Жастығын жалын шарпыған

Жастығын жалын шарпығанМіне, Ұлы Отан соғысындағы тарихи Жеңісімізге 70 жыл  толғалы отыр. Әрине, Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Оған жарқын болашақ үшін жанын пида еткен миллиондаған жауынгерлердің қажырлы еңбегінің арқасында ғана қол жетті. 

Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей - теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы - қасірет әкелмеген бірде - бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды... Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға - ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен...
Соғыс тарихында шексіз ерлік көрсетіп, ел намысын қорғауда ерекше көзге түскен ержүрек Қазақстандық жауынгерлер көптеп саналады. Сол сұрапыл соғыста  болып, жеңісті жақындатуға үлес қосқан көзі тірі сарбаздардың бірі,  ауданымыздың майдангер,  « Жалағаш  ауданының құрметті азаматы»,   Таң ауылының тұрғыны, соғыс ардагері - Уәли Дүйсенбиев.
  Ешқашан да жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу .
 №118  орта мектепте  Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жалағаш ауданының құрметті азаматы», Ұлы Отан соғысының ардагері  Дүйсенбиев Уәлидің 90 жасқа  толуына  байланысты    «Жастығын жалын шарпыған »  атты тақырыпта  онкүндік өткізілді.
Онкүндіктің алғашқы күні  мектеп директоры Б.Доспанов Ұлы Отан соғысының зардаптарын айта келіп, « Жалағаш  ауданының құрметті азаматы»,   Таң ауылының тұрғыны соғыс ардагері У.Дүйсенбиевтің өмірбаянын оқушыларға таныстырып, онкүндікке белсенді түрде қатысу қажеттігін айтты.
Осы онкүндік аясында барлық сыныптарда «Қазақстандықтардың майдан даласындағы ерліктері мен тылдағы табандылықтары ешқашанда ұмытылмайды!  тақырыбында тәрбие сағаттары өткізілді.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Сүлейменова Эльмира 5-9 сынып оқушылары арасында «Мақтанышы елімнің-қазақ ұлы!» атты тақырыпта шығармалар байқауын өткізді.  Шығармаға 5-10- сынып оқушыларынан 2 оқушыдан қатысып,  Уәли аталары жайлы жүргізген зерттеулерін қорыта отырып, өз ойларын дәптер бетіне түсірді. Шығармалар байқауының қортындысында  10- сынып оқушысы Бүркітбайқызы Әйкеннің  шығармасы «Ең үздік» болып, марапаттауға ие болды.
 Сынып жетекшілердің жетекшілігімен   «Отты жылдар естелігі» тақырыбында  ауылымыздағы тыл ардагерлерімен кездесу өткізді.  Кездесуге тыл ардагері Ахметов Яр, Жәнібеков Болат, еңбек ардагерлері Қуанышов Өмірзақ, Қойбағаров Шәдімұрат ағайлар келіп , оқушыларға өздерінің бала кездеріндегі көрген қиындықтары және    Ұлы Отан соғысының елімізге тигізген зардаптарын айтып берді. Оқушылар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып,тұшымды жауаптарын алды.  Кеш қонақтары оқушыларға өздерінің ақ батасын беріп,  ата-аналарының ақылды, білімді, тәрбиелі ұл-қыздары болуларына тілектестігін білдірді.
 Мектеп кітапханашысы  Ойнарова Гүлжайна мен қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ойнарова Мира  Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына, У.Дүйсенбиевтің  90 жасқа толуына арналған  «Бейбіт күннің себепкері» тақырыбында мерекелік кеш өткізді.  Кешті жүргізушілер Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына, У.Дүйсенбиевтің       90 жасқа толуына байланысты кіріспе сөзін айта келіп , бүгінгі кештің басты кейіпкері У.Дүйсенбиевтің келіні Достаева Бейбімария атасының ерлік істері мен еңбек жолдарын айтып берді. Кешке қатысушыларға Ұлы Отан  соғысы туралы көріністер, бейне баяндар көрсетілді.   Мерекелік  кеш соңында оқушылар  ән айтып, би билеп  Ұлы Отан соғысы туралы тақпақтар айтты.
Онкүндік жоспарына сәйкес мектеп әкімшілігі  ардагер атамыз  У.Дүйсенбиевтің үйіне барып, отбасына сый құрмет көрсетіп,  мерекелік сый  тарту етті.  Мектеп директоры Б.Доспанов  Уали атаға ізгі  тілектерін айтып, үстіне шапан кигізді. Уали ата  өз ризашылығын  қолын жайып берген ақ  батасы арқылы сездіріп жатты.  Осы күні мектеп тәлімгері А.Аблаева «Жас ұлан» ұйымы мүшелерімен бірге У.Дүйсенбиевтің ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді. Тазалық жұмыстарын  жүргізіп жүрген 9 және 6 сынып оқушыларының жүздерінен қуаныш сезімдері білініп тұрды. Ол сезім, әрине,  ауылымдағы көзі тірі соғыс ардагерімен жүздескендіктері деп түсінуге болар.
