ШЫНАЙЫ ДОСТЫҚ

Үстіміздегі жылғы 6 желтоқсанда Қызылордада әдебиеттанушы ғалым М.Дүйсеновтің 85 жылдығына арналған «Мырзабек Дүйсенов және қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Конференцияға жазушының үзеңгілес достары, еліміздің белгілі ғалымдары мен шәкірттері қатысады. Бүгін осыған орай көрнекті ғалым, профессор Т.Кәкішұлының «Шынайы достық» атты мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз. 
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, өзінің ғұламалық келбетіне дақ түсірмей үлкен абыроймен келе жатқан қарындасым Гүлжиһан Орда мен сонау Қызылордадан – беделіне дақ түсірмей келе жатқан атпал азамат Елеусін Төлегенұлы: – Дүйсенов Мырзабек ағамыздың 85 жылдығына арнап естелік кітабын шығару ісін қолға алып едік. Мырзакеңнің ең жақын достарынан Сіз ғана көлеңдеп жүргеніңізге қуанып, телефон соғып жатырмын, – деген соң екі-үш жылдан бері қалам ұстамаған қолыма қарап ем, «келіс, уәде бер» дегендей саусақтарым жыбырлап қоя берді. 
2006 жылы азамат інісі Елеусіннің ыждағатымен Мырзабектің «Жылдар мен сырлар» атты күнделік-эссесі екі том болып Қызылорда қаласында шықты.  Сол еңбегіне Мырзабек өз қолымен мынадай аңғарту жасапты. «Менің 1945 жылдан бері жүргізіп келе жатқан күнделігімнің бұл әзірге машинкаға басылып үлгерген беттері ғана. Блокноттағы қалың дәптерлер мен жеке қағазға жазылғандардың көпшілігін әлі бастырып үлгере алмай жатырмын. Олар машинкаға бастырылғаннан кейін осы томдарға рет-ретімен енуі тиісті. 
Осы күнделіктерімнен іріктеп «Көңілден кетпес бейнелер» (14 баспа табақ), «Жүйріктен жүйрік озар» (18 б.т.) және Ілияс Жансүгіров  туралы «Ақиық ақын» (5 б.т.) атты жинақтар дайындадым. Олар мына томға кірген жоқ», – деп қысқа да мәнді аңғартпа жазыпты. Бұл жинақтар әлі жарық көрген жоқ, сондықтан саналы да жанашыр Елеусінге Мырзабектің бар мұрасын, әсіресе мынау өзі дайындап кеткен үш жинақты таяу арада жариялау міндеті тұрғанын естен шығармағаны абзал. Осы күні жанашырың болмаса мың жерден данышпан болсаң да, ескерілмей қалатын жаман әдетке әбден, бойымыз да, санамыз да үйреніп алды ғой. 
1945 жылдың үшінші маусымынан 1966 жылдың 28 желтоқсанына дейінгі екі томдық естеліктің күндері ғана емес, іштей мазмұны да қысқарған тұстары бар. Алақолдық та сезіледі. Алғашқы басылымдағы жаңсақтықтар Қызылорда облысының әкімдігінің шешімімен Сырдария кітапханасынан шығарылған төрт томдығында толықтырылып, оның дүниеден өтер жылына дейін жазған күнделігін Қорқыт ата университетінің ұжымына Қ.А.Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы Камшат Мұстафаева көмектесіп баспаға дайындап, Мырзабектің әуелі осы екі томдығын толықтырып қайтадан 2009 жылы шығарды. Оның екі томдығын шығаруға «Сырдария кітапханасының» редакциясына жәрдем қолын созғандығын да ризашылықпен атап өткен жөн. Мырзабектің күнделіктері түгелдей болмағанмен, негізгілері қамтылыпты. 
Мырзабек күнделігі әдебиет пен мәдениеттің белсенді қайраткерлерінің белгілі бір кезеңін білуге таптырмас дүние болатындығы айдан анық. 
Күнделік-эссенің бірінші кітабына Елеусіннің өтінішімен «Рухы биік дарын» деген кіріспе жазып беріп ем. Екінші томына 1968 жылы Мырзабектің 60 жылдығына арнап жазған «Дос сыры» және 2006 жылы «Мақтауға да, мақтануға да лайық азамат» деген мақалаларым осы екі басылымнан орын алып, шын достығымның куәсіндей болуда. Осы жолы «Шынайы достық» дегенмен танысыңыздар. 
