СӨЗГЕ САРАҢ, ОЙҒА КЕҢ

Әрбір адам ағалары мен інілері, дос-жолдастары және сыйластары үшін бір қызық. Әнуарбек Ботпанұлы былтыр осы уақытта 82 жасында дүниеден өткенде мен бір қызығымнан айрылғам. Еркін баратын бір үйім қысқарған. Өмір тек қуаныштардан тұрмайтыны белгілі, жаныңа ауыр тиген қайғы-мұңдарды да еске алып қосыла бөлісу. Шақырту күтпей-ақ дос-жолдастарыма, аға-жеңгелеріме арасын суытпай барып тұру менің ұстанымым. Үйінде бар-жоғын білу үшін Әнуарбек ағаға телефон шаламын да бара беретін едім. Әнуарбек ағаны іздейтін себебім, ол кісімен сұқбаттасқаннан ләззат алатынмын. Олай болатыны дүңгіршектерден күнара газет-жорналдар алып оқиды, оқығандарын ой елегінен өткізіп ойын қорытып, түйін түйіп мені күтіп отырады. Көркем әдебиетпен өмір бойы дос, жолдас. Қазақ әдебиетіндегі көрнекті ақын-жазушылардың шығармаларымен етене таныс. Барып тұратынымның тағы бір себебі, Әнуарбек ағаның жабырқаулы көңіліне демеу, жанының жыртығына жамау болғым да келетін. Өзінен он сегіз жыл бұрын құдай қосқан қосағы Жібектен айырылды. Жібек те үндеместің нағыз өзі еді. Ол кісінің де үй тірлігінен қолы қалт еткендегі сырласы кітап болатын.

Жарты жолда жарынан айырылу ауырлау болды деп жүргенімізде Алла тағала Әнекең мойнына тағы бір зіл батпан ауырлықты көлденең тартты. Ақындығымен, өзінің отты жырларымен әдеби қауымды, қатарластарындүр сілкінткен ұлы Әділ 1997-жылы жаздың бір күнінде үйден шығып кетіп қайтып оралмады. Із-түзсіз жоғалып, хабар-ошарсыз кеткен ақын ұлын – Әділді күтумен болды. Жүрсін Ерманның – «Тағдыр деген қағазы туалеттің, жыртылмайтын жерден бір жыртылады», дегеніндей қайғы мен қасіретті ешкім тілеп алмайды, еркіңнен тыс келеді. Осындай ауыр жағдайда қалай, не деп көңіл білдіреріңді де білмей сарсыласың. Іштей тындық. Үйі-жайы, ошағы бөлек біздер ұмыта бастадық, ал Әнекең ұмыта алмады. Әділді әңгіме етсек, «Келеді, ол тірі» деумен болды. 2010-жылы наурыз айында «Халық» газетінде «Әділ ақын, ақынның әкесі – Әнуарбек Ботпанов» деген эссем басылды. Осыны оқыған Әнуар аға: «Мені қойма меңгерушісі болып, мемлекет мүлкін таратып,мырзасынған, - деп жүрер, сен соны бірді-екілі малымды бағып, ұқсатып беретін еді» деп өзгертші деп жалынатын. Оған мен: «Ақиқаттан айнымаймын» деп әзілге бұратынмын, ой өмір-ай!

