Қазіргі таңда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай көптген іс-шаралар қолға алынып жатқаны белгілі. Соның бір бағыты соғыста қаза тапқан жауынгерлердің қайтыс болған жерлерін анықтау және хабарсыз кеткендердің қандай да бір деректерін табу болса керек.
Мен Қармақшы ауданы, бұрынғы «Жаңақала», қазіргі Т.Көмекбаев ауылының тумасымын. Сондықтан, ғаламтор арқылы «Қармақшы таңы» газетінде соғыста қаза тапқан және хабарсыз кеткен қармақшылықтардың тізімін көріп қалған соң, ресейлік Мемориал сайты арқылы «олардың бәрі болмаса да, кейбірінің деректері табылып қалар ма екен?» деген оймен іздестіріп көрген болатынмын. Сонда байқағаным, кезінде құжаттардың дұрыс толтырылмауы немесе хабарламалардың жіберілмеуі мен салғырттықтың салдарынан әлі күнге "хабарсыз керткендер" тізімінде жүрген жауынгерлер аз емес екен. Ендігі жерде оларды «хабарсыз кеткендер» деуге болмайды.Өйткені...
Мысалы, "хабарсыз кеткендердің" тізімінде тұрғандардың бірі
- Сүлеймен Бұғаев. Ол
менің досым Өтеп Сүлейменовтің атасы. Сондықтан да , сайт арқылы оны іздестіріп көргім келді. Мүмкін хабарсыз кетпеген шығар? Солай болып шықты да.
С.Бұғаевтің "хабарсыз кеткендер" тізіміне еніп кетуіне 1950 жылғы 3 наурызда Қармақшы әскери комиссариаты толтырған бір құжат негіз болғанға ұқсайды. Бұл құжат Сүлейменнің әкесі Жөнелбаев Бұғай мен баласы Сәуидің іздеу салуына байланысты толтырылған. Бірақ, сол құжаттың өзінде Сүлеймен Бұғаевтің соғыста қаза тапқаны туралы ол қызметін өтеген әскери бөлімшеден хабар келгенін, бірақ, қай жерде екені мен қайда жерленгені нақты анықталмағаны туралы жазылыпты. Нақтылық болмағандықтан, аудандық әскери комиссар оны "считать без вести пропавшим" деген ұйғарым жасай салған. Егер сол кезде әлгі комиссар әскери бөлімшеге қайта хабарласқан болса, С.Бұғаев туралы нақты мәліметке қол жеткізуі анық еді. Мұны адам тағдырына салғырт қараушылық демеске бола ма? Ал, шын мәнінде С.Бұғаев 1945 жылы Эисау деген жерде 9 наурызда қаза тапқан екен. Біз әрине, орысша солай жазылғандықтан Эисауды солай іздедік. Ал, С.Бұғаевтың қаза тапқаны туралы толтырылған тізімдегі басқа да жауынгерлердің жерленген деревняларын да іздестіруге тура келді. Олардың бірі Белоруссияда, енді бірі Польшаның территориясында болып шықты.Сондықтан, ресейлік іздестіруші Хатира Мансурқызы Марданшинаның көмегіне жүгіндік. Оның Польшадағы әріптесі пан Войтек арқылы ғана өзіміз Эисау деп жүрген деревняны анықтау мүмкіндігі туды.Сөйтсек, Эисау деп оқығанымыз немістер "Exau" деп атап кеткен поляктың Кчево деген деревнясы екен. Пан Войтек бізге қайтарған жауабында "С.Бұғаевтың алғашында осы деревняға жерленін, бірақ, кейін мұндағы жауынгерлер сүйектерінің Кчево деревнясынан 5 шақырым жердегі Жуково қаласындағы қорымға жеткізілгенін айтады. Бұл қорымда 4011 кеңес жауынгерінің сүйегі жерленіпті, ал, соның қазірге дейін 425-інің ғана нақты аты-жөндері анықталған. "Сүлеймен Бұғаев осы қорымға "анықталмаған жауынгер" ретінде жерленуі мүмкін " дейді пан Войтек. Қалай болғанда да, ендігі жерде гвардия сержанты Сүлеймен Бұғаевты "хабарсыз кеткен" дегеніміз оның рухына қиянат болмақ.
Сондай-ақ, С.Бұғаевтың 1944 жылғы 8 қазанда Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталғаны туралы да дерек бар. Демек, С.Бұғаев соғыста хабарсыз кетпеген, есесіне ерен ерлігімен танылған нағыз ер жауынгер болған.
