« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Дүние – жақсылармен жарық» деген бар. Қазақтың қабырғалы қаламгері Әбіш Кекілбайұлы өмірден озғанда сол жарық көмескіленіп, ұлттық ой әлемі ойсырап қалғандай күй кештік. Соған да, міне, қырық күн толыпты. Соған орай Алаштың ардақтысына айналған дарын жайлы жазылған ой-толғамды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Жетелі ер адаспас –
Бабадан қалған сөз бар ғой.
Жетелі ел адаспас –
Бағзыдан қалған сөз бар ғой».
Әйтеке би
– Қалдарбек Найманбаев ағаңа жолығып кет, - деген Алматыға келген бір сапарымда. Әйтеке бидің жатқан жеріне қатысты әңгімелесіп кетті. – Бұл шаруаға қоғамдық ұйымдар ұйытқы болып жатса – нұр үстіне нұр болары хақ. Сіздерге тиіп тұрған жер ғой Нұр Ата...Ел азаматтарының басын құрап,осы шаруаны қолға алу керек.Бұл енді бірер жылда аяқтала қоймайтын іс болар.Бірақ,бір басталып кетсе, қозғалып кетсе деп отырмыз...
Бұл тоқсаныншы жылдардың орта тұсындағы әңгіме еді. Әбіш аға Мемлекеттік хатшы қызметінде. Қалекең Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары. Көкбазар жанындағы Қауымдастық кеңсесінде келелі сұхбат болды. Қалдарбек аға Өзбекстан Мәдениет министріне жолдаған хатының мәтінімен таныстырды. Ондағы қандастарымыз жиі-жиі құлаққағыс жасап жүргендігін білдік. Біз қоғамдық қор құрып, Навои облысындағы қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесе бастадық.
Бұдан кейінгі жылдары Әбіш ағамыздың сілтеуімен, өзі жазғандай, «туған жері белгісіз, өлген жылы белгісіз, жатқан жері белгісіз» Әйтеке бидің сүйегі жатқан орынды анықтауға біршама уақыт жұмыс жасап, атсалысқан едік. Бұл ізденіс,зерттеулерге Ташкент пен Навоидағы қазақ мәдени орталықтары ұйытқы болған еді. Қазақ, өзбек антрополог ғалымдары Сейітқұл әулиенің аяқ жағына қойылған мүрде Әйтеке бидің сүйегі болуы мүмкін деген болжам жасады, – деген хабарға елең ете қалып, өз көзіммен көрсем, армансыз бір сол маңайды араласам деп ниет еткелі қашан. Бірде сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге арнайы ұшақпен келетін болып жатыр деп, нақтылы күндері айтылған сәлем де жеткен. Сыртқы қатынастардағы бір жағдайлармен өзбек жағы келісімге келмепті деген екінші хабар да жетті. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, көптен көңілде жүрген бұл жолсапардың да реті келді.
Жаңа ғасырдың тоғызыншы жылы, шілде айының отыз бірінші жұлдызы еді. Сарыағашта демалып жатқан кезде Әйтеке би кесенесінің ашылу салтанаты белгіленіп, Ташкенттегі елшілік азаматтарыарнайы хабарласты.