Біз, Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаев – үшеуміз шын дос адамдар болдық. Жігіміз айырылмай, үлкен елдік мәселеде үніміз бірге шығып жүргендіктен «Үш мушкетер» атанғанымызды біздің құрбыларымыздың көбі біледі. Тірілері растайды. 
Соның соңғы кездегі нақты көрінісі сексеннен асып, тоқсанға бет қойған кезде сонау Түркістанда қайтыс болған Рахманқұлға топырақ салуға барып, ел алдында егіліп сөйлегенімді естігендер әлі ұмыта қоймаса керек. Ал енді біздің ініміз болып, бар жөн-жобаны сақтаған Мырзабектің 85 жылдығына, шынайы достық сырына, түсінік-танымына назар аударайын. 
 Мырзабек Төлегенұлы Дүйсенов менің жан досым болғандықтан арқа сүйер Алатауым, жауға бірге шабар серігім, қуаныш-шаттықта бірге сайрандайтын құрбым, қайғы-қасіретте ауыртпалықты жара бөлісетін марқасқа азаматым еді. 
Мырзабектің өне бойы тұнған өнер болатын. Ән айту, домбыра тарту қазақ үшін айрықша таңданарлық жай емес. Соған баққан шығармыз, әйтпесе «Мырзабектің Қосбасары» деген өзі ғана тартатын, барлық «Қосбасарлардың» философиялық арқауын өзінше түйіндейтін күйінің өзі тамаша өнер туындысы еді. Магнитофонға жазылды ма, жазылмады ма, білмеймін, әйтеуір енді оны Мырзабектің өз орындауында ести алмайтынымыз айдан анық.
Қызылорданың іргесіндегі Сұлутөбеде туған Мырзабек Сыр бойының термелерін терең ұғып қана қоймай, нәшіне келтіріп орындайтын. Талай жырау жыршылардың мақамын білген Мырзабектің Көшеней Рустембековтің қайғылы қазасына көз жасын төккенін көрдім. Егер қазір жыр-терме біздің репертуарымызда көбейіп жатса, оны жандандыруда Мырзабектің үлесі зор деп білген абзал.
Бұлар Мырзабек азаматтығының сырт көз бірден аңғаратын қасиеті болса, оның бар жан дүниесін жарып шыққан өлмес, өшпес шын өнері — ғалымдығы мен жазушылығы. Ол қасиеттерін әркімге жарқырата көрсетіп, тамаша әдіптеп отыратын адамгершілігінің өзі бір төбе. Бірімен-бірі жымдасып жатқан осы қасиеттері Мырзабекті өз ортасынан даралап тұрушы еді.
Кейбіреулер ғылыми дипломы барды ғалым деп есептейді,  ғылым өресін солардың қолынан шыққан дүниеге қарап бағалайды. Бұл тоқырау және өтпелі кезең кезінде айла-амалмен, пысықайлықпен дипломға ие болғандардың көбейіп, ойдың опық жеп жатқан кезінде қалыптасқан түсінік. Сыншы дарыны сирек кездесетін түсінік болса, онда шын ғалымдық  та кім көрінген иемдене салатын өнер емес. Сын мен ғылымның ара жігін айырудың өзі қиын екендігі осы.
Өз қатарластарының ішінде алғаш кандидат болғандардың бірі – Мырзабек Дүйсенов. Қазақ университетін 1949 жылы бітіргеннен кейін аспирантураға түсіп, 1953 жылы «Қазақ совет лирикасы (1917-1929жж.)» деген тақырыпта диссертация қорғады. Бұл тақырыптың жас ғалым үшін бел қайыстырар ауырлығы сол кезде алашшылдарға ататпайтын идеологиялық әпербақандықпен қиындай түскен-ді. Мырзабек сол атмосфераның көрігінде шыңдалды.
Ғылыми ойымызға тұсау салып, догматикалық түсінікті жаттанды қағидаға айналдырған «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институтының саяси өрескел қателері туралы» 1947 жылғы қаулы әдеби мұраны мансұқтап, республикамызда идеологиялық майданды шиыршық аттырды (1989 жылы бұл қаулы күшін жойды). Оның аяғы «Правда» газетінде Қазақстан тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан баяндау жөніндегі мақалаға жалғасып, мектеп оқулықтарына шейін әлем тапырық өзгертілді. Олардың авторлары тұтқындалып, итжеккенге айдалды.
Өз елінен қуылып, Москва университетіндегі зиялы қауымның ортасынан пана тапқан Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен Мырзабектің 20-жылдардағыы қазақ әдебиетінің, әсіресе оның ең жауынгер саласы — лирикадан диссертация қорғауы сөзсіз батырлық екенін алдымен атап айтайық.