"Хабарсыз кеткендердің " тізіміндегі
"Ботабаев Раманша" біздің ағамыз, марқұм Иманша Ботабаевтың соғыстан оралмаған бауыры. Бірақ, оны бұдан кейін оны хабарсыз кеткендер тізімінен шығарып, қаза тапқандар тізіміне енгізген жөн.Неге? Өйткені, Мемориал сайтындағы деректер Ботабаев Раманшаның соғыста қаза тапқанын айғақтайды.Бірақ, сайтағы оның аты-жөні "Божабаев Романша" деп қате жазылғанын да айта кеткен жөн. Оның 1922 жылғы, запастағы 48 атқыштар полкінің қатардағы жауынгері, соғысқа дейін Микоян колхозында, №12 ауылда тұрғаны көрсетілген.Өкінішке орай, "Погиб" деген сөз жазылса да, қай жерде және қашан қаза тапқаны туралы нақты мәлімет берілмеген. Тізімде оның аты-жөні "258" реттік нөмірмен берілген, "262" болып жазылған жауынгер туралы басқа бір құжатта оның 1943 жылы Нева жағалауында қаза тапқаны жөнінде дерек бар болып шықты. 48-атқыштар полкі Ленинград маңындағы соғысқа тартылғанын ескерсек, Ботабаев Раманшаны да 1943 жылы Нева жағалауында қаза тапты деуге болады. Яғни, оны да хабарсыз кеткендер тізімінен алып, қаза тапқандар тізіміне қосқан жөн болмақ.
Ендігі сөз "хабарсыз кеткендер" тізіміндегі ағайынды
Қуантай және Жирен Жаппаровтар туралы. Мемориал сайтынан олар жөнінде де нақтылы мәліметтер табылды. Алдымен Қуантай туралы айтсақ.1943 жылғы 12 тамыздағы Брянс майданына қарасты 63 --армияның 41-атқыштар дивизиясының 244 -полкі бойынша берілген43- Бұйрықта Джаббаров Қуантайдың "Ерлігі үшін" медалімен марапатталғаны көрсетілген. Оның 1910 жылы туғаны, Қармақшыдан әскерге шақырылғаны да анық жазулы тұр. Бірақ, өкінішке орай, ол туралы өзге ешқандай мәлімет табылмады. Не қаза тапқаны, не хабарсыз кеткені айтылмайды. Мұның себебін сайт мотедорлары "бәлкім, ол соғыстан аман-есен оралған болар" деп түсіндірді.
Ал,
Жирен Жаппаровқа топырақ Қалмақ даласындағы Холхут ауданынан бұйырыпты. Ол 1942 жылғы 20 қыркүйектегі кескілескен шайқас кезінде қаза тапқан. Құжаттағы есімі Жирен емес, Жорин деп жазылып кеткенімен, әкесінің, анасының есімдері арқылы оның Жирен Жаппаров екендігіне толық көз жетті деуге болады.Сондықтан, Қуантай және Жирен Жапаровтарды да ендігі жерде "хабарсыз кеткендер" тізіміне қосу орынды болмайды.
Соғыста қаза тауып, бірақ, әліге шейін «хабарсыз кеткендер» тізімінде жүрген жауынгерлердің бірі –Айдарбек Баймаханов.
Мемориал сайтында Айдарбек Баймаханов туралы мынандай мәліметтер берілген.
«Баймаханов Аидарбек, кр-ец, стрелок, б/п, 1906 г.рожд. Место рождения - Зап.Казахстан. Казыурданская область, Курмакчинский р-н, аул№10,Призван
- Курмакчинским РВК Зап.Казахстан, убит 15.11.1943г. Похоронен –Вологодского –Ямская слобода» деп және
Зәуре есімді анасының бар екені жазылған. Осы құжатта А.Баймахановтың қазасы туралы 1943 жылғы 17 қарашада №1272 хабарлама жіберілгені де көрсетілген. Ендеше, неге ол «хабарсыз кеткен» саналып келеді.Әрине, бұл жерде бар кілтипан –жауынгердің мекенжайының өрескел қате толтырылғандығында жатса керек. «Қара қағаз» да сол мекенжайға жіберіледі ғой. Ал, оның қалай жазулы тұрғанына зер салыңыз, сонда бәрі де түсінікті бола қалады. Вологодского-Ямская слобода деген қазіргі Санкт –Петербург қаласының территориясына қарайды екен. Сондықтан, егер Айдарбек Баймахановтың ұрпағы, туған –туыстары болса, осы қаланың басшылығына, әскери комиссариатына шығып, оның нақты қай жерде жерленгенін және т.б. мәліметтерді алуларына болады деп ойлаймын. Бірақ, бір нәрсе қазірдің өзінде анық, яғни, Айдарбек Баймаханов соғыста хабарсыз кетпеген, қаза тапқан. сол сияқты әлі күнге шейін нақты дерегі көрсетілмеген жауынгерлердің бірі –
Жұрымбаев Әбжан. "Қармақшы таңы "газетінде жарияланған соғыстан оралғандар, хабарсыз кеткендер мен қаза тапқан қармақшылықтар тізімінен Жұрымбаев Әбжан Алтынұлы туралы ешқандай да дерек кездестіре алмадым.
