ЕРЛІГІ ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

Соңындағы ұрпағына  ғибратты ісі қалған Әлімхан Науанов – кешегі сұрапыл соғысты жеңіспен аяқтап, Чехославакия жерінде 1946 жылға дейін әскери қызметін мінсіз атқарған майдангердің бірі. Алайда, ұрыс даласында ерлігімен көзге түсіп, бірнеше орден-медальдармен марапатталған, еліне есен жетіп, халық шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен осынау абзал адамды еске түсіріп отырар бір белгінің болмауы көңілге кірбің ұялатады. 
 
БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ!
 
Біз соғысты көрген жоқпыз! Белгілі қазақ жазушысының шығармасы осылай басталар еді. Иә, біз соғысты көрген жоқпыз. Ел басына күн туып, ер азамат етігімен су кешкен кезеңде қандастарымыздың Отанын қорғауға ерекше үлес қосқанын тарих баян етті бізге.
Ұлы Отан соғысы тарихынан сыр шертетін қаншама шығарма жазылды, кино түсірілді. Сұм соғыс салған қа­сіретті осы шығармалардан ғана білдік. Алайда, шын­дықтың шетіне жеткен ешкім жоқ. 1418 күнге созылған соғыстың біз естіген және естімеген қырлары мен сырлары әлі де көп екені даусыз.
Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың аяқтал­ғанына 70 жыл толғалы отыр. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбынын, Жеңісті жақындатқан тылдағы  жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қала береді.
 
ҰМЫТЫЛМАЙТЫН
ҰЛЫ ЖЕҢІС

 
Биылғы жыл Жеңістің 70 жылдығы және ТМД елдерінде Ардагерлер жылы болып жарияланды. Ұзаған жылдың мәресінде Ел Президентінің бастамасымен Қазақстанда ТМД мемлекеттері арасында алғаш болып ардагерлерімізге жыл бойы құрмет көрсету акциясы басталды.
Көп ұлттан тұратын КСРО атты алып мемлекеттегі бейбітсүйгіш жұрттың жарқын болашағы жолында қаншама миллиондаған жан ұрыс даласында мерт болды. Жалпы, 1939 жылдың  дерегі бойынша, біздің республикамызда 6,2 миллион адам тұрып  жатқан. Ал, соғыс жылдары әрбір бесінші қазақстандық майданға сұранып, Отан қорғауға атсалысыпты. Байтақ елімізді қаскөй жаудан қорғауға Қазақстаннан барлығы 1 миллион 366 мың адам майдан даласына аттанған! Осы ұрыс даласындағы қасап қырғында майдангерлеріміздің 410 мыңнан астамы опат болды.
Сол сындарлы шақта жерлестеріміз ерлік пен елдіктің үлгісін танытып, туған елін жаудан қорғап, Отан алдындағы парыздарын адал атқарды. Олардың майдан даласында ерлікпен шайқасқанын мына жауынгерлік марапаттардан-ақ аңғаруға болар еді. Жасаған айрықша ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медаль-ордендермен мара­патталса, 500 адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден  астам адам Даңқ орденінің толық иегері атанған.
 Біздің өңірден елін жаудан қорғауға 70 мыңнан астам азамат аттанып, олардың 22-сі ең жоғары награда – Кеңестер Одағының батыры атағын алды. Осылайша, Сыр елінің перзенттері де Ұлы Отан соғысында ерліктің үлгісін көрсетіп, жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты. Өкініштісі, олардың 30 мыңы ұрыс даласынан қайтқан жоқ. Ал, өзгелері туған жерге оралып, бейбіт заманда елдің, аймақтың дамуы жолында аянбай еңбек етті, ұрпақ тәрбиеледі. Тіпті сүйегі асыл сол майдангерлеріміз тәуелсіз жас еліміздің іргетасын қалауға да атсалысты.
Өткенге көз жүгіртпей, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Ұрыс даласында ерлікпен шайқасып лайықты бағасын алғандар да бар. Кезінде аты аталмай қалса да қазір санамызға қайта оралып, жатқан тұлғалар да аз емес. Мысалға, 1920 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келіп, 1939 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылған жауынгер Әлімхан Науановты алайық. Ол соғыс өрті тұтанған алғашқы кезеңде-ақ тобымен жауға еріксіз тұтқын болып, ғұмырының 2 жылын концлагерьде өткізген сирек тағдырлы жанның бірі. 
Бір қызығы, партизан командирі Д.Медведевтің бас­қаруындағы отрядта болған жерлесіміз жайлы, аны­ғырағы, осы жанкешті партизандардың 3 жылға жуық ор­ман ішінде жосыған қанды жорығы туралы әйгілі пар­тизан жазушысы екі кітап жазды. Сол кітаптың бас кейіп­керлерінің бірі Отан соғысы жылдарында ерлігі үшін бірнеше дүркін марапатқа ие болған Сыр елінің перзенті Әлімхан Науанов еді...
 