Әбіш ағам мен Клара отырған ұшақ Ташкенттен көтеріліп, Бұқара әуежайына қонғанда шіліңгір шілденің ми қайнатқан ыстығы ауаны өрт жалынымен шарпып тұрған. Әуелі Баһауеддин Нақышбанд әулиеге зиярат жасадық. Навои шаһары арқылы Нұр Атаға қарай бет алдық. Екі ұлы өзен - Әмудария мен Сырдария аралығында, Мауреннахр өлкесінде теріскейге қарай зулап келеміз. Әбіш ағам осы аймақтың екі мың жылдық тарихын қазбалап, сөйлеп келеді. Бейне бір осы жерде туып – өскен сияқты. Тарихи тұлғалар, жер, су, құм, тау атауларын, көне қалашықтарды жіпке тізгендей еске түсіріп келеді. Александр Македонскийдің жер қайысқан қалың қолы маңдайлары тасқа тигендей осы Нұр Атада жеңіліс тапқан. Мұнан әрі маған барар жер жоқ деп ұстазы Аристотельге, анасы Олимпиадаға хат жазған. Осы қасіреттен кейін артқа шегініп, Сырдарияға дейін кері жөңкіліп, қазіргі Өзбекстанның Гүлстан қаласы төңірегінде қаза тапқан. Тұран дүниесі, Тимуридтер, Шайбанилер замандары, «жеті өлікке жан берген, жеті пірге қол берген» Баһауеддин әулие, Әмір Темір, Ұлықбек, Жалаңтөс Баһадүр, Ораз би, Әйтеке билер туралы біз естімеген, ешқайдан оқымаған мағлұматтар тайға таңба басқандай көріністермен айтылып жатты.
– Қаракөл қай маңда еді? – деп кенеттен сұрақ қойып, сүлік қара «Мерседестің» терезесінен жол бойындағы созылып жатқан ойдым-ойдым құмды жоталарға көз салды. – Ноғай Ордасының бір астанасы болған жер. Бір кезде Арғындар Арқаға қарай осы жерден көшкен замандар болған...
Қаракөл Бұқараның сырт жағында, Әмудария жағында қалғанын айттық.
Бұл Халық жазушысының жайдан жай келісі емес еді. Ол өзінің әйгілі тарихи - философиялық «Әйтеке би» зерттеу еңбегінде ұлы бидің туған, өлген жылдарына, жатқан жеріне болжам жасап, нақтылап берген болатын. Кейін қоғамдық қорлар, атымтай жомарт кәсіпкерлер ұйымдасып, Қазақстанның өзбек еліндегі елшілігі іліп әкеткен қастерлі шаруа қайырлы іспен аяқталды. Ғасыр оқиғасы деп бағаланған, барша қазаққа көзайым қуаныш болған үлкен істің бастауында – Әбіш Кекілбайұлы тұрды. Жалпы, Әйтеке би тақырыбына, іздеу,зерттеу, болжамдау жұмыстарына тұңғыш түрен салған – Кекілбаев! Әрине, отыз жыл бойы қалам тербеген марқұм Мұқадес Есламгалиевтың еңбегін, сірә да, жоққа шығара алмаймыз.
Әбіш аға не айтса да, не жазса да тереңнен қазып, алыстан тербеп, өзіне дейінгілер айта қоймаған, байқай алмаған құбылыстарды қолмен қойғандай жіпке тізіп, жіліктеп, жүйелеп берер еді. Осындай ғажайып туындылардың бірі, сөз жоқ, жоғарыда айтылған еңбегі. Мұндағы елең еткізер бір тұсы – осы біздегі «Үштік Одақ» қайдан шыққан құрылым? – деген сұрақтың күмәнсіз дәл жауабы тәптіштеледі.Бұл жағдайды қоғамға бірінші болып түсіндіріп берген білімпаз – Кекілбаев! Сөйтсек,бұл адамзат жаратылғалы бергі әбден сыннан өткен, өркениет тағдырларына ықпал жасаған ежелгі үрдістер болып шықты. «Үш жүз» дегеніміз де тек қана қазақтар ойлап шығарып, тақыр жердің үстінде пайда бола қоймаған қауымдастық емес екен. Үш ұлыстың көсемдері болған Төле, Қазыбек, Әйтеке билер ақыл-білігімен де өздерінің мінез-құлқымен де жүйелеген жөн-жоралғылар болыпты. Жастарына қарай емес, жолдарына қарай сөйлеп, қарекет ету дәстүрі халқымыздың қанына сіңірген қасиеттері болып қалыптасқан. Жасы кіші болса да Төленің – аға, жасы үлкен болса да Әйтекенің іні болу сырлары мен қырларын түсініп біліп отырмыз.
Абыздың аты – Абыз, Дананың аты дана ғой. Шежірені есте жоқ ерте замандардағы Скифтерден таратады. Олар мекендейтін шөлді аймаққа тұңғыш қадам басқан адам – Торғытай. Әкесі – Зевс. Липоксай, Арпоксай, Колоксай деген үш ұлы болған. Аспаннан түскен соқа,айбалта, табақты үш ұлына қатар ұсынған. Екі үлкені бұл бұйымдардан бас тартып, кенжесі Колоксайға бұйырыпты. Қазақтағы кенже бала Қарашаңырақтың иесі болатын дәстүрді еске түсіреді.
Ежелгі Римнің өзі үш жүзден құрылыпты. Осы үш жүздікке кіретін үш жүз рудың аса қадірлі ақсақалдары кеңес құрып, ел солардың ақылдарымен жүріпті. Осы жерде Абыз:
– Расында да неге үшеу? Неге екеу емес немесе төртеу емес?- деп өзіне өзісұрақ қойып алып, тарих қойнауларын қайтадан шиырлай бастайды. Адам Ата мен Хауа Ана екі ұлды болады. Екі туысқан.Абыл Қабылды өлтіріп тынады. Өлген бауыры келмеске кетті, қанішер де жолы болмайды, арты оңбайды. Тағы мысал керек пе?
Ыбырайым Пайғамбар Ажар есімді күңінен Ысмайыл атты ұл көреді. Бәйбішесі Сараның пұшпағы қанамай жүр екен. Осыдан кейін тәңір жебеп, сәби көтеріп, Ысқақ деген ұл табады. Қолында пәрмені бар бәйбіше күңнен туған Ысмайылды шешесімен бірге Мысырға қарай қуып жіберген. Исмайылдан көп әулет тараған. Олардан қазіргі арабтар өрбиді. Ысқақ ұрпақтары еврейлер деп аталып кеткен. Қаншама дәуір, қаншама ғасырлар өтті. Әкелері бір, аналары бөлек болған арабтар мен еврейлер осы күнге дейін тіл табыса алмай, жауласып келеді. Бар жоғы әкеден екеу болғасын.
- Япырмай! – дейсіз аңтарыла қарап. Жазғандарын оқып, әңгімесін тыңдай бергіңіз келеді. Жоғарыда айтылғандай, бәйбішенің баласы Ысқақ өз бәйбішесінен Иса мен Жақып атты егіз ұл сүйген. Бір күні, бір құрсақтан шыққан егіздер де тіл табыса алмай дүниеден өткен. Нұх Пайғамбардан Хам, Сам, Япес атты үш бала туған.Үшеуінен алуан түрлі нәсіл өрбіген. Осы үшеудің қарым-қатынастары әрқилы болғанымен, адамзаттың тұқымы құрып кеткен жоқ.Жер басып жүрміз. Арғы аталарымыз Үшеу болғасын! Мұнан да басқа мысалдарды таразылап, сараптай келіп, қазақы қисын-қағидаларға тоқталады.Табиғат заңдылықтарын тұжырымдайды. «Диірменнің бір тасына ғана тұтқа салып, айналдырсаң, ұн аласың, екі тасына бірдей тұтқа салып айналдырсаң, - құм аласың», - деп қарапайым көрініспен көзіңді жеткізеді, ойыңды орнықтырады. «Табиғаттағы үшінші күш кереғар екі күштің бірін бірі құртуына жол бермей, теңестіріп тұрады. Төртінші күш онсыз да тайталас дүниені одан сайын өршітіп жібереді», - деп тоқетер сөзін айтып, кесімді пікірін шегелеп бекітіп береді.