Сол кезде ғылымда сауатсыз «қызылкөздер» – нұрышевшылдар, тәкежановшылдар атой салып, Крыловтың мысалындағыдай, пілге шәуілдеген кандендердің көбейіп тұрған шағында өзінің азаматтығын, әрі ғалымдығын танытқан жастардың бірі  Мырзабек еді. Фрунзе ауданында өткен идеологиялық бір активте баяндамашының негізгі тезистеріне қарсы шығып, М.Әуезовті қызғыштай қорғаймын деп нұрышевшылдардың талауында қалғанын көзімізбен көргенбіз. Осы жиыннан Мырзабек өз өміріне жететін сабақ алып шықты. Асауды бастықтыратын ноқта мойнына түсіп, талай теперішті көргеннен кейін Мырзабек өзінің табиғатындағы әзілқойлықты эзоп тіліне айналдырып, шындықты, қиястықты қалжыңмен шапалақтаудың айла-амалын тауып алған еді. 
Біздің сталиншіл догматиктердің түсінігі бойынша: «Аврорадан» оқ атылған соң, Октябрь революциясы оп-оңай жеңіске жетіп, советтік өмір еш қиындықсыз жайнап жүре бергендей. Осының табы біздің қай кітабымызда болсын сайрап жатыр. Соның салдарынан бар шындықты сол күйінде айта алмай келгенбіз. 
Мен Мырзабектің жай-күйін басқалардан айрықша түсінетін сияқтымын. Оған дәлел – ғылыми ізденісіміздің өрісі бір болуы, қазақ совет әдебиетінің қалыптасу кезеңін, яғни әлі орнықпаған ойдан өрбіген дискуссияның көптігі, әдебиет пен мәдениет туралы таным-білімнің кереғарлығы, тап тартысынан ушыққан талас-тартыстың молдығы, идеологиялық-эстетикалық қиындықтардың сан алуандылығы екеумізді жақындастыратын себептің ең үлкені болды. Ақылдаспай, ой бөліспей бұл кезеңді жалғыз-жарым түсіну қиын. «Тамақтың дәмін ашыққан ғана біледі» дегендей, әдебиетіміздің қалыптасу дәуіріндегі шындықтарды елемей, ескермей кеткен, жәрәукелікпен қалам сермей салғандарға ғылым емес, ғалымның мандаты ғана керек болғандығын қазір тіпті анық көріп отырмыз. 
Амалсыз естелік айтуға тура келеді. 50-жылдардың орта тұсында қазақ совет әдебиеті очерктерін жасау процесі жүріп жатты. Оған М.Әуезов пен С.Мұқанов басшылық етті. Негізгі тараулар жазылып, талқыланудан өткен кезде газет-журналдарда 20-жылдардың әдебиетіне қатысты мақалаларым жарияланып жүргендіктен, және ККП жанындағы Партия тарихы институтының қызметкері болғандықтан маған әлгі «Очерктің» бірінші тарауын – Қазақ совет әдебиетінің қалыптасу дәуірін – рецензиялап беру тапсырылды. Шынымды айтайын, 1949 жылы шығатын очерктің социологиялық ескі соқпақпен жазылғанын, бірақ әлімсақтан қағидаға айналған пікірлерді бұза алмай малтыққан еңбек екенін байқадым. М.Әуезов басқарған мәжілісте тараудың тәуір талпынысын, кейбір түйіндерді былай түзетсе қайтер еді деген ойларымды айттым. Мұқаң қорытынды сөзінде: «Мырзабек, сен мына Тұрсынбектің айтқан ойларының қайсыбіріне айрықша назар аударшы. Тіпті екеуің оңаша сөйлескендерің де дұрыс болар», – демесі бар ма. Мұқаңның соншама іштарта сөйлеген Мырзабегі мәжілістен кейін менімен жанасты. Ұзын бойлы, өн бойында қырып алар артық еті жоқтығы былай тұрсын, көтеремнен жаңа тұрғандай, қобыраған қалың шашты, ұзын мұрынды аққұба жігіт: – Сенімен ертерек кездескенім дұрыс болатын еді, оқасы жоқ, әлі уақыт бар ғой, – деп мап-майда қоңыр үнмен қолын ұсынды. Жариялап жүрген мақалаларына «ғылым кандидаты» деп қол қойғанымен, очерктің мына тарауы маған жеңіл-желпілеу көрінді. Оны әлгінде сөйлеген сөзімде жеткізе алмадым ба, әлде Мырзабегің ондай сынның талайын көрген көнтері ме, әйтеуір маған ондайға айылымды жимаймын деген пиғыл таныта білмейтін көкірексіз кандидаттың бірі сияқты болып көрінді.
