Кешегі Ұлы Отан соғысы қатысушыларының саны мен қамтыған елдерінің көптігі жағынан адамзат тарихы бұрын-соңды көре қоймаған алапат қырғын болғаны белгілі. Қаһарлы соғыстың сұрапыл жалыны бүкіл Еуропаны қамтыды. Азияға да ауыз салды.
Соғыстың аты соғыс. Батыстың бірсыпыра өркениетті елдерінің ХХ ғасырға дейінгі мұра болып келген материалдық құндылықтарының елеулі бөлігі жермен-жексен етілді. Қаншама қала, елді мекендер қирады. 50 миллиондай адам апат болды. Талай шаңырақ опырылып, ортасына түсті. Ері мен ұлынан айырылған апа-жеңгелеріміз басына қара жамылды. Мыңдаған ата-ананың өзегі өртеніп, өркені кесілді.
Соғысқа аттанғанда Теңел ағаның жасы 19-ға енді ғана толған екен. Өзі қалап түскен Қазақ мемлекеттік университетінің екінші курсын толық бітіре алмай, 1942 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, Алматы жаяу әскер училищесіне жіберілді. Онда ұзақ болуға уақыт тарлық етті. Тұтқиылдан басталған фашистік Германияның шабуылы оқуды бітіруге, орта дәрежелі командир болып шығуға мүмкіндік бермеді. Азын-аулақ дайындықтан өтіп, негізінен мылтық ұстап, ата білуді үйренгеннен кейін соғыс шебіне аттандырылып, Волхов майданындағы 19-шы гвардияшыл атқыштар дивизиясының құрамында әскери қимылдарға қосылды да кетті. Көп ұзамай Ленинград майданындағы қанды шайқасқа қатысты. Небір мазасыз түндер мен күндерді бастан өткізді. Елде қан көрмеген жастың бірге жатып, бірге тұрып жүргендерінің оққа ұшқанынан жауға деген кегі қайралып, өжеттігі өрши түсті. Рота политругі ретінде жауынгерлерді жігерлендіре түсіп, ортақ отан қорғаушылардың азаматтық рухын көтеріп, патриоттық сезімін арттыруға үлкен үлес қосты. Өзі де майдан даласында жау әскерлерінің жолын бөгеуге аянбай атсалысты. Осындай қанды қырғындардың бірінде ауыр жарақат алып қалды. Әрі қарай соғысқа жарамай, 1944 жылы елге қайтты. Сөйтіп, жалындаған 21 жасында мүгедектер қатарына қосылды.
Жұмабаев Теңел Оңдасынұлы ағамыз 1923 жылы 12 тамызда Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмдарында дүниеге келген еді. Бірақ 6 жасқа келгенде әкесі кеңес өкіметінің байларды тәркілеу саясатына ұшырап, осындағы 25 байдың тізіміне еніп, ата мекені Тайсойған құмын тастауға мәжбүр болды. Өздері бұрын-соңды атын естімеген Қызылжарға (Петропавловске) көшу ұсынылды, бірақ, қыс тақап қалғандықтан көш бағыты сол кездегі республиканың Орталық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерназаровтың бір ауыз рұқсат сөзінің арқасында Адай округіне қарайтын Ойыл ауданына бұрылған болатын. Кейін Тәкеңнің отбасы Сыр елінің құйқалы бір өңірі - қазаққа Ғанидай жалындаған жас берген, әдебиет пен мәдениеттің, білім мен ғылымның талай саңлақтарының жөргегі болған киелі Қазалы топырағында тұрақтады. Осында зейнетке шыққанға дейін 42 жыл қызмет етті.
Соғыстан оралысымен Теңел Жұмабаев еңбек жолын Қазалы аудандық партия комитеті хатшысының көмекшілігінен бастап, екі жылдай облыстық «Ленин жолы» газетінің тілшісі болды. Сөйтіп, халықтың қарапайым да күрделі өміріне сүңгіді де кетті. Ел іші бұл кезде аса бір қиыншылықтарды бастан өткізіп жатқан еді. Соғыс салған зардаптан халықтың еңсесі көтерілмеген кезең болатын. Кеше ғана қанды соғысты көзімен көрген, бүгінгі қиын болмысты бастан өткізген жас тілші тез жетілді, тез өсті. Ол көп ұзамай аудандық партия комитетіне қызметке шақырылып, әуелі партия кабинетінің, сонан соң үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болды. Заман өзгере бастады, білімнің жеткіліксіздігі сезіліп, Алматыдағы екіжылдық партия мектебіне жолдама алды. Оны бітіргеннен кейін 1953 жылы әуелі аудандық «Социалистік жол» газетінің жауапты хатшысы, сонан соң аудандық деңгейдегі түрлі басшылық қызметтер атқарды.
