ТАРИХЫ ҰҚСАС ТУЫС ЕЛ

Қиын-қыстау кезеңде қазақ жеріне қоныс аударып, бүгінде өз ұлтының тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жалғастырып келе жатқан, түркітілдес ұлттың бірі – татар халқы. Қазақтармен біте қайнасып кеткен ұлттың дәстүрлері қазақ халқының салтына сәл ұқсағанымен өздеріне тән ерекшелігі бар. Мәселен, қыз айттыру дәстүрін алар болсақ, татар халқында жігіт қалыңдықты таңдаған соң әке-шешесіне ойын айтады. Жігіттің әке-шешесі үлкендерді жіберіп, қыздың ата-анасының алдынан өтіп,  құдалық жайын сөйлеседі. Егер үй иесі құдалыққа келіспесе, келген үлкендердің көңіліне тиетін қатты сөз айтпай өз шешімдерін жеткізеді. Ал келіссе, онда келген қонақтарға 9 түрлі немесе 12 түрлі сыйлықтар ұсынады. Олар сандыққа салған тәтті тағамдар, шәлілер мен көйлектік маталар, бас орамалдар, сырт киімдер (пальто, костюм, т.б.) етіктер, т.б. болуға тиіс. Бұл заттар қалыңдықтың үйіне тойдан бір күн бұрын жеткізіледі. Бұған қоса чак-чак, ақ бөлке нан, қалыңдыққа арналған киімдер де қоса апарылады. Бір қызығы, бір тоғыз беру секілді мұндай дәстүр қазақ халқында да бар. Түбі бір татар жұрты неке қию салтанатында мұсылмандық жолды ұстанады. Яғни, жастардың некесін молда қиып, оларға екі-екіден төрт жолдасы қатысады. Сондай-ақ, ата-аналары мен туыстары да куәлік етеді. Жиын кезінде неке суы ішіліп, ант алу рәсімі жасалады. Тойда нан, түрлі тәттілер қойылып, ақ дастархан жайылады. Жастарға тілектер айтылып, үлкендердің батасын алады.
Ал, қыз кетерде бүкіл ауылды аралап қоштасуы керек. Күйеу бұл кезде балаларға конфет, ұсақ ақша, жаңғақ шашады. Ол біздің өміріміз тәтті, бай-бақытты болып өтсін деген тілекті білдіреді екен. Қалыңдық күйеудің үйіне кірерде төрге оң ая­ғы­мен табалдырықты аттайды. Ол келіннің аяғы құт­ты болсын, байлық-бақыт ала келсін деген тілекті білдіру болып санала­ды. Қазақта да келін оң аяғымен кіргізіліп жатады. Бұл жағынан қазақ халқының салтына өте ұқсас болып тұр. Келін түскеннен 1-2 күннен кейін келінге су жолын көрсету рә­сі­мі басталады. Жас келінді күйеу­дің жақын қарындастары мен жең­ге­лері суға апарып сәлем жасатады. Жас келін суға мінәжат жасап су­ды төкпей-шашпай иін ағашпен үйге әкелуі керек. Бұған қарап, еріп барғандар келіннің ептілігін, сы­пай­лығын, еңбексүйгіштігін баға­лай­ды. Татарлардың бұл дәстүрі қа­зақ халқының келінге шай құйғызу дәстүріне ұқсайды. Қазақта беташар рәсімнен соң келін тойға жиылған көпшілікке шай құяды. Көпшілік ара­сында кеселерді ауыстырып алмау, ұқыпты, әрі, таза құю ерекше баға­ланады.
Қос халық дәстүрінің тағы бір ұқсас тұсы татарлардың келін жасауын ауыл-аймақ болып көруі. Бұл жиынға жігіттің үлкендері жиналып, әр затты тамашалап көріп, бағалап пікір білдіреді. Қалыңдықтың жасауында кестеленген орамал болады. Оны енесіне береді. Жасауда көрпе-жастық, дастархан, киім жапқыш т.б. кездеседі. Жасауды көруге келгендерге келін ас пісіріп, шай құйып береді. Ол келіннің аспазшылық өнерін сынау болып саналады.                 
Нәрестенің дүниеге келуімен бай­ла­нысты жоралғы мен ырымдар­ды айтар болсақ. Жас нәресте дүниеге келгенде шай қасықпен аузына бал салады. Ол осы баланың өскенде мінезі балдай болсын, өздері ұнатқан, құрмет тұтатын  кісілеріне тартсын деген ырымы екен. Бала қырқынан шыққанша анасын құрметтеп, қалжалау, ауыр жүк көтертпеуге, суық тигізбеуге тырысқан. Мұнан соң молда аят оқып балаға ат қоятын болған. Бұлай ат қою барлық мұсылманға тән рәсім. Қырқынан шығару тойында баланы қырық қасық тұзды сумен шомылдырып, жауырынын, қол-аяғын маймен сылап, қарын шашын алдырып тілек-баталар айтылады. Бұл мейрам нәрестенің мейрамы, бөбектің тууы деп аталады. Тағы бір айта кетерлігі, қазақтар секілді бұларда нәресте туғанда, енесінен, әкесінен, басқа да жақын адамдардан сүйінші сұралады. Сүйінші сұраған адамға баланың жақындары қалағанын береді.
 
