ІҢКӘРЛІК ИІРІМДЕРІ

Аққан жұлдыздай жарқ етіп, жалт беретін баянсыз өмір-ай десеңізші! Байырғы жорналшы, апайтөс ақын,  сұңғыла сықақшы, ақжүрек азамат Жанұзақ Қожабергеновтың бақилық болғанына да қырық күн болып қалыпты.  Досымның қазасы жайлы суық хабар жеткен күні байыз таппай менің үрейлі кеудемнен қиқулап ұшқан  бозөкпе сезім жаралы жапалақтай күнделік бетіне құлдырап құлай берген еді. Сол көбелек күйдің күнәсіз кейпін Сіздің кенерелі құзырыңызға ұсынуды жөн көрдім. Жанұзақтың жаны жаннатта болсын!
Екеуміз бір ауылдан едік. Қызылорда қаласының іргесіндегі «Қызылжарма» ауылынан. Әкесі Мырзахмет ептеп молдалығы бар көзіқарақты, ел ішінде сыйлы, аса жинақы жан болатын. Анасы Орынбасар қой аузынан шөп алмайтын, өте биязы, күндіз-түні қимыл үстінде жүретін еңбеккер адам еді. 
Екеуміз мектепке бір жылда бардық. Бастауыш сыныптарды бітіріп, қалаға келгесін де бір көшенің бойында тұрдық. Шаңқайдың Чкалов көшесінде. Бірақ жас күнінде Жанұзақ қатты ауырып, аяғынан азап көрді. Ақыры ота жасатып, аяғын сылтып басатын болды. Сөйтіп жүргенде оқуды үзіп алды да мектепті менен кейін бітірді. 
Сонан аз уақыт облыстық  баспаханада жұмыс істеді. 
Жыл жарымдай уақыт типографияда бірге жүрдік. Мен мұнда институттың көптиражды газетін басып шығаруға келем. 
Кешікпей институтқа ол да келді.  Мұнда да бір факультетте оқыдық. (Осы қаладағы қазіргі Қорқыт ата атындағы университетте.) 
Студент кезімізде хабар-ошар, өлең жазып облыстық газеттің есігін бірге тоздырдық.    
Елуінші жылдардың ортасынан ауған тұс қой. Жазушылар одағының Оңтүстіктегі облысаралық бөлімшесін қазақтың «қырғи тілді ақыны», бәріміздің бетіне қарап, тамсана тәнті болып келе жатқан бәйтерек ұстазымыз Асқар Тоқмағамбетов басқарады. Ол Алматыдан осында көшіп келіп, түпкілікті жайғасып алған кезі.
Апта сайын сәрсенбі күні сол бөлімшеде бас қосамыз. Пір тұтқан әділ қазымыз Асекеңнің алдында жарысып өлең оқимыз. Бұл біз үшін үлкен  мақтаныш әрі емтихан. Сәтті шыққан тұстарына қуанамыз. Қызығамыз. Бір-бірімізді құттықтаймыз. Шықпай қалған жеріне күлеміз,   әжуаласамыз. Талқылаймыз. Сөз саралап, ой кестелейміз. Шабыт шабақтаймыз. Гуілдесіп тарқаймыз. Әр кездескенде бір байып, өсіп қаламыз.
Ол бір шуақты шақ еді ғой. Кеудемізді меңдеп алған жыр көшінің шуағы. 
Институттан кейін екі жылдай радиода бірге жұмыс жасадық.
Мен облыстық комсомол комитетінде істеп жүрген кезімде Жанұзақ осындағы штаттан тыс шығармашылық жастар арасындағы жұмыс бөлімін басқарды. 
Оңтүстік өлкесі құрылғанда Шымкент шаһарында әр түрлі басқосулар жиі болып тұрады. Оған да бірге барып-қайтып жүрдік. Жол-жөнекей өлеңмен ой екшеп жүреміз, айтысамыз. 
Кешікпей мен қызмет бабымен Алматыға кетіп қалдым да (1967 жылы), екеуміз сирек кездесетін болдық. Әрине, мен алаңсыз кеткенім жоқ. Қызылордаға жылда келем, келген сайын бас қосып, шұрқырасып қаламыз. Көріскенше жинақталған әсермен бөлісеміз.
Жанұзақ кештеу үйленді. Бір отбасының жалғыз шынары болатын. Әкесі ерте кетіп, бұл анасының қолында қақпақыл көрмей, еркін өсті. Өзі жастайынан өлең жазып, дағдыланған жас пері үнемі шығармашылық қауымның ортасында жүреді. Жыр думанының шапағатына бөленген серілік өмір өзіне ұнаған болуы керек. Үйленбей жүре берді. 
Анасы өте мейірімді жан болатын. Сыр бойында қалам ұстаған азаматтардың ішінде бұл кісінің қолынан дәм татпаған адам жоқ. Осы өңірге Орталықтан ақын-жазушы келсе бұл үйге түспей кетпеуші еді. Жанұзақтың анасы бәрімізге Ана болды. 
Бірақ Жанұзақтың отбасын құрмай жүріп қалғаны анасына да, бізге де онша ыңғайлы бола қоймады. Жігіт отызға келді.
Бір күні Орынбасар апа: «Осыны үйлендірсеңдерші.  Өзіне салсаң, бұл мәселені шешпейді», – деді. 
Оңашалап нақтылай сөйлестік: 
– Үй болу ойыңда бар ма, жоқ, әлде осылай жүре береміз бе? 
– Бар ғой... 
– Көзің түсіп, көңілің ауған біреуің де бар шығар? 
– Бар ғой... 
– Ол кім? 
– Орынкүл. 
– Ол сенің ниетіңді сезе ме? 
– Біледі... 
– Қарсылығы жоқ па?
– Жоқ-ау, сірә... 
– Онда той күнін белгілей бер.     
Орынкүл деп отырғаны өзіміз бала күнімізден бір аулада ойнаған Қанибай досымыздың қарындасы. Жиырмаға толып, бой түзеген кезі. Қанибай алмас қылыштай жарқылдаған өткір, жаужүрек жігіт, біздің «көшелес отрядтың» бұғыбай басшысы. Өзі менің нағашы жұртымнан. Арамыздан қыл өтпейді.
Сонымен Жәкеңді Орынкүлге үйлендіріп, ұлан-асыр той жасадық. Оны өзім басқардым. Бұлар жақсы отбасын құрды. Ұрпақтары өсіп, өркен жайып келеді. Алыс-берістің мерейін шығаратын сән-салтанаты жарасқан құдандалы қауымы бар.
Жанұзақ менен жарты жас кіші болатын. Бірақ менен кішілігін де, менің кісілігімді де мойындамай кеткен бірден-бір пенде осы баһадүр. Алайда обалы не керек, жібі түзу, кеңпейіл жігіт емес пе – айтқаныма көнбеген кезі де жоқ. Жақсы дос еді, адал дос еді. Сондықтан мен де оның алдында бас иетінмін. Қанша айтқанмен бір ананың баласындай болдық қой.   
Жанұзақ отауызды жігіт болатын. Онымен тілдескенде аңдап сөйлемесең, қолайсыз жағдайға тап боласың. Оның тілдік қоры соншалықты шексіз. Әлдеқалай орнын таба қоймаған сөзіңді кешірмейді. Намысыңа тиетіндей қылып әзілмен алып ұрады. Ол тіпті, қалай сөйлесең де қытығыңа тигізіп қалжыңдайтын. Сен онымен айтыса алмайсың. Әрқашан да тіл байлығың олқы түсіп жатады. Ол сөз саптауда шын дарын иесі болатын. Мұның өзі маңайындағыларға  жағымды ықпал еткені даусыз.
Әдетте Жанұзақтың қалжыңы әркез зілсіз, ойнақы да ажарлы қалжың болатын. Сондықтан сен де кек сақтамайсың. Жанұзаққа ренжу мүмкін емес.  Керісінше аталы сөз естіп жаның жадырап қалғанына мойынсынасың. Өз ойың да қанаттанғандай болады.
Сыр бойында қазақтың шынайы ұлттық шұрайлы тілінің шырайын шығарып айтатын екі адам болса, соның бірі, ал біреу болса, нақ соның өзі – осы Жанұзақ. Өз көзім көрген сондай кестелі сөздің шебері мұнда аз болған жоқ. Әсіресе, Асқар, Мырқы, Өтеген, тағы басқалары. Бірақ олардың жөні басқалау болатын. Мінез басқа.
Мен өз өмір жолымда осы типтес бірнеше адамды көрдім. Соның бірі өзімнің жездем Әбітай Оразбаев (ақын Иран-Ғайыптың әкесі). Тұнып тұрған ұлттық менталитеттің  адамы. Қазақтың шынайы ұлттық болмысын өз сүйегінде толығымен сақтаған. Сол сияқты даңқты батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы. Әділдіктің, ата дәстүрінің бас ту ұстаушысы. Енді бірі – атақты режиссер Асқар Тоқпанов. Театрды көркемсөздің шеберханасына айналдырған жан. Одан кейін өзімнің замандасым, әдеби сыншы Асқар Сүлейменов. 
Бұларда шығармашылық дарыннан басқа жалғандық пен ездікке жол бермейтін қазақы мінез бар еді. Өкінішке орай бүгін арамызда бұлардың бірі де жоқ. Олар өздерінің тектілігімен, сөз өнеріндегі зергерлігімен, ақыл-парасатының бойшаңдығымен біздің ұлттық бейнемізді барынша марқайтып көрсеткен адамдар еді. Біздің осы бағыттағы жауапкершілігімізді айшықтап, кестелеп  кеткен жандар еді.
Жанұзақтың да тілі мірдің оғындай болатын. Не айтса да, қазақтың төл сөзінен шашау шығармай, бөгде сөз қоспай мөлдіретіп, жетер жеріне жеткізіп, тігісін жатқызып айтатын еді. 