Мұнан да басқа Үш тағанға байланып тұрған заңдылықтар туралы көкжиегіңіз кеңіп, білігіңіз молая түседі. Ал енді атамыз қазақ қалай Үш жүзге бөлінгені туралы да неше түрлі аңыз-әпсаналар жетіп артылады. Бірі-бірімен қиылысатыны да, қиылыспайтыны да бар. Әбіш ағамыздың айтуынша, Үш жүз – Бір Одақ құрылымын тиянақтап берген Ақназар хан. Тілі,діні бір,тұрмыс-тіршіліктері де бірдей, бірақ, сол замандарда үш түрлі мемлекетте өмір сүрген тайпалардың басын біріктіре алған. Моғолстан қазақтарының жолын қадірлеп, Ұлы жүз атандырады. Ақорда қазақтары Орта жүз атанған. Жаңа Одаққа кейін келіп қосылған Алтын Орда қазақтары Кіші жүздер болды. «Бұл алауыздықты емес, ағайынгершілікті, жікшілдікті емес, ынтымақты көздеген концепция еді», - дейді. Үш жүздік Одағының іргесін бекітіп, шаңырағын биіктеткен – Тәуке хан. Оның бастамашыл болуымен жасалған «Жеті жарғы» – тұңғыш Заңдар жинағы екендігі талас тудырмайды. Міне,осы кезеңде тарих сахнасына келген Ұлы билер – Төле, Қазыбек,Әйтекелер бұл жолда өшпес, өлмес мұралы еңбектер жасаған. Қазақ қоғамы да ғасырлар бойы осы үрдіспен дамып келе жатқандығына көз жеткізесіз. Осы күнге дейін халықтың күрделі жағдайларда Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді іздейтіндігі, жоқтайтындығы бар емес пе? Кеңес Одағы кезінде де, қазіргі Президенттік басқару кезінде де осы адамзат жаратылғалы бері дамып келе жатқан өркениет дәстүрі сақталып келеді. «Үш сала – бір арна» дейді терең толғаныспен – қай істе де, қай тұста да осыны ұмытпасақ талай келісіміміз түзеліп, талай ортамыз толар еді» -деп ойға шомады, толғанады. Қазіргі заманның Төбе биі деп қалай айтпассың!
«Иә, ол да үш арыстың тірегі, үш асылдың бірі еді. Дүние жалған десейші!» – деп, алғаш рет Алты Алашқа жар салып, замандастарының назарын аударған, ұлықтауға шақырған, жас буынға аманат еткен Әбіш ағаға өткен-кеткенімізді айтқызып қойып айызың қанғанша тыңдап отырғанның өзі бір ғанибет дүние ғой, шіркін.Әйтеке бидің Нұр Атада туып, осында жерленгенін қолмен қойып, жілік-жілікке бөліп,аңыз-әпсаналарға негіздеп, айнақатесіз деректерге тіл бітіріп, тұңғыш болжамдаған да өзі еді.Сол замандағы қазақтың игі жақсыларымен бірге жүріп, бірге дәмдес, табақтас болып, бірге көшіп жүргендей әсер қалдырады.