Татарларда ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі мерекелер аз емес. Көптеген мерекелер халықтың өмірінен ұмытылып кетіп, кейбіреулері басқа халықтардан алынып, ұлттық ерекшеліктермен байытылған. Мерекелердің өзіндік белгіленген мерзімі бар. Ең алғашқы көктем мерекесі – Наурыз. Шөп шабу, егін жинаудың басталуы мен аяқталуы көңілді мерекеге айналып отырған. Татарлар да мұсылман ретіндегі төл мейрамдары болып  саналатын бұл мерекені ерекше атап өтеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан татарлары Наурыз мейрамы күндері оқушы балаларын үй-үйді аралатып, күлдіргі өлең айтып көршілерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтайтын бұрынғы үрдісін қайта жаңғыртты.
Шамамен қыркүйек айының соңында татар ұлты Сембелэ («масақ, дән») мерекесін тойлаған. Бұрынғы уақытта татарларда дәстүрлі мереке жиын деген болған. Бұл мерекеде достар мен туыстардың кездесуі болған. Қазіргі уақытта бұл мереке сабантой деп аталатын басқа мерекемен ұштасып кеткен. Сабантойда түрлі спорттық жарыстар: гір көтеру, бағанаға өрмелеу, су тасу, аяқты байлап қаппен секіру және т.б. өткізілген. Қазіргі күні де бұл мерекені жергілікті татарлар ерекше ықыласпен тойлайды. Татарлардың кейбір ғұрып­тық мерекелері сақталып қалған. Оның ішіндегі «жаңбыр тілеу» жазда құрғақшылық болғанда өткізілген. Бұн­да балалар жаңбыр тілеп ән айтып, бір-біріне су құйған. Қазақтарда мұндай салт­ты тасаттық беру деп атайды. Яғни, ауыл адамдары жиналып дүниеден өткен кісілерге құран бағыштап, мал сойып, егіннің өнімді болуын, жаңбырдың жау­уын тілейді.  
Татарлардың ежелгі дәстүрлерінің енді бірі көктемде өзендерде сең жүре бастағанда жастар «Сеңді шығарып салу» рәсімдерін тойлау. Жас­тар өзен жағасына жиналып гармонь тартып, би билеп, частушка айтып, қамыстан жасалған «адамды» жағып тамашалайды. Ал, «Қарға ботқасын» өткізу мерекесі құстардың аймаққа келу құрметін тойлау, құстарға жем шашу, жастардың топталып құстарға арнап өлең айтуы, түрлі ойын ойнауымен өткізіледі. Бұл ауылдық жерлерде көктемгі егістің басталу қарсаңында болады. Ондағы басты мақсат егіннің бітік шығуын, ризықтың мол болуын тілеу болып саналады.
Жалпы татарлардың бұрынғы салт-дәстүрлерінің бірсыпырасы сақталып қалған, көбінесе қазақ ауылдарында тұратын татарлар олардың көптеген элементтерін сақтап, ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Мұны татар халқының бүгінгі болмыстарынан айқын аңғаруға болады.
 
 
М.ОТАРАЛЫ.
ТАҒЫЛЫМ 23 қаңтар 2015 г. 2 403 0