Күнделікті
қарбалас тірліктен сәл сергіп, оймен барласаңыз, адам өмірі кезең-кезеңге
бөлінерін аңғарар едіңіз. Шындығында мұның еш құпиясы да жоқ, Жаратушының қалауы
осылай болса ше?! Жыл мезгілдерін алып қараңызшы, көктем, жаз, күз және қыс
деп ажыратылып тұрған жоқ па? Оның әр
мезгілінің өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті. Көктемде жер-дүние жаңарып, жайнап
сала берсе, жазғы шақта күн нұрын аямай төгіп, жылулық сыйлайды. Жеміс-жидектер
уылжып піседі. Малдың төлі аяқтанады. Күз болса да егін-тегіннің ел нәпақасына
айналар мерзімі. Қыс табиғат-ананы ақ көрпеге орап, тыныштандырады. Адам өмірі
де солай болуы тиіс, алайда, сол төрт мезгілді түгелдей көру пенденің маңдайына
бұйыра ма, жоқ па, реті қалай келеді, оның ыңғайы бір құдіреттің иелігінде.
Сейітхан қария да өз өмірін өзінше бірнеше кезеңге бөліп қарайды екен,
әңгімесінің ажары осы ойға бас тіретті.
– Азамат
ретінде қалыптасқан кезім, толысқан шағым елге қызмет етуге арналды деп
ойлаймын. Орда бұзар – отыз жасымнан аудандық білім бөлімінің инспекторы,
орталау мектептің директоры, ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін атқардым. Бұл
жергілікті жердегі әжептәуір абыройы бар, ел бетіне қарар өзіне лайық құзыреті
бар қызметтер. Соңғы сайланбалы қызметімді 1971 жылдан зейнеткерлікке шыққан
1986 жылға дейін үздіксіз атқардым. Орден, медаль тағынбасам да мақтау,
марапаттан кенде бола қойған жоқпын. Ол кездері ауылдың бар билігі шаруашылық
басшыларына беріліп, құзыреті де үлкен болатын. Ауылдық кеңестің төрағасы
негізінен ауыл тұрғындарының ауызбірлігі, әр отбасының ынтымақты өмір сүруі
секілді мәселелермен қатар әлеуметтік жағдайларды реттеуі тиіс болатын.
Шаруашылыққа талай басшы келіп-кетті, бәрімен де сыйластықта болып, өз
міндетіміздің орындалуына нұқсан келтіре қойған жоқпыз, – деп сәл кідірген
қария, осыдан соң шамалы үнсіз қалды. Бұл кісі негізі сөзуар емес, біртоға,
өзін қарапайым ұстайтын жан.
Ойды ой
қозғайды емес пе, осы мақаланы жазып отырған газет тілшісінің ауыл тірлігіне
көзі қаныққан, шаруаның ортасында өскендігі бар. Сол кездегі араласқан ортасына
сай Жаңақорған ауданындағы өзгерістердің біразын көргені де есте. Өткен
ғасырдың 1985 жылдарының шамасы еді, аудан басшысы Далдабаевтың талабымен осы
Бірлік ауылында ауыл жастарына арналған стадион салынып, жабдықталды. Оның
маңында киініп-шешінетін, жуынатын орындары бар баспаналар да тұрғызылды.
Стадионның айналасына саялы ағаштар орнатылды. Кеңестік кезде тәжірибе алмасу деген
семинарлар жиі өткізіліп тұратын-ды.
Сол бағытқа сай, осы ауылдағы салауаттылық орнын келіп көргеніміз бар.
Бір ғажабы –ауылдың кіреберісінен бері жолдың екі қапталына дейін саялы ағаштар
отырғызылған екен. Міне, сол қыруар шаруаның бел ортасында кеңшар директоры
мен бірге сол кездегі ауылдық кеңестің төрағасы Сейітхан Байдүйсеновтің
жүргені, хабарламалар жасағаны санамызға келе қалды. Ел Тәуелсіздігінен бері
Ақүйік ауылдық округі аталынған әкімшілік бөліністегі аумақтың кіреберіс
жолындағы қара ағаштардың орналасуында ардагердің қолтаңбасы жатыр емес
пе?! Кейіннен әлгі баспаналарға әркімдер ие болып, жекешелер алып кеткенімен
сол кезде атқарылған іс ауылдың егде тұрғындарының әлі есінде.
Ауылға тау бөктеріне келетін
өзен суы екі арнаға бөлініп, елді мекенді орай өтеді. Оларды тазалап тұрмаса,
бітеліп қалатыны, қадағаламаса, су жүрмей қалатыны бар. Сол су жолдарын
тазалату, екі арнаны ауыл сыртындағы қазан шұқырға тоғыстырып, артық судың бір
жерде құйылуын да бақылау өте қажет еді. Нәтижесінде ауыл сыртындағы шұқыр суға
толып, малдың су ішуіне, айналасының көк шалғынға оралуына мүмкіндік туды. Оны
жүзеге асыруға мұрындық болған біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ұлы Отан соғысының
ардагері, Бірлік ауылының тұрғыны Сейітхан Байдүйсенов. Ақсақал тоқсан жасқа
келіп отырса да әлі ширақ, қарап отыра алмайды, үйге қажетті шаруаларды
ерінбей атқарып, тіршілігін жасаудан тартынбайды. Бұл қысқа өмірдегі пенденің
жақсы қасиеттерінің бірі болар-ау.
– Көктемгі
құрақтай бұлаңдаған кезім Ақүйік өзенінің бойында өтті. Туылған жерім сол
өзеннің бойындағы Самата әулиенің басы болатын-ды. Орта мектепті бітірісімен
Түркістандағы мұғалімдер дайындайтын педагогикалық училищеге түстім, – дейді
Секең.
Иә, ол аталмыш
оқу орнының үшінші курсында оқып жүргенінде әскер қатарына алынды. Бұл 1943
жылдың көктемі еді. Наурыз айының 24-і күні құрдастарымен Отан қорғауға
аттанған ол әуелі Ақмола қаласының маңындағы курсқа қалдырылды. Бұл
барлаушылар дайындайтын орталық екен. Онда 4 ай бойы дайындықтан өткен
қатардағы жауынгер Байдүйсенов Сейітхан
майданға Украинаның Житомир қаласы маңында араласты. Қиян-кескі соғыс
жүрген осы майданның №271 дивизиясының командирі генерал Батутин болатын.
Батыл да соғыс тактикасын жете меңгерген қолбасшының бірі саналатындығын
кейінгі тарих зерттеушілері лайықты бағалаған адам. Киевті азат ету барысында
шешуші шабуылдардың басында болды. Амал не, батыр да бір оқтық, Украина
астанасын азат етудің соңғы күні ерлікпен ажал құшты қайран ер. Батыл командирді
жерлеу рәсіміндегі қарауылдар сапында біздің бүгінгі кейіпкеріміз де болған
еді. Бұл жауынгерге артылатын үлкен сенімнің белгісі десек, артық айтқандық
емес. Өйткені, жауынгер Байдүйсенов барлаушы ретінде сынақтан өтіп, жау
шебінен тіл әкелуде шеберлігімен танылған-ды. Қаратау бөктерінде өскен ұлан
жаратылысынан әбжіл де зерек еді. Оның үстіне барлаушылар дайындайтын курсты
жақсы оқып, бұл істің де қыр-сырына төселгендігі қосымша күш болатын.
– Бірде, –
дейді қарт барлаушы – Богданов деген сержантпен бірге барлауға аттандық.
Тапсырма – жаудың орналасу жағдайын карта бойынша тағы бір пысықтау және тіл
әкелу. Сержант ірі денелі жігіт еді, сондықтан елгезектеу мен алда жүремін де,
ол арт жағымнан қорғап отырады. Жер бауырлап жау окобының жанына келген соң,
ол маған ішке түсіп, жағдайды білуді тапсырды. Байқасам, екі неміс солдаты
ұйықтап кетіпті. Бірі байланысшы секілді. Дереу серігіме жағдайды айттым. Ол
ымдап, біреуін сол жерде қылжитамыз да, екіншісін алып кетеміз деген белгі
берді. Солай еттік те, әкелген «тіліміз» көп мәлімет беріпті. Оны кейін
естідік. Тағы бірде жау шолушыларымен ұшырасып қалып, олардың да бірінің көзін
жойып екіншісін тірідей қолға түсірдік.
Бұ жолғы серігім де қарулы жігіт еді, Аралдың тумасы болатын, арада көп жыл
өтті ғой, есімін ұмыттым, сол екеуміз әлгі немісті қол-аяғын шандып, үнін
шығармастан сүйреген күйі штабқа жеткіздік. Командирлер алғыс жариялады.
Осындай сәттер жиі болып тұратын. Әйтеуір, Құдай сақтап аман келіп жүрдік, –
дейді ол соғыс жылдарындағы қияметті күндерді еске алып. Иә, "Көзе мың күнде
сынбайды, бір күнде сынады” деген бар емес пе, барлаушымыз Харьков маңындағы
бір алапат шайқаста жарақат алды. Одан кейінгі жағдай белгілі, госпитальға жөнелтілді.
Майдан даласындағы емдеу шаралары жарақаты ауыр болғандықтан пайда бермей, Саратов қаласындағы
госпитальға жол тартты. Талай қатар жүрген азаматтарының шейіт болғандығын
көріп, кектенген қазақ жауынгері қанша
талаптанғанымен соғысқа қайта араласа алмады. Өйткені бір аяғы тіреуге
келмей, сүйретіліп қалған еді.
Елге келіп,
баяғы аяқсыз қалған оқуын тәмамдады, дипломды да алды. Колхоз жұмысына да араласты.
Мектепте ұстаздық етті, қызметі жоғарылап, аудандық білім бөлімінде де
жауапты қызмет атқарды. Ауылдағы 7 жылдық мектептің директоры қызметін де
атқарды. Қаншама шәкіртті қанаттандырып ұшырды деңіз. Мұның өзі де өмірдің
бір қызықты сәттері, бір белес.
Пенде шіркін
бір терінің ішінде нешеме жағдайға тап болады емес пе, мұны қазақ тәңірдің
жазуы деп атайды. Сол маңдайдағы жазумен ауылдық кеңестің төрағалығынан
зейнеткерлікке шыққан Сейітхан ағамыз кешегі Кеңестік жүйенің ыдырап, жаппай
жекешелену кезеңінің қиыншылықтарын да көрді. Осы кезде жеке шаруа қожалығын
құрған ол баяғы атақонысы орын тепкен өзен бойына диірмен орнатты. Әке көрген
оқ жонады демекші өз әкесі – Байдүйсен ескіше ілімі бар, сонымен қоса ұсталығы
бар кісі еді. Сол кісіден көргені бар, бала кезінде әкесінің диірменінде жұмыс
жасағаны бар, бәрі кәдеге жарап, замана жағдайына сай, бидайды ұнға тартып,
бірліктіктердің сауабын алды. Өйткені, сол тоқырау жылдары ұн өте тапшы,
көпшілікке жетпейтін еді ғой. Сол қысылтаяң кезде қарт майдангер, кешегі ауыл
басшысының адал бейнеті жерлестеріне талғажау болды. Мұны қазір ауыл әкімі
қызметін атқарып жүрген Әскер Мұсаев айтып отыр. «Самата» шаруа қожалығын құрып,
отарға таяу қой өсіріп, отыз- қырық ірі қараны да баптап өсірген ардагер өз
жолын балаларына беріп, бұл күндері бас-көз болып отыр. Өмірлік қосағы
Бибізейнеп кезінде сауыншылықтан оза шауып, аудандық кеңестің депутаты болған
еңбеккер ана. Әлі күнге мал қыстауы басындағы Нұрғали есімді ұлына бағдар
беріп, қол ұшын созудан қалған емес. Осы бағыттағы тындырымды шаруаларды Секеңнің
бір өмір кезеңі деп қойсақ, жарасатын секілді.
Жұбайы екеуі
төрт қыз, төрт ұлды мәпелеп өсірді. Бәрі де өз түтіндерін түтетіп, ұрпақ сабақтастығын
жалғастырып келеді. Көп ойын түйген кешегі әбжіл барлаушы, білікті ұстаз,
іскер ұйымдастырушы, нарықтық қатынастың алғашқы кезеңінде тығырықтан жол таба
білген шаруа адам бәріне де шүкіршілік дейді.
Иә, халқымыздың
"Көпті көрген қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең” дегені осы болса керек.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған
ауданы,
Бірлік ауылы.