– Әйтеке би – Алаш ішінде Алшыннан. Алшын ішінде Әлімнен тарайды. Әлімнен – Төртқара – Қараш. Қараштан Сейітқұл туады. Әз Тәукенің төртінші атасы Қасымхан, ия, кәдімгі Сарайшық астанасы болған, топырағы осы жерден бұйырған ханның өзі. Ол дүниеден өткесін қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдік ұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдария бойындағы қонысын тастап, таулы қыраттарқызылдың құмымен шектесіп жатқан Нұр Атаға көшіп келеді. Әйгілі Әмір Темір астана жасаған Самарқанның солтүстік батыс жағындағы суы таза, ауасы тұнық – нағыз жер жаннатының өзі. Шығай ханның қасында Сейітқұл деген кісі болған. Ол қай Сейітқұл? Иә, кәдімгі Төртқара Сейітқұлдың өзі! Оның сен тұр, мен атайын дейтіндей атақтары жер жарған сегіз ұлы болған. Ең атақтысы – Самарқанды 40 жыл билеген Жалаңтөс Баһадүр сол кезде 5 жаста екен. Оның үлкен ағасы Ақша Қоқан ханы болған. Ақшадан – Бәйбек, Бәйбектен Әйтеке туған. Жалаңтөс Баһадүрдің тәрбиесінде болған.Ұлы билеуші қайтыс болғанда небәрі 12 жасқа толған кезі екен. Баһадүр 1766 жылы дүние салған. Ендеше Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанындағы: «өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті, келгенде 56 жасқа ажал жетті» дейтін жолдары бидің 1644 жылы туып, 1700 жылы қайтыс болғанын айғақтайды. 1711 жылы Аралдың терістігіндегі Қарақұм съезіне қатысқандардың арасында Әйтекенің есімі аталмайтындығы оның бұл жиыннан көп бұрын қайтыс болғанын айтып тұрған жоқ па?Әйтеке бидің Түркістандағы Хан сарайынан төре тұқымымен келіспей, ренжісіп ата қонысы Нұр Атаға қайтып келіп, опат болғандығының себептері өз алдына басқа әңгіме. Ал Төле биге Ташкенттен, Қазыбек биге Түркістаннан топырақ бұйырғаны, сірә да, белгілі. Бүгінгі ұрпақ көзімен қарасақ белгілі байтақтарда, белгілі жерлерде сүйегі қалған бабалардың арманы жоқ сияқты. Бір қиянда, қазір бөтен ел болып, шекарасын бекіткен, тілі балдай тәтті болғанымен, бауыры тастай қатты бола бастаған елде қалған Әйтекенің бақилық тағдыры кім-кімді де алаңдататыны рас қой.
Кесене ашылар сәт тал түске дендеді. Күн шыжғырып барады. Қызылқұмға жұмыртқа домалатып алсаң, әп-сәтте пісіп қалатын шаңқай мезгіл. Алғашқы сөз, әлбетте, Әбіш ағаға берілді. Бұл Қызылқұм қойнауында Ұлы би дүниеден өткеннен кейін алты Алаштың, басқа да түрлі – түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бірге бас қосқан үш ғасырдан кейінгі ұлы жиын еді. Бұл аймақтағы қарға тамырлы қазақ қана емес, діні бір болғаныменен, тілі мен түрлері ұқсамайтын қалың жұртшылық мұндай мерекені көрмегелі қашан. Бұл жақтан біздің ел ауғалы қай заман. Қалған бөлігі Тәуелсіздік жылдары атамекенге оралып жатты. Мұнда қазір негізінен екі мың жыл бұрын келген парсылардың тұқымдары өмір сүреді. Ислам дінін таратуға келген Сейітқожалар ұрпақтарына сыйынады. Олардың мұнда келгеніне мың екі жүз жылдың шамасы болған.
...Әбіш ағам сөзін бастай алмай кідіріңкіреп қалды. Толқып тұр. Көңілі босап тұрғанын байқадық. Тыңдарман халық селт етпей сыбыр - күбірсіз аңтарыла қарап отыр. Не айтар екен деп елеңдесіп күтулі. Төбеден жалынын шашқан Күн – құдірет күйдіріп барады.Жиналғандардың барлығы бірдей қызыл шағылда туып-өскен, күнқақты адамдар емес қой. Жарты Қазақстаннан, жан-жақтан келгендер күн төбеге көтерілген сайын қызарақтай бастаған. Уа, ғажайып! Осы кезде Нұр Ата тауының бір биігіненкесене жаққа қарай қазбауыр бұлттар жылжып келеді. Әлде қапырық демін қысып бара ма? Немесе үш ғасырдан кейін басына шырақ жағылған Әйтеке бабасының тағдыры толқытып тұр ма? Халықтың алдында қапысыз сөз айтатын, әбден ысылған қабырғалы қайраткердің де қапияда сөз бастауға қиналатын сәті болады екен-ау?