– Сенің мақалаларыңды түгелге жақын оқып жүремін. Архив деректерімен тарихи мағлұматқа сүйеніп пікір айтқанның сөзі өнімді де өткір болатынын сенен көріп жүрмін. Бізді, құдай ұрғанда, арабша жазылғанды оқи алмайтын қылық ұрды ғой.
– Жиырмасыншы жылдардың лирикасынан қорғамап па ең?
– Иә, бірақ ертеректе жазылып, кейін жеке жинақтарда жарияланған өлеңдерді малдандым ғой. «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», «Ақ жол», «Шолпандардың» маңына жолап көрген емеспін, – деп ағынан жарылды. Сөз арасында: – Аспирантураға біраз қызмет істеп, өмір көргеннен кейін түскен дұрыс па деймін. Бір оқудан екінші оқуға ауыса салу оңай болғанмен, нәтижесі шамалы болатын көрінеді. Сенің деректі дүниелеріңе қызыға да, қызғана қараймын. Кандидат атағына ие болғандарға архивтер мен тарихи мәліметтер өз аяғымен іздеп келмейді екен, – деп Мырзабек менің көңіліме қарап, өзін-өзі кемсіндіретін сөздерді айтып келе жатқан соң, қулығы емес пе екен деп бетіне қарадым. Шын сыры сияқты. Міне, біздің достығымыз осылай басталып, уақыт өткен сайын мәндене де нығыздана түскен еді.
1958 жылы «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» жарияланды. Енді осы еңбекті СССР Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтымен бірігіп Москвадан шығару қажет деп тапқан уақытта Мырзабек аспирантурада оқып жүрген мені бірінші тараудың авторлығына тарту жөнінде ұсыныс жасапты. Оны басшылар қабылдапты. Е.Ысмайылов, М.Дүйсенов – үшеуміз «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасу кезеңін» бұрынғыдан өзгеше тұрғыда жаздық. 
1917-1929 жылдағы қазақ әдебиетінің идеялық-творчестволық мәселелеріне арналған диссертация жазып жүрген маған Москвадан шығатын «Очеркте» осындай ғалымдармен бірігіп автор болу үлкен қуаныш әрі сенім еді. Бірақ, кім екенін білмеймін, 1960 жылы «Очерки истории Казахской советской литературы» кітап болып шыққанда, менің авторлығымның орнына «использованы материалы Т.Какишева» деген жақша ішінде жазылған сөзді Мырзабек көргенде менен бетер күйіп-пісіп, ғылымдағы төресымақтармен ұстасып қалғаны бар. Атақ-дәрежесі жоқ аспиранттың автор болғаны «ұятты» деп санайтын тоғышарлардың кейпі сол кезде-ақ көріне бастаған болатын.
Бұл жайға ұзақ тоқтауымның бір сыры – кейінгі істерімізді шола айтуға мүмкіндік жасау ниетінен туып отыр. Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет пен өнер институты үш томнан, 6 кітаптан тұратын «Қазақ әдебиеті тарихы» атты монументалды еңбекті жасау процесіне кіріскенде Есақаң, Мырзабек – үшеуміз бірінші тараудың авторлары болып, бірқыдыру мәселені жаңаша баяндадық. Ескі қалыптан шыққысы келмей, өрекпігендердің әрекетінен ештеңе өнбеді. Сол еңбегімізді толықтырып, тереңдетіп, 1981 жылы Мырзабек екеуміз «Мектеп» баспасынан мұғалімдер мен ғылыми қызметкерлерге арналған «Ұлы Октябрь шуағы» деген кітапқа айналдырдық. Сол кезде әдебиет тарихында айтылған ойларымыздың бірсыпырасы қазіргі  тәуелсіздік рухына ұласып жатқанына тәубе қыламын. Қыстырыла-қымтырыла, түсінер-түсінбестей етіп жан-жаққа алаңдай қарап өткізген пікірлерімізді енді әбден тарамдата да тереңдете баяндап беру онша қиын емес. Өйткені біздің алған қайнар көздеріміз былғанбаған, лайланбаған күйінде, өмір шындығына жақын. Оның үстіне бұл дәуірге дәті шыдап, білегін сыбанып бара қоятын зиялылар тоқырау кезінде шыға қойған жоқ. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге дағдыланғандарға бұл кез сыр аша қоймайды.