Әнуарбек аға төрт ұл мен бір қыздан он бес шақты немере, жеті шөбере көрді. Әнекеңнің қайғысының орнын басқан жұбаныштары Әділдің артында қалған Меруерт пен Ақназар.Күрескер ақын Темірхан Медетбек «Алтын көпірлер» деп атаған Маралтай Райымбек, Бауыржан Бабажанұлы, Нұржан Қуантайұлы, Жарас Сәрсек, жақында марқұм болған Әмірхан Балқыбек ақындар Әділді өмір бақи іздеумен, сағынумен, аңсаумен болды. Оған жыр арнап, әссе жазып, кезінде Әділ өзі шығара алмай кеткен өлең кітабын «Өмірзая» деген атпен шығарып, кітаптың тұсаукесерін Қызылордада, Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының үйінде өткізді. Сол шараларға Әнекеңмен, Әділдің қызы Меруертпен, ұлы Ақназармен мен де қатыстым, шығып сөйлеп пікір және ризалық сезімімді жеткіздім. Сол сапарларда Меруерт пен Ақназардың атасына өз әкесіне еркелегендей еркелеп, аймалап барлық қадамдарын ойласып, кеңесіп, айтқанынан шықпай қатты құрметтейтінін аңғардым. Қадыр Мырза Әлидің «..Атасының қасында жүрген бала, Мән бермейді әкенің бар жоғына», деген өлең жолдары есіме еріксіз түскен-ді. Меруерт – Алматыда Мемлекеттік қыздар университетінде, екінші курста, Ақназар – Қызылорда Мемлекеттік университетінің үшінші курсында оқып жүр. Әділдің жары – Гүлсім ұстаз, Әнекең шаңырағына иелік етіп Әділдің ұрпақтарын мәпелеп, өнегелі тәрбие беріп жеткізіп келеді. Осыны көріп отырған ел-жұрт, ағайын-туыстар дән риза. Әнекеңнің үлкен ұлы – Данабек Ақтөбе қаласында теміржол мекемесінде шебер, келін Малика – балбақшада тәрбиеші. Екінші ұл – Аян мен келін Гүлжанның жеке меншік орта шаруасы бар, кенже ұл Айбат – жүргізуші, келін Мария қалалық әлеуметтік салада бас есепші.

Әнуарбек ағаның өз қатарластарынан ерекшелігі ата-баба мұрасынан алғаны да бар, бергені де одан кем емес, атасы қазаққа тән кең қолтықтық, мейірбандық қасиеттерімен шоқтығы биік болатын. Ас-тойларда бата жасауды сол кісіден сұраса екен деп отыратынбыз. Кейбір қариямын деп жүргендерге ұқсап: «Не айтам, не айтам» деп жұрттың уақытын алып, мыжып тұрмайды. Орысша араластырып қойыртпақтамай тілі анық ой-тұжырымы кесек өтіп жатқан шараның тақырыбынан ауытқымай батасын беріп, қатысушыларды тәнті ететін. Осындай қасиеттер ол кісінің қартайған щағында ақыл-ойын тұнық ұстап, шүкіршілікті серік еткен нағыз қарияға тән болмысынан, қанағатшыл қалпынан ғой деп ой түйемін. Әнекең сөзге сараң, ойға кең. Әнуарбек ағаның болмысы үлкенге де, кішіге де өнеге. Балалары қарым-қабілетіне, білім-біліктіліктеріне сай нарықтың аумалы-төкпелі қиындықтарына дес бермей өз тірліктерімен жүріп жатыр.

Ұрпақтары Әнуарбек ағаның жылдық асы берілер қарсаңында әкеге (әкесін аға дейтін) деген жүрек толқытар сағыныштарын өлең жолдарымен білдіріпті. Өлең төрт шумақтан тұрады, соның бір шумағын келтірейін: «..Сыздайды жүрек сағынып кейде: «Ағасын жиі еске алсын!», дей ме?Ілулі үйде өзіңнен қалған, Иісің сіңген қоңырқай жейде...» Осы шағынөлең жолдарынан отбасылық үйлесім, жанұялық жылу сезіледі. Әнекең киген қоңырқай жейденің иісін дәтке қуат еткен ұрпақтары бар марқұмның артының кеніш боларының басы шығар, Алла Әнуарбек ағаның алдын пейіш еткей. Бұрынғы жазғанымда «Үйге Әнекең кіріп келгенде, «ақынның әкесі ғой» десем, сол бөлме сәулеленіп жүре береді» деген едім. Артында қалған ұрпақтарына Алла сәулелі ғұмыр сыйлағай!

Сәпен АҢСАТОВ,

еңбек ардагері.

ТАҒЫЛЫМ 14 ақпан 2015 г. 1 520 0