Жастыққа тән максимализм оның отты кеудесінде үнемі жалын күжірейтіп жүретін. Дүниенің кілті өзінің қолында тұрғандай бізді үнемі жақсылыққа сендіруге тырысатын. Өмірге құштарлық солай жасататын. Оның арманға толы кеудесі жақсылықтан басқа ештеңені қабылдамайтын. 
Қалжыңдары да күтпеген жерден келіп  тосыннан сергітіп кетеді. «Мен өлсем, жыламаңдар, басыма бір шөлмек арақ көмсеңдер болады» дейтін. Бұл сөзіне қарап оның сырын білмейтін адам «өзі маскүнем болған екен-ау» деп қалуы да мүмкін. Бірақ Жанұзақ маскүнем болған жоқ. Өзгелер сияқты ол да арақ ішті. Бірақ асыра сілтеген жоқ. Тағдырдың қатал қыспағына, жалған дүниенің қыңыр қиянатына қарсы тұру үшін, сол қарсылықты бар ызасымен жарақтап жалынға орап көрсетуге бағытталған құдіретті өлең жазу үшін ішті. Ащы арақ азулы тағдырдың құбыжық қасіреттерін сылып тастайтындай көрді. Өзі соған сенді. 
Шынында арақ Жанұзақты жеңе алмады, оның абыройын төге алмады, беделіне нұқсан келтіре алмады. Жанұзақ арақты жеңді деп айтуға толық мүмкіндік бар. Өйткені ол 75 жыл мағыналы өмір кешті. Сол өмірде оның құшағы ашық достары көп болды. Аяқтан шалған дұшпаны болды деп ойламаймын. Біреу жамандық жасар-ау деп білмейтін ақ жүрегі оны біздің заманымыздың әпендесі етіп те көрсететін. Алғырттығы мен аңғалдығы астасып кеткен шақта ақ қанатты періште дерсің.
 Жанұзақ әдемі жыр жиһазын жасады, шым-шытырық оқиғалы әңгіме-очерктер, салиқалы мақалалар жазды. Мен оның әр сөзін толқымай оки алмаймын. Жүгіртіп оқитын емес, ойланып оқитын сөздерге құшақ ашып қуанасың. «Әңгелек-дөңгелек», «Зергер», «Іңірдегі іңкәрлік» деген кітаптары да нақ осылай жан шуағына бөлегені есімде.
Енді әлем Жанұзақсыз қалды. Отбасы, бала-шағасы, жақын-жуығы, құда-жекжаты, дос-жараны күңіреніп қалғаны даусыз.
Мен үшін әлем имандылық шырақшысынан айырылғандай. Бұл өмір Жанұзақсыз қалай жалғасатынын әзір елестету қиын. Өз басым осы дүние Жанұзақ сияқты адамдар болғасын ғана шырайлы көрінетін, осылардың арқасында ғана біздің қоғам оспадарсыз әдептен айығып келеді деп ойлайтынмын.
Жанұзақ өмірге философиялық тұрғыдан қараушы еді. Өмірдің құйтырқы құқайларына наразылығын сездіртпейтін. Сөз жоқ іштей буырқанып, күйзеліп, қаһарланып тұратын шығар. Бірақ жүзінен оны байқамайтынсың. 
Оның жүзі әрқашан жайнап тұратын. Өйткені бұл өмір ол үшін шаттық мекені болатын. Тіршілік – үздіксіз жалғасып жатқан той. Той – қуаныштың субұрқағы. Дүние қуанышпен ғана қызық. Сондықтан бәріміз де қуаныш тудыратын ситуация жасауға ұмтылуымыз керек, жеңіс симфониясы жалғаса берсін деп тұратын Жанұзақтың жанары.
Өмірге қаяу түсіретін нәрсенің өзін де Жанұзақ күлкіге айналдыратын. Ал оның айтқандарын мұқият тыңдаған жан: «Осы күліп тұр ма өзі?» деп ойға қалатын. Сараптай алсаң, ол шынымен күліп тұрмайтын. Ол шын мәнісінде еңіреп жылап тұратын еді. Іштей, жанымен жылайтын.
Өмірдегі қайшылықтардың бірі де Жанұзақты жанап өте алмады. Ол әрбір оқыс қылықты өз жүрегімен қабылдап, сол заматта бойындағы бар қуат-күшімен ашына үн қататын. Оның қай шығармасын алып қарасаң да, «Ей, ағайын, отпен ойнамасаңдаршы» деп тұрғандай еді. Оның бүкіл шығармасы осы бітімімен ерекшеленетін. 
Ол іштей қынжылып жүретін. Адамдар мен қоғамның басынан кешіп жатқан азабын азайта алмай қынжылатын. 
Бұл ретте ол Эзоп пен Мольерді, Крылов пен Гогольді,  Бейімбет пен Оспанханды еріксіз еске түсіретін. 
Сондықтан да мен жарық дүние өзінің жаужүрек айыптаушысынан айырылды деп есептеймін. Қоғамның бей-берекет қылықтарын енді кім әжуаламақ?
Бұдан былайғы күлкіде не мән болар екен?  
Садықбек Хангелдин,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ТАҒЫЛЫМ 16 қараша 2013 г. 1 249 0