« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Соғыс жылдарындағы өлеңмен жазылған хаттар...Сол бір ел басына күн туған қатерлі шақта еліне деген сағынышын баяндайтын, тума-туыс, туған жерге деген махабат пен жауды ертерек жеңіп елге оралсақ деген армандардан сыр шертетін хаттар толастамаған. Майданнан келген хат – бір отбасының жәдігері. Өкініші, сол хаттар сақталмаған. Кескілескен шайқастың ортасында жүріп ұрыс арасында қолы қалт еткенде жанын шүберекке түйіп отырып жазған осы хаттар майдангердің елге деген шексіз сағынышын білдірер еді.
Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылынан Отанын қорғау үшін майданға аттанған жауынгер ағаларымыздың ұрыста жүріп, шалғайда қалған туған-туысқандарына жазған хаттары туралы айтпақпын. Бұл жырларды мен қазіргі күні домбырамен термелетіп айтып отырамын. Бір сәтке көз алдымнан өткен күндер легі өтеді. Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында менің анам Қоңырша Мұсаева(1924-1997 ж.ж.) майдандағы туысқан ағаларымен үнемі хат алысып тұрған. Ол кезде ауылда сауатты адам аз болыпты. Ол майданнан келген хаттарды ауылдастарына оқып беріп, ағаларына уақытылы жауап қайтарып отырған. «От ішінен келген әрбір хаттың жолдарынан соғыстың демі, ұрыс даласындағы қиыншылыққа толы күндер, солдаттың Жеңіске деген сенімділігі сезілер еді. Сол кездегі адамдар әрбір келген хат-хабарды «қара қағаз» болмаса екен деген қорқынышпен ашатын», – деуші еді анам марқұм. Ол кісі кешеге дейін сол өлеңмен жазылған хаттарды ыңылдап жатқа айтып отыратын. Енді есімде қалған жырларға кезек берейін. Жауынгер ақын Әдис Ахетов ағамыз өлеңмен жазылған хатын ауылда тұратын барша туған-туысқа арнапты:
«...Ал, дұғай жаздым сәлем, өскен елге,
Аңсаған аты қымбат туған жерге.
Тамыры тастан қатты болса-дағы,
Ерімес жүрек бар ма ел дегенде?
Ұлыңа риза бол, Ұлы Отаным,
Қан түгіл, жанды қиям сен дегенде!
Қамқоршы ғаріп ана қарияларға,
Ізәтіл бастас өскен жеңгелерге.
Қатары қариялардың азайыпты,
Болмаса қалғандары шенде-шенде.
Күте біл қолыңдағы күмісіңді,
Басқаның алтынына басыңды име!
Бүркітің бөрі алмасын, қоян алсын,
Өзің біл, сырт дұшпанға сыр білдірме!
Қатары қариялардың азайыпты,
Әшет, Уәли, Жүсіп, Жәли және Жахия –
Шалдардан соң шығар төрге».
Ал, майдангер Әлібек Құлмышов ағаның хаты былай басталатын:
«Хат жаздым қалам алып, жан Балайым,
Қиялдың кең жеріне қол салайын.
Осындай қиыншылық еске түсіп,
Сөз құрап, жаным, саған хат жазайын!
«Көкемді сағындым» деп хат жазыпсың,
Туысқан бауырласым, айналайын!
Жаным-ау, мен де өзіңдей көкше көз боп,
Алыстан аңсап жүрген мен ағайың.
Алыстан арып-ашып келгенімде,
Алдымнан қайнаушы еді-ау, ыстық шайың!
Жиналып қатар-құрбы, домбыра алып,
О, дәуір, кеттің қайда, бізден тайып?»
Енді Асқар Қожахметов ағаның өлеңмен жазылған хатына келейік:
«Атадан тумақ рас, өлмек мирас,
Бұл екеу бұрынғыдан қалған рас.
Бұйрықсыз демің тынбас, шамың сынбас,
Адамзат жазылғанды көрмек рас.
Ер жігіт туған жерін сағынады,
Опасыз айтқан серттен жаңылады.
Сағыну жан біткеннің қасиеті,
Жамандық оңай нәрсе табылады.
Тәуекел кеме суға кетірмейді,
Қайрамай пышақ жүзі жетілмейді».
Бұл қан майданға Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылынан аттанған жауынгер ағаларымыздың өлеңмен жазған хаттарының жадымда қалған бір бөлшегі ғана. Айта кетерлігі, бұл хаттар бұрын-соңды баспа бетін көрген емес. Анамның айтуынан есімде қалғаны, сол хаттардың көбі: «Жүз көріп жолыққанша есен боп тұр, осымен менің сөзім болды тамам!» деп аяқталатын. Жоғарыда аталған кісілердің ұрпақтары майдангер аталарының өлеңмен жазылған хаттарын оқып, үлкен әсер алады деген ойдамын.
Шайзада ӘШІМОВ.
Қызылорда қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |