Соғыс жылдары қан майдандағы жауынгерлердің жанқиярлық ерлігі туралы
баспасөзде үзбей жарияланып тұрды. Майдан тілшісі Илья Эренбургтың 1942 жылы 18
қазанда «Красная звезда» газетіне жазған «Қазақтар» атты очеркінде халқымыздың намысты
ұлдарының соғыстағы іс-қимылы суреттелген. Біз бүгін осы очерк кейіпкері Әмірбек Ілиясов туралы аз-кем деректерді
оқырманға ұсынып отырмыз.
Эренбург өз очеркін бір фрицтің айтқан сөзімен бастайды. «Бізге қарсы сұрапыл
жауынгерлер соғысты. Оларды ешқандай қару тоқтата алмайды екен. Содан соң
маған бұлардың қазақ екендігін айтты. Бұрын-соңды мұндай ұлттың бар екендігін
білген жоқпын», – депті ол.
Мақала түйінінде «Қазақтар атпен соғысқанды
құп көреді. Бірақ олар жаяу әскер болып та соғыса береді екен. Ештеңе тоқтата
алмайды оларды. Адалдық шайқаста анықталады» депті. Намысты бәрінен биік
қоятын, өр рухты қазақтың жігіттері, олар жасаған ерліктер туралы айта келіп:
–... Әмірбек Ілиясов (түпнұсқада Амирбек
Ильясов) атты қазақ ауыр жарақат алса да, жанармай бөтелкесімен немістердің
танкісін жарып жіберуге күш-қуат тапты. Жүрегі кең қазақ қой. Енді немістер
қазақтың кім екендігін білді, – дейді.
Соғыс басталғанда бұл отбасының арқасүйер
азаматтары түгел майданға аттанды. Алдымен Әмірбектің әкесі Ілияс, кейін өзі,
соңынан інісі Жылқыбек кетті. Ілияс Айбергенұлы соғысқа дейін аналары о
дүниелік болған 3 баласын тәрбиелеп, қоңторғай тірлік кешкен. Балалардың ішінде
Әмірбек ерекше еді. Қарындасы мен інісіне қамқор, қамкөңіл әкеге көмекші болды.
Айналадағы ағайын-туыс та Әмірбектің ертеңінен зор үміт күтетін. Ауылдың
маңдайалды жігіттерінің бірі болған азамат
осылайша тұтас ұлттың ерлігін суреттеген майдан тілшісінің мақаласына кейіпкер
болды.
Ажал оғын сепкен аласапыраннан Әмірбек те,
Жылқыбек те қайтпады. Екі бірдей перзентінің жат жерде жау оғына ұшқаны Ілияс
атаның арқасына аяздай батты. Балаларының әр қылығы, өсіп-жетілгені көз
алдында. Маңдайы жарқыраған Әмірбектің қыршыннан қиылғанын ойлағанда, санасы
сансырайды.
Жұртшылық Жеңістің 10 жылдығын тойлады. Бейбіт
өмірдің бесігі тербеліп, жаңа буын өсіп жетіліп жатты. Сол кезде жас ортасынан
асқан Ілияс ата өзін аямай сынаған тағдырына қапа болып отыруды жөн көрмеді.
Алыс-жақын ағайын да отбасын құруға, Әмірбек пен Жылқыбектің ізін басатын ұрпақ
тәрбиелеуге ақыл қосты. Расында, Ілияс ата мен Дәме әже Айберген әулетінің
мерейін үстем еткен, соғыста ерлікпен қаза тапқан қос ағаларының орнын басқан
ұрпақ өсірді.
Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында Эренбургтің
«Қазақтар» очеркінің қазақша нұсқасы «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен
Қазақстан») жарияланады. Бұл қос боздағынан айрылып, көңілі қоңылтақсыған әке
үшін өлгені тіріліп, өшкені жанғандай жаңалық болыпты. Ауыл-аймаққа қадірлі
болған Әмірбегінің атын оқып, көңілі көлдей тасыпты. Баласының есімі жазылып,
ерлігі суреттелген газет бас жағында тұрады екен. Ілияс ата Шамқожа, Байқожа,
Бақытжан, Қалдан, Ерболат, Айкүміс атты балаларының қызығын көріп, сексен жасқа
таяған шағында дүниеден өткен.
– Бізді өзіміз көзін көрмеген Әмірбек
ағамыздың үлгісімен тәрбиеледі. «Батырдың інілері оқуда озат, еңбекте алда
болуы керек» деген сөз үнемі алдымыздан шығатын. Сондықтан ата-анамыз бен
майданда шейіт кеткен ағаларымыздың атына кір келтірмейік деп талпындық, –
дейді білікті хирург Бақытжан Ілиясұлы.
Бұл менің бала кезімде естіген әңгімелерден
есімде қалғандары. Біздің буын Ілияс атаны көрген жоқпыз. Дәме әжеміз ағайынға
сыйлы, үлкен-кішіге ақ батасын жаудырып жүретін кісі еді. Ата-әжеміздің ұрпақтары
өмірден өз орындарын тапты. Өкініштісі, Қалдан ағаның өмірден ерте кеткені
бауырларына да, ағайынға да ауыр соққы болды. Бірақ орнында бар болған соң,
бәрі де оңалады емес пе?
Жеңістің мерейлі мерекесі жақындағанда
«Қазақтар» мақаласын тағы бір қарап шықтым. Арада қанша жыл өтсе де, ерлік
даңқының өшпейтінін осы оқиға дәлелдеп тұрғандай.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.