Мектеп тәлімгері А.Аблаеваның ұйымдастыруымен «Біздің батыр ағалар» тақырыбында Ұлы Отан соғысына байланысты бастауыш сынып оқушыларына «Тұмар тарих тағзым» және Ұлы   Отан соғысы туралы бейне роликтер мен Әлия Молдағұлованың деректі фильмдері  көрсетілді. Деректі  фильмдерді көріп шыққан бастауыш сынып оқушылары өздерінің алған әсерлерін бір- бірлерімен  бөлісіп, мектеп акт залынан шығып бара жатты. Бұл әрине бүгінгі көрсетілген бейне фильм  арқылы балалар бойына Ұлы Отан соғысын қатысушыларды құрметтеуге тәрбиелеудің бір әдісі босқа кетпегендігін түсіндік.
Онкүндіктің соңында «Ерлігіңізге бас иеміз!»  атты тақырыпта дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері У.Дүйсенбиев атындағы ұзақ қашықтыққа жүгіруден жарыс өткізілді.  Жарысты мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ө Шүйішбаев ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Бүгінгі жарысқа демеушілік жасап отырған Уәли атамыздың келіні  М Достаева  оқушыларға әрқашан салауатты өмір салтын ұстауға шақырып ,  бүгінгі жарысты ұйымдастырушыларға атасының атынан өз ризашылығын жеткізді. Жарыста төрелік еткен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Оспанов А , Күзенов Д және Омаров Н жарыстың ережелерін таныстырды.  Жарыс қортындысында қыздар арасында  1500 км-ге жүгіруден І орынды 5-сынып оқушысы Сағал А, ІІ орынды 5-сынып оқушысы Молдабекқызы А, ІІІ орынды 8-сынып оқушысы Қадірбекқызы А алса, ұлдар арасында 1 орынды 11-сынып оқушысы Қойшығұл Е, ІІ орынды 9-сынып оқушысы Тұрсынғали А,  ІІІ орынды 9-сынып оқушысы Төребек Ж алып әртүрлі бағалы сыйлықтармен және  мектеп директорының алғыс хаттармен марапатталды. Жарыс өте қызықты өтті.
 Онкүндіктің соңғы күнінде,  6-сынып жетекшісі Жүнісова Г мен тәлімгер  А Аблаеваның ұйымдастыруымен «Жастығын жалын шарпыған» атты Ұлы Отан соғысының ардагері  У.Дүйсенбиевтің 90 жасқа толу мерейтойына арналған  мектепішілік жыр мүшайра өткізілді. Мүшайраға  кешке  ауыл әкімі Ж Еспенбет , мектеп ұстаздары, ауыл тұрғындары және оқушылар қатысты.  Жыр мүшайраны ауыл әкімі Ж.Еспенбет пен мектеп директоры Б.Доспанов құттықтау тілекпен ашып,  қатысушы жас ақындарға сәттілік тіледі. Мүшайра ашылуында Уәли атамыздың соғысқа аттану сәтінен анасының берген бойтұмары жайлы көріністер көрсетілгенде, қатысушылардың көздеріне  еріксіз жас оралды, ол әрине осы бейбіт өмірде өмір сүріп отырғанымыз сол кісілердің арқасы екендігімізді түсінген ,сезінген  қуаныш  жасы деп ұғындық. Мүшайраға ауыл әкімшілігінің маманы Р Ахметова, мектебімізідің оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Т Жаңабаева және ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі  А Есжановтар төрелік етті.  Мүшайраға 22 оқушы қатысып  әділ қазылардың шешімімен бас жүлде 4- сынып оқушысы  Д Батылжанұлы, І орынды 7-сынып оқушысы  Ж Сахиева, ІІ орынды Н. Жасұланұлы және  Ә. Яр , ІІІ орынды  М Мұрат иеленді. Жарыс жеңімпаздарына Ұлы отан соғысының ардагері У.Дүйсенбиевтің келіні Б.Достаева мен қарындасы Шүйішбаева Сырғаш өздерінің ескерткіш сыйлықтарын тапсырса,  мектеп директоры   Б.Доспанов  қатысушыларға алғыс хаттарын тапсырып, жас ақындарға сәттілік тіледі.
Жалпы, Ұлы жеңістің 70 жылдығына Ұлы Отан соғысының «Құрметті азаматы» У.Дүйсенбиевтің 90 жасқа толуына байланысты өткізілген барлық тәрбиелік шаралар оқушылардың бойына патриоттық сезімдерді ұялата білді және осы өткізілген шаралар арқылы оқушыларды Ұлы Отан соғысына қатысушы барлық ата-апаларымызды құрметтеуге  тәрбиеледік деп ойлаймыз.
Неменеңе жетістің бала батыр,
 Қариялар азайып бара жатыр 
Бірі мініп келместің кемесіне,
 Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, -    деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмырбасты пенде үшін теңдессіз құндылық ұрпақ аралық қимастық, сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр. 
 Қариялар азайып бара жатқанын, әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен , қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағап, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні барлық қазақстандықтарға құтты болсын.
 