Тәкең өміріндегі елеулі бір кезең еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіндегі жылдар болды. Құрылыс пен әлеуметтік мәселелерге бірден-бір жетекшілік жасап, аудандағы құрылыстың кең көлемда дамуына үлкен ықпал етті. Қысқа мерзімде екі типтік орта мектеп, кинотеатр, пионер лагері, энергопоезд, су торабы мен көптеген өндірістік нысандар салынып, пайдаланылуға берілді. Ауылдар мен жайылымдық бөлімшелерді электрлендіру мен радио торабын орнату жұмыстары қарқынды жүрді. Осы бір сан салалы жұмыстарда Теңел Жұмабаевтың үлесінің мол болғанын көзкөргендер осы кезге дейін жыр етіп айтады. Өйткені, Тәкең өз ісіне шынайы берілген, адал, жауапкершілік сезімі жоғары жан болатын. Осы бір асыл қасиеттерді ол өмір бойы серік етті десек, қателеспейміз.
1965 жылы көрші Қарақалпақстанда тырысқақ, 1966 жылы Қазалы ауданында оба індеттері тұтанды. Теңел Жұмабаев бірінші кезекте құтқару бригадасының басшысы, екіншіде төтенше жағдайлар комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде осы аса қауіпті ауруларды жоюға белсене қатысты. Оның тікелей басшылығымен санитарлық жасақ құрылып, індетке қарсы шұғыл және тиімді шаралар қолға алынды. Ол үш айдай індеттің ортасында болып, жүздеген адамдардың өміріне араша тұрды.
Асыл аға қай жұмыста болмасын өзінің іскерлігімен, әділеттіктілігімен, принципшілдігімен ерекшеленді. Бұл, әсілі, туабітті тектілігі, ата-баба дәстүрі, оқу мен тоқудың құдіреті екені белгілі. «Азаматтық, әділдік, адалдық керек» деген мақала жайдан-жай жазылмаған тұғын. Өйткені ол әділеттілікті ар тұтқан абзал жан еді. Мұндай қасиеттер 16 жыл аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағалық қызметінде айрықша көрінді. Өзінің дұрыстығына сенімді болса, ол өз көзқарасын ешнәрсеге қарамастан, қатаң қорғай білетін.
Замандастарының жадында Т.Жұмабаев көп оқыған, көргені мен оқығанынан мол түйін түйген, әдебиет пен өнердің терең білгірі ретінде де сақталған. Ол рухани байлықтың көзі – кітап жинаған, соны сырлас, соны жан азығы еткен еді. «Кітап жинаңдар, соны сүйіңдер, соны қадірлендер, бағалаңдар» деп өсиет айтып отыратын. Өзінің жеке кітапханасында 1000-нан астам кітап, оның ішінде бүкіл дүниежүзі классиктерінің 200-ден астам шығармалары мен қазақ классиктерінің еңбектері түгел болды. Кітапты барынша насихаттаушы ретінде ол өзінің бай кітапханасын шынайы кітапқұмар адамдармен бөлісе білді.
Рас, жазу-сызуға жастай үйір Тәкең журналшы болғысы келіп, университетке түскенімен оны аяқтай алмады. Дегенмен, туасы қаламгер сирек те болса, қоғам дамуының өткір мәселелеріне лайықты үн қосып отырды. Оның қаламынан шыққан дүниелер автордың қарым-қабілетін, дүниетанымын байқататын туындылар болатын.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары жазылып, облыстық «Сыр бойы» газетінде басылған Одақ басшыларының қызмет стиліне арналған «Байқаңыз, Борис Николаевич!», «Бұл қалай болды, Михаил Сергеевич?!» деген мақалалары Сыр оқырмандарын елең еткізген еді.
Ал, «Қазақша сөйлеу қиын ба?» деген мақаласында автор қазіргі қазақ тілінің халіне өзі орыс тілінде сөйлейтін, алайда, тіл мәселесін анда-санда көтергенсіп, содан ұпай жинап, беделге ие болып жүрген басшылар жауапты деп санайды. Осындай мақалалар «Өмір ағысы» деген арнайы жинаққа кіргізілді.
Теңел Жұмабаев – еңбегінің зейнетін аз көрмеген ардагер. Ең алдымен, зайыбы Карипа Асқаровамен отбасы рахатының дәмін еркін тартты, жоғары білімді 5 ұл мен қыз өсірді, немере-шөбере сүйді. Отан алдындағы жауынгерлік қызметі мен бейбіт еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «За оборону Ленинграда» және т.б. көптеген медальдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталды.
Бүгіндері Тәкең тірі болса тоқсанның төбесіне шығып, ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ортасында қуаныш құшағында отырар еді. Тағдыр оны жазбады. Алайда, оның ғибратты ғұмыры, еліне еткен адал қызметі өз ұрпақтарының ғана емес, замандастарының да жадында да жарқырап тұр.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы, профессор.