Бірте-бірте қоюлана бастаған бұлтты аспан, айналаға көлеңкесін түсіре бастады. Әбіш аға басын көтеріп, шалқая қарап, көк жүзіне телміре көз салды. Көк Тәңірімен тілдесіп тұрғандай. Осы сәтте жылы жаңбыр сіркіреп қоя бергені. Шілдеде Нұр Атада жаңбыр жауғанды кім көріпті, шіркін! Қарайған жұрт қапелімде аспаннан су бүркіп бір құдірет келіп қалғандай дүркіресіп көкке қарайды. Алдарында төралқадағы алқалы топта маңдайы жарқырап тұрған шешенге бір қарайды. Оң қолының алақанымен жаңбыр суы араласқан маңдай терін бір сипап тастап, көмейіне тіреліп тұрған сөз бастауын ағытты-ай келіп... Бәсеңдеу басталып еді, бара-бара ағыл-тегіл дария көшкендей ақтарыла бастады. Жарты сағаттан астам арғы-бергі тарихты тереңнен толғап, тебіренді келіп... Тоқтамай, іркілмей, барған сайын тынысы ашылғандай, қанаты жайылып бара жатқандай...
Төле, Қазыбек, Әйтеке билер түгелдей тіріліп келгендей, осы қазір арамызда отырғандай күй кештік. Ұлы даладағы небір есте жоқ ескі дәуірлердегі шежіре-сырлар көмейден емес, көктен хабарланып жатқандай ғажайып әсерде тұрмыз. Бауырлас Орта Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігінен артық құндылық жоқ екендігін тебірене айтты. Ынтымақтастыққа, бірлікке, татулыққа шақырады. Әз бабалар осындай асыл мұраттармен өмір сүргенін баршаның жадына салды. Мұндайда сабыр мен шыдамның орны бөлек екендігін тұспалдады. Ынтымақтан асқан – береке, бірін бірі ұғыса алмаудан асқан келеке жоғын қадап айтып жатты.
Әбіш әлемі алқалы жұртты бауырына тарта бастады. Көпшілік таңдай қағып тамсанысты. Барған сайын жауһар сөз, шұрайлы тіл тыңдарман халықтың жан дүниесіне еміреніп еніп, тебіреніп тереңдей бастады. Шешен тіл мен көсем сөз аяқталғанша аспан жақтағы қызуы күшті күннен қорғап тұрған, бұлт болып көмкерілгеналып шатырдың көбесі сөгілген жоқ. Жайма шуақ самал есіп тұрды. Қайтадан орнына жайғасқанда тебіренген халық теңселіп кетті. Әйтеке бидің аруағымен Әбіш ғұламаның ой, тіл құдіреті астасып жатқандай күй кешті. «Мына кісі тегін емес екен» деген күбір-сыбыр сөздер естіліп жатты... «Көкке көз тастап еді, жөңкіліп бұлттар келді шуда-шуда. Сөзінен сәл кідіріп еді,сіркіреп жаңбыр жауды...» Жиын қорытындыланып, біз көлікке отырғанда күн жарқырап қайта шықты...Ұлы бесінде аптап ыстық қайтадан күшіне ене бастады. Кәдімгі аспан жерге түскендей алаулы от... Асқа қарамай, Навои әуежайының құрметті қонақтар күтілетін қоңырсалқын залдарына асықтық. Ағамыздың денсаулығын қамдадық. Көлікке отырғанда Әбіш аға тым көңілді еді.
– Сәті түскен сапар болды-ау, – деп арқамнан қақты. – Таңертең Баһауеддин қазіретке тәу еткеніміз дұрыс болды-ау. Осы бізде Наһшбандия ілімі насихатталмайды. Оның себептерін кейін бір айтып берермін. Үйдегі кітапханамда біраз кітаптар да, бар оқимын десең...
...Бұл Нұр Атада шілдеде жаңбыр сіркіреген ғажап күн еді.Бұлар өзіміз куә болған, естіген,оқыған оқиғалардың бірер парасы ғана...
Жұмабек Мұқанов.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |