ЕҢБЕКПЕН ЕҢКЕЙГЕНДІ ЕЛ АЛҒЫСЫ ТІКТЕЙДІ

Өткен күндерге көз тастасақ алыста қалған сияқты, бірақ жүрекке жақын. Әсіресе, халқының қамын жеп, еңбектің нанын жеп елге еленген ерен болмысты жақсылардың жүріп өткен жолдары жиі еске түседі.
1963 жылдың тамыз айы болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Жалағаш ауруханасына дәрігер оташыл болып жолдама алдым.
Мені жұмысқа қабылдаған аудандық аурухананың бас дәрігері Сақы Ұзақбайұлы Қалыбаев еді. Ол кісіні алғаш көрген сәтте-ақ мен жүзі жылы, жан дүниесі жарқын, жүрегі жұмсақ, қайырымды, парасатты азаматтың алдында отырғанымды сездім. Олай дейтінім, барған бетте маған жұмыс орнымды, уақытша тұратын үйді өзі көрсетіп, жалақыма дейін алдыма жайып салды. Жұмысқа кірісетін күнді белгілеп, Қызылорда қаласына машина жіберіп, үйімді де көшіруге көмектесті. Бұндай қамқорлықты бұрын көрмеген маған жаңа өмірдің есігі ашылғандай көрінді.
Міне, содан бері жарты ғасыр уақыт өтіпті. Ал, Сәкең болса сексен деген жастың сеңгіріне шығып отыр. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, қазір сол кісінің өзімізбен бірге жүрген сонау кездердегі жүрісі, тұрысы, қамқор мінезі әлі көз алдымызда тұрғанын айтсақ, барын бағаласақ, ақ тілек тілеп, шынайы рахметімізді білдірсек, осы бір адамдық қасиетке қайтарған аз-кем жауабымыз болар деп ойлаймын. Асылы, кім-кімді де берекелі іске бастайтын адамның ішкі жан дүниесіндегі туа біткен сезім, сенім, шынайы шындық пен айнымайтын адалдық, әділдік болса керек. Сәкеңнің денсаулық саласында 40 жыл бас дәрігер болып абыройлы жұмыс атқаруы білікті маман, жоғары дәрежедегі ұйымдастырушы екенінің көрінісі.
Мен алғашқы ұстазым  Сәкең туралы қанша айтсам да артық болмайтынын білемін. Өйткені ұлағатты ұстаз туралы жүрекжарды пікірлерге басқа да шәкірттерінің қосылатыны сөзсіз.
Сәкең өмір ағымында, қызмет барысында біреуге артық сөз айтты дегенді осы уақытқа дейін естіген естімеппіз. Қашан көрсеңіз де бірқалыпты, биязы мінезімен алдына барған кісінің көңілін қалдырғысы келмей, қолынан келсе жақсылық жасауға сыңай білдіріп отырғандығы. Жаратылысында көп сөйлемейді, мақтау сүймейді, орынсыз ұлағаттауды, әсіресе белсенділікке жол бермейтіндігі, орынсыз айқай-шуды жақтырмайтындығы, бірсөзділігі кімге де болса ұнап тұрады. Осы өткен жылдары дариядан қанша су ақты, адам өмірінде қанша жақсылықтар мен жағымсыз жағдайлар болды. Осының бәрін бастан өткізіп, Алланың берген өмір атты байлығының арқасында ағалы-інілі қарым-қатынаста бірге жүріп келеміз.
Бақ жұлдызы жанатын пендесіне жаратқан әу бастан-ақ ерекше тағдыр еншілеп, шыңдап, өмір өткелдерімен өрге сүйрейтіні баршаға белгілі жайт болса керек. Олай болса, азаматтың басында болатын абырой, атақ, бедел мен бақ туған елге сіңірген адал еңбектің нәтижесінде ғана келмек.
