурасына түскен білікті маман 1974 жылы медицина ғылымдарының кандидаты атанды. Араға он жыл салып Санкт-Петербургтағы Санитарлық-гигиеналық медицина институтында «Фосфор өндірісіндегі улы заттардың әсерінен бауырдың қабынуы» деген тақырыпта докторлық диссертациялық жұмысын қорғады. 
Айта кетейік, ғалымның ғылыми еңбектері өндірісте істеген мыңдаған адамдардың салауатты өмір сүруіне пайдасын тигізеді. Ол «Госпитальдық терапия», «Паталогиялық ғылыми-зерттеу», «Санитарлық гигиена», «Ішкі ағза ауруларының пропедевтикасы», «Гигиена және кәсіби аурулар», «Гигиена және эпидемиология», «Психиатрия», «Психотерапия және наркология» салалары бойынша жұмыс жасап, нәтижесінде 221 ғылыми жұмыс жазды. Оның    35-і бүгінде шет елдердің тәжірибелерінде қолданылып келеді. Сонымен бірге жоғары оқу орындары үшін жарық көрген 7 оқу құралы, 2 монографиясы ұлттық медицинаны дамыту мен медицина кадрларын әзірлеуде қосылған зор үлес болып саналады. Ол сондай-ақ бір ғылыми жаңалықтың патент иесі. Қазақ медицинасының бүгіні мен ертеңін ойлаған ғалым 1993 жылы АҚШ-та және Францияда, Данияда, Қытай елдерінде болып, дүниежүзілік деңгейдегі белгілі мамандармен тәжірибе алмасты. 
"Шәкіртсіз ұстаз тұл” демей ме дана қазақ? Ол өзінің жетекшілігімен 5 ғылым докторы мен 23 ғылым кандидатын қорғатады. 
1977 жылдан республикалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, бас дәрігері қызметтерін абыроймен атқарған жерлесіміз 1987 жылдан Денсаулық сақтау министрлігінің бас терапеві, 1994 жылдан Гигиена және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры, ал 1998 жылдан Гигиена және эпидемиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Республикалық психиатриялық аурухананың бас дәрігері, 2001 жылы республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры қызметтерін атқарып, 2003 жылы зейнеткерлікке шықты. Қазіргі таңда ол осы орталықтың бас ғылыми қызметкері және құрметті директоры қызметін қоса атқарып келеді. 
Бегалы Нұрманұлы өзінің туып-өскен елімен арадағы байланысты да ешқашан естен шығарған емес. Алматы асып барған қазалылық жерлестеріне септігі тиіпті дегенді талай адамдардың аузынан естідік. Ол кісінің елге келгенде қайырымдылық көрсетуден жаңылмайтын әдеті де үлгі аларлықтай. Туған жері Қожабақы ауылындағы мектепке көмектесті. Қазіргі Өркендеу ауылының оңтүстік батысында орналасқан құнды жәдігер – Сырлыбай хан мавзолейін  қайта қалпына келтіру жұмыстарына қаржылай қолдау танытуы  Бегалы сынды отаншыл азаматтың қолынан келетін іс. Азаматтық деген, кісілік деген осы болар!  
 Академик Бегалы Айтбембет медицина саласының өркендеуіне үлес қоқан, ел-жұртына үнемі септігін тигізіп жүрген қайраткер азамат. Біз Бегалы ағамызбен орынды мақтана аламыз. Ол кісімен мақтана алсақ, туған елдің топырағынан шыққан азаматқа жасаған құрметіміз болар еді деп ойлаймын. 
Шарафаддин АЛТЫНБАЙҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.

ТАҒЫЛЫМ 21 желтоксан 2013 г. 1 591 0