Бірақ, МЕМОРИАЛ сайтында Джурумбаев Абжан Алтуновичтің туған жері Қармақшы ауданының, №13 ауыл екендігі көрсетіліпті. Құжатқа қарағанда Әбжан Жұрымбаев Белоруссияның Минск облысы, Минск ауданының Вильнюс - Логойск шоссесінің қиылысқан тұсындағы қорымға жерленген. Сондықтан, соғыс уақытындағы №13 ауыл қазір қай елді мекенге қарайды, Әбжан Алтынұлы туралы білетіндер бар ма? Міне, бұл көп болып анықтайтын сұрақ.
Жарияланған тізімдегі «хабарсыз кеткен» жауынгердің бірі
Сарбалақов Аққұлақ. Ал, сайтта Сарбалаков Аклан есімді жауынгер туралы дерек бар.
«Сарбалаков Аклан__.__.1901 Кзыл-Ординская обл, Шалогодский р-н8 Арм. 500 мин. полк АРГК8 Арм. 500 мин. полк АРГК красноармеец убит18.04.1943 похоронен Ленинградская обл., Мгинский р-н, д. Вороново, восточнее, 270 м, отм. 57,2, севернее, 700 м». Міне, Мұндағы «Шалогодский»- дің қазірігі Жалағаш ауданы екені күмәнсіз. Сондай-ақ, құжатта оның әскерге шақырылған аудандық комиссариаты «Лошашимск РВК» делінген. «Логашим»да Жалағашқа келіп тұрған жоқ па? А.Сарбалаков құжаттағы жазуларға қарағанда сол аудандағы Қызыл ту колхозында, 13- ауылда тұрғанға ұқсайды.Меніңше, Аққұлақ және Аклан Сарбалақовтар – бір адам.
Балғараев Амантайдың есімі де хабарсыз кеткендер тізімінде тұр.Ол әскерге 1939 жылы шақырылған. Шамасы, шекара аймағында міндетін өтесе керек.Өйткені, Мемориалдағы мәлімет бойынша соғыстың алғашқы күні, яғни, 1941-дің 22 маусымында тұтқынға түскен. Сол жылы қазан айының 10-ы күні Деблин қаласындағы лагерьде қаза тапқан.
Сайттағы дерек «Балгараев Амантай, Казахская ССР, район Кармакчинский, Карахоткин 22.06.1941 шталаг 307 Погиб в плену солдат (рядовой) 13.10.1941г. город Деблин» деп тұр. Осындай деректен соң, А.Балғараевты қалайша «хабарсыз кеткен» дей аласыз?
Сөз соңында, Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өте игілікті істің қолға алынып жатқанын біліп, сүйсініп жатқанымызды да айрықша айтқым келеді. Жауынгерлерге қатысты деректерді барынша нақтылауға әркім өз мүмкіндігінше үлес қоса білсе, нұр үстіне нұр. Туған ауылдан алыстау жүрсек те, осы хабарды естіген соң, шамамыз жеткенше «хабарсыз кеткен» жауынгерлердің бірнешеуінің деректерін нақтылауға ұмтылған едік, нәтижесі жоғарыдағыдай. Ал, егер кімде -кімге соғыста хабарсыз кеткен немесе қаза тапқан аталары, әкелері туралы деректерді нақтылауға көмектесу қажеттігі туындаса, қолдан келгенше көмек көрсетуге әзірміз.Телефон: 8777 3024679
Абдолла ДАСТАНОВ.
Жезқазған аймақтық
«Мысты өңір» газетінің бас редакторы.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.