 Жалағаш ауданы
Таң  ауылы
№118 орта мектеп директорының  тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: Ө Шүйішбаев.

 
 «Жастығын жалын шарпыған» атты жыр мүшайрасында бас жүлде иеленген 
4А- сынып оқушысы Батылжанұлы Думанның Уәли атасына арнауы

 
Атаға арнау
 (Ұлы Отан соғысының ардагері Дүйсенбиев Уәли атаға арнау)
 

Ұрпақ барда ерлік ұмыт қала ма?
Қанша боздақ қалды жапан далада.
Сұм соғыстың ізі өшпейді жүректен,
Өтсе-дағы жетпіс жылдай арада.
 
Жеңіс деген көңілде сөз жатталып,
Ер-азамат батыс жақты бетке алып,
Туған жердің топырағын тұмар ғып,
Атамыз да 19-да кете барды аттанып.
 
Төрт жыл бойы көрді қиын шайқасты,
Жас та болса қайсарлықпен жауға қарсы айқасты.
Батыстағы фашистерді жеңген соң,
Екі жылы шекараны күзетуге жалғасты.
 
Қырық жеті шілдесінде туған жерге оралды,
Келген бойда,алды қолға қамшы,кетпен,құралды.
Араласып майданына еңбектің,
Маңдай тердің тамшысынан алды рахат,құмарды.
 
Еңбек десе ел алдында көсілді,
Шаруа жайлы сөз қозғаса шешілді.
Еңбегіменел абызы аттанып,
Бейбіт күнде он баланы өсірді.
 
Шығып бүгін тоқсан жастың төріне,
Ұрпақтары құрмет қылып өзіне,
Газет-журнал тастамайды қолынан,
Көз әйнегінкиіп алып көзіне.
 
Ауылымның ақсақалы,абызы,
Уәли ата батыры елдің,нағызы.
Мақтан тұтып ардақтайды бүкіл ел,
Қуат беріп,100-ден ассын маңызы
 
Жалағаш ауданы
Таң ауылы
№118 орта мектептің 4 сынып оқушысы Батыжанұлы Думан

ТАҒЫЛЫМ 08 мамыр 2015 г. 3 011 0