Бұл ұзақ әңгіме жеке тараудың жайы болса, совет әдебиеті тарихының соғыстан кейінгі дәуірлеріне арналған үшінші томының екінші кітабының жауапты редакторы Мырзабек екеуміз болғанымыз тағы бар. Тарихтан үміттенбейтін творчество адамы болмайды, ал біздің жазушы ағайындар ертеңгіні бүгін көруге құмартқандықтан кейде орынсыз ожарланатын сәті де болмай қалмайды. Міне, сондайлар кейде жүйелі істің өзіне іріткі салып, қисынсыз жерге сына қақпаққа талаптанғаны коллектив үшін тегін кетпейді. Әдебиет тарихын жазып жатқан кезде оны көзбен көріп, «қолмен ұстадық». Өйткені бүгінгі әдеби процесті әңгімелеу үшін әуелі ғылыми өрең биік, өрісің кең болумен бірге «дипломатиялық қару-жарағың» сай болуы шарт екен. Осыны Мырзабек қинала жүріп, абыроймен атқарса, мен тегеурінге шыдамай шарт сынып, институттан «қуылып» кеттім. Сонда Мырзабектің қарлығашша су тасып, менің рухани жарама дәру болатын емдерді іздегені әлі көз алдымда. Мұндайда шын дос қана жаныңнан табылып, қасың мен қабағыңа қарайды. Ал «жем іздеген тауықтар» өз жөніне оп-оңай кете салатын көрінеді.
Мырзабектің ғалымдығын азаматтығымен араластырып жатуым тегін емес, өйткені қазақ совет әдебиетінің 20-жылдардағы даму процестерін зерттеу үшін үлкен дайындық қана емес, айрықша еңбекшілдік қажет. Осы үлкен проблемамен іштей жалғасып жатқан, оның негізгі ғылыми зерттеу бағытын онан әрі арналай түсетін үлкен еңбек — «Ілияс Жансүгіров» атты 1965 жылы шыққан монографиясы. Бұл монументальды туынды доктор атағын алып беруімен қатар, Мырзабектің қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан зор үлесі болды, оны келешек ұрпаққа елеулі ететін аманаты болып қалды.
Осы зерттеу барысында өнерпаздық екі арнаға тоғысты. Бірі Ілияс Жансүгіров сынды ұлы ақынның бүкіл жан дүниесіне барлау жасап, өнерпаздың асуларын шолу, оның қадау-қадау биіктерін айқындап, жасап кеткен дәстүрін жарқырата ашып, оны көпшілікке таныта білу қажет болса, екіншіден, классик ақынға жанасқан дарын өзінің бар өнерін көрсетуге тиісті болды. Осы еңбектің үстінде Мырзабек Дүйсенов замана сырын ұға білетін, өткендегіні саралай алатын саңлақтығымен, көл-көсір мол дүниеден інжу-маржанды іріктеп ала білетін зергерлігімен, әдебиетімізге ұлы олжа салған дастаншылдық дәстүрдің үдесінен шыға білетін ғұламалығымен танылды.
Қайсыбіреулер бұл монографияда Ілиястың шығармалары түгел қамтылмапты, толық шолынбайды дегенді айтқысы келгенмен, бүкіл Ілияс өнерпаздығының негізгі арнасына толымды және білгір талдау жасағандығын жоққа шығара алмайды.
Бұл монографияның сүбелі болып шығуына, сөз жоқ, Мырзабектің 1962 жылы жарық көрген «Әдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі» туралы теориялық зерттеуінің пайдасы қатты тиді. Осының шапағаты яғни әдебиеттің теориялық негіздерін терең ұғынып, практикалық істе орынды  қолдана білу кейінгі зерттеулеріне әрқашан жарығын түсіріп отырғанын анық байқаймыз. Ілиястың өнерпаздық лабораториясын терең ашып, інжу-маржандарын ажарлы жеткізу машығы қазақ поэзиясының ірі тұлғасы, бусанған сезімді үлкен ойға орап жеткізетін Әбділда Тәжібаевтың өнерпаздық жолын білікті баяндауға алып келді. «Ақын мұраты» (1967 ж.) монографиясында жан-жақты қарастырылған ақындық шеберліктен өрбитін поэтикалық арқау әрқашан романтикалық леп-тыныспен көпшілікке жететін драматургиялық шығармаларын түсінуге мүмкіндік берді. Жанр сипатын зерттеумен (1977 ж.) толыса түсті. Сөйтіп, Ә.Тәжібаевтың ақындығы мен драматургтігіндегі шеберлік сырлары қазақ әдебиеттануында біраз шешімін тапты.
Мырзабектің ғалымдығын айқындай түсетін үлкен бір сала – ауыз әдебиетіне деген жанашырлығы. Жамбылтану бөлімін басқарғаннан кейін бүгінгі халық творчествосындағы процеске тікелей араласатыны өзінен-өзі түсінікті. Теориялық ойды практикалық іспен жалғастыру мүмкіндігі туғанда Мырзабектің бес қаруы бойында жарқырап көрінетін жауынгер ғалым екендігін анық байқадық. «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» (1975 ж.), «Халық поэзиясы және бүгінгі заман» (1976 ж.), «Ақын, жыраулар» (1981 ж.) сынды коллективтік монографияларға басшылық етіп, айтыс жанрының қайтадан жандануына тікелей араласты. Қазіргі ақындардың Республикалық айтысын ұйымдастыру ісіне мұрындық болумен бірге телевизиялық айтыстың қанат жайып, халықтың эстетикалық мектебіне айналдыруда Мырзабек қосқан үлес алабөтен. Сөз бен істің бірлігі, яғни зерттеу саласы мен бүгінгі эстетикалық таным-біліктің тұтастық табуы Мырзабек болмысының хас белгісі. 
Тоқырау кезеңінде Мырзабек келешегі бар бір пікір айтты. Халық творчествосына жанасып, Жамбыл өсіп шыққан көркемдік дәстүр өткеліне көз салғанда, Мырзабек «ауыз әдебиеті» деген жалпы ұғымды ғылыми тұрғыдан нақтылау қажет екенін айқын сезінді. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған проблемалық мақаласында бұрынғы қалыппен бәрін, жалпы қазақтың ауызша шығарғандарының бәрін бір шаңырақтың  – фольклордың аясына тыға салмай, әр туындыларды өз алдына, сонау қазақ хандығынан бері өзінің аты-жөнімен белгілі болып келе жатқан ақын-жырауларды өз алдына жеке-дара қарастырып, қазақ әдебиетінің өзіндік даму ерекшелігі деп табу жөнінде жаңа концепция ұсынды. Ауызша әдебиет дәстүрі фольклор мен жазба әдебиет дәстүрлерінің аралығындағы өзіндік беті, көркемдік стилі мен бағыты бар эстетикалық құбылыс – қазақ ауыз әдебиеті деп атау керек деп тұжырымдады. Соны дәлелдеу қамына кірісті. Оны нақты жүзеге асырмақ болғандығының бір белгісі өзі басқарып отырған бөлімнің атын «Жамбылтану және ақындар өнерпаздығы» деп өзгертуінің өзі әлгі өнімді ойдан бастау алған еді. Осы концепцияны дамыта түсу, сөйтіп әдебиетіміздің тарихын ғылыми жүйеге салу Мырзабек арманының бір саласы еді. 
Қатар жүргенде құрбы-құрдастың ой-пікірі бір жерден шыға бермейтін кезі аз емес қой. Сондайдың бірін айтайын. 1965 жылы Мырзабектің «Ана махаббаты» деген повесі жарық көрді. Оған дейін «Мен қалай торғай болдым?» (1958 ж.), «Жолың болсын» (1959 ж.) дейтін әңгімелер жинағы мен «Қалыңдық» повесі жарияланып, әдеби жылдық қорытындыларда аталып-аталмай жүрген болатын. «Ана махаббаты» маған онша ұнай қоймады, оның үстіне «Қазақ әдебиеті тарихының»  совет дәуіріне арналған кітабын шығарамыз деп мұрнымыздан шаншылып, орынсыз ожарланғандардан тарихты қызғышша қорғап жүрген күндеріміздің бірінде Мырзабекке: – Не зерттеумен бол, не ақын-жазушыларға қосыл, әйтпесе екі кеменің құйрығын ұстағанның кебін киерсің, – деп бөлім жиналысында басып келіп қалмасым бар ма. Арамызға жік салғысы келген әзәзілдер қолма-қол: – Жұмысымызға зияны тимесе, көркем шығармамен айналысқанның қандай айыбы бар?! – деп сына қақпақ болып еді, Мырзабек: – Ол әркімнің өз еркіндегі дүние ғой, – деп, мені де, өзгелерді де тоқтатып тастады. Сыртқа шыққан соң: – Ондай ойың болса оңашада айтпайсың ба?! Творчестволық қажеттік басыңа түссе көрермін, қалай жаныққаныңды, – деп, Мырзабек іштей өкпелеп қалғанын сездірді де, өзіміздің әдетті әзіл-қалжыңымызға бұрып жіберді. 
1968 жылы «Гүлжан сүйеді» атты повесі шықты. Менің ертеректе айтқан ойымды пайдаланған біреу, – Мырзабек өмірден ештеңе таппаған соң, институттың ішіндегі  оқиғаны әңгімеге айналдырыпты, әнеубір директоры тым ұқсайды екен, – деп, істі насырға шаптырып, үстінен арыз да түсірткізді. Кітапты шығартпау әрекеті жасалды. Әйтеуір, көп азаппен «Гүлжан сүйеді» жарық көріп, қазақтың ғылыми-интеллигенциясының тұрмыс-тіршілігі мен іс-әрекетін әдебиетімізде суреттеген алғашқы шығармалардың бірі болды, тәуір бағаланды. Мырзабек үшін қатты қуандым, құттықтадым, бірақ баяғы ойымнан айни қойған жоқпын. Өзіміз көріп-біліп жүрген айла-шарғылар  көркем сөз айнасына түскенін, Мырзабек қаламының көркемдік асуларының біразын алып қалғанын атай отырып, тартына пікір айттым. Мырзабектің тамаша бір мінезі-өзімшіл болмайтын, сондықтан өзінікіне өзгедей қарап, сыни ой-пікірлерді аяғына дейін тыңдап, ашуланып өрекпімейтін. Сәл қызараңдағаны болмаса, сыр бермей, айтқанды ішіне түйіп алатын, тіпті айтпасқа болмай бара жатса ғана жайлап түсіндіріп, өз ыңғайына ойыстырмақ болғанымен, оғаш мінез көрсетпейтін, тызалақтамайтын. 
Бұдан кейін «Меймандар» (1971 ж.), «Ант» (1974 ж.), «Үміт» (1979 ж.) повестері жарияланды. Бұлардың сюжеттік желісін айтып жатпай, Мырзабек жазушылығының бір ерекшелігіне айрықша тоқталайын. Ол қазақ тілінің лексикалық байлығын сарқа пайдалануы ғана емес, сөздің бояуын, мәнін, сөлін түсініп, орынды қолдануы дер едім. Біздің көп жазушыларымыз, оның ішінде жасымен қатар, жасамысы да бар, сөзді бопсалап, қалай болса солай салдыр-салақ, бояу үстіне сыр жағып, қазіргі стилягалар сияқты алабажақтап жіберетіні, сөздің мәнін түсінбей қолданатыны кездесіп жатқанда Мырзабектің шымыр да ойлы, көркем сөйлемдеріне риза боласың. Сюжеті шиырлы шығармаларын құныға оқыған оқушылардың хаты бұған айқын дәлел. Ол хаттар Мырзабек архивында жатыр. Сөз қадірін түсірмеу жазушы үшін үлкен абырой ғой.
Мырзабек қаламынан 80-жылдардың басынан былай қарай ерекше құнды дүниелер туа бастады. Олар «Біз күн перзентіміз» (1983 ж.) «Бір аспанның астында» (1985 ж.) «Ғасырлар сыры» (1988 ж.), төртінші кітабы «Жалын» баспасынан шықты. Бұлар повестер циклі болумен бірге, сюжеттік арқауы біртұтас шығармалар. Адамзат қауымы жаратылғаннан бергі аңыз-ертегі, тарихи шындық, ру-тайпалар өмірі, сақ, гун, түркі елдерінің тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі түсінікті де ажарлы тілмен қалың оқушыға, әсіресе мектептің жоғарғы класс оқушылары мен жас өспірімдерге тарих пен әдебиет, тіпті астрономия мен география пәндеріне айрықша қажетті материалдарды ұғымды да қызықты түрде суреттеп берген туындылар. Жастар ғана емес, жасамыстар да бұл кітаптарды оқыса, өзіне тағылым ететін көп беттерді табатыны даусыз.