ПАРТИЗАН
ӘЛІМХАН НАУАНОВ

 
Соғыс өрті бұрқ ете түскенде тағдыр теперіші мен кісәпір заманның талай қиындығын көрген халық сұмдық хабарды төбесінен жай түскендей қабылдағаны даусыз. Ал ойламаған жерден түн ортасында шекараны бұза-жара кірген дұшпанның жойқын шабуылы мұндағы жауынгер-офицерлерді тіпті есеңгіртіп тастады. Кейіпкеріміз бұл кезде кеңестік алып мемлекеттің солтүстік батысында, Балтық жағалауы өңірінде әскери борышын өтеп жүрген-ді. Ашығын айтқанда шабуылды бірінші болып қарсы алған Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен шекарашылар еді. Олардың қатарында ондаған мың қазақстандық болды. Деректерге жүгінсек, Белоруссиядағы атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен. Шілде айында олардың көпшілігі әскер қатарынан босап, елге қайтулары керек еді. Бірақ фашистердің шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозға­лысына қосылады.
Осыған ұқсас жағдай Латвия жерінде әскери борышын өтеп жүрген Ә.Науановтың да басынан өтті. Соғыс басталған алғашқы кезеңде-ақ Балтық жағалауы армиясы қоршауға түседі. Дайындығы мол, күші басым жау ә де­геннен армияны қоршап, қызыл әскерлерді тұтқынға алды. Еріксіз тұтқын болғандардың қатарында біздің кейіпкеріміз де болды.
Енді, сәл шегініс жасайық. 1937 жылы 17-дегі жас жігіт Кеңес сауда техникумына оқып жүрген болатын. Екі жыл студент болған бозбала дауыл алдындағы тыныштық орнаған тұста әскер қатарына шақырылады. Сол 1939 жылы анасы Қаршыға мен ағайын туыстары көз жастарын сығып жүріп, алыс жолға әзірлей бастағанда қалың жұртқа сыйлы әкесі Нияз есік алдына шығып, қызарып батып бара жатқан күнге қарап ұлының үлкені Әлімханға: «Қайда жүрсең де аман бол, құлыным!» деп батасын берді. Батагөй қарттың тілегі қабыл болып, перзенті дұшпанның қаңғыған оғынан дін аман оралды. Мұнан кейін қазақтың «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген мәтелін данышпандық демей көр.
Мұндағылар Әлімханды әуелі бір жыл соғыс өнеріне үйретті. Соғыс басталар алдында бұларды Литваның Ливка атты шағын қалашығына әкелген-ді. Жиырмаға толмаған жауынгердің маңдайына Фин қолтығындағы ұрысты көру жазылыпты. Ал, нағыз шайқас әлі алда болатын.
Балтық жағалауы армиясы тас-түйін дайындықпен келген жау әскеріне барынша төтеп беріп бақты. Күш тең емес еді. Қаншама қарсыласқанымен көптің аты көп. Кеңестік солдаттардың қару-жарағы да санаулы, азық-түлік те таусылған. Ақыры оқ таусылып, бұлар жау тұзағына тұтылды. Снаряд жарылған кездегі ауа толқынынан допша домалап, әлдебір үйіндіге түскен мұны неміс солдаты сүйрелеп әкеп көп тұтқынның ішіне қосқан. Бұларды Украинаның Ровен облысының қалың орманына айдап әкелді. Әуелі казарма салдырды. Лагерь іргесінде ағаш өңдейтін алып зауыт кереге жайды, жол салынды. Қарағай мен қайың, шырша аралас орманнан ағаш шапты. Фашистер сүргіленген тақтайды Еуропаға тасып жатты. Тұтқынды адам екен демеді, итше тепкілеп, жұмыстың ауырына салды. Осылайша, лагерьдің «дәмін» екі мыңға жуық кеңес солдаты екі жылға жуық татты.
Бірде казарма төрінде ең сенімді жігіттер жиналып, Д.Медведев  деген жігіт бас болып, тұтқыннан қашу жос­парын жасайды. Жау тылындағы партизандардан кезекті хабарды алысымен, жанын қарауылға тіккен көп тұтқын лагерьден қашып шықты. Қашқындардың көбі қырылып, санаулы жан ғана Украинаның қалың орманындағы партизандар отрядына қосылды. Төтеннен тап беріп, дұшпанның зәресін алған партизандар қатарында 3 жыл болған жерлесіміздің Қызыл әскерге қосылғаннан кейінгі тағдыры туралы партизан командирі Д.Медведев кейіннен «Жеңімпаздар» атты кітабында: «1944 жылдың 10 қаңтары мен 1 қазаны аралығында жауынгер Науанов Әлімхан үнемі менің оң жағымда болып, жаныма желеу болды. Оққағарлық қасиеті бар, екі мәрте туралап келген ажалдан жанымды алып қалды», – деп жазды.
1944 жылға дейін жау тылындағы соғысты жүргізген партизандар осы жылдың қаңтарында К.Рокоссовскийдің сарбаздарына қосылып, алдымен І Украин майданында, кейін ІІ Беларусь майданындағы ұрыс қимылдарына қатысады. Орудие командирі Ә.Науановқа Украинаның Рыбник, Ротор қалаларын жаудан босату кезінде көрсеткен ерекше қимылы үшін көсем И.Сталин айрықша алғысын жолдайды. 1945 жылдың наурыз айында берілген бұл «Көсемнің алғыс хатына» қолбасшы К.Рокоссовский қол қойған.
Жауынгер Ә.Науанов партизандық кезеңде де, онан кейінгі жыл жарым мерзім ішінде де жаумен болған ұрыстарда ерекше ерлік көрсетеді. Мәселен, Чехо­сло­вакияның астанасын азат ету кезінде көрсеткен ерлігі үшін командирі Покалчуктің қолынан ІІІ дәрежелі Даңқ орденін алған. Жеңісті Прага қаласында қарсы алған жауынгер мұнан өзге бірнеше медальдің иегері. 
 
БЕРЕКЕЛІ
БЕЙБІТ КҮНДЕР

 
Туған жерге кеш қайтатын жыл құсы болады. Сол жыл құсы секілді жауынгер елге кеш қайтты. Қорқыт бабамыздың жамбасы тиген қасиетті күрең топыраққа ол араға сегіз жыл салып барып оралды. Бұл 1946 жылдың көктемі еді. Еңбек жолын Мемлекеттік банктің Қармақшы аудандық бөлімшесінде аға инспекторлықтан бастайды. Әрине, Ұлы Отан соғысы жылдарында еріксіз жау тұтқыны болып, тағдыр тәлкегін тартқандар аз болған жоқ. Сондай жайт Ә.Науановтың да басынан өтті. Қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесінің қызметкерлері 10 жыл бойы тексеруге алсын. Мазасыз «үш әріптің» азапты тергеуін басынан өткізген жан ғана біледі. Кейіпкеріміздің тұтқыннан қашып шығып, партизан тобына қосылған кезде де осындай тергеуге түскені бар. Бейбіт күндегі тексерістің жөні бөлек болды. Тағдыр қамшысы аяусыз соққыласа да жігерлі жан жасыған жоқ. Әскери комиссарға, Ұлы Отан соғысы Бас мұрағатына, Украин партизан қозғалысының Бас штабына хат жолдады. Ақтың отын ақымақтың өшіре алмайтынына сенді. Қара таңбадан тек 1955 жылы ғана құтылды. Өйткені, кешегі жау тылында арпалысқан партизанның жауынгерлік ерлігін дәйектейтін құжаттар осы жылы ғана қолына тиген еді.
Ә.Науанов еңбек ете жүріп жоғары мектепте білімін ұштауды ойлайды. 1957 жылы Қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік университетінің экономика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1961 жылы үздік дипломмен тәмамдап шықты. Осыдан 2 жыл бұрын, Қармақшы ау­дандық партия комитетінде коммунистік партия қатарына қабылданды.
Бақ қонып, еңбегі жанайын десе, тез екен. Мемлекеттік банктің облыстық кеңсесінің бастығы бас инспектордың қарым-қабілетін бағалап, аталған банк бөлімшесінің бас­шысы қызметін өсіргенде оның елдегі ең ірі банк саласында 35 жыл бойы үздіксіз қызмет атқаратынын білмеген болар, бәлкім. 1946-1961 жылдар аралығында Қармақшы аудандық бөлімшесінде еңбек еткен Ә.Науанов кейінгі үш жылда Шиелі аудандық мемлекеттік банк бөлімшесінің бастығы, 1964-1980 жылдары Мемлекеттік банктің Қызылорда облыстық басқарма басшысының орынбасары, кейін басқарма бастығы қызметтерін абыроймен атқарды.
Иә, майдангер атамыз 1980 жылы зейнеткерлікке шық­қанша қаржы саласында қажырлылықпен тер төкті. Зейнеткерлікке шыққан соң да қол қусырып қарап отырмапты. Облыс басшыларының шақыруымен «Главриссовхоз­строй» құрылыс-өндіріс бірлестігі басшысының экономика жөніндегі орынбасары қызметін тағы 4 жыл атқарыпты. Ұзақ жылғы еңбек өтеусіз қалған жоқ. Әлімхан Науанов берекелі бейбіт күнде де КСРО Мемлекеттік банкісінің «Құрмет грамотасы», республикалық банктің «Құрмет грамотасы», «Еңбек ардагері» және «Еңбектегi ерлiгi үшін» медальдарымен марапатталған. Ол жауапты саладағы қызметін атқара жүріп облыстың қоғамдық-мәдени өміріне де белсене араласып, бірнеше мәрте аудандық, қалалық және облыстық кеңестерге депутат болып сайланды.
Атамыздың соңына ергені інісі, әулеттің бүгінгі үлкені Өмірзақ Көпірбаев Әлімхан Науановтың кісілік қасиеті мен азаматтық келбетіне қатысты ойларын өрнектегенде: «Қазақта әдемі қартаю деген ұғым бар. Ағам әдемі қарт­тықты басынан өткізіп, немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешті», – дегенді жеткізді. Ал, Ұлттық банк мемлекеттік мекемесі Қызылорда облыстық филиалы ар­дагерлер кеңесінің төрағасы Ниязбек Маханжанов біз білмейтін деректерді ортаға салды. Оның айтуынша, облыс орталығындағы және 7 аудан орталығындағы бүгінгі дейін елге қызмет етіп тұрған мемлекеттік банк ғимараттары өткен ғасырдың 60-70 жылдарында Ә.Науановтың тікелей басшылығымен салыныпты. «Әлекең облыстағы банк ғимараттарын салдыруға  Мәскеудегі КСРО мемлекеттік банкі төрағасының көзін жеткізіп, тиісті қаржыны бөлдіріп, салынып біткенше өзі басы-қасында жүріп еді. Мұны қаржы саласында еңбек ететін қызметкерлерден өзге былайғы жұрттың біле бермеуі мүмкін», – дейді қаржыгер ағамыз.
Өмірден түйгені мол Өмірзақ, Ниязбек және Нұрмұрат ағаларымыздың әңгімелерін тыңдап, майдангер қарттың өзінің естелік қолжазбасымен танысқаннан кейін екі соғыстың куәгері Әлімхан атамыздың әзиз бейнесі көз алдымда көпке дейін кетпей тұрып алды. Қарапайым ғана еңбек адамы кейінгі буынға қаншама игілікті іс мирас еткен десеңізші.
Иә, жүрегі Отан деп соққан майдангер, еңбек ардагері Әлімхан Науановтың ғұмырдерегі ғибратқа тұнып тұр. Ендігі жерде бүгінгі бақытты ұрпақ жеңісті жақындатқан, соғыстан кейінгі бейбіт заманда да туған еліне қалтқысыз еңбек еткен осындай асыл азаматарды еске алып, ерлікке тағзым етулері керек. Ең бастысы, ел басына күн туған қысылтаяң шақта туған елін басқыншы жаудан қорғап, бейбіт кезде Отанының өркендеуіне ерекше үлес қосқан ерге Қазақстан тарихы беттерінен лайықты орын болуы тиіс деген ой түйдік.
 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
ТАҒЫЛЫМ 27 қаңтар 2015 г. 2 550 0