Бүгінде Сәкең тек облыс денсаулық саласының ардагері емес, Сыр бойы жұртшылығына танымал, саналы, мақсатты ғұмырын халқының бақытына арнаған азамат. Әлі де адал қызмет жасаудан шаршап-шалдықпай, Жалағаш ауданында денсаулық саласын жетілдіруге зор үлес қосып, өз ойын нақты ісімен дәлелдеп келеді. Байсалды мінезімен аудан көлеміндегі қоғамдық істерге араласып, ақыл-кеңесін аямайды. Тәуелсіз елінің тыныштығы, халықтың бірлік-ынтымағын тілеп отырады. Сәкеңнің Жалағаш халқына дәрігерлік қамқорлығы ел есінде болса керек, кезінде қаншама елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік медпункттер мен ауруханалардың ашылуына, әрбір емделушілердің тілегіне жүрекпен қарап халық алдындағы азаматтық қарызын да, дәрігерлік парызын да адал атқарған абзал жан.
Әрине, ердің еселі еңбектері елеусіз қалған жоқ. «Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер» атағы денсаулық сақтау саласының ең жоғарғы бағасы. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», ауданның «Құрметті азаматы», т.б. марапаттардың иегері болды. Оның Дүниежүзілік денсаулық ұйымы Алматы конференциясының делегаты болуы және бірнеше республикалық дәрігерлер съезіне қатысуы ерен еңбегіне көрсетілген бір құрмет екенін зор мақтанышпен айта аламыз.
Әділдік пен адалдықтың ақ жолында жүруден, еліне, жұртына жақсылық жасаудан шаршамайтын кеңшілік пен кісіліктің келбетін барынша биік ұстайтын игі жақсылардың ортасынан мен ылғи біртуар азамат Сәкеңді көремін. «Адам көп, азаматы аз» деген ұғым бекер айтылмаса керек.
Бұл кісі туралы азды-көпті сөз қозғап, ой-пікірімді ортаға салып отырғаным, әрбір адамның өзіне тән қадір-қасиеті, қанына сіңген, жанымен бірге жаралғандай болып қалатын мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, өрісі, сырттан байқалатын сабырлылығы мен сырбаздығы ерекшеленіп тұратындығы. Жалпы өзінің табиғатында, айналасына мейірімділік шуағын шашқан, үлкен жүректі жан.
Баршамыз мойындайтын тіршілік заңының бірі, азаматтық қадірін көтеріп, ел алдында жүзін жықпайтын адам – сүйген жары деп білемін. Оның ыстық ықыласы, еңсесін көтерер демеуші, тек жанашырлық емес, азаматтық мәртебесін көтере білгендіктен, Зағираның орны бөлек. Ауылдастары Зәкеңді «текті жердің қызы ғой» жеп жатқанын талай еститінбіз. Бекер айтылмаса керек, қай мезгілде барсаңыз дастарқаны жаюлы, қонақжай, қазақ әйелдеріне тән қалпынан айнымайды.
Бұл кездері Сәкең мен  Зәкеңнен өрген ұл-қыздары өсіп жетілді. Әрқайсысы бір-бір үйдің егесі. Өз мамандықтарымен орындарында абыройлы қызмет атқаруда.
Сәкеңнің мағыналы, мазмұнды өмірі, ұрпақтарына өнеге болуға лайықты. Баға жетпес қазына адам денсаулығын қорғау, дәрігер міндетін ар міндеті деп білетін ақ желеңді жандардың өмірі мен өнегесін кейінгі ұрпаққа аманат ету болса, бұған ол кісінің өнегелі өмірі дәлел бола алады.
***
Күн мен түннің алмасуы қаншалықты заңды болса, адам өмірінде де қуанышты сәттер мен өкінішті кезеңдер кездесіп тұратыны ақиқат. Көпті көріп, көпті біліп өмір сүріп келесіз. Өзіңіздің адамгершілік, азаматтық борышыңыз бен мейірімділігіңіз, кішіпейілділігіңіз, жайсаңдығыңыз, қарапайымдылығыңыз арқылы ерен болмысыңызды алға жетелеп келесіз. Сіз мәнді өмір иесісіз.
Адам бекерге жасамайды, ұстаз болдыңыз, ұстаздық жасап келесіз. Сізге қандай да бір құрмет жасалып жатса, оған лайықтысыз, құрметті Сәке дегім келеді.
Алдымда жатқан өмірдің соқпақты жолына қорқа қараған сона-ау бір кезде қолымнан жетектеген сізге деген ой-пікірімді, шәкірттік борышымды осылайша түйіндедім.
Тұрғанбай МАХАНОВ,
ҚР еңбегі сіңген дәрігер, облыстың құрметті азаматы.

ТАҒЫЛЫМ 07 желтоксан 2013 г. 1 446 0