Бұл циклдарды тетралогия деп танып, екі үлкен кітапқа біріктіріп, кітапханамызда ұстасақ, бүгінгі және кейінгі ұрпағымызға көп пайда келтірер еді. Өйткені, тағы да қайталап айтайын, көп құбылыстың сырын біліп, мәнін ұққымыз келсе, онда Мырзабектің көп жыл бойы ғылым мен білімнің әр саласынан өз халқының сана-сезімін өсіру үшін шырын жинаған бал арасындай арымай-ашымай жинаған еңбегінің ең сүбелісіне кезігер едік. Және бір тамашасы, осындай орасан зор ауыр жұмысты өзінің дімкәстігіне қарамай, шыбын жанын қинап жүріп орындады және үлкен іс тындырып жатырмын деп жар салмай, еліне қызмет етуге тиістілердің әрекеті осылай болуы керек деп түсінді. Нардың жүгін орта жолға тастамай, көздеген нысанасына жеткізіп үлгерді. Әрине, бар жоспарын орындап кетті дей алмаймын, сонда да болса белгілі бір тиянаққа жеткені шындық. Осы арада Мырзабек аруағынан «Екі кеменің құйрығын ұстама!» деген ожар пікірім үшін кешірім сұрағаным жөн болады ғой деп ойлаймын. Көзі тірісінде оны айта алмап едім.
Еңбек пен азаматтық қолтықтасып, бірін-бірі толықтырып жатады. Көп тындыратындардың қарапайым келетіндігі де содан. Адал еңбегіне өз аяғынан келген сый-сияпатты қомсынбай қабылдап, қолы жетпегеніне ренжімейтін, өкінбейтін жандардың алды Мырзабек еді десем, артық болмас. «Анадан құр қалдым, мынаған қолым жетпеді» дегенді Мырзабек аузына алмайтын, біз естімейтінбіз. Оның есесіне бар сырын, ойын, естігенін, көргенін ешбір қоспасыз жазып отыратын күнделігі болды.
Мырзабектің күнделігі – іздесең таптырмайтын тамаша дүние. Мен оны А.Панаеваның атақты естелік-күнделігімен салыстырар ем. Нанбасаңыздар, Мырзабектің «Үміт» атты жинағындағы «Ұстаз» есімді естелік-күнделікті оқып көріңіздер. Онда Мұхтар Әуезовтің 1946 жылы «Абайтану» курсын қалай оқи бастағанынан, бұл жарық дүниемен қоштасар сәтіне шейінгі аралықта өзінің көзімен көрген, басынан өткен жай-күйлерді сағат, минутына шейін дәл айтып, мән-маңызын ашып береді. Сәбит Мұқановқа арналған кітабының қолжазбасы баспалардың бірінде жатса керек.
Университетке 1944 жылы түскеннен бері өзі дүниеден өтер күнге дейін Мырзабек күнделік жазуды қаза қылып көрген емес. Үйіне барған кезде көңілі тасып, шадыман шаттыққа бөленіп отырса, «мынау есіңде ме?!» деп өзіміздің куә болған жайларды қаз-қалпында мөлдіретіп жазып, шындыққа обал жасамағанын талайлар растай алады. Көңілі жақынға көлдей болып, жазғандарын оқып беруге жаны құмар болатын.
Қазір біз Мырзабек күнделігінің қадір-қасиетін анық аңғаратын күйде емеспіз. Уақыт өте келе Ә.Нарымбетов жазып жүрген әдеби хроника мен Мырзабектің артында қалған күнделігінің құны арта түседі, әрі-беріден соң шұқшия қарап, салыстыра тексеретін дерек-мағлұматтар қорына айналатыны сөзсіз. Және Мырзабек күнделігі өзінің жанды сипаты, шыншыл баяндалуы, ажарлы жеткізілуі жағынан әдебиет тарихы үшін, мәдени өміріміз үшін таптырмайтын дүние болады.
Дос туралы, оның үстіне 1985 жылы 15 ақпанда «Бір аспанның астында» кітабына жазған қолтаңбасында: «Отыз жылдан асқан достығымызға шаң түспей келе жатыр ғой. Осы көңіл мен пейіл шілденің ыстығында да, қаңтардың аязында да сыр бермесін» деп жазғанын егіле ескеріп отырмын.
Мырзабек қайтыс болғанда мен алыс ауылда жүріп, жете алмап ем. Қолыңнан топырақ салмаған соң адамның көңілі суымай ма, әлде тонның ішкі бауындай болған достығымнан ба, әйтеуір бұрынғы әдетім бойынша Мырзабек аты аталып қалғанда, тірі адамдай қалжыңдасып, әзілдесіп қоя бергім келіп тұрады. Мен үшін Мырзабектің көзі жұмылған жоқ. Ондай күйге Мырзабек ұшырамайды да, өйткені артында қалдырып кеткен ғылыми мұрасы, көркем шығармалары оны әрқашан іздетіп отыратын жанды дүниелер. Ендігі екінші ғұмыры  ұзақ болсын!
Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының Құрметті академигі,  филология ғылымдарының докторы, профессор.

ТАҒЫЛЫМ 04 желтоксан 2013 г. 2 397 0